Нартай Аралбайұлы: Қаңғыған итті қорғайтын заң адамды неге қорғамайды?

Нартай Аралбайұлы: Қаңғыған итті қорғайтын заң адамды неге қорғамайды?

Қазір қаңғыбас иттен келетін қауіп күшейіп, мәселесі Мәжіліске жетті. Күні кеше ғана сайланған депутаттар арасында да талқыға түскен бұл мәселе алдағы уақытта оң шешімін табады деген үміт бар. Бұған дейін де талай жиында айтылып, талқыға салынған мәселеге қатысты 2021 жылдың желтоқсан айында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң шығып, ол осы жылдың 2 наурызын­да күшіне енген. Иесі табылғанша төрт аяқтыны өлтіруге тыйым салынған заңда қаңғыбас иттерге де жауапкершілікпен қарау талап етіледі. Тіпті оларды уақытша бағып-қағу орталықтарына жеткізіп, жағдайын жасау міндеттелген.

Былай қарағанда ұсақ-түйек көп мәселенің бірі көрінгенімен, адам өміріне қауіп төндіріп отырған қаңғыбас иттерден зардап шеккендер саны күн санап көбейіп барады. Өйткені қайда барсаң да алдыңнан топ-тобымен шығатын бұралқы иттің көбейгені сонша, қарыс қадам бассаң тісін ақситып, айбат шегіп, тіпті талап тастауға дайын тұр. Салдарынан бала-шағаны қойып, ересектердің өзі көшеде еркін жүрудан қалған. Есесіне адам өміріне аса көп алаңдамайтын мына қоғамда қаңғыбас иттердің сойылын соғып, құқын қорғайтын топ көбейді.
Мәселені Мәжіліс мінберінде көтерген депутат Н. Аралбайұлы сәуірдің 6-сында әлеуметтік желідегі парақшасына «Ауылдарды айлап аралап, алыстағы ағайынмен тілдескенде, қаладағы қандастармен жүздескенде шешілмеген мәселенің тым көп екенін естіп, көрдік. Шағымды тыңдау мен оны жүзеге асырудың жүгі тағы бар. Соның бірі – халықты зәрезап қылған қаңғыбас иттер мәселесі. Анығында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңда жіберілген олқылықтар. Оларды шұғыл жою керек. Бүгінгі депутат­тық сауалым осы мәселеге арналды» деген жазба қалдырып, сол сәттегі видеосын қоса жариялады. Онда Талғар ауданының аты аталғандықтан құлағымыз елең еткен жайы бар. Сонымен депутат не деді? Құлақ түріңіз. «Біздің депутаттық сауалымыз Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр мырзаға жолданады. Құрметті Роман Василиевич, бүгінгі депутаттық сауалымыз адам өміріне қатысты ағайынның арызы, бұқараның базынасы десек те болады. Бұл негізінен «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңмен байланысты. Дұрысы, заңды пайдаланып, адам өміріне бейжай қарау – атүсті қарау деуге болады. Елден еститініміз – қаңғыбас иттен қорыққан ағайынның арызы. Олардың көзін жояйын десе, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңнан зәресі ұшады. Бізбен кездескен жауапты органдар өкілдері ұстаған қаңғыбас итті жуындырып, екпе салып, тазалап, қайтадан ұстап алған жерге апарып тастауға мәжбүр екендерін айтады. Екпеден итке ес кірмейтіні белгілі, демек олар қабуын тоқтатпайды. Ендеше бұл әрекет нәтижесіз емес пе? Және біз қаңғыбас жануарларды түгелдей қырып салсын деп тұрғанымыз жоқ. Бірақ қаңғыған итті қорғаған заң неге адамдарды қорғамайды деп сұрағымыз келеді», – деген Н. Аралбайұлы қаңғыбас итті қорғайтын заң аясында өткен жылы осы мақсатта жұмсалған қаражаттың қайда кеткенін сұрап, атқарылған жұмыстардың көңіл көншітпейтінін де тілге тиек етті.


Бұл ретте ол: «Үкіметтің алдыңғы бір жауабында заң нормаларын жүзеге асыру үшін 2022 жылға 1 млрд 485 млн 600 мың теңге қарастырылғаны жазылған және жергілікті бюджеттен қосымша қаражат қарастырылады делінген. Бірақ уәде етілген оқшаулау орталықтары, вакцинация басқа да жұмыстардың лайықты, тиісті деңгейде жүргізілмегеніне көзіміз жетіп отыр. Оған ел арасында мысал жетіп артылады. Мәселен, Түркістан облысында ит қапқан баланың құтырған аурудан көз жұмғанын баршаңыз естіген шығарсыздар. Бұдан бөлек Алматы облысы, Талғар ауданында ауладан шығып кеткен танадай ит кішкентай балақайдың бетін, арқасын және жамбасын жарақаттап тастады. Ал сол иттің иесі жәбірленген бөбектің ата-анасына 30 мың теңге беріп, жауапкершіліктен құтылмақ болған. Ал кішкентай сәби сол жарақатпен енді өмір сүруге мәжбүр. Атырауда осы жылдың ақпанында қаңғыбас ит 8 жасар баланы талап тастады. Бір ғана Атырау облысында 2023 жылдың бір жарым айында 32 баланы ит қапқан. Былтырғы Ақтөбеде болған трагедия бәріңіздің естеріңізде шығар. Ақтөбеде 12 жасар Мадияр есімді балақайды қаңғыбас иттер құрылыс алаңында талап тастады. Салдарыннан жеткіншек сол жерде көз жұмды. Бұған дейін ауыл тұрғындары қаңғыбас иттер қаптап кетті деп талай айтқан. Бірақ құзырлы орын өкілдері сол баяғы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға сілтеме жасап, иттерді атпаймыз деген. Сонда қаңғыбас иттер талап өлтірген Мадиярдың обалы кімге? Бұл жауапкершілікті кім өзіне алады?
Сұрақ: «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң күшіне енгелі бері жануарларды оқшаулауға, оларға екпе салуға, залалсыздандыруға қанша қаражат жұмсалды? Республикалық және жергілікті бюджетті қоса есептегенде нақты қай өңірге, қанша қаражат бөлінді? Олардың нысаналы жұмсалуын қай орган тексеріп отыр? Және жануарларды ұстайтын орындардың техникалық стандарты дайын болды ма? Адамдардың, оның ішінде жасөспірім балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті мемлекеттік органдарға нақты шара қабылдау үшін тапсырма беруіңіз қажет деп есептеймін. Өйткені мемлекеттік органдар, оның ішінде жауапты органдар қаңғыбас жануарларды ұстаған жағдайда оларға қандай шара қолдану керек екенін білмейтін секілді. Ұсынысымыз: «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңнамаға өзгеріс енгізіп, заңды іске асыру кезінде кеткен кемшіліктерді жою үшін министрліктің, басқа да өкілетті органдардың құқықтық-нормативтік актлеріне, бұйрықтарына түзетулер енгізіп, осы олқылықтарды шұғыл жою қажет. Аталған сауалға және ұсынысқа заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтеміз», – деп қадап айтты.
Уикипедия мәліметіне көз жүгіртейікші. «Құтыру (лат. rabies) — құтырған хайуанаттардың: иттің, мысықтың, түлкінің, қасқырдың шиебөрінің қабуынан немесе тістеуінен пайда болады. Жарқанат және басқа хайуандар да құтыруды таратушы болуы мүмкін.
Құтыру өте ерте заманнан, адамзаттың мәдени тарихы қалыптаса бастаған кезден белгілі. Ол туралы мәліметтер Вавилонның б.з.д. 2300 жылы жасалған заңдар жинағында кездеседі. Демокрит иттің құтырығын жан-жақты баяндаса, Аристотель әртүрлі жануарларға құтырықтың ит қапқанда жұғатындығын жазды». Ал қазақ әдебиетінің алтын қазынасына айналған Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда» романында әйгілі Әмір Темірдің Алтын Орда хандығының болашақ ханы Тоқтамыстың құтырған ит талап тастаған әйелі мен баласын өртетіп жібергені туралы баяндалғанын біреу білсе, біреу білмес.
Көріп отырғанымыздай, қаңғыбас ит пен одан жұғатын құтыру ауруы бүгін ғана біздің мінберде айтылған мәселе емес. Оның басты себебі аталған аты жаман ауру салдарының ауырлығы мен адам өміріне төндіретін қауібінің орасандығында жатса керек. Оның үстіне құтыру ауруының жұқпалы және одан құлантаза айы­ғып кету мүмкіндігінің жоқ екенін
ескерсек,­ мәселеге бей-жай қарап, жайбарақат отыруға болмайтыны да анық.

Құтырған ит сілекейінің жұғымталдығын алғаш рет тәжірибе жүзінде 1804 жылы Францияда Цинке дәлелдеді. Оның отандасы Лион ветеринария мектебінің профессоры В. Гальте үй қоянына құтырық жұқтырып, қойды ауырған жануардың сілекейімен иммундеуге тырысты. Бұл деректерді пайдаланған Л. Пастер үй қоянының миына бірнеше рет өткізу арқылы аурудың қоздырушысын әлсіретіп, өзінің дүниежүзіне әйгілі вакцинасын алды. Құтырық қоздырушысының вирус екендігін бұдаен көп кейін 1903 жылы Ремленже мен Риффат-бей делелдеді. Румын ғалымы В.Бабеш және италяндық А.Негри кейіннен Бабеш-Негри денешігі деп аталып кеткен құтырыққа шалдыққан жануардың ми нейрондарының протоплазмасында болатын ерекше құрылымды ашты.

«Уикипедия» ашық энциклопедиясы

Статистика бойынша ит қапқан адамдардың үштен бірі ғана медициналық көмекке жүгінетіні айтылады. Олардың көбін өзі асыраған иті қапса, ит қапқандардың басым бөлігін 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрайды. Қаңғыбас және құтырған иттерден адам түгілі, малдардың да зардап шегетінін бәріміз білеміз. Ашыққан, құтырған иттердің құрбаны болған малының жоғын кімнен сұрарын білмей отырған қарапайым жұрт қаншама? Сондықтан мәселе Мәжіліс мінберіне жетіп, депутаттарды алаңдата бастағанына таң қалудың қажеті жоқ. Халық қауіпсіздігі үшін маңызы бар қандай мәселе болса да мемлекет мінберінде қаралып, оған қатысты оң шешімдер шығып жатса тек құптау ләзім.
Бұл мәселеге жете мән беріп, талай дабылды газетіміздің өткен сандарында біз де қаққанбыз. Мысалы, «Иесіз иттерді бақылау» (11.07.2019 ж.),
«Тұздыбастауда қаңғыбас иттер әкелі-балалыға шабуыл жасады!» (25.02.2022 ж.), «Қаңғыбас иттерден қауіп сейілмей тұр» (22.09.2022 ж.) деген көлемді мақалаларда кезек күттірмейтін мәселелер кезегімен көтерілген. Бірақ қанша айтылғанымен, құзырлы орындардың құлағына жеткенімен қаңғыбас ит мәселесін түбегейлі шешудің мүмкіндігі болмай отыр. Талғар ауданындағы Алматы облысының ветеринария басқармасының ветеринариялық станциясына қарасты «Қаңғыбас иттерді аулау» бригадасы аудан бойынша жалғыз және онда бар-жоғы 4-ақ адам қызмет атқаратын көрінеді. Ал ауыл-ауылды күндіз-түні кезіп жүрген кезбе иттердің көптігімен салыстырсаңыз, 4 адамның күші қанша итке жетеді? Ал олардан төнетін қауіптің салдарынан зардап тартатын жұмысшылар айлығының аздығы – басқа мәселе. Ит аулаушылар мен ит қапқан тұрғындардың денсаулықтарына келетін зиянның мөлшерін немен өлшеуге болады?
Арнайы тіркемесі бар екі-ақ көлігі бар бригада ауылдық округтерге белгіленген жұмыс кестесі бойынша ғана шығады. Өйткені басқа мүмкіндіктері жоқ. Алайда оған қарайтын, олардың жайын түсініп өз бетімен азаятын немесе көбеймейтін жолды қарастыратын ақылды қаңғыбас итті қайдан табамыз? Бұл – жаны күйген адамның амалсыз қойған сұрағы деп біліңіз. Халық бір жағы налып, бір жағы қиналып, «өмір өтті, зырғып ағыптың» күйін кешуде…
Осындайда езуге еріксіз күлкі үйірілері кәдік. Мекеме мәліметінше, күніне 7-8, кейде 15-20-ға дейін қаңғыбас ит ауланып, ветстанция жанындағы уақытша ұстау изоляторына жеткізіледі. Онда иттерді үш күнге дейін ұстап, одан кейін ғана оларға таблетка түріндегі арнайы дәрі беріліп, жою жолдары іске асады. Өйткені аталған ветстанцияда бар болғаны 18 ғана орын бар. Ендеше мұнда сыймай кететін қаңғыған иттердің көптігін айтудың қажеті шамалы екенін ішіңіз де сезіп отырғаны ақиқат. Талғар ауданында көзі жойылған иттерді көметін екі қорым бар. Олар Белбұлақ және Кеңдала ауылдық округтерінде орналасқан. Алайда аудан көлемінде қаңғыбас ит-мысықтарды ұзақ уақыт бағып-қағатын арнайы питомниктің жоқтығы мен «Жа- нуарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң да иесіз иттердің көбеюіне жол ашып отыр.
Мекеме қызметкерлерінің мәліметінше, «Қаңғыбас иттерді аулау» бригадасына 9 млн 120 мың теңге бөлініпті. Бұл соманың ішінде қызметкердің жалақысы, арнайы жұмыс киімдері, көліктеріне құйылатын жанар-жағар май, иттердің тамағы, дәрі-дәрмектер құны, т.б. кіреді. Әр итке күніне 3800 теңге қаражат жұмсалатын көрінеді. Жыл басынан бастап осы уақытқа дейін аудан аумағынан 1819 қаңғыбас ит ауланып, барлығы жойылған. Жойылған иттерге қажетті құжаттар толтырылып, суретке түсіріліп, әлеуметтік желідегі парақшаларына жарияланып, есеп беріледі».
Талғар аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының хабарлауынша, ит қабу оқиғасы бойынша тіркелгендер мен есепке тұрғандар саны 600-ге жуықтаған. Ал өз иті қауып, есепте тұрмайтын тұрғындар қаншама?! Енді қараңызшы, көшеде келе жатып ит қапса, жарайды, сіз жедел жәрдем шақырасыз. Бірақ сізді қапқан қаңғыбас ит: «Мынау жедел жәрдем мен бригаданы шақырды», – деп қасыңызда қарап тұрмайды ғой. Аяғының желі бар бәлелер желпілдеп жайына кетері хақ. Ал енді оның қандай ит, не ауруы бар, құтырған ба, жоқ па екенін қайдан тауып, қалай анықтайды? Парадоксқа толы заңдар мен сондай жануарларға жаны ашитын «нәзік жанды» адамдар барда бұл мәселенің шешілетін шеті көрінбейді.
Ит аулаушылардың сөзіне сүйенсек, қазір қаңғыбас иттерді аулау күрт азайған, салдарынан ондай иттер саны да айтарлықтай көбейген. Оған жоғарыда аталған заң себеп. Осыған байланысты оларды оқпен атуға тыйым салынған және күніне 4-5-тен артық ит аулауға да болмайды. Мына қызықты қараңыз, айтуларынша, бір итке кастрация жасауға кемі 2 сағат уақыт кетеді екен. Заң бойынша осыдан кейін олардың қас-қабағына бір жетідей қарап, емдеп, бабын тауып бағады. Кастрацияланған ит одан кейін бостандыққа шығады. Осыдан соң көшеде қалған иттің ашықпайтынына, адам қаппайтынына кепілдік қайсы? Тағы да атүсті қабылданған заңдағы абсурд жағдайға тап боласың.
«Сері» төбеттер салатын сергелдеңнен қашан, қалай құтылатынымызды білмеймін, бірақ қаңғыбас иттерден тарайтын жұқпалы аурулар мен қауіптің жуықарада азаймайтыны анық. Оның ішінде аса қауіптісі – құтыру, эхинококкоз, қышыма, қотыр аурулары бар екенін ескерсек, иесі бар иттердің де заңдағы талаптарды сақтамайтыны тағы бар. Сондықтан адамның амандық-сау­лығынан гөрі, қаңғыған иттің жайы көбірек алаңдатып, Мәжілісте май шаммен қаралатын мұндай мәселесі бар қоғамда сақтық шараларын қолға алып, бас амандығыңызды ойлау өз құзырыңызда қала бермек.

Жанбота Сұлтанмұратқызы