Фаббинг – телефонға тәуелділік

Фаббинг – телефонға тәуелділік

Бүгінде заман ағымына қарай өркениет жетістіктерін пайдалану барысында күнделікті өмірімізге дендеп енген өзгерістер қатарында бұрын атын естімеген, тіпті болмаған аурулар пайда болды. Қоғамның басты мәселесіне айналған мұндай аурулардың қатарындағы фаббинг те бар. Сонымен бүгінгі мақаламызда фаббинг туралы аздаған мағлұмат беріп, оның алдын қалай алуға болады, одан құтылудың жолдары қандай деген сұрақтар төңірегінде ой қозғамақпыз.

Фаббинг – кез келген жерде қандай жағдайда болмасын (кездесулерде, дастарқан басында, жиналыста, көңілді кештерде т.б.) смартфон, гаджеттерден ажырамайтын адамдардың «сүйікті» ауруы. Ондай адамдар әлеуметтік желілерден, ойындарға кірген соң одан бас ала алмай, айналасында не болып жатқанына да мән бермей, өз әлемінде отырады. Салдарынан қоғамдық ортадан бөлініп, психологиялық ауытқуларға да ұшырауы бек мүмкін.
Мәселен, massaget.kz сайты осыған байланысты төмендегідей деректер келтіреді:
«Терминді 2012 жылы McCann жарнама агенттігінің қызметкері ойлап тапқан. Ал оны шартарапқа таратқан осы аурумен күресетін STOP PHUBBING компаниясы өз сайтында мынадай қызықты ақпарат жариялаған:
1. Компания фаббинг ауруы тараған елдерді картадан тауып, тізім жасаған. АҚШ пен Ұлыбритания сол тізімнің көшін бастап тұр. Бұл ТОР-20-да көрші елдер болғанымен, біздің ел қатардан табылмады. Бірақ бұл бізде «мына аурумен науқастанатын тұрғын жоқ» деген сөзді білдірмейді. Шамамен, 21-орынды иеленетін шығармыз.
2. Егер фаббингті оба ауруындай өлімге алып келеді деп есептесек, Қытай тұрғындарынан алты есе көп адамзат баласы жоқ болып кетер еді.
3. Смартфоннан бас алмайтындар тамақтың дәмін сезбейді, нәрін де бойына сіңіре алмайды. Олардың 97%-ы арық болады екен.
4. Әлем бойынша жасөспірімдердің 87%-ы достарымен онлайн-хабарлама арқылы сөйлескенді жөн көреді.
5. Фабберлердің басым көпшілігі смартфонды сөйлесу үшін, не қызықты қысқа видео көру үшін, болмаса ән тыңдау үшін, Google-дың қызметтерін пайдалану үшін қолданады».
Бұл смартфонға тәуелділерге жасалған талдаудың бергі жағы ғана. Ал шындығында фаббингке шалдыққандар қатары өз елімізде де аз емес екені анық. Мұның артында психологиялық аурулардан басқа, бас, ми ісіктеріне шалдыққандар санының көбеюі фаббингпен байланысты екенін айтып, дабыл қағып жатқан ғалымдар мен дәрігерлердің кеңесіне құлақ асудан да қалдық. Өйткені смартфондар мен гаджеттер күнделікті өміріміздің бір бөлшегіне айналғаны соншалықты, еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін соған жіпсіз байлаулы. Басқа нәрсесін жоғалтып немесе сындырып, не ұмытып кеткенге онша бас ауырта қоймайтын адамдар дәл осы телефонға келгенде өте мұқият және уайымшыл. Өйткені бүкіл болмысын алақандай құрылғымен байланыстыратын жандардың оған деген тәуелділігі күн өткен сайын және тым тез артып келеді.
Фаббингтің адам өміріне әкелетін өзгерістерінің ең бастысы – денсаулыққа зиянды әрекеттердің көбеюі мен миға түсетін салмақтың күрт артуы. Ғаламторға қос қолымен байланып қалғандың шын өмірмен байланысы шектелуі өз алдына, жатса-тұрса желіде болған жаңалықтардан құр қаламын деген үрей үнемі маза бермейді. Ғаламтор ойындарын желілік негізде, яғни өзге адамдармен байланыса ойнайтындардың жайы тіптен қиын. Салдарынан үнемі ұйқысы қанбай, дұрыс тамақтанбай, миы дем алмайтындықтан, олардың түрлі ауруларға шалдығу қаупі жоғары.


Жай ғана мысал, смартфон ұстайтын балаңызды бақылап көріңіз. Шақырған кезде естімейді немесе «қазір, қазірмен» біраз уақытты жоғалтады. Ойында үнемі смартфондағы жайттар тұратындықтан қалтасын сипап, қайта-қайта телефонға үңіліп, оның қуат көзінің азаймауын мұқият қадағалап, ылғи алаңдаулы жүреді. Мұндайда ойлау қабілеті шектелетіндіктен өзара әңгімеге де шорқақ болып, жауаптары да қысқа-нұсқа және түсініксіздеу болады. Үндемесеңіз түннің бір уағына дейін телефон ақтарып жататындықтан ұйқысы да шала болып, күндіз немқұрайлы күйде, шаршап жүретіні өз алдына, ұйықтағанда қолында қосулы қалған телефоннан бөлінетін радияциялық сәулелердің әсері туралы ойлаудың өзі қорқынышты.
Бір қызығы фаббингке ер адамдардан гөрі, әйелдер тез және көп шалдығатын көрінеді. Жаратылысында жақсысын жар салып жариялауға бейім тұратын нәзік жандылар әлеуметтік желілерге жүрген-тұрған жерін, ішкен-жеген тамағын, киген киімі мен сатып алған заттарын, тіпті тамақ пісіріп, жай ғана теледидар тамашалағанына дейін салып отыруға әуес. Алайда бұл ер адамдар мұндайдан ада дегенді білдірмейді. Олардың қатары да аз емес екенін айта кеткен жөн.
Күнделікті өмірде смартфоныңызды қолыңыздан бір сәт тастамай, әлеуметтік желілерден көз қиығыңызды алмай, жаныңызда отырған жандарға тіл қатқан былай тұрсын, бар-жоғына да мән бермей телефон ақтарып отырып уақыттың қалай өткенін байқамай, тіпті қарныңыздың ашқанын да білмей қалған кездерді өзіңіз де бастан өткізген боларсыз. Үзілді-кесілді «жоқ!» дей алмайтыныңыз анық. Смартфонда отырып түрлі әлеуметтік желілердегі статусыңызды жаңартып, бет-жүзін көрмеген танымайтын адамдармен хат алмасып, қажетті-қажетсіз аудио, видео жазбаларды қарап, мағынасыз-мәнсіз суреттер көріп т.б. жіберген уақытыңыздың құны мен өлшеміне бір сәт көз жүгіртіп көріңізші.
Фаббингті цивилизацияның соңы деп есептейтін сала мамандары адамдарға смартфонды өзінен барынша аулақ ұстау­ға кеңес беріп, шынайы өмірге оралуға шақырады. Өйткені қазір адамдар арасындағы «ана дүние мен мына өмір» деген ұғымның қатарына «әлеуметтік өмір» деген түсінік мықтап орнықты. Нәтижесінде виртуальды өмірді бәрінен артық көретін адамдар пайда болды. Шындықтан алшақ жатқан бұл өмірдің пайдасына қарағанда зияны шаш етектен екені қанша айтылып жатса да, одан ажырай алмайтындардың құлағы керең, яғни ондай ештеңені естігісі келмейді. Ал бұл тұрғыда зерттеушілердің пікіріне жүгінсек, интернетке тәуелділік – орынды-орынсыз ғаламторды пайдалану, оған жіпсіз байланудың арты дистресске соқтырады.
Ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтер бойынша, дистресс дегеніміз – өте жағымсыз стресс. Ол ағзаны физикалық және психологиялық тұрғыда ғана әлсіретіп қоймай, моралдік және материалдық тұрғыда денсаулыққа орасан зиян келтіріп, салдары ауыр болатын психикалық ауруларға шалдықтырады. Иммундық жүйенің тым нашарлауынан өзіміз естіп-біліп жүрген аурулардан бөлек, қазір түрленіп, жасарып кеткен сан түрлі ісік ауруларының туындауына себеп болатын көрінеді.
Мамандар пікірінше, жас балалар, қарт адамдар, экстраверттер (көп эмоциялар мен жаңа тәжірибелерді бастан өткергенді ұнататындар), нервотиктер (есірткі тектес заттарға әуестер, нартотиктер де осы қатарға жатады), алкогольді ішімдікке берілгендер мен генетикалық жағынан берілетін ауруларға жиі шалдығатындар дистресске тез шалдығады екен. Стресстің қай түрі болмасын, ең алдымен адам ағзасында көптеген аурулардың дамуына соқтырады. Сондықтан «Басты байлық – денсаулыққа» барынша мән беріп, оны сақтап қалу әркімнің өз қолында екенін айтқымыз келеді.
Бұл «аурулардан» айығуға болады және ол өз қолыңызда. Телефонға тәуелділік тұқым қуалайтын немесе жазылмайтын аурулар қатарына жатпайды. Өйткені ол жүре келе қалыптасқан жаман әдет болғандықтан біртіндеп барлығынан арылуға болады. Мысалы:
– Адамдармен әңгімелесу барысында телефонға көңіл аудармауға тырысыңыз. Тіпті маңызды жиындар мен дөңгелек үстел басында уақытша өшіріп тастаңыз.
– Тамақтану барысында дастарқан басына смартфонды әкелмеңіз. Отбасы мүшелерінің де телефондарын бөлмелерінде қалдыруын сұрап, алаңсыз тамақтануын қадағалаңыз. Өйткені көз алдыңызда тұрған ұялы телефон назарыңызды қайта-қайта аударып, көңілді бөле беруге себеп болады. Мұның алдын алудың бір шарасы ретінде сабақ үстінде оқушылардың, жиналысқа қатысқан адамдардың телефондарын арнайы қораптарға салу керек екені туралы ескертудің тұратыны секілді шешімдермен қарастыруға болады.
– Электронды кітаптарды оқумен әуестенетіндер үшін ең пайдалысы – оны кәдімгі кітапқа алмастыру. Есесіне ұзақ уақыт радияциялық сәулеленуден құтылып, денсаулыққа тиер зияннан аулақ боласыз.
– Әріптестеріңіз бен жақын жуықтарыңздан, дос-жаран, таныстарыңыздан тек аса қажет жағдайларда ғана телефон соғуын сұраңыз.
– Қарапайым телефон сатып алыңыз. Қолдану функциялары аз болғандықтан қажетсіз уақытта алаңдаудан құтыласыз. Күндіз-түні бар уақытты сарп етіп әлеу­меттік желілерде, желілік ойындарда отыру мүмкіндігіңіз болмаса фаббингке ұшырау да шектелетіні ақиқат.
Міне, көріп отырғаныңыздай, өзіңіздің және айналаңыздағылардың денсаулығы үшін бірнеше қарапайым ғана ережелерді сақтап, қағидаларды ұстансаңыз қолдан жасалған көптеген қиындықтардан оңай құтылуға болады.

Жанбота Сұлтанмұратқызы