Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы археологиялық мұражайда Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалды мұражайының «Жүз жыл жырлаған жүрек» атты көшпелі көрмесі өтті. Көрмені тамашалауға Есік экономикалық колледжінің студенттері, В. Терешкова атындағы №2 орта мектептің және Ж. Кайыпов, Қ. Сәтпаев атындағы мектептердің оқушылары мен облыстық көзі нашар көретін мектеп-интернатының тәрбиеленушілері келді.
Игі шараны құттықтау сөзімен бастаған мұражай директоры Нарима Тойжанова көрмені ұйымдастырудың негізгі мақсатына тоқталып: «Жас ұрпаққа Жамбыл Жабаев сынды ұлы тұлғаның көзі тірісінде пайдаланған тұрмыстық заттарын, киген киімдерін таныстыра отырып, жыраудың өнегелі өміріне трең бойлау, шығармашылығын насихаттау бұл шараның басты мақсаты. Сондай-ақ бүгінде тек мұражайдан табуға болатын жәдігерлерді келешек ұрпаққа жеткізу де басты назарда. Осындай тәрбие сабақтары арқылы жастар мен жасөспірімдердің шығармашылық ізденісі артып, қоғамдық өмірге бейімделген интеллектуалды жеке тұлға ретінде қалыптасатынына сенімдімін. Тарих арқылы, тарихи-мәдени ескерткіштер және тарихи тұлғалар арқылы жас ұрпақты рухани-адамгершілік, патриоттық рухқа тәрбиелесек қателеспейміз деп сеніммен айта аламын. Жастарды мұражай мәдениетіне тарту, тарихын сүю, еліне деген мақтаныш пен отаншылдық сезімін ояту арқылы ел мүддесіне қызмет етеміз. Қай ғасырда болмасын тәрбие мәселесі назардан тыс қалған емес. Кез келген мұражай ізгілік пен адамгершілігі бар, жан-жақты мәдениетті тұлғаның қалыптасуына ерекше әсер етері сөзсіз», – дей отырып жастарды мұражайда өтетін шаралардан қалмауға шақырды. Ж. Жабаев әдеби-мемориалды мұражайының директоры, ақынның немересі Салтанат Жамбылова жылжымалы көрмеге қойылған жыраудың жеке бұйымдарын бір-бірлеп таныстырды. Жәдігерлердің арасында ұлы ақынның қартайған шағында үстінен тастамай киген шапаны мен ақын, әнші, композитор Кенен Әзербаев сыйға тартқан кемер белдігі айрықша көз тартты. Қазақ тарихындағы екі тұлғаның арасындағы ерекше сыйластықтың куәсі болған қайыс белдік көненің көзіндей көп сыр аңғартады. Атасы киген қаптал шапан мен зерленген белдіктің тарихына тоқталған С. Жамбылова мұндай асқан шеберлікпен тігілген киімге сол заманда тек дәулеті асқан бай-манаптар немесе атағы жер жарған ақын-жыраулардың ғана қолы жететінін айтты. Сонымен қатар етігі мен мәсісі, асатаяғы ақсақалдың аңыз болып айтылатын өмірінің айғағы іспеті.
Кремль төрінде намаз оқыған жыр алыбының дәрет алатын құманы да қаз қалпында. Жезтаңдай ақынның таңдай жібітер қымызын құйған торсығы мен аяққабының сыры да, сыны да кетпепті. Көрменің төрінен орын алған өмірлік серігі болған қара домбыра тиегіне көп сыр іркіп тұрған тәрізді. Жыр алыбының көзіндей қолының табы қалған сол домбырасы туралы: «Сия сауыт, қаламсыз, Ой қозғаған домбыра. Дәптер, кітап қағазсыз, Ой қозғаған домбыра!» деп жырлап кеткен. Арабша аздап білгенімен, хат танымаған тұлға елі мен жеріне деген махаббатын, ыстық ықыласын қара домбырасы мен шешен тілі арқылы жеткізген.
Ақынның көзі тірісінде сәлем бере келіп, ақ батасын алып сый-сыяпатын беріп кеткендер де аз болмаған. 1942 жылы Ұлы Отан соғысы кезінде Мәскеудің үлкен театры өнер сапарымен Алматыда болыпты. Кино режиссері Сергей Зеинштейн бастаған театрдың бірнеше әртісі ақсақалға сәлемдесе барып самаурын, ожауды сыйға тартыпты. Ғасырға жуық уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтпаған сол бұйымдар көрмеге көрік беріп тұр. Тот баспақ түгілі, шаң қонбаған самаурынды өткен ғасырдың жәдігері дегенге сене алмайсың. 1936 жылы 90 жасында Мәскеу қаласына барғанда алғаш алған еңбек орденімен, 1938 жылы ақын шығармашылығының 75 жылдығы тойланған кезде берілген Ленин ордені, 1939 жылы алған құрмет ордені және Ұлы Отан соғысы жылдарында жазылған «Ленинграттық өренім» атты шығармасы үшін алған медалі ақынның ерен еңбегін айғақтап тұрғандай. 1938 жылы КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланып, құрылтайды өлеңмен ашқан ақынның домбырасын қолына алып сөз бастаған бейнесін көркем картинкадан көре алдық.
Жыр алыбының шығармалары көзінің тірісінде-ақ 44 тілге аударылған. Алайда сол шығармалары басылған кітаптардан тек бір данадан сақталғандықтан көрмеге қоюға мүмкіндік болмапты. Өтеген, Саурық, Сұраншы, Қарасай сынды халық батырларын жырлаған ақынның 1939 жылы Қазақстан көркем әдебиет баспасынан жарық көрген «Сұраншы батыр жыры» кітабы көпшілік назарына ұсынылды. 1946 жылы орыс, қазақ тілдерінде шыққан жинақтарын таныстырған С. Жамбылова осы кітаптарының сарғайған әр парағы саф алтынға бергісіз бағалы екенін жеткізді. Ата-анасының қарсылығына қарамай өнер жолынан айнымаған жыр алыбының артында қалдырған іздері осылай қысқаша көрініс тапты.
Сақталған жәдігерлердің түпнұсқа екеніне күмән келтіргендер де болды. Әсіресе самаурынның су жаңа күйінде жарқырып тұрғанына таң қалған Есік археологиялық мұражайының бұрынғы басшысы Дыбысгүл Ахметова құнды жәдігерді қаз-қалпында сақтап келген мұражай қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалады. Аса қызығушылық танытқан мектеп оқушылары тек оқулық арқылы ғана танып-білетін тұлғаның заттарын көздерімен көріп, алда шығармаларына арқау ететіндерін жеткізді. Жүз жылдық тарихтың куәсін көргендер Жамбыл жасаған дәуірге барып қайтқандай әсерде болғандарын да жасырмады. Жылжымалы көрменің жұмысына тоқталған Салтанат Тезекбайқызы: «2018 жылдан бастап бұл шараны республика көлемінде ұйымдастырып келеміз. Еліміздің басқа өңіріндегі азаматтардың мұражайымызға арнайы келіп тамашалауға мүмкіндігі бола бермейді. Осындай жылжымалы көрме арқылы басқа өңірдегі адамдардың алыстан ат сабылтпай-ақ өз ауылынан тамашалауына мүмкіндік береміз. 2018 жылы Семей қаласындағы Абай атамыздың мұражайында болып, қайтқанда осы шараның халыққа берері көп екеніне көз жеткізгенбіз. Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына орай Қызылорда облысындағы тарихи өлкетану мұражайында жергілікті халықтың ыстық ықыласына бөлендік. Май айында жеңіс күніне орай Ақтөбе қаласындағы Әлия Молдағұлова мұражайында жұмысымызды жалғастырамыз деген жоспарымыз бар», – деп алдағы уақытқа жоспарлаған ісін ортаға салды. Көрмені тамашалаған көпшілік ұлы ақыннан қалған ұлы мұраны тамашалау арқылы сол замандағы қазақ даласының тұрмыс-тіршілігімен танысып, өнегеге толы ақын өмірінен мол рухани азық алып қайтты.
Зорагүл Әбдіқадір