Көрнекті жазушы, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы, драматург, қоғам қайраткері Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойына орай сәуір айының басында Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасында «Түркі әлемінің детектив жанрының дарабозы» атты дөңгелек үстел және безендірілген кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрмесінде автордың шығармалары, оның редакторлығымен шыққан журналдар, мерзімді басылымдардағы мақалалары мен жарияланымдары, өмірі мен қызметі туралы шығармалар қамтылды. Бұл айтулы шараға елімізден ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапхана Одағының төрағасы Бақытжамал Оспанова бастаған қазақстандық делегация құрамында белгілі кемелтанушы Бақтығали Айжігітов, термеші, жыршы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ радиосындағы «Інжу-маржан» бағдарламасының авторы Қошан Зарлиев, қоғам белсендісі Сәуле Нағманова, «Қазақ радиосы» және «Шалқар» радиосының Алматы филиалының жетекшісі Бақыт Жағыпарұлы, айтыскер ақын Талант Арынғали, Талғар аудандық орталық кітапханасының бөлім меңгерушісі Ризвангүл Төлегенқызы және Ұлттық кітапхана мамандары барып қайтты.
«Жәдігерлер сөйлейді немесе естеліктегі Кемел» атты көрме және «Жас қалам шеберлері» тақырыбында безендірілген кітап көрмесін ұйымдастырған Р. Төлегенқызы бауырлас елге барғанда көкейіне түйіп қайтқандарымен бөлісті. Түркі жұртшылығына ұлттық әдебиетіміздің дамуына орасан зор үлес қосқан К. Тоқаевты таныстырып, кеңінен насихаттау және өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа баулуды басты мақсат еткен көрмені өзбек жастары аса қызығушылықпен тамашалағанын айтып: «Қазақ елінің басшысы Қ. Тоқаевтың әкесінің де ел үшін еңбек еткен тұлға болғаны өзбек жастары үшін аса қызықты жаңалық болды. Жазушы ғана емес, еліне тұтқа болар ұл өсірген асқар тау әкенің басынан өткен ауыр тағдыры автордың шығармаларына деген өзге ұлт оқырмандарының ынтасын оятты. «Естеліктегі Кемел» деген көрмеде жазушының Ұлы Отан соғысы жылдары түскен бір суретінің сыртында «Кемелден ескерткіш. Мені еске алушылардың барлығына жалынды сәлем! Картинаны сақтаған Кемел. 2-ші Беларусь фронты. 26 қараша 1944 жыл» деп латын қаріпінде жазылған жазбасы көпке ой салды. Сонымен қатар жас қаламгерлердің К. Тоқаевтың 100 жыдығына орай жазылған арнаулары да көрмеге жан бітіріп, кемел тұлғаның ізбасарларының көп екенін көрсетті.
Өзбекстан жастарының оқу-білімге деген құштарлығына тәнті болдым. Олар көптеген сұрақтар қою арқылы шытырман оқиғалы детектив жанрына аса қызығатындарын жеткізді. Кез келген адам бара бермейтін жанрдың қазақ елінде осындай жоғары деңгейде жазылғаны оларды таң қалдырды. Және шынайы өмірден алынған шығарманы сүйсіне оқитындарын атап өтті. Ал қарттар айтылған мәліметтерді қойын дәптерлеріне түртіп алып жатты», – деп көрме барысындағы қызықты сәттермен бөлісті. Кітапхана оқырмандарының көптігіннен-ақ бұл елдің халқы ізденімпаз екенін аңғарған кітапханашы жасының да, жасамысының да кітап «кеміріп» отырғанын айтады. Сондай-ақ толықтай сандық кітапханаға көшкен елдің заман талабына сай жұмыс істеп отырғанына қайран қалды. Арнайы құрылғы арқылы іздеген кітаптарын қай жерде немесе кімнің қолында екенін шатаспай тауып алады екен. Оқырмандарға 24 сағат бойы құшақ жая қызмет ететін киелі орын қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеп, үш күн дем алатын көрінеді.
Тағдырдың талқысымен тарыдай шашыраған халқымыздың жат елде жүрген ұл-қыздарының жақын туысын көргендей қуана қарсы алған сәттегі толқынысымен бөліскен
Р. Төлегенқызы халқымызға тән бауырмалдық пен қонақжайлылықты аңғарғанын айтады. Ала шапанды ағайындар елінде қазақтар жиі орналасқан 16 ауданы, 7 қала, 40 мектеп болса, сол елді мекендерден ат сабылтып келген қандастарымыз бен жас жеткіншектердің жанарынан ата жұртқа деген сағынышын аңғарып, жолдаған сәлемін ала келіпті.
Игі шараны Талант Арғынғали арнаумен бастады. Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісінің орынбасары Жасұлан Ысқақов, Өзбекстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғайрат Мажит жұртшылықты құттықтап, шараның маңызына тоқталды. Бақытжамал Қайырбекқызы,
Ә. Науаи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасының директоры Умида Тешабаева Өзбекстандағы Қазақ мәдени орталығының төрағасы Серікбай Үсенов бауырлас түркі елдер арасындағы рухани-мәдени байланыстың түп тамырын есте жоқ ескі заманнан іздеді. Жазушының көзін көрген Бақтығали Айжігітов бала кезінен үзік сыр шертіп, бүгін де өзектілігін жоғалтпаған ақылиялары мен нақыл сөздерін еске салды.
Кеште «Хабар» телеарнасы әзірлеген Кемел Тоқаевқа арналған «Өнегелі өмір» атты деректі фильм ұсынылып, айтыскер ақын Талант Арғынғали «Көзімнің қарасы», «Атамекен» атты әндерін шырқады. ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Қайырбекқызы кітапханалар арасындағы гуманитарлық-мәдени ынтымақтастық аясында іс-шараны ұйымдастыруға және өткізуге қолдау көрсеткен Ә. Науаи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасының директоры Умида Алимджановнаны Ұлттық кітапхананың «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісімен марапаттады. Сонымен қатар Қазақстанның мәдени-рухани мұрасын басқа елдерде насихаттау мақсатында ҚР Ұлттық кітапханасының айырбас-резервтік қорынан «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген 128 дана кітапты Ә. Науаи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасының қорына сыйға тартты. Аталған қорға ҚР Ұлттық кітапханасының сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақталған құнды қолжазбалар – Камаладдин Хусейн Ваиз Кашифи. Этика Мухсина (175 п.); Мир Алишер Навои. Сборник (80 п.); Хосейн Ваиз Кашифи. Этика Мухсина (207 п.) парсы тіліндегі қолжазбалардың көшірмелері табыс етілді.
Зорагүл Әбдіқадір