МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫНА  КУӘЛІК БЕРІЛДІ

МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫНА  КУӘЛІК БЕРІЛДІ

Сайлаудан кейінгі халық қалаулыларының білек сыбана жұмысқа кірісуі кезек күттірмейтін жұмыс.  Ел ішінді қордаланған мәселе көп.

Жуырда Жамбыл аудандық мәслихаты VІІІ  шақырылымының І сессиясы өтті деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Жамбыл аудандық  аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қарымбаев Жақсылық Сұлтанұлының төрағалығымен өткен сессияға  аудан әкімі Нұрлан Ертас, мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, ауылдық округ әкімдері, мекеме, бөлім басшылары және  БАҚ өкілдері қатысты.
Жақсылық Сұлтанұлы аудан аумағын­дағы сайлау комиссияларының хаттамалары негізінде аумақтық сайлау комиссиясы жасаған сайлау қорытындысымен таныстырды. Жамбыл ауданының 21 сайлау округі бойынша  21 депутат таныстырылды.
Сессияның күн тәртібінде төмендегідей мәселелер қаралды:
1.  Сайланған аудандық мәслихат депутаттарына  төсбелгі мен қызметтік куәліктерін тапсыру;
2.Жамбыл аудандық мәслихатының VIІІ (сегізінші) шақырылған аудандық мәслихаттың төрағасын сайлау;
3. Жамбыл аудандық мәслихаты VІІІ  шақырылымының
І сессиясының ашылуы.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан  Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық Заңының 9-тармақшасының 14, 45, 46, 112-баптарына сәйкес аудан әкімі Н. Ертас пен аумақтық  сайлау  комиссиясының  төрағасы Ж. Қарымбаев жаңадан сайланған аудандық мәслихат депутаттарына арнайы төсбелгі мен қызметтік куәліктерін тапсырды. Осыдан кейін аудан әкімі Нұрлан Ертас:
«Құрметті депутаттар!
Жуырда ғана елімізде өткен саяси науқан,  тарихи сәтке баршамыз куә болдық.  Ауданымыздың әрбір азаматы Заңға сәйкес өз таңдауын жасады.
Күні кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында еліміздегі  реформалар жайлы атап өтті.
Президент өз сөзінде: «Референдумнан кейін Конституцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртуға кірістік. Халықтың да көптен күткені  осы еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды бес саяси науқан өткізілді. Оның бәрі аса күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Қаншалықты күрделі болса да, біз  еліміз үшін өте қажет жолды қысқа мерзім ішінде жүріп өттік.   Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдерін сайлайтын боламыз. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз. Бәріміз мына бір өте маңызды нәрсені түсінуіміз керек. Қазақстан –  осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Оның бәрі, ең алдымен, ел болашағы үшін айрықша маңызды», – дегенді атап өтті.


Сондай-ақ  Мемлекет басшысының: «Еліміздің жастары әрдайым менің айрықша назарымда екені баршаға мәлім. Мен билікке ойы озық, білімді жастар келуі керек деп үнемі айтамын. Өскелең ұрпақты ел ісіне баулу – өте маңызды мәселе. Олар қоғамға жаңа құндылықтар әкелуге тиіс. Сайлау кезінде жас кандидаттар бірігіп, өз тобын құрғаны белгілі. Осы одақтың белсенді мүшелері Парламентке және мәслихаттарға өтті. Осылайша өкілді билік тармағына саясаткерлердің жаңа буыны келіп жатыр. Жастар мұны елімізді дамытуға берілген бірегей мүмкіндік деп бағалауы қажет», — деп жастарға ерекше үміт артып отырғанын аңғаруға болады.  Аталған жиынға қатысқан депуттардың арасында жастар да аз емес.  Сондықтан Президенттің берген осы мүмкіндігін,  халықтың сенімін бүгінгі жастар ойдағыдай ақтайды деп сенемін.
Осы саяси додаға түсіп,  халықтың сеніміне ие болып, жеңіске жеткен мәслихат депутаттарын құттықтаймын! «Халық қаласа хан түйесін сояды» демекші,  сіздер халықтың қалауымен, таңдауымен осы абыройлы лауазымға көтерілдіңіздер. Алдағы уақытта баршаңызға үлкен жауапкершілік пен мол тапсырмалар жүктелетіні анық. Ел сенімін ақтау мен өздеріңізге тапсырылған міндеттерді  орындау жолында сіздерге сәттілік,  жұмыстарыңызға табыс тілеймін!
Ендігі міндет – бәріміз  бірлесе отырып,  мемлекет басшысының тапсырмаларын оңтайлы жүзеге асыру,  халықтың әл-ауқатын арттыру,  түйткілді мәселелерді шешу,  ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жұдырықтай жұмыла үлес қосу болмақ», – деп мемлекет басшысының келелі ойларын ортаға салды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабы 1-тармағының негізінде және аудан мәслихатының регламентіне сәйкес Жамбыл аудандық мәслихатының төрағасын сайлау ашық дауыс беру түрінде өтті.
Жиын барысында Ауданның агроөнеркәсіп саласының үздігі, «Ынтымақ» шаруа қожалығының төрағасы, аудандық мәслихаттың 3 мәрте сайланған депутаты Нұрлан Ахметжанов сөз сөйлеп, Жамбыл аудандық мәслихаттың төрағасына Мадияр Орынтайұлының кандидатурасын ұсынды. Ашық дауыс берудің қорытындысы бойынша М. Әмірғалиев аудандық мәслихаттың төрағасы болып бір ауыздан сайланды.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 2-тармағына сәйкес сессия жұмысын мәслихат төрағасы Мадияр Орынтайұлы жүргізді.
Төрағаның ұсынысы бойынша сессиясының жалғасы мәслихаттың кеңес залында жалғасты.

Жамбыл ауданы
әкімінің баспасөз қызметі