Күнделікті күнкөріс қамымен қайтсем нанымды тауып жеймін деп тыраштанған халық жасынан жасамысына дейін таңның атысы, күннің бастысы қара жолда шапқылап жүр. Ал сол жолда жаяу жүргіншімен қатар, автомобильдердің түр-түрі күндіз-түні сабылып жатады. Ағылған көлік арасына кейбірі мақтан үшін, кейбірі кәсібінің нәсібін табу үшін, енді бірі күнделікті шай-суын ажырату үшін, тіпті кептелістен қажығандар жұмысқа бару үшін де скутер, мопед, велосипед, самокат секілді мемлекеттік нөмір алмайтын жеңіл көліктерді керегіне жаратып жүргеніне де біраз уақыт болды. Бір өкініштісі осы көліктердің жүргізушілері күн сайын жол ережелерін жиі бұзып, талай жол апаттарының орын алуына себеп болуда. Жол-көлік оқиғаларын азайту мақсатында полицияның мұндай жүргізушілермен профилактикалық жұмыстар жүргізуіне қарамастан, осылардың қатысуымен болатын жол апаттарының қатары көбейген. Мұндай жол апаттарынан зардап шеккендер мен аурухана төсегіне таңылғандар, тіпті өмірден озып жатқандар да аз емес.
Қазір ақпарат көздерін ашып қалсаң кем дегенде бес жаңалықтың бірі скутер, мопед, велосипед, самокат сияқты көліктердің қатысуымен жол апаты болды деп басталатыны да өтірік емес. Мұның көбі Алматы секілді алып қалаларда болса, қазір ауыл арасындағы жолдарда жүйткіген скутер, мопед, велосипед, самокат жүргізушілері жол ережелерін өрескел бұзатын болған. Алматы қалалық полиция департаменті келтірген мына мәліметке зер салайықшы: «Өкінішке орай, соңғы кезде Алматы көшелерінде жоғарыда аталған көліктердің қатысуымен болатын апаттары жиілеп кетті. Әсіресе курьерлік жеткізу қызметі өкілдерінің әрекетінен болатын жазатайым оқиғалар көп. Осындай оқиғалардың бірінде жас жігіт қаза тапты. Бұл – дабыл қағуға және екі дөңгелекті көлік жүргізушілерін жауапкершілікке шақыруға себеп. Жедел және алдын алу шаралары жалғасады».
Аталған «қос аяқты» көліктерді әсіресе тапсырыс тасымалдаушыларыжиі қолданатындықтан жолда ереже бұзатындардың да көбі солар екені айтпаса да түсінікті. Асығыстықтан алды-артына қарамай шапқылайтын олар көлік-көліктің арасымен жүйткігенде өз өмірлерін ғана емес, автомобиль жүргізушілерінің де өмірін қатерге тігетінін ойлап жатпайды. Бастысы, тапсырысты жеткізіп, азын-аулақ тиынын тапса болғаны.
Полиция мәліметінше, жол ережесіне сәйкес, егер мопедтің қозғалтқыш көлемі 50 текше метрден асса, онда ол көлік ретінде полицияда тіркеліп, жүргізушінің тиісті санаттағы куәлігі болуы шарт екенін алға тартады. Осы негізде қаншасына хаттама толтырып, қаншасын айып тұрағына қойғанмен кез келген жерде жалға беріліп жатқан арзан көлік түрлерін қолданушылар заңды белден басып, жолға қайта шығады. Өйткені оларды тектеп-тексеріп, тыйым салатын заң айтарлықтай қатаң емес. Бар заң орындалмайды.Салдарын айтып жатудың өзі артық.
Жол жүрiсi туралы Заңның 57-бабында былай делінген:
3. Мопед пен велосипед жүргізушілеріне:
1) ең болмағанда бір қолымен рульден ұстамай жүргізуге;
2) жолаушылар тасымалдауға;
3) габаритінен ұзындығы немесе ені бойынша елу сантиметрден артық шығып тұратын жүкті немесе басқаруға кедергі келтіретін жүкті тасымалдауға;
4) қатарында велосипед жолы болған кезде жолмен жүруге;
5) трамвай жүретін жолдарда және осы бағытта жүруге арналған біреуден артық жолағы бар жолдарда солға бұрылуға немесе кері бұрылуға;
6) мопедпен және велосипедпен пайдалануға арналған тіркемені сүйретуден басқа, мопедтер мен велосипедтерді, сондай-ақ мопедтермен және велосипедтермен сүйретуге;
7) жаяу жүргінші өткелімен жүруге тыйым салынады.
Мопед мінген жүргізушілердің дәрежесі велосипедпен тең болғандықтан барар жеріне тез жету үшін арнайы жолақты аттап өтіп, автомобиль жолдарын пайдаланады. Кейбірі арнайы киімсіз, қос-қостан мінгесіп жүрген жасөспірімдер. Қала көшелерін былай қойып, қазір ауыл көшелерінде машинаға жол бермей жанталасып келе жатқандар тар көшеде келе жатқан бала-шаға, үлкен кісілердің де өміріне қауіп төндіріп отыр. Ертелі-кеш көшеге шыға қалсаң тар көшенің шаңын (өкінішке қарай барлық ауыл көшелерінің бәрі бірдей асфальтталмаған) аспанға көтеріп ұшып келе жатқан мопедтерді көргенде тығылатын жер таппай қиналасың.
Статистика бойынша, осындай альтернативті көліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасы 4-5 есе артқан. Күн жылына бұлардың қатары тіпті көбейеді. Автомобиль жолдарын былай қойып, жаяу жүргіншіге арналған тротуарларда да тайталасып жүретін бұларға қатаң тыйым салып, жүргізуші куәлігін алуды міндеттемейінше, аталған жол апаттарының түрлері көбеймесе азаймайтыны тағы анық. Сондықтан «Сақтаңсаң, сақтаймын» деген қағидаға сүйеніп, адамдар өз амандығына өзі ғана жауапты деуден басқа айтар сөз де жоқ. Әншейінде өзімізді Еуропа елдерімен салыстырып, оларда «мұндай екен, сондай екен» деп көптеген дайын дүниелерді көшіріп ала беруге шеберміз ғой. Сол Еуропаңызда мопед мінушілер үшін арнайы категориясы бар жүргізуші куәлігі қажет екенін білесіз бе? Ал Украина 2010 жылдан бері сыйымдылығы 50 текше сантиметрге жетпейтін мопедтерді жүргізу үшін «А1» дәрежелі жүргізуші куәлігін алу керек екенін арнайы заңмен міндеттеген. Тіпті іргемізге тиіп тұрған Ресейдің өзінде мопед міну үшін «М» дәрежелі арнайы куәлік алу жүктелген. Бұл мәселеде біздің «жағамыз неге жайлауда» екенін түсіну қиын.
Алысқа бармай-ақ Алматы қаласының маңындағы тас жолдардың бойын бақылап көріңізші. Сан түрлі мопед мінген тапсырыс тасымалдаушылар автокөлік жүргізушілерінің еркін жүруіне мүмкіндік бермейді. Өйткені олардың қай уақытта, қай жерден жалт етіп шыға келетінін білмейсің. Көз алдымызда екі көліктің ортасынан асығыс өтпек болған мопед жүргізушісі екеуін де зақымдап, өзі ұшып түсті. Нәтижесінде машиналар да бүлініп, мопед те сынды. Оны қойшы, жүргізушілердің денсаулығына келген зиян мен бүлінген көліктерін жөндету үшін қанша қаражат керек екені мопед жүргізушісіне қызық та емес шығар. Бірақ солардың кесірінен болған зардаптар салдарынан жүйке мен қалтаға түсетін салмақтың өтеуі кімнен?…
Қос дөңгелекті көлікті тақымдағандардың көбі тамақ және тауар тасу қызметінің тасымалдаушылары екені белгілі. «Олар тапсырыс берушілерге ыстық асты тез тасымалдау үшін кейде жылдамдықты арттырып, жол ережесін сақтамайды», – деп налыған темір тұлпар жүргізушісі: «Жол ережесін сақтаған былай тұрсын, бұлар бағдаршамға да қарамайды. Көліктердің арасынан жүйткіп өтіп, жол-көлік апатын тудырады. Мына таршылық пен қымбатшылық уақытта ақша тауып жүр ғой. Барлығын жақы түсінеміз. Бірақ жол ережесіне бағынуы керек қой», – дегенді алға тартты. Сөзінің жаны бар, бірақ ережені керек қылып жүрген мотоцикл, мопед мінушілер жоқтың қасы…
Тек соңғы екі айда ғана «Алматыда мопед жүргізушілерінің қатысуымен 82 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 80-нен аса адам зардап шегіп, әртүрлі деңгейдегі дене жарақатын алды» деген ақпарат берді Almaty.tv. Ал таңнан кешке дейін, ауа-райының қолайсыздығына қарамастан халықтың тапсырысын жеткізіп, үлкен еңбек етеміз деген мопед тізгіндеген курьерлердің өз шындығы бар. Олардың айтуынша, жеңіл көліктер жол бермейді. «Мопедтер жол ережесін сақтауға тырысады. Жеңіл көліктер жол бермей, қысып кетеді», – деді курьерлер.
Енді ойлап қараңызшы, ешқандай мемлекеттік нөмірі жоқ көліктің автомобиль жолына шығуға қандай құқы бар? Бұл дұрыс, нөмірлі көліктер мопед, мотоциклдегілерді қысып, апаттқа ұшырата берсін деген сөз емес. Бірақ жол ережесі де өз міндетін атқаруы керек қой. Бұл ретте сарапшы Алексей Алексеев: «Жыл сайын мопедке отырғандардың саны артып жатыр. Жыл мезгіліне қарамай пайдаланады. Велосипедтен тез жүретін көліктің барлығын есепке алу керек. Оларда да көлік жүргізетінін растайтын құжаты болуы қажет. Бұл айтарлықтай жауапкершілікті арттырады», – деп атап өтті.
Арнайы тіркеуге тұрмай-ақ мопед міне беруге болатындықтан, олардың ел, облыс, қала, аудан бойынша да нақты есебі жоқ. Оның үстіне Қытайдан арзан бағамен тапсырыс арқылы алдыра беретіні тағы бар. Ал жауапкершілік дегенді біле бермейтін жасөспірімдердің мұндай тізгінді қолға алуының арты өкінішке әкеп жатқанын ешкім білмей отырған жоқ. Бұл ретте баласының айтқанын істейтін ата-аналардың да жауапкершілігін арттыру мәселесі қолға алынуы керек деп есептейміз. 16-ға толмағандарға альтернативті көліктермен жолға шығуға мүлде тыйым салу керек. Оң-солын білмейтін желікпе жасөспірімдердің қолына тізгін тиген соң мақтанып, желігіп, қызық үшін қатты жүріп, өздерінің өзгелерден артықшылықтарын көрсету үшін жол қауіпсіздігі мен ережелеріне атүсті қарайтыны да ескерілуі керек.
Жанбота Сұлтанмұратқызы