Иә, балам тәрбиесіз болсын дейтін ата-ана жоқ. Бірақ қым-қуыт уақытта қарбалас тірліктен қол босай бермейтіні де шындық. Көбіне балабақшаға ерте барған және ата- анасынан бөлек өскен балаға ата-ана жылуы жетіспей, тәрбиесінің де аяғы ақсап жататыны ақиқат.
Өз отбасынан гөрі, өзге ортада көп уақытын өткізетін бала ата-ана, аға-бауырға суықтау болып, не нәрседе өз «мені» жеңіп, сырттан жылу іздейтін алабөтендеу болып өсетіні бар. Сондықтан «Тәрбие басы – талбесік» дейтін қазақтың бала тәрбиесіне әлмисақтан бері ерекше мән беретіні мәлім. «Үлкенге ізет, кішіге құрмет» көрсететін қазақ баласы үлкен кісіге қарсы келіп, жолын кеспеген. Оның бәрі үлкендерге қарап бой түзеген бала шақтан бастау алып, болашаққа жол тартып жатады. Мамандардың айтуынша, баланы тәрбиелеймін деп бас салып жұмсап, орынсыз ұрсып, ретсіз баса беру оның жасық, қорқақ болуына себеп болса, азамат ретінде жеке пікірін айта алмайтын, жалтақ болуы да осындай келеңсіздіктен шығады. Оның орнына балаңызбен күлімдеп сөйлесіп, арқасына қағып, маңдайынан сипаңыз. Тең пікірлесіп, тіпті қалжыңдасып тұрыңыз. Ойын ашық айтып, бүкпесіз сөйлеуге үйретіңіз. Оның өзге ортада да өзін еркін ұстап, мықты ұстанымы қалыптасқан ерекше азамат болып өсері анық. Бұл ретте оған ата-анасынан асқан үлгі жоқ. Егер мұндай үлгіні өзіңіз көрсете алмасаңыз бала сырттан үлгі іздейді, тіпті сіз қаламаған жолға түсіп, адасып кетуі де бек мүмкін.
Балаға үнемі ұрсып, зекіп сөйлеу оның әрдайым ренжіп, іштей ызаланып, агрессияға толы мінез-құлық танытуына себеп болдады. Сөйтіп айналасына да қадірі кетіп, жүрген ортасында өз орын таба алмай сенімсіз, ынжық болып өседі. Сондықтан баламен сөйлескенде, қарым-қатынас жасағанда жанын ауыртпай, жабыртқатпай, жайбарқат болған абзал.
Үнемі ата-анасының махаббатына бөленіп, жылуын сезініп өскен бала тәрбие мәйегіне де тояды. Мейірімді, ақ жарқын баланы бауырыңа басып иіскеудің өзі бір ғанибет қой. Сондықтан баланы тым еркінсітіп жібермесеңіз де, еркелетіп тұрғанның маңызы зор. Отбасындағы береке-бірлік пен тыныштықтың, ата-ана арасындағы сыйластықтың бала тәрбиесіндегі маңызы туралы айтудың өзі артық. Сондықтан баланы еркелеткеннің жөні осы екен деп айтқанын істеп жүгіре бергеннен гөрі, ақ пен қараның, бар мен жоқтың, аш пен тоқтың айырмашылығын үйретіп, санасына сәуле құя тәрбиелеудің жемісі де, жеңісі де мол болмақ.
«Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, бала отбасында көрген салт-дәстүрді сабақтап, тәрбиені жалғайды. Атадан балаға жалғасқан асыл мұра іспетті мән-маңызы жоғары қазақ тәрбиенің қаймағын бұзбаған отбасында өскен баланың ата-анасы мен айналасындағыларды ғана емес, ұлтын сүйетін, ұлысын танитын ұлағатты ұрпақ болары хақ. Бұл ретте өз балаңыздың ғана емес, бүкіл үрім-бұтағыңызға жалғасатын тәрбиенің үлгісі болу да ата-ананың басты міндеті десек артық айтқандық емес.
Әрдайым «ананы істеуге, мынаны олай айтуға болмайды» деп бітпейтін «болмайдының» астына алып тәрбиелеген баланың өз пікірі, ұстанымы болмайды. Үнемі көңілінде күдік тұратындықтан өзіне сенімсіз, әркімнің сөзіне еретін, жасқаншақ баланың жайын ойлап көріңізші. Қашанда ата-анасының қолдауына мұқтаж жас баланың ерте сынып, ештеңеге құлықсыз болып өсуі – оның мына қоғамда тұлға болып қалыптасып, аяғынан тұруына да кедергі екені айтуды қажет етпейтін ақиқат.
Тым талапшыл болып, үйіп-төгіп тапсырма беріп, орынсыз қадағалау да баланы қажытып, еркіндікті сезіне алмай, қапасқа қамалғандай күйде жабырқап жүруіне себеп болады. Ал үнемі көңілсіз жүрген баланың мінезі бара-бара агрессияға толып, айналасындағылармен сыйыса алмайтын адамға айналдырады. Мұның артында ешкіммен тіл табыса алмаған баланың бұлыңғыр болашағы тұрғанын да естен шығармаған абзал.
Баланы тәрбиелеу мен түсіну – екі бөлек дүние екеніне мән бере бермейміз. Қазақстан діни басқармасына қарасты Muslim.kz порталы жариялаған мына мәліметтердің де бала тәрбиесінде алар орны бар, ой салар дүние екені даусыз. Ендеше бала тәрбиелеуде пайғамбарлар қандай үлгі-өнеге көрсетті екен? Бір сәт назар аударыңыз.
1. Пайғамбарлар айтқандарына алдымен өздері амал етіп, ісімен үлгі көрсететін.
2. Балаларды өмірдің, дүниенің һәм жаннаттың сәні деп санайтын.
3. Балалардың жасай алмайтынына емес, жасай алатынына мән беретін.
4. Баланы толыспаған тұлға санамайтын, қайта кемел болмысын бұзып алмауға барын салатын.
5. Өздеріне ұнамайтын сөз айтса, соған бола ашуланып, өкпелей бермейтін; қашан да жылы сөйлеп, жымия қарайтын.
6. Діни міндеттерді кезең-кезеңімен, біртіндеп, жүйелі түрде үйрететін.
7. Үйрету барысында орта жолды ұстанып, адамдарды жалықтырып алмаудың амалын жасайтын.
8. Үйренушілер арасындағы тұлғалық айырмашылықтарға ерекше мән беріп, әркімнің болмысына құрметпен қарайтын.
9. Ешкімді өзгертуге тырыспайтын, қайта Алланың жаратқаны ғой деп бар болмысымен қабылдап, шама-шарқынша қадірлейтін.
10. Өзара әңгімелесу әдісін, сұрақ-жауап әдісін колданатын.
11. Tepic түсініктерді жойып, шындық білімді санаға сіңіру үшін ақылға қонымды өлшемдерді қолданатын.
12. Тыңдармандарына сұрақ қоятын, осы арқылы олардын білім-білігін, таным деңгейін анықтайтын.
13. Салыстыру, мысал келтіру әдісін қолданатын еді. 14.Ұқсастыру (аналогия) әдісін, халық арасында кең тараған мысалдарды пайдаланатын.
15. Қолында қандай да бір зат болса, түсіндіріп жатқан тақырыбын жерге сызып көрсететін.
16. Қарым-қатынас жасағанда сүйіспеншілікпен қарап, құрмет көрсетіп, қызығушылық танытатын.
17. Балаларын жақсы көретін әрі онысын өздеріне айтып отыратын.
18.Балаларына қатысты сынақтарда сабыр ететін, әр нәрсенің Алладан келетінін шын сенетін.
19. Балаларының сұрақтарына толыққанды жауап беретін.
20.Балаларына көркем есімдер қоятын және олардың бойларындағы көркемдіктерді күшейте түсетін.
21. Бірнәрсе үйрететін болса, оны әзілмен әдіптеп, мейлінше жеңіл әрі қызықты етіп үйрететін.
22. Балаларымен көп ойнайтын әрі ойынға балалар әлеміне кіретін кілт есебінде қарайтын.
23. Балаларының пікірлеріне, сезімдеріне құрметпен қарайтын.
24. Жар таңдағанда, болашақ балаларымның анасы деп, текті жерден үйленетін.
25. Отырысын немесе тұрысын өзгертіп, я болмаса бір сөзді бірнеше рет қайталау арқылы тақырыптың маңыздылығын көрсететін.
26. Балаларға ашуланбайтын, ұрмайтын, айғайламайтын, жалпы жазаламайтын.
27. Тәрбие берушінің Алла екенін біліп, бала мен Алла арасында делдал болмайтын.
28. Балаларын адал ризықпен ішкізіп жегізетін, ысыраптын қай түрінен де аулақ болатын.
29. Балалардың жылауын, ренжуін каламайтын. Жүрген жерлерінде балалардың көңіл-күйлерін көтеруге тырысатын.
30. Ересектер әлемінін шындығын балаларға өздерінің тілімен түсіндіріп беретін.
31. Балалары бұзықтық жасап қойса тұлғасына таңбайтын, қайта жамандық атаулының бәрі нәпсіден екенін айтып арсыздықтан сақтауға тырысатын.
32. Сынау, кінәлау сынды жағымсыз әдістердің орнына, баулу, қызықтыру сияқты әдістерді қолданатын.
33. Балаларының иесі секілді емес, Алла берген аманаттың иесі секілді ата-ана болатын.
34. Бір мәселенің түйінін шешерде әңгімелесушісі ұялатындай жағдай болатын болса, алдын ала жақсылап дайындалып алатын.
35. Діни тәрбиенің тілмен емес, іспен жүзеге асатынын білдіретін.
36. Балалары үшін көп дұға жасайтын, ата-ана болудың маңызды бөлігінің дұға екенін көрсететін.
37. Бірде-бір адамға қарғыс айтпағаны секілді, өз балаларына да қарғыс айтпайтын.
38. Дұғаларының құбыласын дүниеге емес, ақыретке қарай бағыттайтын.
39. Мінсіз болуға тырыспайтын, «жеткілікті деңгейде жақсы» болуға ұмтылатын.
40. Барлық пайғамбарлар балаларына соңғы сәттеріне дейін тәрбие берген және оларға насихат айтқан. Әрекетті өздері жасап, берекенің Алладан болатынын білген, яғни шама-шарқынша еңбектеніп, нәтижесін Алладан күткен.
Қалай десек те алмағайып заманда адасып кетпей, арманына жеткен баланың жолы ашық, маңдайы жарық болары хақ. Ендеше жоғарыда айтылған пайдалы кеңестер керегіңізге жарап жатса біздің де бір парызымыздың өтелгені деп білеміз.
Жанбота Сұлтанмұратқызы