Cолтүстік аймақтарға қоныстандыру бағдарламасы жалғасуда

Cолтүстік аймақтарға  қоныстандыру  бағдарламасы жалғасуда

Түйткілі тарқамаған қоғамдық мәселелердің қатарында жұмыссыздық, баспанасыздық жайлары жиі айтылатыны жасырын емес. Қазіргі уақытта аса маңызды мәселелердің бірі саналатыны да ақиқат.

Екі қолға бір күрек таппай қиналып, отбасын асыраудың арқаға түскен салмағынан арыла алмай жүргендер де аз емес. Бұл ретте мемлекет тарапынан қолға алынып жатқан еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныс аудару бағдарламасы тірлігін түзеп, аяққа тұрам деген азаматтар үшін үлкен мүмкіндік екенін айт­қымыз келеді. Бұл арқылы табысты жұмысқа қол жеткізіп қана қоймай, баспана мәселесін де оңды шешу мүмкіндігі бар. Әрі балаларды да қажетті деңгейдегі сапалы біліммен қамтамасыз етіп, болашаққа деген сенімін арттыруға болады. Сондай-ақ солтүстік өңірдің бос жатқан аумақтарын тиімді игіреп, елдің еңбек нарығына зор үлес қосып, Қазақстан Республикасының азаматы әрі ел иесі ретінде шекаралық аймақтың шебін нығайтуға да атсалысқан болар едіңіз. Ол үшін бойыңыздағы елге, жерге деген патриоттық сезімнің болуы жеткілікті екенін ескерсеңіз болғаны.
Азаматтарды Қазақстанның солтүстігіне өз еркімен көшіру бағдарламасы тұрақты түрде жалғасып келеді. Осы орайда Қарасай аудандық әкімдігі Шамалған ауылының мәдениет үйінде Солтүстік Қазақстан облысы (СҚО) Жамбыл және Ақжар аудандары делегациясының өкілдері халықпен кездесу өткізді деп хабарлайды naqty.kz. Мақсатты түрде келген делегаттар жиын барысында Қарасай ауданы халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Абылай Зуайдамен бірге тұрғындарға аталған бағдарламаның ерекшеліктері мен тиімділігі туралы толық мәлімет беріп, олардың тарапынан қойылған бірқатар сұраққа жауап берді.
Ресми мәлімет бойынша 2021 жылы Қарасай ауданынан елдің солтүстігі мен шығысына 40 отбасы, ал 2022 жылы – 49 отбасы қоныс аударған. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқандықтан, аталған бағдарламаға сәйкес іс-шаралар тұрақты жалғасын тауып келеді. Бағдарлама барысын тілге тиек еткен делегаттар солтүстік аймаққа қоныс аударушыларға арнайы салынып жатқан тұрғын үйлердің барына назар аудартып, қазіргі уақытта салынған 72 үйдің бесеуі ғана бос тұрғанын атап өтті. Бұл дегеніміз еліміздің ертеңі үшін атқарылып жатқан бағдарлама негізінде солтүстікке көшушілер легінің артқанын білдірсе керек. Ол жаққа көшіп барған қоныстанушылар егін және мал азығы мен егін егетін құнарлы жерлермен қамтамасыз етіліп, мал өсірумен айналысуға да мол мүмкіндік алады. Сонымен қатар халық тығыз орналасқан оңтүстік және оңтүстік-шығыс аумақтармен салыстырған бұл аудандарда жұмысшы мамандықтарының тапшылығын айтқан делегация мүшелері механизатор, жүк көліктерінің жүргізушісі, агроном, ветеринар мамандардың жоғары сұранысқа ие екенін де жеткізді.


Ал ол жақта арнайы конкурс негізінде іріктеуден өткен мұғалімдерге де жұмыс табылатынын айтқан делегация аталған бағдарламаның артықшылықтары мен шарт­тарын жете түсіндіріп, қоныстанушыларға берілетін квота мөлшерін де атап өтті. Квотамен барғандардың отбасы мүшелерінің әрқайсысына 241 мың 500 теңге беріліп, оны алғаннан кейін солтүстік аймақта кемінде бес жыл тұру керек екені айтылды. Қаражаттан қиындық көрген адамдарды қызықтарған бұл жаңалыққа елең еткендер де аз болған жоқ. Алайда егер көрсетілген шарт бойын­ша көшіп барған аумағында кем дегенде 5 жыл тұрақтамағандардың алған ақшаны кері қайтаруы керек екені де ескертілді. Бағдарлама бойын­ша көшіп барған тұрғындардың тұрғын үй мәселесін дереу шешуге, көмір, отынмен қамтамасыз етуге, сондай-ақ жұмысқа орналасуына арнайы көмек көрсетілетіні де ашық айтылды.
Жиынға қатысқан Жамбыл ауылының тұрғыны әрі көпбалалы анасы Маржан Асимбаева бұл бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалана отырып отбасымен бірге Павлодар облысында тұрғанын, бірақ мектепте қазақ сыныптары жабылғандықтан қайта оралғанын, бірақ енді мал шаруашылығымен айналысу үшін СҚО аудандарының біріне барғысы келетін ойы бар екенін айтып қалды. Демек қолда бар мүмкіндікті мүлт жібермей, тіршілік етемін, тірлігімді түзеймін деген адамға жол ашық. Ендеше ойыңыз орындалып, тілекке жетем десеңіз «Әрекетке берекет» екенін де естен шығармаған абзал.
Әрине солтүстіктегі қазақ мектептерінің аздығы көшіп барушылар үшін айтарлықтай мәселе тудырып отырғаны ақиқат. Оның үстіне қазақы аймақтан көшіп барғандар үшін орыс немесе аралас мектептерде балаларын оқытудың қиындықтары жоқ емес. Бірақ бұл мәселенің аталған аймақта қазақ мектептеріне қажетті бала санының жетіспеуінен туындап отырғанын айта кеткен жөн. Егер бала саны жеткілікті болса, қазақ мектептері қайта ашылып, өз жұмыстарын тиісті деңгейде жалғатыратын болады. Бұл ретте солтүстікке қоныс аударған жерлестеріміздің қазақ мектептерінің есігі тарс жабылып қалмауына да зор үлес қосатынын айтқымыз келеді.


Міне, еліміздің солтүстігіне бет түзеген көшпенді елдің көшелі ұрпағының мойынында ата-баба мұраты мен болашақ ұрпақ алдындағы үлкен парыздың тұрғанын осыдан-ақ білуге болады емес пе! Қазақы ғұрыпты қалыптастырып, қазақ тілді мектепті сақтап қалу және қазақтың кең де құнарлы аумағында егін және мал шаруашылығын жандандырып, ел іргесінің бекуіне атсалысқан ағайынның бір парызы өтелері анық. Ал жер ананың емшегін емген жанның қазаны қаңсып, қамбасы қаңырап тұрмайтыны тағы бар. Ендеше көйлегім көк, қарным тоқ болсын деген қолы бос азаматтарды күнделікті тірліктің күйбеңінен арылып, ел мен жер, ұрпақ алдындағы парызын өтеп, көш тізгінін қолға алып, аттың басын Солтүстікке бұруға шақырамыз!

Жанбота Сұлтанмұратқызы