Еңселі ескерткіштер


18-ші сәуір ескерткіштер күніне орай Талғар ауданы ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлім мен аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Талғар сыр шертеді» атты дөңгелек үстел өтті. Айтулы шараға желтоқсан, ауған соғысының ардагерлері және Чернобыль оқиғасына қатысқан азаматтармен қатар орталық кітапхананың жас оқырмандары қатысты.

Шара басталмас бұрын кітапхана дәлізінде Есік археологиялық өлкетану мұражайынан әкелген Талхиз қалашығынан табылған жәдігерлер көрмесі қойылды. Онда Қайнар ауылынан табылған X-XI ғасырларға тән мыстан жасалған білезік, Талғар қалашығынан табылған XIII-XIV ғасырға тән мыс ыдыстар және VI-VIII ғасырдағы жебенің ұшы, VIII-VIV ғасырға жататын металл шеге, VIII-VIV ғасырдан дерек беретін қарғаша сынды есте жоқ ескі заманның бұйымдары қойылды. Сонымен қатар Алматы облысына қарасты аудандардан табылған әшекейлер, қыш құмыра, металдан жасалған ыдыстар тарих тереңіне бойлатып, ой салары анық.
Мерекелік шараға қатысушылар ауданымыздағы 25 мемориалды ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Іс-шараны жүргізген Фарида Бегенбаева атаулы мерекенің мән-маңызына тоқталды. Сондай-ақ тәуелсіздік тарихымыздығы тарихи оқиғалар мен кесек тұлғалардың ескерткіші ұрпағымызға өнеге, болашағымызға бағдар беріп тұратынын да атап өтті. Әсіресе жастар тәрбиесіне аса мән беретін Ф. Мамырбекқызы өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолында көзі тірі ардагерлеріміз бен осындай атаулы мерекелердің аса маңызды екенін ашып айтты. Ауған соғысының ардагері Әсет Нұрғалымов от пен оқтың арасында жүрген жылдарды еске алып, қиындық арасында тап болған қызықтарды да баяндады. Сондай қиындыққа мойытпаған бойларындағы патриоттық сезім мен жастық жалын екенін еске салды. Сонымен қатар бүгінгі таңда кейбір жастардың тым бойкүйез, батыстық мәдениет пен діни жат ағымның арбауына алданатын дүрмекшіл екенін де ескертіп, әр азаматты ұлтын сүюге, өз құндылығын қорғауға шақырды.
Ауданымыздағы ардагерлер ой-пікірлерін, көкейіне түйгендерін ортаға салды. Сонымен қатар осындай атаулы мерекелер аясында ауданымызға қарасты мектеп оқушылармен кездесіп, оларды елжандылыққа баулып, ұлтын сүю, салт-дәстүрін сақтау және отаны мен отбасы алдындағы жауапкершілігін түсіндіру турасында тәрбие сағаттарын жиі өткізу туралы ұсыныс та айтылды.
Республика бойынша тек ауданымызда ғана бар Алаш арыстарына арналған ескерткішті орнатуға тікелей себепкер болған Бейсенғазы Сәдуұлы ескерткішті қоюдағы басты мақсатын баяндап: «Сталиннің оң қолы болып, көптеген Алаш арыстарының атылуына себепкер болған М. И. Калининнің ескерткіші қазақ жерінде қасқайып тұрғаны намысыма тиді. Сол тұрған тұғырда неге ұлты үшін жанын пида еткен Алаш арыстары неге тұрмысқа деген ой үнемі маза бермейтін. Осы ойым іске асса, халқымыздың ол боздақтары үшін әділдіктің орын алатынын түсіндім. Сонымен қатар ата тегінен ажырап бара жатқан дүбара ұрпаққа ой салу ниетінде болдым. Осындай айтулы күндерде сол жерге жиналып гүл шоқтарын қойып, шүкірлік ететін орынға айналса деген арманым болды. Міне, жыл сайын кем дегенде үш рет жиналып тұрамыз. Осы ойымды іске асыруға «Ақжол» партиясындағы Азат Перуашов, Қазыбек Иса бастаған азаматтар қаражат бөліп, жақыннан жәрдемші болды. Баста қол ұшын созуға ниеттілер көп болған, алайда бір кесірі тиер деп қорықты ма, берген уәдесінен тайқып шыға келгендер де көп болды. Осыдан-ақ қандай жалтақ, қорқақ екенімізді аңғаруға болады. Кейін менің атыма көптеген арыз түсіп, қылмыстық іс ретінде қарауды сұрапты. Бірақ сол кездегі аудан әкімі Жолан Омаровтың арқасында сол жаланың бәрінен құлантаза құтылдым. Бұл ескерткіштің орнатылуы республика шекарасының шегенделгеніне 100 жыл толуына орай тамаша тарту болды», – деп ішкі толқынысын жеткізді.
Шара соңында «Жас ұрпаққа елін, тілін, дінін сүйетін, Отанын қорғайтын, жастарға тәлім тәрбие беруде қосқан үлесі үшін Ә. Нұрғалымов бастаған азаматтар алғыс хатпен марапатталды. Аудандық мәдениет үйінің әншісі Надыхан Манай домбырамен ән шырқап, қонақтарды бір желпінтіп тастады. Ағынан ақтарылған ардагерлер алдағы уақытта жастар мен жасөспірімдер тәрбиесіне жалғасты үлестерін қосуға уағдаласып қайтты.

Зорагүл Әбдіқадір