Күн өткен сайын қос бүйірден қысқан қымбатшылық салдарынан қарапайым халықтың қалтасына тағы да салмақ түспек. Себебі сәуір айының 12-сінен бастап жанар-жағармай бағасы тағы қымбаттамақ. Бұл туралы мәлімдеме жасаған Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақовтың айтуынша, АИ-92 және АИ-93 маркалы бензиннің бағасы литріне 205 теңгеге дейін, ал дизель отыны 260 теңгеге дейін шарықтайды.
Ресми мәліметке жүгінсек, Қазақстандағы жанармай бағасының тым төмен болуы салдарынан былтыр елімізден 150 мың тоннаға жуық дизель отыны транзит жолымен, ал 200 мың тонна жанармай заңсыз шығарылған. Мәселен, көрші елдердегі бағаға мән беретін болсақ, Ресейде дизель отыны бізден 45% -ға, яғни 345 теңге болса, Қырғызстанда 64%-ға жоғары, яғни 390 теңгені құрайды. Ал Өзбекстанда екі есеге қымбат, яғни 480 теңге. Көріп тырғанымыздай, көршілес елдермен біздегі бағаның айырмашылығы елдегі жанар-жағармайдың түрлі жолдармен шекара асып, шетке кетуіне себеп болуға негіз болып отыр деуге әбден болады. Осылайша қазақстандық жанармай шетелде айтарлықтай жоғары бағаға қайта сатылады. Сөйтіп алыпсатарлар мен алаяқтардың саудасы жүріп, қалтасы қампиып, осындағы қарапайым халықтың қалтасы қағылып, жүйкесі жұқарып жатыр. «Нәтижесінде ішкі нарықта тапшылық болып, инвесторлар мұнай-газ саласына деген қызығушылығын жоғалту қаупі бар. Алайда бензин бағасының өсуі қымбатшылыққа алып келмейді», – деп сендірген Б. Ақшолақов: «Менің ойымша, жанар-жағармай өзге тауарлардың бағасына қатты әсер етпейді. Біз бағаны екі есе көтерейін деп жатқан жоқпыз. Егер статистиканы қарасақ, 2021 және 2022 жылдары жанармай бағасы өзгермегенін байқаймыз. Бірақ осыған қарамастан тауарлардың бағасы өсті. Әрине жанармай қымбаттаған соң, басқа тауарлардың да құны артуы мүмкін. Бірақ айтарлықтай өсім болмайды. Бағаның өсуі көлеңкелі экспортпен байланысты», – деген уәж айтты.
Сонымен бензин мен дизель отынынң бағасы қаншаға қымбаттайды? Ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтер бойынша, АИ-92 және АИ-93 маркалы бензинге баға литріне 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін көтерілсе(өңірге байланысты), өсім – 11% (орташа есеппен 20 теңгеге), дизель отынының бағасы литріне 295 теңгені құрайды, орташа есеппен – 20%-ға (орташа есеппен 35 теңге) қымбаттайды.
Өткен жылдың аяғында ғана жанармай қымбаттамайды, қажетті қор көлемі жеткілікті деп сендірген министр міндетін атқарушының айтуынша, бағаны дәл қазіргідей төмен деңгейде тұрақты ұстау тиімсіз. Өйткені өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда, елде жанармайды тұтыну көлемі 15 пайызға артқан. Сондықтан қазіргі уақытта жанар-жағармайды қымбаттату кейін тапшылық басталып, жанармайдан тарықпас үшін қажет дегенді алға тартты.
Бұл ретте Б. Ақшолақов: «Былтырғы жылмен салыстырғанда тұтыну көлемі 15%-ға өсті. Бұл қалыпты жағдайда жолда емес дегенді білдіреді. 2-3%-ға ғана өссе де мәселені оңынан шешетін едік. Сондықтан біз сәуір айының ішінде және келесі айда үлкен тапшылық болмау үшін осындай шешімге келіп отырмыз. Ағымдағы төмен бағаларды сақтап отырсақ біз қанша жанармай өндірсек те, барлық сұранысты қамтамасыз ете алмаймыз. Бұл – бір. Екінші, бағалар арасындағы айтарлықтай айырмашылыққа байланысты көрші елдерге ағын жалғаса береді. Оның көлемі арта түседі. Ешқандай шектеулер күтілген нәтижені бермейтіні анық. Үшінші, жанармай бағасындағы диспропорция көлеңкелі нарықты дамытып, ұлттық экономикаға кері әсерін тигізеді», – деді. Сондай-ақ көрші елдермен біздегі бағалар арасындағы айтарлықтай айырмашылық 101 пайыз деген Б.Ақшолақов осыдан соң-ақ пысықайлардың да жымысқы әрекетке көшуі мүмкін екенін ескертіп: «Жобаны жариялап, ол күшіне енгенге дейін 5-6 күн өтеді. Сол аралықта жанармай станциялары қазір бензин мен дизелді сатпай, келесі аптада жоғары бағамен сатамыз деп ұстауы мүмкін. Мұндай жағдай орын алмауы үшін біз ірі-ірі мұнай компанияларымен келістік», – дегенді алға тартты.
Министрлік берген дерек бойынша, қымбаттаудың тағы бір себебі жанар-жағармайдың ТМД бойынша төмен бағада саудалануы мұнай-газ саласына инвестиция тартуға мүмкіндік бермей отыр. Елдегі дизель отынының өндірісін жуық арада арттыру мүмкін емес екенін айтып, Шымкенттегі мұнай өндіру зауытының қуаттылығын 6 дан 9-12 миллион тонннаға дейін арттыру үшін 6 жылдадй уақыт қажет екенін, ол жерде қазір маусымдық жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан өндіріс жұмысы әзірге тоқтап тұрғанын да жеткізді.
Алайда елге инвестиция тартуға үлкен кедергі болып отырғанына сену қиын. Өйткені Қазақпарат сайты еліміздегі үздік 10 инвестор мемлекеттің атын атап, мынадай ақпар таратты: «Елімізге инвестиция салған үздік 10 инвестор елдердің қатарына Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Бельгия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Ұлыбритания және Түркия кіріп отыр. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, мәселен, Нидерланд – 5,5 миллиард доллар, АҚШ – 5 миллиард доллар, Швейцария – 2,6 миллиард доллар, Бельгия – 1,3 миллиард доллар, Ресей – 1,3 миллиард доллар және Оңтүстік Корея – 1,1 миллиард доллар инвестиция құйған. Бүгінде елімізде қолайлы инвестициялық климат қалыптасты. Соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанға жыл сайын 20 млрд доллардан астам инвестиция тартылған. Қазіргі таңда шетелдік инвесторларды тарту мақсатында ауқымды іс-шаралар қолға алынып жатыр. Олардың ірі жобаларды іске асыру мүмкіндіктері де едәуір кеңейтілді».
Мәселеге қатысты БАҚ алдында мәлімдеме жасаған премьер-министр Әлихан Смайылов жанар-жағармай бағасының көтерілуінің инфляцияға әсері туралы мынадай пікір білдірді: «Шынымен де, жанар-жағармай бағасының өсуі инфляцияға белгілі бір деңгейде әсер етеді. Олардың тұтыну қоржынындағы үлесі: дизель отыны – 0,4%, АИ92 бензині – шамамен 2%. Осыны ескере отырып, биылғы баға өсуінің тікелей әсері инфляцияның 0,35 пайыздық тармағына бағаланады», — деген пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл жағдайдың жанама әсері де болады. Өйткені жанар-жағармай материалдары отын өндірушілер шығындарының құрылымына кіреді. «Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына жыл соңына қарай инфляция деңгейін екі есе төмендету міндетін қойды. Сондықтан инфляциялық процестерді тежеу бойынша жүйелі түрде жедел шаралар қабылданып жатыр», – деген Әлихан Смайылов: «Наурыз айының қорытындысы бойынша біз инфляция қарқынының айтарлықтай баяулағанын көреміз. Егер ақпан айында жылдық инфляция 21,3% болса, наурыз айының қорытындысы бойынша – 18,1%. Бұл үрдіс одан әрі жалғасады. Біз инфляциялық қысымды төмендетуге бағытталған шаралар кешенін белсенді түрде іске асыратын боламыз», — деп алда атқарылар істің де мән-жайын атап өтті. Ал «Бензин мен дизель отынының ізінше басқа бағалар өсіп кетеді деп ойламаймын», – деген Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бензин мен дизель отыны бағасының қымбаттағанын үлкен қауіп көрмейтінін айтады. Керісінше кейбір тауарлардың бағасы төмендейді деп есептейді. Сонымен әп-сәтте өзгергенді сол сәтте көз көретін мына уақытта ақ пен қараны ажыратуды патша көңілді оқырман сізге қалдырдық. Ең бастысы ел аман, жұрт тышын болса, басқасын уақытында көрерміз деген қазақы кең пейілді, ақ ниеттен арылмасақ болғаны!
Жанбота Сұлтанмұратқызы