Ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы

Ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы

Жаңа технологиялар адамның санасын, өмір сүру салтын түбегейлі өзгертті. Қазір ақпарат ең бағалы дүниеге айналды. Виртуалды әлемнің шынайы өмірмен біте қайнасып кеткені сонша, әлем бойынша ақпараттық қауіпсіз­­діктің маңызы артып барады. АҚШ-тың Domo компаниясы өзінің жыл сайынғы Data Never Sleeps инфографикасын жариялады. Онда әлем халқы бір минут ішінде интернетте қанша ақпарат алмасатыны туралы дерек келтірілген.

Сол дерек бойынша 2020 жылы орташа есеппен алғанда әр минут сайын WhatsApp мессенджерінде 41 миллион 666 мың 667 хат жіберілген. Ал Facebook-ті қолданушылар 147 мың сурет жүктеп, 150 000 хат жіберген. Ал ZOOM 208 мың 333 кездесуге қатысушыны қабылдаған. Microsoft teams-ке 52 мың 83 қолданушы қосылған. 404 444 адам Netflix-тегі мультимедиалық контентті көруге кірген. Instagram-ға 347 222 сторис жүктелген. Ал осы 1 минут ішінде YouТube-қа салынған барлық бейнежазбаның ұзақтығы 500 сағат болса, Twitter-ге 319 адам тіркелген. Тұтынушылар онлайн саудаға 1 миллион доллар ақша жұмсаса, TikTok 2 704 рет жүктелген. Әр минут сайын ғаламторда осынша мәлімет пайда болады. Осыдан-ақ ақпарат ағынының қаншалықты жылдамдықпен дамып бара жатқанын аңғару қиын емес. Қазір кез келген адам туралы негізгі мәліметті білу үшін әлеуметтік желілердегі парақшасын бір қарап шығу жеткілікті. Адамдардың өзі туралы бар ақпаратты ашық қалдырады. Бұл қалыпты әрі еш зиянсыз көрінуі мүмкін, бірақ осы арқылы сіз мансабыңыз, бизнесіңіз, жеке өміріңіз тіпті балаларыңыздың болашағын тәуекелге тігуіңіз мүмкін. Елімізде интернет алаяқтығының саны күрт өскен. Интернет алаяқтық қазіргі қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналды. Қолында компьютер, смартфон, планшеті бар адам кез келген уақытта интернет алаяқтарының құрбанына айналуы мүмкін. WhatsApp мессенджерінде анықталған «қаржы пирамидасы», «Бәс тігуден – кассаға» деп аталатын топ арқылы қаржылық алаяқтар өз дегеніне қол жеткізіп келгені белгілі. Оны құрушы спорттық сайыстарға тиімді ставка тігіп, 50 пайыз кіріс алуды жарнамалаған. Сол арқылы он төрт адамды сан соқтырған.
Интернет алаяқтық шекарамен шектелмейтіндіктен сіз әлемнің басқа түкпіріндегі алдамшының жеміне айналуыңыз мүмкін. Мысалы, бір қылмыстық істе қаскүнем басқа өңірде, тіпті басқа мемлекетте жүруі мүмкін. Сол себепті қылмыстың бұл түрін ашуға бірталай уақыт жұмсауға тура келеді. Дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жасамауға, ақша аударымдарын жүзеге
асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтеме бойынша өтпеуге, барлық хабарламаларға сенбеуге тура келеді .
Ақпараттық қауіпсіздік туралы сөз болғанда тағы бір ерекше ескеретін жайт бар. Ғаламтор арқылы бір жерде отырып өз идеяларың мен көзқарастарыңды құптайтын жазбаларды таба аласың. Әлеуметтік желінің іздеу жүйесіне «Ислам» сөзін терсеңіз, экстремистік мазмұндағы жүздеген бейнежазбалар, оның ішінде деструктивті қозғалыс жетекшілерінің бейне хабарламаларына тап боласыз. Дін туралы ақпаратты әлеуметтік желілерден іздеу көбінесе жат ағым өкілдерінің тұзағына түсіруі мүмкін. Осылайша жастардың жат ағымның жетегіне кетуіне жол ашылады. Көзқарасы толық қалыптасып үлгермеген жастарды басты нысана еткен жат ағымның өкілдері сол жастардың қолымен от көсеп, дегеніне жетіп отыр. Қазақтың қаншама қара көз ұл-қыздары өздеріне бей мәлім әлемде от пен оқтың арасында бастарын бәйгеге тігіп жүр? Ал «Бала – артта қалған із» деп білетін қазақ халқы үшін бауыр еті баласынан айырылу – барынан айырылу.


Жан-жақты зерттей келе электронды шылымның да жастар арасына TikTok əәлеуметтік желісі арқылы кеңінен таралғаны белгілі болды. Өйткені мұнда «одноразка» мен «вейптерді» жарнамалайтын көптеген бейне контенттер жүктелген. Тіпті бейнежазбаларда оларда банан, алма, апельсин, құлпынай секілді жеміс-жидектердің дәмі бары айтылып, адамдарды өзіне тарта түсетіні сөз болады. Оны үлкендер балаларының қолынан көп байқамауы да мүмкін. Себебі түрлі-түсті маркер бояуларына қатты ұқсатып жасалған. Міне, бүгінгі қоғам балаларының Tik-Tok-та билегеніне мәз-мейрам болып жүргенде, теріс əәдетке əәуестеніп, санасы мен саулығын улап жатқанын аңғармай қаламыз. Осыдан соң заманға ереміз деп «баламыздан айырылып қалмаймыз ба?» – деген ой келді. Бүгінгі таңда жасөспірімдер сол әлеуметтік желілер арқылы келіп жатқан түрлі мәдениеттің, ағымдардың ықпалымен өзінің болмысынан, салт-дәстүрінен жеріп адасып жүр. Корей елінің мәдениеті, киім үлгісі, музыкасы, косметикасы, тіпті асханасы Қазақстанда өте сұранысқа ие. Өзгенің қаңсығына таңсық болған қыздарымыз сол жат жұрттықтың етегінен ұстап, шетел асып кетіп жатқаны арқамызға аяздай батады. Енді ойлап көріңіз біз аса мән бермеген істің қандай қасіретке әкеліп соғып жатыр? Дәл осы қарусыз майданда кімдер несінен көзжазып, кімдер ұпайын арттырып жатыр?
Халқымызда «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген мақал бар. 21 ғасыр — ақпараттың заманы. Алайда бүгінгі жағдай ақпараттық кеңістігімізді қорғаудың қаншалықты маңызды екенін ескертіп отыр. Айласын асырған алаяқтар қаншама адамды алдап, қарызға батырып кетті? Отбасында балаларымызды бесік жыры, салт-дәстүріміз арқылы құлағына ұлттық құндылықтарымызды құйып келе жатқанымызбен, арбауы күшті әлем желі арқылы жат ағымның жетегінде кетіп жатқандар аз емес. Балаларымыз кішкене ғана көгілдір терезенің арғы жағынан не көріп жүр? Абайламасақ немізден айырылып қалуымыз мүмкін? Бұл жөнінде қырандай қырағалық керек. «Таяқтың екі ұшы бары» белгілі, ақ пен қараны айырып, әр заттың дәнін алып, қаузын тастай білуіміз керек.

Зорагүл Әбдіқадір