Ұлт мұратын ұлықтаған тұлға

Ұлт мұратын ұлықтаған тұлға

Халқымыздың Мұхтар Әуезовтей заңғар тұлғасының ізін жалғап, ұлт үшін ерен еңбек етіп келе жатқан Мұрат Мұхтарұлы секілді дара тұлға сексеннің сеңгіріне шықты. Осы орайда еліміздің өңір-өңірінде өз биігінде тойланып жатқан мерейтойдың жөні бөлек. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?» дейтін қазақтай дана халқының арда ұлын ұлы мерекесімен құттықтап, ла­йықты деңгейде құрмет көрсетіп, ұлықтап жатқаны да жүрекке жылу ұялатады. Біз де өз кезегімізде танымал түркітанушы, шығыс­танушы, жазушы, айтулы ғалымды мерейлі мерейтойымен құттықтап, ел ертеңі үшін сіңірген ерен еңбегіне бас иіп, алғысымызды білдіреміз!

Ғасырға таяу ғұмырын ғылым мен білімге, мәдениет пен әдебиетке арнаған Мұрат Әуезовтің елге сіңірген еңбегін безбенге салып немесе тізіп айтып тауыса алмаспыз. Алайда мәдениеттанушы-ғалымның халқымыздың рухани мәдениетін дамытуға, Орталық Азия халықтарының тарихи құндылықтарын тереңнен зерттеп-зерделеп, оны кеңінен насихаттауға қосқан үлесі өлшеусіз екені анық. Жазушылығы өз алдына бір төбе болатын ұшқыр қалам иесі ғалым ретінде ғана емес, қазақ дипломатиясының қайраткері ретінде де танылды. Ал түркітану ғылымына сіңірген орасан еңбегі бүгінгі ұрпақ алдында өтелген бір парызы іспетті. Ұлтымыздың ұлттық құндылықтарын дәріптеу мақсатында «Мәдени мұра» бағдарламасының да бастан-аяқ жүзеге асуына ат салысып, қазақ халқының тарихи-мәдени мол мұрасын зерттеп, келер ұрпаққа керегін дәріптеп, рухани мұраны жаңғыртуда талай тамашаны тарту еткенін де айтпай кетуге болмас.
«Эстетика кочевья» ұжымдық монографиясын әзірлеп (1970-1976), философия және құқық институтындағы эстетика тобына жетекшілік етіп (1975), «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор (1981-1987), Қазақстан Жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі алқасының басшысы (1988-1990), Қазақстандағы «Мир» телерадиокомпаниясының көркемдік жетекшісі (1990), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, Кеңес Президиумының мүшесі, Парламентаралық байланыстар жөніндегі комитеттің төрағасы (1990) қызметтерін атқарып,1992 жылғы желтоқсаннан ҚХР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды. Айта кетейік, ол ҚР-ның ерекше тапсыр­малар бойынша Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы тұңғыш Төтенше және Өкілетті Елшісі сынды жауапты лауазымның тізгінін де ұстаған. 1995 жылы Алматы облысы әкімдігінің ақпарат және Қоғамдық келісім Департаментін басқарып, 1999 жылғы желтоқсаннан «Сорос-Қазақстан» қорының атқарушы директоры, 2002 жылғы шілдеден қордың Президенті секілді қызметтерді абыроймен атқарды. Қазақстан Республикасы Ұлттық кітап­ханасының директоры (2003-2006) секілді бірқатар маңызды қызметтерді атқарған М. Мұхтарұлының қай салада болмасын мәселенің тамырын тап басып, түйткілін тарқатып әкетіп, ұлтым деп соққан жүрегінің ұлылығына тәнтіміз. Сондай-ақ қазақ журналистикасына да айтарлықтай зор үлес қосқан қайраткердің артық кетпей, кем қалмай сөйлейтін турашыл, шыншыл мінезі – бәрімізге үлгі.
Бұл ретте Алматыдағы Республикалық Ұлттық кітапханада мерейтой иесінің құрметіне арналған «Өткірдің жүзі» іс-шарасында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов: «Тамырында қазақтың қаны тулаған ұлтшыл мінезді Мұрат аға «Жас тұлпар» ұйымында қабырға газетін шығарудан бастап, қабырғалы қайраткер тұлғаға айналғанға дейін еш тыным тапқан емес. Қазірдің өзінде қаламын қолынан түсірмей, қалғып кеткен қалың бұқараның рухын оятуда, рухани мұратты дамытуда, ұлттың тарихи мұрасын зерттеуде атқарып жатқан жұмысы аз емес. Жас буын Сізді ділмар дипломат, терең фәлсапашы, бір сөзбен айтқанда тағылым мен танымның туабітті иесі деп ұғуы қажет. Замана заңғарының өнегелі өмір жолдары жас ұрпаққа қашанда темірқазық болуы қажет. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген. Оның айшықты сөзін осы орайлы жерде айтқанымыз дұрыс. Мұрат Әуезовтей алыптар шоғырының білімі де, мінезі де, парасаты да, керек кездерде ұлт кәдесіне ұпай болып жарады. Бұғаудағы рухты бостандыққа шығарып, арда ұл ретінде аянбай тер төктіңіз. Егемен елдің еңсесін тіктеп, Тәуелсіздікке тұғыр болдыңыз. Біз өз кезегімізде сіздер салған тағылымды жолмен жарқын болашаққа айқын бағыт ұстануымыз керек», – деген келелі пікір білдірді.

«Уақыт байланыстырушы – жіп» (1972), «Иппокрена. Уақыт құдықтарына бару» (1997) және «Қайту үшін кету» (2002) сияқты танымал монографиялардың авторы Мұрат Мұхтарұлының көркемдік процестің теориясы және тәжірибесі бойынша 200-ден астам құнды жазбалардың иесі екенін ескерсек, қазаққа «Абай жолындай» алтын қазынаны қалдырып, атын әлемге әйгілеген Мұрат Әуезовтің ізін осылай жалғастырмауға хақы да жоқ еді. «Жібек жолындағы сұхбаттар» халықаралық мәдени жобасының бастамашысы және жетекшісі, «Уақыт арқауы», «М.М.Әуезов». «Телеэссе» сынды телебағдарламалардың авторы және жүргізушісі болды. «Времен связующая нить» (1972), «Иппо­крена. Хождения к колодцам времен» (1997), «Уйти чтобы вернуться» (2002), «Главпочтампт» (2018), «Ділім» (2018) еңбектері – өз ортасында жоғары бағаланған құнды жазбалар.
Мерейтой қарсаңында дара тұлғаның даңғыл жолын анық білетін жазушы Смағұл Елубай ұлт қайраткерінің еңбегін өлшеусіз деп бағалап: «Мұрат Мұхтарұлы – тарихи тұлға, күрескер тұлға. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ортасында біз мектепті бітіріп жатқанда, ол университетте ұйым құрып, дүниені дүбірлетіп жатты. Сол кез­де ұйымға қосылуды армандаған мектеп оқушыларының бірі едік. Сонау кеңестік тоталитарлық режим қазақ деген халықты аштан қырып, кейін оның рухын, рухани мұрасын құртуға беттеген шақта, онымен келіспейтін жастар тарих сахнасына шықты. Сол жастарды Мәскеуде оқып жүрген студент Мұрат Әуезов бастады. «Жас тұлпар» бейресми ұйымын құрып, қазақтың мәдениетін, тілін, ділін қорғау жолында күресті бастады. Оның дүбірі тым алысқа кетіп, Қазақстанның өзінде сол қозғалыстың негізінде 5-6 ұйым құрылды. Бұл кеңестік тоталитарлық жүйенің зәресін ұшырды. Содан бастап Мұрат Мұхтарұлының ізіне КГБ шам алып түсті. Тек Тәуелсіздіктен соң ғана ол осы қудалаудан құтылды. Бұл Мұрат Әуезовтің өмір жолындағы бір ғана басынан өткергені», – деген тарихи деректерді келтірді.
Міне, ұлтым деп соққан ұлы жүректі, биік пайым мен парасат иесі атқарған істерге алтын арқау болған мерейтойдың ел бойынша атап өтілуінде осындай терең мән-мағына жатыр. Сондықтан қазақ қайраткерінің өмірі мен шығармашылығы бүгінгі жас ұрпаққа ғана үлгі емес, келер ұрпақтың да бет түзер құбыласының бірі болмақ. Бүгінде әлемдік геосаяси жағдайларға байыпты баға беріп, алда болар қауіп пен қатерлерді де қалтқысыз болжап отыратын тұлғаның күллі қазақ даласы үшін орны бөлек. Сөзіміз дәлелді болуы үшін Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің тілшісі Қуат Қайранбаевқа берген айтары мол, ауқымды сұқбатында айтқан пікірлерінен үзінді келтіре кетейік. «Мен күнделікті мемлекет ісіне араласып, саясат майданында жүрген адам емеспін. Менің қазіргі айналысып жүрген шаруаларым – еліміздің мәдениетіне, руханиятына, тарихына қатысты дүниелер. Сондықтан әңгімемді өзіме жақын тақырып аясында өрбітсем деймін. Мысалы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарының қайтадан қалпына келтіріліп, жаңаша атауларға ие болуы еліміз үшін аса маңызды қадам болды деп айтар едім. Соның ішінде Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына қоныстануы бүгінгі ұрпақтың тарих алдындағы, Алаш арыстары алдындағы парызын атқаруы деп ұқтым. Себебі мен осы өңірге қатысты алаштықтардың ұсыныс­пікірлерінен хабардар едім. Осыған байланысты бұл қалаға жаңа рухпен, жаңа үмітпен, жаңа жоспарлармен келген биліктің есіне екі нәрсені салғым келеді.


Алғашқы айтарым, бұл өңір, бұл жер тарихқа ерекше бай. Бір кездері осы өлкеге талай мәрте экспедициямен шыққаным да жасырын емес. Жалпы Ұлы Жібек жолы Жетісу жері арқылы өткенін ескерер болсақ, соның бір тармағы бүгінгі Бақанас, Ақтам, Қарамерген бағытымен жүретін болған. Ертеректе Балқаш көлі екі бөлініп, ащы жағы мен тұщы жағының ортасында өткел болғаны айтылады. Осы өткелмен Арқаға барып, ол жақтан керуеншілер жез тасымалдағаны да тарихтан белгілі. Бір кездері осы өңірде Андерсон деген швед азаматы мекен еткен болатын. Жер аударылып, Сібірде көптеген жылдарын өткізіп келген зиялы қауым өкілі Қараойдың баурайында кішкене ғана жер кепе салып алып, тірлік кешкен. Сол кездері жаздырып алатын газет-журналдары оның жан-жақты білімді, түрлі саладан хабары бар азамат болғанын аңғартса керек. Андерсон жаяу-жалпылап сол өңірді толықтай аралап шыққанын білеміз. Ол туралы кезінде «Балхашская сага» деген керемет деректі фильм де түсірілген. Шетел азаматының жалғыз-жарым тіршілік кешуінен іш тартқан Қауіпсіздік комитеті оны «тыңшы» деп есептеп, көп жылдар бойы сыртынан бақылауға алғаны да жасырын емес. Міне, сол Андерсон Ғылым академиясына Қараой маңынан табылған қала жайлы хабар жіберген. Осыған байланысты жасақталған арнайы экспедиция құрамында мен де барған едім. Андерсонның айтуынша, үнемі соғып тұратын желдің ықпалымен көшкен құмның астынан солтүстік полеолит дәуірінің жәдігерлерін, былайша айтқанда, тас дәуірінің құралдарын тауып алыпты. Кешкілік бір-екі сағат шамасында жебенің ұштарын, теріні өңдеуге пайдаланатын қырғыштар мен өзге де тіршілік құралдарын жинап үлгерген. Өкінішке қарай, біз келгенше қатты соққан жел ол аймақты қайтадан жауып тастапты. Содан бері археологтер қаншама рет экспедиция ұйымдастырмақ болғанымен, қаржының тапшылығынан кейінге шегеріліп келеді. Осы аймақ игерілсе, еліміз үшін, ғылыми қауымдастық үшін үлкен жаңалық болар еді». «Кезінде Қазақстанның астанасын Қызылордадан көшіру жайлы мәселе көтерілгенде Алаш көсемдері Іле жағалауындағы осы алқапты ұсынған екен. Алматы тауда орналасқандықтан жер сілкінісі қаупі жоғары, сонымен қатар, өңірдің экологиялық тазалығын сақтап қалу маңызды. Ал Қапшағай маңында қала салуға қажетті жағдайлардың бәрі бар деп есептеген. Облыс орталығына келген шенділер осыны білгені жөн деп санаймын. Одан кейін кеңестік кезеңде Мәскеу архитектуралық институты аспирантурасының түлегі Бекеш Шәкербаев деген азамат Қапшағайдың орнында қала салу жайлы кандидаттық диссертация қорғаған. Мұнда қала құрылысына қажетті жағдайлармен қоса топырақ, су және өзге де мәселелерді толық зерттеп, ғылыми негізін қалыптастырып берген. Қазір қаланың Бас жоспары жасалып қойғанын білеміз. Дегенмен бүгінгі сәулетшілер сол Бекештің жобасымен танысты ма екен?»
«Еліміз тәуелсіздік алғалы бері 30 жылдан асса да ішкі және сыртқы қауіп-қатерлер жеткілікті. Солардың қатарында Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс бізді ойландырмай қоймайды. Себебі, Ресейде кешегі кеңестік кезеңді қалпына келтіруді аңсайтындардың көп екенін көріп жүрміз. Түрікшілдікке байланысты айтарым, мен өзім кешегі одақтың құрамында болған түркі тілдес елдердің өкілдерімен «Жібек жолы бойындағы сұхбат» деген тақырыпта 9 рет келелі кездесу ұйымдастырған екенмін. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікмениядан, тіпті, бірер мәрте Тәжікстан мен Қытайдан, Ресейден де келіп қатысқандар болды. Бұл – үлкен саясат. Дәл біздің жағдайымызда ауызбірлігіміз бен ынтымағымызды арттыруымыз маңызды. Ресейдің қарамағындағы түркі тілдес ұлттардың бұл жаққа елеңдеп қарап отырғанынан да хабардармыз. Бұл – үлкен жолдың басы ғана. Алда әлі де бағындырар биіктер күтіп тұр. Ресей үшін империяны қалпына келтіруден басқа таңдау қалмағандай. Ал біз осыған қарсы тұруға дайын болуымыз керек. Болашаққа, ертеңгі күнге деген сенімнен айырылмауымыз керек. Бұл сайлау да жұртты біраз жағдайға үйретті. Содан сабақ алып, болашаққа қадам басу қажет. Адамның ішкі шырағы сөнсе,
бойына күмән ұялайтыны анық. Бастысы, сол шырақты өшіріп алмау маңызды».

Жанбота Сұлтанмұратқызы