Бұл сұрақтың жауабын іздегенімізге де талай уақыт болды. Өйткені күн өткен сайын көбейген қылмыс пен зорлық-зомбылықтың түрі де молайып барады. Мұны адамнан көрейін десең пенде шіркіннің шындықты мойындаудағы әлсіздігі кінәні өзіне алуға мүмкіндік бермейді. Ал заманнан көрейін десең сол заманды, сол қоғамды өз қолымен жасап отырған адамның өзі екенін ескерек, бұл тек адам қолымен жасалған жайсыз әрекеттерден ақталудың амалы ғана екеніне көзің жете түседі. Айтпағымыз бұл емес, қазіргі қоғамды дендеп бара жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылық жайлы.
Тынымсыз тірліктің түйіні тарқамай тұрған мәселесінің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету бүгінгі қоғамның басты дертіне айналды. ҚР «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңының 4-бабына сүйенсек, тұрмыстық зорлық-зомбылық қасақана немесе жанама түрде күш көрсету, психологиялық қысым жасау, жыныстық және жас ерекшеліктеріне қарамастан ересектер мен жасөспірімдер арасындағы сексуалды сипаттағы іс-әрекеттер, сондай-ақ экономикалық зорлық-зомбылық түрінде болуы мүмкін. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексінің 73 бабында атап көрсетілгендей, отбасылық және тұрмыстық қарым-қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер қатарына ар-намысты қорлау, былапыт сөйлеу, қасақана қорлау, кемсiту, жеке мүлкін бүлдiру және кез келген қоғамдық, жекеменшік орындарда адамдардың тыныштығын бұзатын әрекеттер де осы санатқа жатқызылады.
Бұл ретте бір ғана Талғар ауданында орын алған осы тақылеттес қылмыстардың соңғы 3 жылдағы статистикасына жүгінсек, жаға ұстатарлық сандарға тап боламыз. Сонымен сандар сөйлесін. Зер салыңыз. Талғар аудандық полиция басқармасының мәліметінше, аудан бойынша орын алған тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары негізінде 1464 адамға қатысты әкімшілік қорғаныс бұйрықтары шығарылған. Олардың 596-сы – 2021 жылы, 712-сы – 2022 жылы орын алса, 2023 жылы, яғни жыл басынан бері 156 оқиға тіркелген. Ал мәселеде мәмілеге келе алмай әкімшілік құқық бұзушылық бойынша қамауға алынғандар саны 70-ке жеткен (2021 жылы – 38, 2022 жылы – 25, 2023 жылы – 7). Аталған Кодекстің 73 бабымен 962 адамға әкімшілік жауапкершілікке тарту жазасы қолданылған. Оның 496-сы – 2021 жылы, 396-сы – 2022 жылы, 70-і – 2023 жылы тіркелген. Бұлардың ішінде 11 тұлға (2021 жылы – 6, 2022 жылы – 5, 2023 жылы – 0) екінші рет жауапкершілікке тартылған.
Мерзімді баспасөз бетінде пікір білдірген Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау академиясының ВҒЗИ жетекші ғылыми қызметкері Т. Түсіп пен Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау академиясының Жоғарғы оқу орнынан кейінгі білім беру институтының Жалпы заң пәндер кафедрасының доценті Ә. Қуатованың сөзіне сүйенсек, «Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар әкімшілік заңнаманың салыстырмалы жеңілдігі себебінен емес, көптеген жағдайларда басқа факторлар мен жағдайлардың әсерінен жасалады (тәрбие, өзара қарым-қатынас, сыйластық деңгейі, өзара реніштік жанжалдар, неке адалдығын орнатпау және т.б.). Басқа себептерге қолайсыз әлеуметтік-экономикалық факторлар (жұмыссыздық, төмен табыс деңгейі, тұрғын үйдің болмауы, кредиттер және т.б.) жатады».
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында барлығы 50 тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелсе, оның 42-сіне әкімшілік құқық бұзушылық және 8-іне қылмыстық іс қозғалды. Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқықбұзушылық жасаған 161 тұлға Талғар ауданы әкімшілігіне қорғау нұсқамасы санаты бойынша профилактикалық есепке алынса, 41 тұлғаға қатысты сот құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талап қойып, сотқа жолданды. Жақын туыстарының өтініші бойынша алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеуге маскүнемдіктен зардап шегетін 4 адам жіберілді. Жедел жағдайды жақсарту, оның ықтимал асқынуларына уақтылы ден қою, тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстардың алдын алу мақсатында «Тіршілік, құқық тәртібі, сюжет» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Талғар аудандық
полиция басқармасы
Қылмыстық Кодексте (108, 109 б.б.) жеңіл дене жарақаты үшін – 60, ұрып-соғу үшін – 45 күнге дейін қамауға алу қарастырылған. Бұлардың қатарында жасаған қылмысының ауыр-жеңіліне қарай айыппұл салып, түзеу жұмыстарына тарту да бар. Алайда бұл жазасын өтегеннің бәрі қылмысын қайталамайды дегенге кепіл бола алмайды… Сондықтан ең әуелі адами қарым-қатыстарды жолға қойып, халықтың құқықтық білімі мен мәдениеті, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті көтерілмейінше, аталған мәселелердің түбегейлі шешілуі екіталай екені айтпаса да түсінікті. Көріп отырғанымыздай, мәліметтер көңіл көншітпейді. Ендеше қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды – Асан қайғы аңсаған Жерұйықты әлі қанша күтерімізді кім білсін?!… Бір анығы – адамдар арасындағы мейірімділік, қамқорлық, бауырмалдық деген секілді адами қасиеттердің орнын көп жағдайда агрессиялық қарым-қатынас алмастырған мына қоғамда заң қатайып, талап күшеймесе, мұндай қылмыстардың саны көбеймесе, азаймайтыны. Өйткені жаһанданудың жаңа дәуірін бастан кешіп отырған адамзаттың бүгінгі беталысында «мен ғана, маған ғана болсын, менікі ғана болуы керек, менде ғана бәрі жақсы болуы қажет…» деген менмендік пен өзімшілдік өңмеңдеп тұрғанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының саны азаяды дегенге сену қиын.
Бірақ бұл отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мәселеде аудандық құзырлы орындар көз жұмып, қарап отыр дегенді білдірмейді. Мәселен, Алматы облысы Талғар ауданы прокуратурасының бастамасымен қадағалау органы полиция басқармасының қызметкерлері аз қамтылған отбасылардың мекенжайларына барып, оларға құқықтық кеңестер беріп, мерзімді бақылау-тексеру жұмыстарын тұрақты жүргізіп келеді. Нәтижесінде 67 қолайсыз отбасы анықталған. Өкініштісі осындай отбасылардың салдарынан зардап шекендер арасында кәмелетке толмаған балалар бар. Оларға құқықтық және денсаулық сақтау саласында көмек көрсетіліп, арнайы хаттамалар толтырылып уәкілетті органдарға жолданған. Аталған санатқа жатқызылған азаматтардың өзекті мәселелерін шешу мақсатында ағымдағы жылдың 31 наурызында ведомствоаралық кеңес өткізіліп, арнайы шешім де қабылданғанын хабарлаған аудандық прокуратура мамандары жүргізіліп жатқан жұмыстың бастапқы нәтижелері бойынша 10 бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына ауыстырылғаны және мүгедектігі бар 2 балаға медициналық көмек көрсетілгендігін, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретінін хабарлады. Демек аталған құқық бұзушылық түрлерінің аяғы жақын арада тыйылмайтыны аңғару үшін анау айтты ақылдың да қажеті жоқ…
Биылғы 13-сәуірде ғана Түркістан облысының Төлеби ауданындағы мектептердің бірінде 6-сынып оқушысының 5-сынып оқушысына жыныстық зорлық-зомбылық жасағаны туралы жантүршігерлік жағдайды барлық ақпарат құралдары жарыса жазды. Бұл туралы мәлімдеген Немолчи.kz қорының басшысы Дина Таңсәрінің айтуынша, жәбірленушінің анасы сол мектепте жұмыс істеген. Болған оқиғадан соң мектеп әкімшілігі оның үйіне келіп, оқиға бойынша арыз жазып, іс бастамауды өтінген. Осыдан соң баласының тағдыры таразыға түскен байғұс әйел ауылдан кетіп тынған. Мұндай сұмдықты бұрын естімеген басымыз «қайда кетіп барамыз, қандай күйге жеткенбіз, ертеңіміз не болады?» деген сан сауалдың жауабын іздеп сансырап кетті. Санамыздағы ауыр салмақтан әлі арыла алмай отырған жайымыз бар. Мұның артында сол оқушылардың ғана емес айран-асыры шыққан ата-ана тағдыры жатқанын ойлағанда айтарға сөзің де таусылады екен… Өкінішке қарай Түркістан облыстық полиция департаменті 29 наурызда аталған мәселе бойынша жергілікті тұрғын растап, мәлімдеме жасады.
Енді ойлап көріңізші, жастайынан зорлық-зомбылықтың құрбанына айналған немесе сондай келеңсіз оқиғаларға ерікті-еріксіз түрде куә болған жасөспірімдернің алдағы өмірі мен денсаулығы туралы әңгіме өз алдына бір төбе, олардың психологиялық мінез-құлықтарында пайда болған ауытқушылықтардың орнын немен толтыруға болады? Жанына жазылмас жара түскен адам тұрмас аңның өзінде айналасына деген өшпенділік өрши түсетінін ескерсек, мұндай жағдайда адамның ішкі дүниесіндегі өзгерістер оны не болса соған көне беретін ынжыққа немесе өзін қоршаған ортаға деген өшпенділігін оятып, қатігез қоғамның қосаяқ жауына айналдыратыны дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Сонда «Тәрбие басы – талбесік» дейтін қазақы болмыс қайда қалады?… Осы орайда Шерхан Мұртазаның «Араны ашылған қыран не аңды алады, не аңшының өзін алады» деген аталы сөзі еріксіз ойға оралады. Астарына үңілсеңіз алапат ақиқаттың анығына көз жеткізу қиын емес…
Жанбота Сұлтанмұратқызы