КӨМЕКТЕСКІҢІЗ КЕЛСЕ, ОЙЫНШЫҚ САТЫП АЛЫҢЫЗ

КӨМЕКТЕСКІҢІЗ КЕЛСЕ,  ОЙЫНШЫҚ САТЫП АЛЫҢЫЗ

Адамзаттың асылы болған Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «Кім Алла үшін бір жетімнің басын сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады», – деген екен. «Ковчег» жекеменшік балалар үйі Талғар қаласында орналасқан. Бұл жерде балалардың бірі әке-шешесі өмірден өтіп, жетім атанса, енді бірі — әке-шешесі бар бола тұра «тірі жетімге» айналған.

Бұл балалар үйінде дені сау балалармен қатар мүгедек балалар да тәрбиеленіп келеді. Балалар үйінің жұмыс істеп келе жатқанына 22 жылдан астам уақыт болды. Балалар үйінің директоры Марина Сугакованың айтуынша, қазір олар тағы 32 баланы қанатының астына алған. Ал пандемия кезінде 52 бала болған екен. «Ковчег» балалар үйінің ерекшелігі – мұнда тігін цехы бар. Бұл цехты болашақта балалар бір кәсіп иесі немесе кейін нанын тауып жейтіндей болсын деп ашқан екен. Бұл әсіресе мүмкіндігі шектеулі балалар үшін өте қолайлы екен. Марина Анатольевнаның айтуынша, балалар үйіне келіп жүрген достары ұл-қыздардың қолмен тіккен ойыншықтарын көріп, сонда алғаш рет жәрмеңкеге қатысуды ұсынған екен.

24
«Алғаш рет отбасы күнінде балалардың өз қолымен жасаған ойыншықтарын қала тұрғындары сатып ала бастады. Балалардың қуанышында шек болмады. Осы жолмен біз балаларды шеберлікке үйретіп, қызығушылығын арттырдық. Қазір де жәрмеңкелерге қатысып тұрамыз. Жәрмеңкеден бөлек бізге, тіпті, тапсырыстар да түсе бастады. Осылайша біз балаларды шеберлікке ғана емес, кәсіпкерлікке де үйретіп жатырмыз. Келісім-шартқа қалай отыру керек. Оны қалай орындау керек? Бағаны қалай қою керек? Әрі қарай не істеу керек? Осылардың барлығын үйретеміз. Мүмкін болашақта осы балалардың ішінен біреуі жеке кәсіпкер болатын шығар. Мұның бәрін балаларға тәжірибе арқылы үйретеміз. Бізге 11 жастағы ұл бала келген болатын. Ол әріп танымайтын еді. 11-дегі баланы қалай бірінші сыныпқа береміз?» деп үшініші сыныпқа бердік. Біз ол балаға оқуды, жазуды үйреттік. Бала өте ақылды болып шықты. Айтқаныңды лезде қағып алып отырады. Сонымен ол жаздай дайындалып, емтихан тапсырып, екі сыныпқа жоғарылап отырды. Қазір ол 18 жаста. Келесі жылы 11 сыныпты аяқтайын деп отыр. Міне, біздің балаларымыз еңбекқорлығы мен төзімділігінің арқасында осындай жетістіктерге жетіп келеді», — дейді балалар үйінің директоры.
«Ковчег» балалар үйінің басқа жетімдер үйлерінен айырмашылығы — бұл жерде тәрбиеленіп отырған балалар өздері нанын тауып жей алатын жасқа келгенше осы жерде қамқорлықта болады. Кәмелеттік жасқа толған балаларға өздері жұмыс қарастырып, тұрақты жұмысқа орналастырып береді екен. Жалақысын алып, бәрі жақсы болса, өзі баспана жалдай алатындай жағдайда болса ғана еркіне жібереді екен.
Енді «Ковчег» балалар үйінің тігін цехының арнайы шеберханасы бар. Ойыншықтарды тігуге арналған маталарын өздері сатып алады. Арасында еріктілер де әкеліп беріп тұрады дейді балалар. Жасөспірімдер алдымен матаның бетіне қалаған пішінді сызып алып, сол арқылы қиып, тігеді. Балалардың топпен жұмыс жасайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын олар кішкентай бүлдіршіндерге арналған киім де тігіпті. Көйлек, кеудеше, белдемшеге дейін өз қолдарымен тіккен. Тіпті мұндағы балалар ойыншық қана емес, өздеріне де киім де тігіп алады. Жүрегі мейірімге толған жасөспірімдер анасындай болған Марина Анатольевнаға балалар күнінде көйлек тігіп беріпті. Бұл істе тәрбиеленуші қыздардың ғана емес, ұлдардың да қызығушылығы арта түскен. Балалардың жасаған жұмыстарын көріп, таң қалдық. Біз барғанда балалар тапсырысқа ойыншықтар тігіп отыр екен.
Цехтың ішінде оннан астам тігін машинасы бар. Жеке меншік балалар үйінің директоры алғашында 2-3 қана тігін машинасы болғанын айтады. Кейін серіктестері тігін машиналарын толықтырып беріпті. Түрлі компаниялар іс-шаралар өткізгенде міндетті түрде «Ковчег» балалар үйін жиі шақырып тұрады екен. Жәрмеңкеден олжалы қайтқан балалар өздері тапқан қаражатқа керек-жарағын алады. Бізге ілтипат ретінде балалар шын жүректен өздері жасаған ойыншықтарын сыйға тартты.

Кәусар Әбдікерім