Рашидам дәрігерге ел риза

Рашидам дәрігерге ел риза

2010 жылы Асфендияров атындығы Қазақ Ұлттық медицина университетін тәмамдаған Рашидам Аутова Талғар ауданы Талдыбұлақ ауылындағы емханада іс-тәжірибеден өте жүріп, бірден еңбек жолын бастайды. Содан бері табаны күректей 13 жыл тапжылмастан ауыл балаларын емдеп келеді. Барлық сәбиді өз балаларындай жақсы көретін ол мейірім мен махаббат ұлтқа, ұлысқа бөлінбейтінін айтады. Қазақ жігітімен шаңырақ көтерген ұйғыр қызы – бүгінде 4 ұл өсіріп отырған көп балалы ана.

Бала кезінен дәрігер болсам деп армандаған Р. Дильмуратқызы сол арманына аяулы анасы Алиям Шариповнаның арқау болғанын айтады. Жаркент қалалық орталық ауруханада фельдшер-лаборант болып қызмет атқаратын анасының ақ халат­ты абзал бейнесі болашағына бағдар болса керек. Халқымыз «Балапан ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, ана көрген қыздың тон пішері анық. Алайда қызының дәрігер болуын қатты қалаған әке тілегі өзіне сенім беріп, қанат бітірді дейді кейіпкеріміз.
Дәрігер болу – екінің бірі қол жеткізе бермейтін, аса жауапты және абыройлы мамандық. Алайда бала кезінен тең құрбысының алды, оқу үздігі болған Рашидам үшін дәрігер атану аса қиынға соқпаса керек. Білімге құштар, ізденгіш қыз мектепті де үздік аттестатпен аяқтап, қалаған оқу орнына еш кедергісіз қадам басқан. Сол қызығы мен шыжығы таусылмайтын студент күнін еске алған ол: «Университетке түскен алғашқы сабақ күні есімнен кетпейді. Алғашқы сабағымыз анатомия болды. Сабақ беретін ағай анандай жерде тұрған шелектің ішінен адамның ағзасы мен ішек-қарнын шығаруымызды талап етті. Енді ғана мектеп бірітіп, жан-жақтан бас қосқан балалармыз ғой. Айналамызға үрке қарап, бейтаныс әлеммен танысып үлгермеген біз үшін бұл тым тосын әрі қорқынышты жағдай болды. Арамыздан өз еркімен барып адамның ағзаларын шығаруға ешкімнің батылы бармады. Жігіттер де жасқанды. Өз еркімізбен шықпасымызды түсінген ағай атымыз жазылған тізім бойынша шақырды. Ауытова Рашидам деп атымды атағанда не істерімді білмей, әбіржіп қалдым. Өзіме-өзім дем беріп, қолыма қолғап кидім де шелектің қақпағын аштым. Ішек-қарынды сақтауға арналған қоспаның иісі мүңк етіп, қолқамды қапқанда жүрегім айнып, қобалжып кеттім. Менен кейін басқаларға да батылдық бітіп, тапсырманы ойдағыдай орындадық. Осылай адам ағзаларын қолымызбен ұстап, көзімізбен көруге бойымыз үйреніп кетті. Сол кезде сабақ берген ұстазымыз дәрігер адамның бойында батылдық пен ұстамдылық болу керектігін айтқан. «Адамдар сендерден ауруына шипа, ажалына араша болуды сұрайды. Сондықтан жүректі, ұстамды болып оларға сенім бере алуларың керек» деген ақылы әлі құлағымда. Оның бұл ақылы менің кәсібіме ғана емес. өмірлік ұстанымыма айналды», – деп ой бөліскен дәрігер: «Студент атанып, жоғары оқу орнында білім алу – әр балаланың арманы. Қалаға келген алғашқы жылдары алып шаһардың ауасымен тыныстап, осында оқып жүргеніміз үшін өзімізді мақтан тұтатынбыз. Алғашқы шәкіртақы алған кезімізде қуанғанымыздан төбеміз көкке екі-ақ елі жетпей қалған. Сол кезде алатынымыз не бәрі – 2 мың теңге. Мұны тарихи сәт деп атап, өзімізше әлгі екі мың теңгемізді көрсетіп суретке түскеніміз бар. Енді ойласам қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда кішкентай ғана нәрсеге қуана білетін, уайым-қайғысыз жастық шақ ең көркем кез екен», – деді өткен күндерге сағынышпен оралып.
Балалардың бабын табу оңай емес, әрине. Ауырып тұрса тіптен қиын. Ес біліп қалған баланың дәрігерді көрсе зәре-құты қашатыны тағы бар. Мұндай жағдайда кейіпкеріміз психолог та болу керек дейді. Бір жағы ауырып, бір жағы қорқып тұрған баланы алдап-сулап, жайдары мінез көрсете отырып емдеу керек екенін айтып: «Балалар ауырса мазасыздана береді. Нақты қай жері ауырғанын айта алмайды. Ондағы белгілерге қарап тұжырым жасап, диагноз қоямыз. Десе де тыныс жолы қабынып, ентігіп, зорға тыныс алып отырған балаларға дер кезінде керекті емін қолдана алмасақ, олардан айырылып қалуымыз мүмкін. Мұндай жағдайда дәрігердің біліктілігі мен жедел шешім қабылдау қабілеті сынға түседі. Талмасы ұстаған балалардың да өмірін сақтап қалу бәрінен маңызды. Біз алдымызға келген әр адамның өміріне жауап береміз. Жұмыр басты пенденің бәрі ажалды. Алайда дәрігерлердің қателігінен науқас көз жұмса, заң алдында үлкен жауапкершілік арқалап, адам өлтірушімен бірдей айыпталады. Сондықтан ақ қалатты абзал жан деген атқа лайық болу үшін әр дәрігер өз ісін сүйе білуі және кәсіби біліктілігі жоғары болуы шарт», – деген кеңеске толы керемет ойын ортаға салды.
Осы орайда Талдыбұлақ ауылдық амбулаториясының басшысы Баян Есенбаеваны сөзге тарттық. Енді ғана оқуын аяқтаған жас маманды қатарына тартуға оның университет қабырғасындағы оқу үлгерімінің жоғары болуы себеп болғанын айтқан ол: «Жауапкершілігінің молдығы мен табандылығының арқасында он жылдан бері өзінің нағыз маман екенін дәлелдеп келеді. Сәбилерін құшақтап шұғыл көмек сұрап келген ата-аналардың алғысын алуда. Пандемия кезінде де ешқандай жауапкершіліктен тайсақтаған емес. Әріптестерімен де қарым-қатынасы жақсы, ортасына сыйлы», – деп құрметке лайық дәрігердің білікті маман екенін де айтып өтті.


Ауыл тұрғыны Камила Балақанқызы да Рашидам туралы жақсы пікір білдіріп: «Көпбалалы анамын. Балалардың бірі ауырса, қалғандары да кезегімен ауырып шығады. Рашидам Дильмуратқызының алдына жиі барамыз. Бар ықыласымен қабылдап, не істеу керек екенін мұқият түсіндіреді. Артынан қоңырау шалып, жағдайымызды сұрап-біліп отырады. Оның осындай мол жауапкершілігі ұнайды. Тіпті ұй жағдайында ауырған балаларды қалай емдеу турасында да кеңесін беріп отырады. Кейде қоңырау шалу арқылы қойған сұрақтарымыз да жауапсыз қалмайды», – деп ағынан жарылды.
Әйел адам «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» емес пе! Бұл ретте Р. Ауытова – білікті маман ғана емес, аяулы ана, ибалы келін. Қазақ отбасына келін болып түскен ол жолдасымен отасқан 13 жылда ата-енесімен бірге тұрып, үлкен кісілердің де көңілін тауып келеді. «Көреген енемнің арқасында көп қиналмадым. Ол кісі білмеген жерімді үйретіп, ақыл-айтып отырады. Тілінде айырмашылық болғанымен діні бір, бауырлас ұлттардың дүние танымы мен наным-сенімдерінде көптеген ұқсастықтар бар. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген, ол кісілердің немерелеріне деген ықыласы бөлек. Немерелерінің тәрбиесіне ерекше мән береді. Олардың нағыз ер азаматқа тән мінез-құлық қалыптастыруы үшін үнемі жанынан тастамай ертіп жүруден жалықпайды. Ата дәстүрін, салт-санасын бала бойына сіңіріп отырады. Осындай мейірімді жандардың көңілін табу мен үшін қиынға соқпады. Жолдасым – хирург. Арамыздағы рухани үндестік пен кәсіби байланыс бақытты отбасы болуымыздың басты себебі деп ойлаймын. Жалпы әйел заты үшін төзімділік пен сабырлылық және табандылық бәрінен маңызды. Алдағы бірлік пен ынтымақ күні құтты болсын!», – деп ішкі сырын ақтарды.
Еліміз татулық пен тұрақтылықты басты бағдар еткен көп ұлтты мемлекет бауырлас, достас ұлттармен төсекте басы, төскейде малы қосылып береке-бірлікпен дамудың даңғыл жолында келеді. Бұл ретте бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, Отанымызды көркейту жолында еңбек етіп жатқан азаматтар аз емес. Осы орайда біз де Рашидам Дильмуратқызының кәсібіне табыс, отбасына бақыт тілей отырып, еліміздің гүлденіп-көркеюі үшін еңбек ете беріңіз деген тілек айтамыз!

Зорагүл Әбдіқадір