Еңбекшіқазақ ауданы Сөгеті ауылдық округі Нұра ауылында орналасқан «Жетіқазына» құсбегілер мұражайына биыл 20 жыл. Құсбегі Исабековтер отбасының атсалысуымен 1997 жылы саятшылар клубы болып жұмысын бастаған ұжым 2003 жылы «Жеті қазына» құсбегілер мұражайы болып қайта құрылған. Бұл жерге Көлсай, Шарын, Хан Тәңірін көргісі келетін саяхатшылар ат басын бұрмай өтпейді. Әсіресе еліміздің саяхатшыларымен қатар шетелдік қонақтар да мұражайды тамсана тамашалайды. Ұлыбритания, Франция, Польша, Венгрия елінің елшілері төл өнерімізге зор құрметпен қарауы осының айғағы десек артық айтқандық емес.
Англияға барып құсбегілік өнерінің қыр-сырын түсіндіріп, қазақ сияқты құс баптап, саятшылық құратын салтанатты халықтың бар екенін ұқтырып, өзге елдің құсбегілерімен үзеңгі теңестіріп, бақ сынасып қайтқан кездері де көп. 2011 жылы дүниежүзілік венгрлер құрылтайында құсбегілік өнердің құдіретін танытып, ата жолынан айнымаған текті елдің ұрпағы екенімізді дәледеген азаматтар өз халқының құндылығымен марқайып, өзге жұртты өнерлеріне тәнті етіп қайтты. Осы сапары туралы әңгімелеген мұражай директоры
Динара Серікбаева: «Өздерін қазақпен бауыр санайтын венгр халқы: «Қазақтар Алдиярдың, венгрлер Мадиярдың баласы деп бауырмалдық танытып, дүниежүзілік құрылтайларына шақырды. Бізді аттай қалап алдыруының басты мақсаты ата-бабалары айналысқан құсбегілік өнерден көз жазып қалған өз елдерінне осы өнердің құпиясын үйрету еді. Құрылтайдың ашылу салтанатында венгр азаматының қолына құс қондырып, ата кәсібін тірілтіп халық игілігіне аманаттауымыз керек болды. Еуропа халқы қырғи, ителгі, қаршыға сынды ұсақ құстарды қолға үйреткенімен, бүркітті еркіне бағындара алмаған. Құстың төресі қыран бүркітті қайыру – тек қазақтардың ғана қолынан келетін ерлік. Мұражайымыздың жетекшісі, менің туған інім Мұхаммед Исабеков бұл жауапты міндетті өз мойнына алды. Бауырлас елдің тілегін орындап, бір шетінен қазақ деген халықтың қандай текті ел екенін таныту үшін аталған шарадан бір апта бұрын Венгрияға бардық. Хайуанаттар бағынан қаршығаны алдырып қолға үйреттік. Өшкені жанып, өлгені тіріліп, жоғалғанын тауып, қолына қондырар сын сағатта енді ғана үйретілген қаршыға венгр азаматының қолына қонбай өз бетімен ұшып кетер ме екен деген уайымда жоқ емес еді. Қазақстаннан келген атақты құсбегінің арқасында ата өнерімізбен қайта қауышамыз деп сеніп отырғанда халықтың сеніміне селкеу түсіреміз бе деп те алаңдадық. Алайда төтркүл дүниенің венгрлері түгел бас қосқан шарада ұятқа қалмау үшін барын салған М. Исабеков Жалайыр Шорадай бабасының аруағын шақырып, бар даусымен: «Аруақ!» деп көкке ұшырған қаршыға қалықтап келіп межелі жеріне қонды. Осы сәтте біз де, венгр халқы да қатты тебіреніп, тіпті көзімізге жас алдық. Риза болған бауырластар қазақ халқы мен Қазақстан еліне айрықша алғысын жаудырды. Осындай абыройлы сапардан оралған соң бұл еңбегімізді елеген ешкім болмады», – деп ренішін де жеткізді.
«Құсбегілік – қазақ халқының үлкен мәдениеті, ата-баба дәстүрінің жарқын көрінісі. Қазақ тұрмыс-салтының ажырамас бір бөлігі. Тіпті философиялық тұрғыдан айтсақ, аспандағы құсты қолына қондырып, қолғанат қылып жұмсау – кез келген халықтың қолынан келе бермейтін бекзат өнер. Міне, осы «Жетіқазына» құсбегілер мұражайы қазақ халқының ұмытылып бара жатқан дәстүрін, тарихын болашақ ұрпаққа насихаттауда орасан зор еңбек етіп келеді», – деп сөзін сабақтады.
Қазақ халқы бүркіт, ителгі, қаршыға, қырғи, тұйғын, тұрымтай, сұңқар, лашын, жағалтай сынды құс түрлерінің бабын тауып, қолға үйретіп, тіпті бір құстың өзімен бір ауылды асырағаны туралы тарихи деректер, аңыз-әңгімелер жетерлік. Құсты ұстаудан бұрын, оны баптап қолға үйретудің өзі – үлкен өнер. Оны баптаудың әртүрлері тәсілдері бар. Сөгеті ауылдық округіне қарасты Нұра ауылы – республикамыз бойынша айтулы құсбегілердің мекені. Мұнда Әбен Тоқтасын, Сейітжан Көдекұлы сынды атақты құсбегілердің ізі қалған. Олардың ұрпағы да ата кәсібін ардақтап, төл өнердің шамшырағын өшірмей келеді. Бұл ауылда өмірге келген бала ес білісімен аттың жалында ойнап, құс баптап, тазы үйретеді. Тұмса табиғаттың тілін білетін құсбегі ауылының өрендері тағы құстардың бабын табуды да ерте жастан үйреніп, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосып келеді.
Айта кетер тағы бір жайт, құсбегі Исабековтер әулеті – атақты Жалайыр Шораның төте ұрпақтары. Аңыз болып айтылатын Жалайыр Шора саятшылықтың небір құпияларын жете меңгеріп қана қоймай, құстың тілін біліп, кез келген қанаттыны айтқанына көндіріп, айдауына жүргізген әбжіл адам болған деседі. Оның бүгінгі ұрпақтарын бұл өнердің шырақшылары десек жарасар. Осы әулетте өмірге келген бүркітші ару Әйкерім Жанқылышбайқызы да жастайынан аттың құлағында ойнап, ителгі, қырғи, қаршыға сынды құстарды еркіне бағындырған. Ол – бұл күнде қыран құсты да еркін қайырып, еркіне бағындырған кәнігі саятшы. Қолына Қарашолақ атты қыранын қондырып, қансонарда аңға шығатын ару тастан түлкі аңдыған сәттің қызығын майын тамыза әңгімелейді.
Мұражайға 2000-нан аса жәдігер қойылған. Қасқыр, түлкі, сілеусін, қарсақ, қоян сынды түрлі аңдардың терісінен көз тұнады. Ондағы экспонаттардың ішінде үш арланның терісі айрықша көз тартады. Бұл қасқырлар – құмай тазаның олжасы. Сондай-ақ 200-300 жылдық тарихы бар үлкен астаулар, саятшылыққа байланысты тарихи көркем суреттер көздің жауын алып, ой қозғайды. Әсіресе Құбылай ханның саятшылыққа шыққанын бейнелеген сурет бағызы заманның баяшат өмірін елестетеді. Ойран төбеден табылған қылыштар мен ат әбзелдері, оның ішінде үзеңгі, Албан руынан шыққан Қызылбөрік, Шағаман аталардың ұстаған берен мылтығы да көрген адамды ой тереңіне жетелейді. Аңыздарда айтылатын қапыда ажал құшқан қанатты пырақтың қанаты да сақталған. Есте жоқ ескі заманда адам ақылы жетпейтін бұл ғажаптың сырына ешкім бойлай алған емес. Үңгірден табылған тарихы терең қара қазан да қай заманнан қалған қазына екені беймәлім.
Ал Елеусіз Байдулатов есімді қарияның Кеген жерінен ақ түлкі аулап алған хикасы бүгінде аңызға айналған. Ілуде бір кездесетін аңды тапқан атамыз бұл олжасын осы мұражайға табыстапты. Сонымен қатар сабаншы деп аталатын аңды да Елеусіз қария мұражай төріне өз қолымен қойып кеткен. Өткен заманға ертіп әкетіп, таңғажайыптарымен тәнті ететін мұражайдың келбетін тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. «Қаныңдағыны қастерлемесең, қадірің кетеді» демекші, атадан қалған өнердің жоғын жоқтап, кемін толықтаған Исабековтер әулеті бұл мұражайды қасиетті өнерімізді жоғалтпай, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін ашқанын айтады. Мұражайдың жылдан-жылға кемелденіп, мұрағатының толығуына мұрындық болған Д. Серікбаева еңбегінің елеусіз қалмағанына разы. Ұлттық рухани құндылықтар мен дәстүрін ұлықтап, төл өнерімізге және ұлттық спорт түрлеріне қосқан үлесі үшін алғыс хаттар, құрмет грамотасымен марапатталған ол жақында ғана халықаралық Дінмұхамед Қонаев қорының «Мерей» орденінің иегері атанды. «Қыранды қырандай жігіт ұстайды» емес пе! Ендеше осы өнердің жолында жүрген ұрпақтан қырандай қырағы, сұңқардай сұңғыла жігіттер шығатыны анық. «Жетіқазына» мұражайы мен оның қызметкерлеріне алғыс айта отырып, қазақ өнерінің қайнарын жайнатып, төл өнеріміздің шырақшысы болып отырған ұлағатты ұрпақ барда қазақ қыранының қанаты талмайтынына, олардың салтанатты саф өнерді ұрпақтан-ұрпаққа жалғайтынына деген сенім де зор.
Зорагүл Әбдіқадір