Алатаудың баурайында орналасқан табиғаты көркем, тарихы бай Бесағаш ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеу жұмыстарынан соң қайта жабдықталып, халыққа есігін айқара ашты. Жаңа нысанда 270 орындық көрермен залы, кітапхана, үйірме, хореография залдары, ардагерлер бөлмесі бар.
Ұлыстың ұлы күні Мәдениет үйінің ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, ауыл тұрғындарын Наурыз мейрамымен және Мәдениет үйінің ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ облыс әкімі ел игілігіне берілген жаңа нысанның алдағы уақытта ауыл халқының рухани сұранысын қанағаттандырып, жастардың дамуы мен тынығуына септігін тигізер мәдениет ошағы болатынына сенім білдірді. «Құрметті Бесағаш ауылының тұрғындары, Наурыз мерекесі – өмірдің жаңаруы мен жалғасуы. Алматы облысы жеке дара болып бөлініп, алғашқы рет төл мерекемізді кең форматта өткіздік. Бірнеше ауданды аралап көрдім. Халықтың әл-ауқаты пандемиядан және былтырғы елімізде болған жағдайлардан кейін оңай болмады. Осыдан кейін бәрі жұмылып бірлігі мен берекесін көрсетіп жатыр», – деген облыс әкімі: «Наурыз мейрамы дінге, ұлтқа қарамайтын мереке болып табылады. Бұл күні адамдар бір-біріне кешірімді болып, қыстан аман шыққандарына қуанып, бір-бірімен жылы жүздеседі. Бесағаш ауылында Мәдениет үйі күрделі жөндеуден соң алғаш рет концерт беріп деп отырмыз. Алматы облыстық филармониясы да уақытша осы жақта болады. Кішкентай балақайларға арналған арнайы үйірмелер ашылады. Сондай-ақ үлкен кісілергеде осы жаққа келіп, уақытын тиімді өткізуге де мүмкіндік бар. Алматы облысы күн өткен сайын дамып келеді. Бұл ретте Талғар ауданы ел экономикасы мен мәдениетіне зор үлес қосып келеді. Осы мерекеде сіздермен қауышып отырғаныма өте қуаныштымын.
Ақ мол болсын! Наурыз мерекесі құт-береке әкелсін!» – деп бесағаштықтарды төл мерекемен құттықтады. Өнерге қанат қаққан жастардың талабын шыңдап, түрлі мерекелерде халыққа рухани азық сыйлау мақсатында қайта ашылған мәдениет ошағы 2 қабаттан тұрады. Сәулеті келіскен мәдениет үйінің жылу және су жүйесі орталықтандырылған. Көрермен залы, хореография бөлімі, түрлі үйірме кабинеттері, кітапхана, әдістемелік кабинет керекті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Естеріңізге сала кетейік, «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында Бесағаш ауылындағы Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарына 425 млн теңге бөлініп, 2020 жылдың қазан айында 367 млн теңгеге «Қолғанат құрылыс» ЖШС-мен келісімшарт жасасқан. Бүгінге дейін қаржының 661 млн-ы игерілген.
Аталған мәдениет үйінің басқарма басшысы Әлия Жақыпбекованың айтуынша, қазіргі таңда мәдениет үйінің қызметкерлері толық жасақталып, алдағы уақытта тоқтаусыз жұмыс істеуге дайын. «Бүгін Наурыз мерекесіне орай нысанның халық игілігіне берілгеніне куә болдық. Мұнда вокал, би, тағы басқа үйірмелер ашылады деп жоспарлап отырмыз», – деді басқарма басшысы.
Салтанатты ашылу рәсімінде дүйім жұртқа аты мәшһүр суретші Амандос Ақанаевтың көрмесі де ұйымдастырылды. Сондай-ақ облыстық Сүйінбай атындағы филармониясының әншілері, күйші Секен Тұрысбековтің,
«Ақжауын» оркестрінің концерті көптің көңілін бір серпілтіп тастады.
Ауыл тұрғыны Майра Талғатқызы мәдениет үйінің ашылуын ұзақ күткенін жасырмады. «Мәдениет ошағының ашылуын ауыл тұрғындары болып талай уақыт күттік. Осы мәденит ошағынан небір күйші, небір әнші, небір бұлбұлдардың өсіп-өнуін, Қазақстанның жарық жұлдыздары шығуын армандаймыз», – деп ішкі тілегін де жасырмады. Ал Бірлік ауылының белсенді ақсақалы Сапархан Исаев: «Бұл мәдениет үйінің ашылуы үлкен хикая болған. 2007 жылы
Омарбаев деген әкім осы мәдениет үйін жекеменшікке сатып жіберген. Осыдан кейін ауыл тұрғындары болып қарсы тұрдық. 2007-2018 жылдар аралығында итіс-тартыс болып, халық болып күрестік. 2015 жылы 18 наурызда облыс сотының төрағасы Қанат Таймерденов осы мәселеге нүкте қойды. Аталған мәдениет үйін халыққа қайтару туралы шешім шығарды. Енді, міне, асыға күткен мәдениет үйіміз араға 8 жыл салып ашылып отыр. Сонда 16 жыл бойы осы мәдениет үйін қайтарып алуға тер төктік. Ал енді бүгін Ұлыстың ұлы күнімен қатар ашылып жатқан мәдени ошағымыз құтты болсын! Жаңадан сайланып жатқан депутаттарымыз халқына қызмет ететін азаматтардан болсын»! – деп тілек білдірді.
Ел игілігіне беріліп, ауыл тұрғындарының рухани жаңғыруына өзіндік үлесін қосатын мекемеде алдағы уақытта қазақтың атын шығаратын талай жарық жұлдыздар шығатынына сенеміз.
Кәусар Әбдікерім