«Бүйректің қатерлі ісігіне шалдығып, екі рет ота жасатқан едім. Тіпті өмірден баз кешіп, төсекке таңылдым. Сол кезде ютубтан Димаш Құдайбергеннің «Опера-2» әнін естіп ес жидым, басымды көтердім. Қайта тұрып, өмір сүруге құштарлығым артты», – деді зейнеткер Анита Рай Уорд. Димаш Құдайбергеннің фанаты 2017 жылдың қыркүйегінде алғаш рет оны тыңдап, үш ай бойы барлық әнін әлеуметтік желіден қарап шыққан. Арғысын айтпағанда әлемнің түкпір-түкпірінен қаншама жанкүйер Димаштың әні арқылы рухын оятып, жан дүниесін емдегендер қаншама?
Адамзат тарихына зер салсақ музыка арқылы ауруынан айығып, жан дүниесін тазартқандар аз болмаған. Әуен арқылы адам психикасына оң әсер етуді музыкалық терапия деп те атайды. Музыкалық терапия сөзін қазақшаға тікелей аударғанда «музыкамен, әуезбен емдеу» деген мағынаны білдіреді. Ол жүздеген жылдар бойы өнер адамдары үшін әуезден, әуеннен ләззат алу көзі болды. Ал өнердің көмегімен емдеу салыстырмалы түрде жаңа құбылыс болып табылады.
Кейде өмірден баз кешіп, ешкім аяқ баспайтын алыс жерлерге кеткіміз келген кезде құлағымызға құлаққап тығып алып, оңашада баяу әннің ырғағымен түпсіз ойларға тереңдегіміз келеді. Бесікке таянып айтқан анамыздың жырын тыңдап өскен болсақ, сол әуеннің жайдан-жай айтылмайтынын, әжелеріміздің келіндеріне бесік жырын не үшін жаттатқызатынын білер едік. Баяу айтылған бесік жыры бөбектің жанын тыныштандырып, тәтті ұйқыға кетуіне әсер етеді. Зерттеушілері музыканың адам жанын емдейтінін әлдеқашан дәлелдеді. Табиғат сазы, түрлі жанрдағы музыкалар, музыкалық аспаптар үні жүрекке жетсе, адам миын тыныштандырады екен. Бәлкім сіздің шипаңыз жаңбыр тырсылында, болмаса Моцарттың композицияларында, мүмкін қобыз үнінде, әлде бұлбұл әнінде шығар? Қытай, Үнді, Египет, Греция, Франция т.б. елдердің дәрігерлері мен емшілері, философтар мен музыканттары музыка мен биді сырқатты емдеуге пайдаланған. Сиқырлы қобыз сарыны, күмбірлеген домбыра үні, сызыла шыққан сыбызғы үні т.б. аспаптарда ойналатын музыкалық туындылардың адам ағзасына әсер етуі әр түрлі болғанымен, жалпы психологиялық емдік шипалық қасиеттері барын аңғаруға болады. Мәселен, Ежелгі грек философы Пифагор музыканың адам ағзасына, көңіл-күйіне қалай әсер ететіні туралы ғылыми анықтама берген. Онда адам мұңайғанда, қайғырғанда, қажығанда ән мен күй адамның ауыр жағдайынан шығуына немесе ауытқудан қалыпты жағдайға келуіне көмектесетіні дәлелденген.
Әлемдік ғалымдар мен дәрігерлер де музыканың үнімен көп нәрселердің шешімін тапқаны жөнінде баспасөзде жазылып келеді. Құрманғазы, Қазанғап, Динаның күйлері адамның жан-дүниесін емдеуге қолданылған. Дыбысы аса жоғары, шулы сүйкімсіз музыка мен әндер адамның қан қысымын көтеріп, ауыр жағдайға душар етуі де мүмкін. Көбінесе рок музыканың қаупі басым екені, адам психикасын теріс бағытқа өзгертетіні анықталған. Рим дәрігері Гален жылан, қарақұрт шаққан адамды музыканың көмегімен емдей алған. Адамның нерв жүйесіне байланысты ауруларға музыканың пайдасы зор екені анықталған. Немістің музыка зерттеушісі Маттесон: «Адамның жан-дүниесі тәтті бір ұйыған, тыныштықта болу үшін жайлы, нәзік музыканы тыңдау керек», — дейді.
Музыка адамның денсаулығына ғана емес, санасына, тәртібіне ықпал етумен бірге, ағза жасушаларына да үлкен әсер етеді. Сол арқылы үлкен энергетикалық алаң пайда болады. Ал біз сол энергияны қабылдаймыз. Сондықтан музыка барлық ғасырларда ерлер мен әйелдерге, діннің түрлі бағытын ұстанушы адамдардың, түрлі ұлт өкілдеріне түсінікті тіл болып есептеледі.
Музыканың адамның интеллектуалдық деңгейіне, табысына, әлеуметтік жағдайына қарамастан кімге болса да, қатысы бар. Оның терапиясы адамның жүйке-жүйесінің шаршауы мен қажуын, көңіл-күйін ретке келтіру мақсатында қолданатын психотерапиясының бір әдісі. Балаға музыка арқылы жағымды әсер етудің өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Бұл әдісті белгілі бір жүйемен қолдана білу аса маңызды. Ол үшін баланың жас ерекшелігі, дәл сол сәттегі жағдайы, психикалық өзгерістері, оның себептері туралы мәліметпен таныс болу шарт, әйтпесе кез келген жағдайда музыка терапиясын қолдану өз нәтижесін бере бермейді.
Музыкалық терапия – қазіргі кезде музыкалық психологияда және психотерапияда адам ағзасына оң әсер тудыратын ең тиімді әдістердің бірі. Музыкалық терапияның адам психикасына әсері жайлы айтылып жүрген көптеген көңіл аударарлық пікірлер бар. Әлеуметтік сала мамандары үшін музыканы қабылдау олардың өздерін тәрбиелеу және түрлі қажетті нәрселерді орындауға ықпалын тигізеді. Жалпы музыкалық терапияның негізгі мақсаты – уайым, қобалжу, түңілу сынды теріс сезімдерді санадан шығарып, оның орнына жағымды эмоцияларды ендіру. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін көркем музыкалық шығармалар қолдану тиімді болып табылады.
Зорагүл Әбдіқадір