«Жанұя» отбасына қолдау көрсету орталығы

«Жанұя» отбасына қолдау көрсету орталығы

Орталықтың директоры Құралай Жұмақанқызымен сұқбаттасу барысында аудан бойынша келтірілген мысалдарға қарап мұндай жайттар барлық жерде кездеседі ғой деп бей-жай қарауға болмайтын мәселелерге көз жеткіздік. Мейірімі азайып, қамқорлық көрсетуден алыстап бара жатқан бүгінгі қоғамның қасіретіне айналған тұрмысы төмен, психологиялық тұрғыдан әлсіз отбасылар мен адамдардың, оның ішінде балалардың бар болуы және олардың санының жыл санап артып бара жатқаны кімді болса да алаңдатары анық. Ендеше осындай санатқа жатқызылған немесе аталған орталықтың көмегіне мұқтаж жандар хабардар болсын деген ниетпен «Жанұя» – отбасына қолдау көрсету орталығының директоры Құралай Жұмақанқызымен болған сұқбатты назарларыңызға ұсынбақпыз.

– Құрметті Құралай Жұмақанқызы, «Жанұя» орталығы туралы қысқаша айтып өтсеңіз. Орталық жұмысының басты мақсаты қандай?
– «Талғар ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Жанұя» отбасын қолдау орталығы Талғар ауданы әкімдігінің 2022 жыл 20 желтоқсандағы № 12-650 қаулысы негізінде құрылды. Орталықта директормен қоса алғанда 12 қызметкер болуы керек. Қазіргі уақытта 11 қызметкер жұмысқа қабылданды. Осы аралықта орталықтың мөрі, жарғысы бекітіліп, жұмыс жоспары жасалды. Орталық Талғар қаласы, Райымбек батыр көшесі 97 үйде орналасқан.
Орталықтың басты бағыты – отбасы институтын қолдау мақсатында құқықтық, психологиялық және әлеуметтік кеңестер түріндегі кешенді бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету болып табылатындықтан орталық қызметінің бірнеше мақсаты бар. Атап айтар болсақ, олар:
1) әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту және Талғар ауданында тұратын көпбалалы аналардың қиын жағдайларды еңсеруде ынтасын арттыру, жеке қаржылық жағдайын түзеу;
2) кәсіптік, кәсіпкерлік бағыт-бағдар беретін қысқа мерзімді курстарды ұйымдастыру, курстарға жіберу және курстарды аяқтағандығы туралы сертификаттар беру;
3) жұмысқа бейімдеу, мұқтаждығына қарай түрлі сала мамандарының жауаптылығы бойынша ұсыныстар беру;
4) қаржылық сауаттылығын арттыру және тағы басқа қажетті сұраныстарға байланысты ақпарат беру;
5) egov.kz порталы арқылы қажеттілігіне қарай онлайн құжат беру;
6) мұқтаж аналардың өзекті мәселелері бойынша тиісті мекемелермен кездесулер ұйымдастыру;
7) психологиялық, әлеуметтік және құқықтық кеңес беру;
8) жеке жоспарға сәйкес көрсетілетін қызметтерді алушылар, уақытша болу және тұру кезеңінде қызметтер көрсету арқылы қорғауды және көмек көрсетуді қамтамасыз ету;

Аудан бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылар – 896 отбасы ( 4704 адам). Көп балалы отбасы – 6647, мүгедектігі бар балалар – 958, мүгедектігі бар тұлғалар – 5405. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың арасынан тұрғын үйге мұқтаждар саны – 58 отбасы, оның ішінде өте ауыр жағдайдағылары – 14. Тұрмыстық қиын жағдайға тап болған 26 отбасы анықталса, үйлерінде қызмет алатын жалғызбасты қарт кісілер – 91 адам. Бұдан бөлек мүгедектігіне байланысты үйлерінде қызмет алатын 105 бала бар.

– Өзіңіз басқарып отырған орталық аталған мақсатқа қол жеткізу үшін қандай қызмет түрлерін жүзеге ұсынады?
– Біздің орталық ұсынатын қызмет түрлері аз емес және олардың көбі, әсіресе қазіргі кезде өте маңызды мәселелер санатына жататын әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға қатысты. Мысалы:
1) шұғыл әлеуметтік қорғау мен көмекке өте мұқтаж адамдарды мемлекеттік органдармен және қоғамдық бірлестіктермен бірлесе отырып анықтау;
2) көрсетілетін қызметтерді алушыларды қабылдау және (немесе) орналастыру, сондай-ақ әлеуметтік бейімдеу жөніндегі іс-шараларды өткізу;
3) орталықта қолайлы моральдық-психологиялық климат қалыптастыру;
4) көрсетілетін қызметтерді алушыларға арнаулы әлеуметтік қызметтердің көлемдері мен түрлері, мемлекеттік мекеменің ішкі тәртіп қағидалары туралы хабардар ету;
5) еңбекті ұйымдастыруды жетілдіру және персоналдың біліктілігін арттыру;
6) орталықтың қаржы-ша­руашылық қызметін жүзеге асыру;
7) көрсетілетін қызметтерді алушыларды әлеуметтік оңалту, олардың азаматтық, мүліктік және өзге де құқықтарын қайта қалпына келтіру мәселелерін шешу үшін жергілікті атқарушы органдармен, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, ішкі істер, әділет органдарымен, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау.
– Байқауымызша жұмыс барысында өте маңызды және ауқымды біршама әлеуметтік мәселені қамтиды екенсіздер. Мұның барлығын іске асыру үшін нақты қандай шараны қолға алдыңыздар?
– Әрине құрылғанымызға көп болған жоқ. Сондықтан анау айтты үлкен істерді тындырып тастадық деу­ге әлі ерте. Бірақ жоғарыда аталған мақсатға қол жеткізу үшін барлық мүмкіндіктерді барынша пайдаланатын боламыз. Қазір осы мақсатта орталық Талғар ауданы аумағындағы құзырлы мемлекеттік органдармен, атап айт­қанда, ішкі істер, орталық аурухана, білім бөлімі мен ішкі саясат және орталық мешіт имамдары, қоғамдық келісім және аналар кеңесі қоғамдық бірлестіктерімен бірлесіп жұмыс істеу­ге бағытталған меморандумға қол қою жұмыстары жүргізілу барысында.
– Әлеуметтің әлеуетін көтеру мақсатында жұмыс істейтін орталық бүгінгі күні нақты қандай статистиканы ұсына алады? Жалпы сіздердің көмектеріңізге жүгінетіндер көп пе?
– Өкінішке қарай біздің қызметке жүгінетіндер саны көбеймесе азаймайды. Өйткені тұрмыс тау­қыметін тартқандар мен тұрмыстық зорлық-зомбылық көргендердің дені алдымен орталықтың қызметіне жүгінеді. Сондықтан біз көрсеткен ститастикалық мәліметтер алда тағы өсім бойынша өзгеруі ықтимал. Ал әзірге мынадай ақпар бере аламын:
Аудан бойынша атаулы әлеу­меттік көмек алушылар – 896 отбасы ( 4704 адам). Көп балалы отбасы – 6647, мүгедектігі бар балалар – 958, мүгедектігі бар тұлғалар – 5405. Атаулы әлеу­меттік көмек алушылардың арасынан тұрғын үйге мұқтаждар саны – 58 отбасы, оның ішінде өте ауыр жағдайдағылары – 14. Тұрмыстық қиын жағдайға тап болған 26 отбасы анықталса, үйлерінде қызмет алатын жалғызбасты қарт кісілер – 91 адам. Бұдан бөлек мүгедектігіне байланысты үйлерінде қызмет алатын 105 бала бар.
– Басқасын айтпағанда, бүгінде аудан бойынша тұрмыстық қиын жағдайға тап болған 26 отбасы бар дедіңіз. Ауданымызда аталған орталықтың қызметіне тәуелді осынша адам бар деген жан ауырталық жағдай екен…
– Біздің айтып отырғанымыз ең басты мақсаттар мен мәселелер ғана. Ал шындығында, мәселеге тереңнен үңілетін болсақ бұл жерде айтылмағанынан басқа, құқықтық тұрғыда айтуға болмайтын да бірқатар мәселелер бар. Бұлардың барлығын жіпке тізіп отыруға уақыт та жетпес, ондай мүмкіндік те жоқ. Бір айта кетерлігі орталық қызметіне жүгінетін адамдар да осы қоғамның нақты мүшесі болғандықтан оларға мүсіркеп емес, барынша адамгершілікпен, түсіністікпен қарау керек. Сондықтан мұндай жағдайға тап болған ересектер мен балаларды, тіпті бүтін отбасын осы қоғамдық орталарға қайта бейімдеп, оларға психологиялық тұрғыда қолдау білдіріп, аяғына тұрып кетуіне барлығымыз қолдан келгенше көмек көрсетсек құба-құп болар еді. Өйткені өмірден өз орнын таба алмаған адамдардың тұрмыстық қылмыстарды жасауға деген бейімділігі де өте жоғары болатынын бүгінгі жағдай көрсетіп отыр. Ал оның салдары да ауыр болмақ. Сондықтан оларды шетқақпай қылмай, қатарға қосуға қоғам болып атсалысуымыз керек деп есептеймін.
– Сұқбатыңыз үшін рақмет. Істеріңіз ілгері болсын!

Сұқбаттасқан
Жанбота Сұлтанмұратқызы