Рас, бұл сөзді айтайық деп айтпадық. Ата-баба мұрасына қиянат жасамақ ойымыз да жоқ. Бірақ «Айтпаса сөздің атасы өледі». Қазір «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген баба сөзінің мәні де, мағынасы да қалмады. Өйткені тұмса табиғатты өз қолымызбен тұншықтырып, қисынсыз қырық өтірік айтып жүрміз. Неге? Ашып айтайық.
Бұл мәселеде «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» алдыңнан шығады. Өтірік десеңіз, ауданымыздағы өзендерді аралап көріңіз. Өткен санда берілген «Талғарирригация» мекемесіне тиесілі магистралды су арнасы туралы мақала оның бір ғана мысалы болса, өзге ауылдарды кесіп өтетін өзендердің жайы да жетісіп тұрған жоқ.
Алысқа бармай-ақ қояйық, Талғарды қақ жарып жатқан үлкен өзеннің тас-құмы талай жылдан бері құрылыс материалы ретінде қолданылып келе жатқанын көзі бар адамның бәрі көріп жүр. Салдарынан бір кездері арқырап ағып жатқан өзеннің айналасы ғана емес, маңайындағы тұрғын үйге жақын аумақтары да тым тереңдеп қазылып, экологиялық апатқа ұшырады. Бұрынғыдай су да жоқ, алып шұңқырға айналған. Түбінде жылыстай ағып жатқан жіңішке өзен суы оның көз жасы секілді көрінеді. Уикипедия — ашық энциклопедиясында Талғар өзені туралы мынадай мәлімет бар: «Талғар өзені – Іле алабындағы өзен. Ұзындығы 117 км. Су жинау алқабы 444 км². Талғар мұздығынан басталып Қапшағай бөгеніне құяды. Сол Талғар өзені мен Оң Талғар өзені қосылған жерден Талғар деп аталады. Осы жерден 8 шақырым жоғары Оң Талғарға көп сулы Орта Талғар құяды. Арнасының жоғары бөлігі бұйратты жазық болып кетеді. Олар көп жылдық мұз бен қардың еруінен толысады.
Талғар көктемде тау бөктеріндегі қар (жылдық су мөлшерінің 24%і), жазда (жылдық су мөлшерінің 39%-і) 2 рет тасиды. Жылдық ағын су мөлшерінің 37%-і қыркүйек және сәуір айларында өтеді. Сел қаупі күшті өзендердің бірі болып саналады. Суы тұщы. Жылдық орташа су шығыны Талғар қаласының тұсында секундына 10,6 м². Суы тасыған кезде ағаш ағызуға болады. Өзен бойынан шағын СЭС салынған. Бау бақша, егістік және қосымша ауыл шаруашылығы үшін өзеннен 9 канал жүргізілген. Сондықтан да өзен суы Іле өзеніне күз, қыс айларында бірақ жетеді». Ал қазіргі халінің қандай екенін айтуға сөз таба алмасымыз анық… Мақаланы жазу барысында «Талғар өзені бассейнінің табиғи-климаттық жағдайлары көптеген техникалық дақылдарды және жеміс-көкөніс дақылдарын өсіруге, жоғары өнімдер алуға және өзендердің гидрологиялық режимі мен олардың ауытқуларын ескере отырып, суғару суының өнімділігінің артуына қолайлы жағдай жасайды. Талғар өзені ағынының ауытқуларына және олардың циклділігінде, ауаның температуралық режиміне тәуелділігіне орай ауытқу фазаларында әлдебір сәйкессіздік байқалады. Жылдың бірінші жартысында суы аз фаза, екінші жартысында – суы көп фаза байқалып отырады. Вегетациялық кезеңде Талғар өзенінің шығыны 4 – 8 м3 /с шегінде ауытқиды; минималды шығын – наурыз айында – 2,0 м3 /с; жазғы кезеңде маусым – тамыз айларында өзендегі судың шығыны 42 – 77 м3 /с құрайды, орташа шығын – 44,81 м3 /с, күз-қыс кезеңінде – 13,7 м3 /с. Талғар суару жүйесінің суландырылатын жерлері 116,9 мың га, Шелек суару жүйесінің суландырылатын жерлері – 47 465 га құрайды. Талғар өзенінің ағыны барлық ирригациялық дайындалған жерлерді суғаруға және қант қызылшасы, темекі секілді рентабельділігі жоғары техникалық және жеміс-жидек дақылдарын, жүзімдіктерді, бақтарды және т.б. өсіруге мүмкіндік береді» деген ақпарды көзіміз шалды.
Ойлап қараңызшы, дәмді жеміс-жидек, витаминге толы көкеністерді жеген пайдалы екенін бәріміз білеміз. Бірақ соларды суаратын судың құрамын өз қолымызбен құртып, арнасын өзіміз қоқыспен бітеп, жемтікке толтырып тастап оның суымен бау-бақшаны суарамыз. Одан алған өнімді өліп-тіріліп қолданамыз. Абсурд.
Тек Талғар емес, ауыл-ауылдағы өзендері де экологиялық апатқа ұшырағалы талай жылдың жүзі болды. Олардың жағасы толған қоқыс пен құрылыс материалдарының қалдығынан көз ашпай кеткелі де біраз жыл болды. Талдыбұлақ пен Бірлікті бөліп жатқан шағын өзеннің жайы да жаныңды жабырқатады. Жағасы қоқысқа толып біткен. Ол аздай, өзенді жағалай салынып жатқан тұрғын үйлер арнасын жыл өткен сайын тарылтып барады. Қайда бос жер бар, түнделетіп болса да күл-қоқысын төгіп кете беретін жауапсыз тұрғындар ертең ауадан сасық иіс шыға бастағанда әкімшіліктерді кінәлап, әкім жаман, қолынан түк келмейді, олар жұмыс істемейді, халықпен шаруасы жоқ, тұншығып өліп барамыз деген сынды бәле-жаланы қаптатып, дабыл қағып, бұқаралық ақпарат құралдарын шақырып шу шығаратыны да үйреншікті жағдайға айналған. Өзен бойына автомобильдерін жуып, қоқысын лақтырып кететіндердің мәселесі — өз алдына бір төбе.
«Боз сазаны тоқтыдай,
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,
Балығы көлге жылқы жаптырмас,
Бақасы мен шаяны
Кежідегі адамға
Түн ұйқысын таптырмас»,
– деп жырлаған Қазтуған жырының керемет келбеті де «келмеске кетті». Қазір өзендерден балық аулап, бақа қумақ түгілі, маңына аяқ баса алмайсың. Үй жануарлары мен малдың жемтігінен бастап, киім-кешек, тұрмыстық қалдықтардан өзге, құрылыс қалдықтары мен автомобиль және оның жарамсыз бөлшектері, тұрмыстық техника қалдықтары да тау төбе болып үйіліп жатыр. Нәтижесінде экологиялық апатқа ұшыраған өзеннің жайын былай қойып, айналасындағы елді мекен тұрғындарының да денсаулығы сыр бере бастаған. Енді ше, басқаша болуы мүмкін бе? Түрлі ағзалардың ісік аурулары өршіп, тыныс жолы ауруларының түрленіп кеткені сонша, онымен ауыратын адамдардың да саны күн санап көбеюде. Ал осыған себеп болатын ауруларды өзіміз – адамзат қолдан жасап отыр десек жағамызға жармасатындар да табыла кетері анық. Өйткені пенде деген жаратылыстың мінез-құлқында шындықты мойындау қасиеті өте төмен.
Туысқанның көбі ауылда тұратындықтан Талғар мен Туғанбай арасына жиі қатынаймыз. Жол бойындағы ашық жердің бәрінде шөп басы бір-бір целлофан жалбырап тұрады десем өтірік емес. Ал Нұра мен Туғанбай арасындағы жағасын жатаған тоғай басқан өзеннің бойындағы қоқыстан аяқ алып жүре алмайсың. Мысалы, уикипедияда мынадай ақпар бар: «Арал теңізі, Балқаш көлі сияқты үлкен тұйық су айдындары антропогендік әсерге ұшырап жатыр. Нәтижесінде олар ластанып, деңгейлері төмендеп, ақыр соңында біртұтас табиғи кешен болудан қалады. Бұл балық шаруашылығына, климаттық өзгерістерге алып келеді. Бұған Арал теңізі мысал бола алады.
Арал теңізінің апатқа ұшырағанға дейінгі көлемі — 1066 км², тереңдігі 30-60 метр, тұздылығы 10-12% болған. Сол кезде жылына 50-150 мың тонна балық ауланып, теңіз жағасынан едәуір мөлшерде бұлғын терісі қолданылған. Арал өңірінің тұрғындары 1970 жылдарға дейін әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жақсы қамтамасыз етілген болатын. Теңіз өңіріндегі елді мекендерде 17 балық колхозы, 10 балық өңдейтін зауыт және 2 балық комбинаты тұрақты жұмыс істеген.
1960 жылдан бастап Арал өңірін игеру қолға алынды. Арал теңізінің апатқа ұшырауына себеп болған факторларға:
– жергілікті жердің тарихи-табиғи ерекшеліктерін ескермеу;
– ауыл шаруашылығын дұрыс жоспарламау, судың қорын есепке алмау;
– суды өте көп қажет ететін күріш, мақта дақылдарын барынша көбейтіп жіберу;
– жерді игерудің агротехникалық шараларын сақтамау және суды үнемді пайдаланбау;
– табиғат ресурстарын пайдалануда жіберілген қателіктер мен оны меңгерудің ғылыми тұрғыдан негізделмеуі себептері жатады.
Арал өңіріндегі туындап отырған қазіргі экологиялық апаттар әсерінен оның өсімдіктер және жануарлар әлемі жойылып бітуге жақын». Тұрмыстық қалдықтарға толып, арнасы тарылып, суы азайып, аңқасы кеуіп қалғандары қаншама? Бұған қазіргі уақытта қарқынды дамып отырған құрылыс саласына қажетті түрлі тас-құм қиыршықтарын өндіру мен қаптаған қоқыс жайын қоссаңыз, Талғар және ауданға қарасты өзге ауылдардағы өзендердің жайын өзіңіз де түсіне бастайсыз.
Міне, тура осы факторлар қазір барлық өзен-көлдерге тиесілі десек өтірік айтқандық емес. Аудан аумағындағы демалыс орындарына барсаңыз да қоқыстан көз ашпай жатқан жыра-жылғалар мен жол жиегі, ағаш арасында целло фаннан бастап, бұқтырылған ет өнімдері мен көкөніс қалбырлары, пластик бөтелкелер мен тамақ, қағаз қалдықтарынан көз сүрінеді.
Көрген көзде жазық жоқ, көргеніміздің бір парасын ғана қағазға түсірдік. Ойлап қараңызшы, бүгін сіз өмір сүріп жатқан жұмыр жерде ертең сіздің ұрпағыңыз өміріңізді жалғайды. Солай ғой. Сонда оларға да таза ауа, жайнаған жер, тұнық су керек емес пе? Неге қолдағы қоқысымыздан құтылсақ болды деп мұрнымыздан арғыны көрмейтін көрсоқырға айналдық? Осы сұрақ төңірегінде әр адам ойланса, баласына да айналасын таза ұстап, ұқыпты болуға үйретер еді. Бірақ бүгін өзіміз қалай болса, солай қоқыс лақтырып жүріп, балаларға нені, қалай, қашан үйретпекпіз? «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін» әркез айтқанмен, оларға ұясында үлгі бола алмай отырып, экологиялық апаттармен күресуге кеңес бермекпіз бе? «Өзің диуанасың, кімге пір болмақсың?»
«Жығылып жатып, сүрінгенге күлме» деуші еді. Бірақ біз Үндістандағы Ганга өзенін айтып күлеміз. Өйткені «өз басымыздағы боқты көрмей, өзгенің басындағы шоқты көруге» келгенде шын шеберміз. Бүтінді бүлдіріп, түтінді салып тастап, түк білмегендей, ештеңе көрмегендей болудың ақыры болашақ ұрпақ өміріне зор қиянат екенін білсек те, тілімізді тістеп, үнімізді шығармай отыруға «Өлімнен ұят күшті» деген қазақы тәрбиеміз жібермеді. Сондықтан бар қарызымыздан құтылмасақ та, көп парызымыздың бір парасы деп біліп, ортаңызға ой тастап отырмыз, оқырман.
Жанбота Сұлтанмұратқызы