Наурыздың 22-сі күні Еңбекшіқазақ ауданы Наурыз мерекесін тойлады. «Той дегенде қу бас домалайды» демекші, бұл дүбірлі мерекеде алты алаштың басы қосылып, арқа-жарқа болған ағайын жаңа жылды шаттана тойлады. Бірін-бірі құшақтай қарсы алысып, көрісе амандасқан ағайынның қуанышына куә болдық. Наурыз – қыстан қалған қасат қармен қатар көңілдің де тоңы жібіп, адамзат атаулының айырықша күтетін ұлық мейрамы. Көктеммен бірге өміріне де шуақ, шапағат кіреді деп сенген халқымыз наурыз мерекесін «Ұлыстың ұлы күні», «әз Наурыз» деп ерекше әспеттеген. Сондықтан болса керек қазақта наурыз бір күн емес, тұтас ай бойы тойланған.
Алдымен аудан әкімі Алтай Досымбаев мерекемен құттықтап: «Жер-дүние жанданған шуақты көктеммен бірге елімізге, жерімізге нұрын шашып, қасиетті наурыз мейрамы келді. Бұл мейрам – дастарқан жайып, бірін-бірі құшақтаса құттықтап қарсы алатын айтулы күн, жақсылықтың жаршысы, бақыттың бастамасы. «Уықты басқұр сақтайды, ұлтты дәстүр сақтайды». Тарихы тереңде жатқан мерейлі мереке еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің белгісі. Ата-бабамыз жер ананың тоң кеудесі мен Самарқанның көктасы жібіген күн деп арқасы кеңіп, ел еңсесін тіктеп жылдың басы келді деп арқа-жарқа болған күн. Жер бетіндегі тіршілік атаулыны ұйқысынан оятып, жақсылық пен құт-берекенің көзін ашып, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтқан жыл бастауы баршамызға жақсылығымен келсін! Құрметті жерлестер, жаңа Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл – қыран құстай еркіндікке ұмтылған халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманының шынайы көрнісі. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев атап өткендей, халқымыз үшін айырықша маңызды кезеңді басымыздан өткеріп жатырмыз. Президент бастамасымен түбегейлі бет бұрысқа жол ашқан ауқымды өзгерістер жасап, бағытты реформаларды жүзеге асырып, мемлекетіміздің басты салаларын жан-жақты жаңғыртудамыз. Бұл даңғыл жол барша қазақстандықтарды кемел келешекке апарары даусыз!» – деп келер күнге деген үлкен сенімін білдірді.
Тұманбай Молдағалиев атындағы мәдениет үйі алаңында он шақты киіз үй тігіліп, алтыбақандар құрылды. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері дәріптеліп, театрландырылған көріністер қойылды. Сахна төрінде берекесі мен бірлігі жарасқан қазақ отбасының дастарқан басындағы тату-тәтті тірлігі мен бірлігінің бейнесі сомдалды. Енді ғана қаз-қаз басқан сәбидің тұсауын кесіп, ақ бата берген ақсақалдар жас өркеннің болашағына ақ жол тілеп, салт-санамыздың, әдет-ғұрпымыздың маңызы мен мәнін айшықтады. Қазақ эстрадасының жұлдыздары Нұржан Қалжан мен Сиви Махмуди мерекенің көркін кіргізді. Тойға келген көпшілікті батырлардың сауыт-сайманын асынған сом тұлғалы жігіттер мен ұлттық киім киген арулар қарсы алды. Қала тұрғындары әр жерде құрылған сайыс алаңдарына жиналып, ұлттық ойындарды тамашалады. Оның ішінде жігіттер қауымы күресіп, гір тасын көтеріп, қол күрестіріп өзара бақ сынасса, балалар асық ойнап, бозбала мен бойжеткендер алтыбақан маңында бас қосты. Этноауылда ұйымдастырылған қазақтың ұлттық ойындарын қызықтап мәз-мейрам болғандардың да қатары қалың. Жиылған халық наурыз көже мен ыстық бауырсақтан және өзге де ұлттық тағамдардан дәм татып, мәре-сәре болды. Боз кілемде белдескен палуандар есесін бермеу үшін жанын салды. Жауырыны жер искеген жігіттер бәсі басым болған қарсыласына жол беріп, тектілігін танытты. Жақында ғана Азия чемпионатына жолдама алған Жанатбек Ілиясов өзінің жаттықтырушысы Серік Мағжанмен белдесіп, ұстазына жол берді. Қырбалтабай ауылынан келген Ерсін Қамзаев білекті де жүректі екенін танытып, алысқанын алып ұрып, жеңіс тұғырынан көрінді.
Есік қаласына қарасты мектептер де мерекелік шараның сәтті өтуіне үлкен үлес қосты. Жылдағы дәстүр бойынша өз киіз үйлерін тігіп, көшпенді өмірдің куәсі болған тұрмыстық заттармен қатар көне ыдыс-аяқтармен толтырды. Қымыз ашытатын күбі, саба, мес, торсық сынды ұлттық сусынға қажетті ыдыстардың алуан-түрі көрген жанның көз жауын алады. Киіз үйдің қаңқасын біріктіру үшін қолданылатын терме баудың түр-түрі өз ретімен орналасып, киіз туырлықты халықтың тарихы терең, мәйекті мәдениетінен сыр шертті. Дастарқанға қысқы соғымнан қалған сүрі ет қойылып, жеті дәмнен құралған наурыз көже ішкен жандар «Жаңа жасың құтты болсын, айдан аман жылдан есен жетейік, ақ мол болсын, қойымыз қоздап, іргеніміз боталап ырыс-дәулетіміз арта берсін!», – деп бір-біріне жақсылық тіледі.
Ауданның құрметті азаматы, ақын, журналист Шаяхмет Құсайынұлы төл мерекеміз туралы пікір білдіріп: «Наурыз – атам заманнан тойланып келе жатқан ұлық мереке. Наурыз айы – мейірім мен махаббатқа толы. Бұрынғы заманда аналарымыз наурыз көже үшін кәрі жілікті ұнға салып сақтайтын. Қазір дүкеннен сатып алып немесе айранды езіп қосады. Алайда көжеге дәм беретін – өткен жылдан сақталып қалған, езілген малта құрт. Оның дәмі татқанның таңдайында қалады. «Ескергенге ескі асын сақтайды» деп бабаларымыз бекер айтпаған. Алыс-жуықтағы ағайынына, жекжат-жұратына арнап соғымның сарғайған жамбасын сақтап қояды. Осылай бір дастарқанда бас қосқан ағайындар өзара ымыраға келіп, кешірім сұрасып, төс қағыстырады. Сондықтан бұл күн – сан ғасырлары бойы сақталып келе жатқан мәдениетіміздің ұйтқысы.
Өткен ғасырда солақай саясаттың салдарынан ата-бабамыздың cалған сара жолынан адасып, наурыз мерекесін тойлаудан шет қалғанымыз рас. Ал бүгін тәуелсіздігіміздің арқасында өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылды. Наурыз мерекесі өз деңгейінде тойлануда», – деп ағынан жарылды.
Бұл мерекенің басы 21-наурыз күні Шелек ауылында басталды.
«Армысың, әз Наурыз!» атты мерекелік шарада аудан әкімі Алтай Досумбаев жиналған қауымды құттықтап, соңы ауыл өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Ауылдың орталығына жағалай тігілген киіз үйлер мерекеге көрік қосты. Қыз-жігіт айтысы мен театрланған қойылымдар, қолөнер шеберлері бұйымданының көрмесі салт-санамызбен тарихымыздан дерек береді. Мерекелік шара Қаражота ауылындағы ұлттық спорттық ойындарына ұласып, қыз қуу, теңге ілу, ат үстіндегі аударыспақ, көкпар сынды есті ойындар білекті азаматтардың бәсеке алаңына айналды.
Зорагүл Әбдіқадір