Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қоғамдық келісім» мекемесі ырыс-берекесі көл-көсір өңірімізде ел ішіндегі бейбітшілік пен достық, мызғымас ынтымақ-бірлікті сақтау барысында ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды іс- шаралар атқарды. Бұл ретте осы жылдың І тоқсанында бірлік пен келісім құндылықтарын ұлықтайтын 317 шара ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» Тұжырымдамасын іске асыруға ықпал ету және өңірдегі сарапшылар пулін қалыптастыруда клуб қызметі айтулы үлес қосып келеді. Жалпыұлттық бірлік пен бірегейлікті дамыту бағытында «Қоғамдық келісім» мекемесі облыстық денсаулық сақтау және білім басқармасымен, Әділет Департаменті, облыс прокуратурасы, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, өңіріміздің 302 мектебінде 8-9 сынып оқушылары арасында кең ауқымда эссе байқауы ұйымдастырылды. Алматы облысы Қазақстан халық Ассамблеясы «Қоғамдық келісім» мекемесінің бастамасымен өткен «Almaty region PUBLIG LESTURE», «Бүгінгі күннің батырлары», «Тарих. Тағдыр. Тағылым», «Арамыздағы қаһармандар!», «Ізгі қоғам құндылықтары», «Мейірімді қоғамды қалай қалыптастырамыз?» тақырыбында жастармен сыр-сұхбат, кездесулер, этнос өкілдерінің бейнечелленджі қатысушылардың қызығушылықтарын тудырды. Ал ұлы қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеті ізгілік пен мейірімділік екені белгілі. Сол ізгілікті істерді дәріптеу мақсатында «Жүректен-жүрекке», «Мейірімді қоғам» қайырымдылық акциялары кең ауқымда аталып өтті.
Бауырлас түрік елінде болған зілзала кезінде де қайырымдылықтан құр қалмады. Оларға да барынша қолдау көрсетіп, көмек жасаған мекеме «Ғасыр апаты» ретінде сипатталған Түркиядағы зілзаладан зардап шеккендерге 28 331 100 тенге қаржылай көмек көрсетіп, 16 жүк көлікке (фура) тиелген гуманитарлық көмек жіберді. Сондай-ақ аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 208 адамға 1 283 000 теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті. «NAURYZ: Береке. Бірлік. Келісім» тақырыбында Әз-Наурыз мерекесіне арналған 10 күндік те өз деңгейінде өткізіліп, бауырлас елдердің ортақ мерекесі ұлықталды. Осыған байланысты «Nauryz: жаңару мен жаңғыру», «Nauryz: саялы өлке» акциялары аясында сенбіліктер ұйымдастырылып, ағаштар отырғызылды. Он күндік аясында ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеуге арналған «Nauryz: ұлағат», «Nauryz: бабадан мирас», «Nauryz: тағылым» тақырыбында кездесулер, «Nauryz: аламан» ХХІ ғасыр көшбасшысы интеллектуалды ойындары да қатысушылардың көңілінен шықты. «Nauryz: ізгілік көмек» қайырымдылық акциясы да жоғары дәрежеде іске асты. Қазіргі уақытта Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қоғамдық келісім» мекемесі жанындағы Аналар кеңестері облыс көлемінде «Мәдениетті Ана – мәдениетті ұлт» жобасын жүзеге асырып келеді. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген қазақ даналығының ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы зор. Отбасынан басталатын тәрбиенің басында аналар тұрғаны да анық. Ендеше осы мақсатта ұйымдастырылған «Әйел әлемі», «Ақ отауға – ақ бата», Кеген, Райымбек, аудандарында өткен «Қыз тәрбиесі – адамзат тәрбиесі», Ұйғыр, Іле аудандарында болған «Бақытты ана – бақытты бала» жобалары, отбасындағы, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту, жастарға патриоттық тәрбие беру бағытында жұмыс істеуде.
Ұлттар мен ұлыстардың ұйтқысы болған Іле ауданында «Отбасы – аялы алақан мекені», «Шұғыла» «Ақ босаға», «Келіндер», «Қызғалдақ», «Ұзақ өмір сүру» клубтары, «Ана», «Ене» мектептері, Райымбек ауданында «Қолөнер шеберлер» клубы, Қонаев қаласы мен Жамбыл, Іле аудандарында «Ақ әжелер» ансамбльдері, Ұйғыр ауданында «Қызыл ай» ҚБ, «Отандас ел» РҚБ, Ұйғыр ЭМБ, «Іскер әйелдер» кеңесі т.б. табысты жұмыс атқарып отыр. Осы орайда «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында Кеген, Райымбек аудандарында мектеп оқушылары арасында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, насихаттау, кейінгі жас ұрпаққа өсиет етіп қалдыру мақсатында «Қыз – еркем, ісімен көркем», «Арыңды сақта, бойжеткен», «Ана – ұлт тәрбиешісі», «Еліне азамат тәрбиелеген отбасы», «Қыз – ұлттың ұяты, халықтың шырайы», «Жақсы бала – ата-ана қуанышы» тақырыптарында психолог, дәрігерлердің қатысуымен түрлі форматта шаралар өтті. Мұның барлығы ел бірлігі мен берекесін арттыру мақсатында іске асырылған шаралар екенін ескерсек, бүгінгі жас буынға да берері мол.
«Ізгі қоғам құндылықтары» тақырыбында өткен Жамбыл аудандық Ақсақалдар кеңесінің мүшелерімен дискуссия, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандарында Ақсақалдар кеңесінің 2023 жылға арналған жоспары туралы «Ұлт жоспары – Қазақстандық арманға бастайтын жол» тақырыбында кездесу, «Табиғи апаттар және қорғану», ұлтты талғап-таңдап жатпайтын жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық, зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында «Құқық бұзушылықтың алдын алу», ұлттық құндылықтарымызды жастар бойына сіңіру мақсатында «Бабалар аманаты» тақырыптарында атқарылған шаралар да аз емес.
Облысы бойынша 18 медиативтік алаң бар. Жуырда «Алматы облысының ішкі саясат басқармасы» ММ «Қоғамдық келісім» КММ Қонаев қаласында этномедиация және кәсіби келіссөз жүргізушілерді дайындайтын «Этносаралық қақтығыстарды реттеудегі медиативтік тәсілді оқыту» тақырыбында 3 күндік семинар-тренингі жоғары дәрежеде өтіп, қатысушылардың барлығына сертификаттар табысталды. Әр ауданнан болашақ кәсіби этномедиаторлар пулын іріктеу мақсатында өткен іс-шара белгілі бір оқу кезеңінен кейін кәсіби негізде этносаралық жанжалдарды шешу жұмыстарын атқаратыны да айта кеткен абзал. Алматы облысында барлығы 36 этномәдени ұйым бар. Осы орайда Қонаев қаласында облыстық, аудандық этномәдени бірлестіктер төрағаларының отырысы өтіп, онда этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді оқыту бойынша курс ұйымдастыру, этномәдени орталықтардың танымдық, мәдени шараларына жастар мен мектеп оқушыларын тарту туралы ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ Жамбыл ауданында облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ұлттар достығы мен бірлігі – қоғам тұрақтылығының кепілі» тақырыбында өткен дөңгелек үстел, «Бақыттың бастауы – береке-бірлік» атты ашық диалог алаңы да осының айғағы деуге болады. Қазақстан халықтарның ынтымақтастығы мен бірлігін сақтау мақсатында өткен басты шаралар ретінде Қонаев қаласындағы облыстық әкімдік ғимаратта болған «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXХІI сессиясын, Қазақстан Республикасының Президенті Қ. К. Тоқаевтың өкімімен 2023 жылғы 26-27 сәуірінде Астана қаласындағы Бейбітшілік пен келісім сарайында болған Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясын атап өтуге болады.
Жоғарыда аталған іс шаралардың негізгі мақсат-мүддесі жастар мен қазыналы қарттарымыз – ақсақал-әжелер арасындағы сан ғасырдан бері сабақтасып келе жатқан ұлттық құндылықтарының үзіліп қалуына жол бермеу және этносаралық тұрақтылықты жандандыру, ұрпақ жалғастығын дамыту болып табылады. «Бірлік-ынтымақ – байлық, бақ!» деген халық даналығы. Ендеше тәуелсіздігіміз баянды, достығымыз берік болсын, ардақты ағайын!
Гүлмира САЯҚЫЗЫ,
«Ішкі істер басқармасы» мекемесі мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің
баспасөз хатшысы.