Туған елге саяхат

Туған елге саяхат

Қазақстанда жұмбаққа толы тылсым жерлер жетерлік. Оның барлығының сырын аша беру де мүмкін емес. Аңызға толы ғаламның ғажайыптары адамзаттың бүкіл құпиясын ашып салмай, әлі күнге сырларын іште бүгумен келе жатыр.

Барсакелмес аралы
Иә, атының өзі-ақ айтып тұрғандай «барса – қайтып келмейді» деген мағынаны білдіреді. Мұнда тұтас отбасылар, бүтіндей экспедициялар жоғалған. Балыққа толы жағалауға шыққан бір топ балықшы да ұшты-күйлі жоқ болып, оралмаған. Бұл аралда уақыт өте баяу өтеді деген болжам бар. Тарихта кейбір қашқындылардың осы аралда екі жылдай уақыт отырып, кейін он жылға кәртайып кеткен туыстарына оралғаны туралы деректер бар. Мұнда адамға белгісіз жануарлар, жанып тұратын нысандар сияқты тылсым оқиғалар жиі кездеседі.
Рай көлдері
Талдықорғаннан небәрі 170 шақырым жерде Балхашқа жақын жерде Жалқұм деген құмды далада «Рай өзендері» орналасқан. Бұл су айдындары Израилдегі «Өлі» өзенге ұқсас деп жатады. Бірақ бұл көлдерде тірі жәндіктер мен балдырлар бар. Судың емдік қасиеті де мол. Оның бет жағынан гөрі түбі жылылау. Көлдің тереңдігі 4-6 метр болса да ол жерде батып кету мүмкін емес. Өйткені оның түбі күкіртті сутегімен жылынады. Көлдердің жағалауларында сексеуіл, тасбақалар мен кесірткелерді кездестіруге болады. Бұл көлдер неге «Рай» деп аталады? — деген сұрақ бәрімізді мазалауы мүмкін. Бұл осы көлдердің емдік қасиетін ашқан Райхан апаның құрметіне аталған. Қартайғанша адамдарды емдеп , көмек берген апа өзін осы жерде жерлеуді өтінеді. Содан бері бұл жерге ем алуға келгендер апаның зиратына бір тал сексеуіл қойып, тағзым етеді.
Ақыртас
Ақыртас — Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында орналасқан сарай кешені. VIII-IX ғасырларда салынған. Ақыртас соңғы 130 жыл бойы зерттеліп келеді. Қазіргі кезде онда археологиялық жұмыстар жүргізілуде.Құрылыс материалдары тас және пішімі малға шөп салатын ақырға ұқсас болуына байланысты Ақыртас деп аталған. Ол салмағы 10 тонна болатын қоңыр-қызыл түсті тастардың үйінділерінен жасалған құрылыс. Тастардың біріктіріліп жасалғаны қазіргі инженерлердің өзін таңқалдырып отыр. Құрылыс белгісіз нсыандардың қатысумен жасалған деген болжамдар да айтылып жүр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл жер тылсым күштерге толы. Қалашықтың үстінен белгісіз ұшатын нысандарды жиі көруге болады. Бірақ бұл теория дәлелденген жоқ, оны жоқ деуге де болмайды. Ақыртасты ұстаған адамның дене қызуы көтеріліп, шаршағаны басылады деседі. Ал кейбіреулер өздерін нашар сезініп, бастары айналып, сандырақтап қалады екен. Халық бұл жерде жоғарғы күштердің бар екенін айтса, ғалымдар қалашық тектоникалық жарылыстардың үстінде орналасқандықтан адамға әсер ететінін алға тартуда.

Сәуле Құрмантаева