Еңбек жолын дене тәрбиесінің мұғалімі болып бастаған қолөнер шебері Серікхан Мәдіғалиев – өмірінің 47 жылын ағарту саласына сарп еткен майталман ұстаз. Зейнетке шықса да ұстаздық жолынан айнымаған педагогтың салған сара жолы жас мамандарға үлгі болар деген ниетпен айтар ойымызға арқау еттік. Он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері қазіргі таңда Талғар ауданының Алмалық ауылындағы №18 орта мектепте қолөнер пәнінің мұғалімі ретінде жұмысын жалғастырып келеді.
«Қазақстан білім беру ісінің қайраткері», Қазақстан республикасының құрметті азаматы, Ұлттық Дизайн Академиясының академигі сынды атақты арқалап жүрген С. Мәдіғалиев мектеп қабырғасында қарапайым ұстаз болып жүріп-ақ ұлт болашағы үшін орасан зор еңбек тындырып жүр. Ол «Ыбырай Алтынсарин», «Жылдың үздік ұстазы», «Ұлт жанашыры», «Отан патриоты», «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар», «За творческие отличия дизайнерском искусстве», «Үздік ұстаз», «Ұлағатты ұстаз» сынды медалдармен марапатталған
С. Мәдіғалиевтың келер ұрпаққа берері мол. ҚазПИ-дің «сызу, сурет және еңбек пәнінің мұғалімі» мамандығын бітірген ол 1985 жылы Көкшетаудағы Ш. Уәлихан атындағы педагогикалық институтында «көркем сурет графикасы» факультетін ашуға атсалысады. Көптеген шәкіртке қол өнердің құпиясын ашып, маман атануына үлкен үлесін қосады. Кейін Зеренді ауданындағы мектептің директоры болған ол ұстаз ғана емес, өзі басқарған оқу орындарында басшы ретінде де аянбай тер төккен. Осы жылдары қазақ мектептерінің бүгіні мен ертеңі туралы, ұлт болашағы болған жас ұрпақтың тәрбиесі жайлы үнемі толғаныста жүрген ұстаз «Қазақстан мұғалімі», «Қазақ мектептеріне менің көзқарасым» атты мақалалар жариялайды. Онда елін сүйген азамат ретінде жас ұрпақтың болашақта білім алатын ортасы қалай болу керек екені туралы ой түйген. Осы ізденісінің арқасында «XXI ғасыр. Күн шуақ мектебінің жобасы» атты жобасын дайындап 2002 жылы Астана қаласында он екі мемлекет ғалымдары бас қосқан халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда сәтті қорғап шығады. Аталған жоба үшін Серікхан Қожаханұлына арнайы авторлық куәлік беріліп, Ыбырай Алтынсарин атындағы Ғылым академиясының «Құрмет грамотасымен» марапатталады.
Көптеген азаматтардың қолдауына ие болған жоба негізінде Қазақстанда 100 мектеп салу қолға алынады. Алайда бұл жоба көптеген қысқартуларға ұшырап, дәл автордың армандағанындай болмайды. Өз идеясының толық іске аспағанына өзегі күйген ұстаз болашақта идеяларын қолданатын ұрпақ өсіп келе жатқанына сенімді.
Сонымен қатар осы конференцияда ұлдар мен қыздарды бөліп оқыту жөніндегі ойын да ортаға салады. Бұл ұсыныстың аса орынды екенін де дәлелдеп шығады. Айтылған пікірге қатты қызығушылық танытқан Ресей ғалымдары С. Мәдіғалиевтың жобасын терең білуге тырысып, сұрақтарын жаудырады. Осы жоба негізінде 2002 жылдан бастап ұлдар мен қыздарды бөлек сыныпта оқыта бастаған көрші елде 2004 жылы 30 мектеп, 2005 жылы 300 мектеп осы жүйеге көшкен. Қазіргі таңда 3000-ға жуық мектеп осы негізде сабақ береді.
Саналы өмірін «мектеп, оқушы, мемлекет» деп өткізген ұстаз бүгінгі оқу саласына көңілі толмайтынын айтады. Соңғы жиырма жылдан астам уақыт ішінде білім саласы тоқырауға ұшырап, әр түрлі реформаның құрбанына айналғанына қапалы. «Оқу-ағарту министрлері жиі ауысып, батыстық стандарттың күнгейін емес теріскейін алып, ұлттық болмысымызға мүлде жат сорақы реформаларды басымыздан кешірдік. Бұл өзгерістердің дұрыс еместігін айтып, қарсылық білдіргендерді тыңдаған билік болмады. Үш тұғырлы тіл дейсіз бе, әйтеуір, өзінің ана тілін толық меңгеріп үлгермеген балаларға ағылшын тілі, орыс тілі сынды сабақтарды оқуға мәжбүр еттік. Буыны қатпаған бүлдіршіндерді мәңгүрт еттік. Мұның бәрі ұлттық білім жүйесінің түп тамырына балта шапқанмен бірдей. Мұндай жағдай мен сияқты өз ұлтын жанынан артық көретін азаматтарға ауыр тиді. «Битке өкпелеп тоныңды отқа жақпа» демекші, ұлттық мектептің болашағы жайлы ізденісімді тоқтатпадым. Еститін мемлекет боларына сендім. Өзімнің ой-пікірімді баспасөз беттерінде жариялап, талаптарымды қоя білдім. Ұлттың бет-бейнесін дүбара дүрмекшілдер емес, рухы өр, ұлтжанды ұл-қыздар қалыптастырады.
Талғар қалалық №3 орыс мектебінде сабақ бердім. Онда көбі түрік балалары, орыс, дүңген, ұйғыр, қазақ балалары да болды. Айтайын дегенім, түрік балалары өз тілінде сөйлейді. Орыс тілінде де сайрап тұр. Қазақ тілін де жақсы біледі. Сабақ аралығындағы үзіліс кезінде түрікше музыка тыңдап, өз тілінде әңгімелеседі. Олардың іс-әрекетінен ұлтының әдет-ғұрпы, салт-санасы мен мұндалап тұрады. Өздерін ержүрек түрік халқының ұрпағымыз деп мақтанады. Ал қазақ балалары ана тілінде сөйлемейді, сөйлегісі де келмейді. Орыс тілінде сөйлегенді мақтан тұтады. Қазақша сөйлесе дәрежесі түсіп қалатындай. Мұндай жағдайда балалардан бұрын ата-аналар туралы да айту керек шығар. Өйткені «Балапан ұядан не көрсе ұшқанда соны іледі» деген бар», – дейді ұлағатты ұстаз.
Басшылық қызметтегі тынымсыз ізденіс пен еселі еңбекке толы жылдарында келелі істерді жүзеге асыра жүріп, ұстаз ретінде шәкірттер баулып, абыройлы міндеттің ауыр-жеңілін қатар арқалады. Ол тәрбиелеген оқушылар жыл сайын аудандық, республикалық, тіпті халықаралық байқаулардан жүлдемен оралды. Өзінің де, шәкіртінің де жасаған қолөнер бұйымдары республикалық және халықаралық көрмелерде көз тартып тұрды. 2014 жылы Абылай Мақсұтов деген шәкірті республикалық «Дельфий» ойынына қатысып, күміс медалмен марапатталды. Осындай шарадан мектеп оқушысының жүлдемен оралуы – үлкен жеңіспен пара-пар. Себебі қаршадай ғана мектеп оқушысының ересек адамдар арасынан топ жаруы сирек кездесетін ерлік еді.
Оқушылардың елі мен жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, қазақ халқының ежелден қалыптасқан салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын ұрпақ санасына сіңіре білді. Тау-тасын сүйіп, табиғи байлықтарын пайдаланып, атадан балаға мұра болып келе жатқан қолөнерді жаңғыртып, жаңа бағытта ұсынды. Оқушыларды заман талабана сай әлемдік бәсекелестікке, нарықтық қыспаққа кез келген жағдайда жауап бере алатындай маман болуға баулып келеді. Мектеп қабырғасында зергерлік бұйымдар жасауды ғана емес, оларды жасайтын құралдардың да қалай жасалатыны жөнінде балалардың құлағына құйып отырады. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей, ұлтын, ұлттық құндылығын сүйетін азаматтың жетелеуімен ұлттың ұлы мұратына қызмет ететін ұрпақ өсеріне сенімдіміз!
Зорагүл Әбдікәрім