Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМБД) шариғат және пәтуа бөлімі қазақтың жаңа жылы – жыл басы Наурызбен қатар келген Рамазан айына арналған кестені бекітті. 2023 жылғы діни күндер кестесіне сәйкес Рамазан айы 23 наурызда басталып, 20 сәуірде аяқталады. Мұсылман жамағаты асыға күтетін Қадір түні 17 сәуірден 18 сәуірге қараған түнге дөп келіп тұр. Биылғы пітір садақа көлемі 535 теңге болып бекітілді. Ал Ораза айт – 21 сәуір күні айт намазынан соң басталады. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен пәтуалар мен діни жоралғы негізінде қалыптасқан қағидаларға тоқтала кеткенді жөн көрдік.
Мол сауаптан құр қалғысы келмегендер саны жыл сайын артып, тіпті ораза ұстаған жас балалар да көбейген. Жақсылық жасап, садақа беріп жарысатын бұл айдың өзгелерден ерекшелігі сол, Алланың мейірім-шапағатынан үміті бар пенденің бәрі ораза ұстап, оны қаза қылмауға тырысатыны хақ. Ал ораза – мұсылман қауымға парыз етілген басты нығметтің бірі. Алайда барлық мұсылман қаласа да, қаламаса да ораза тұтуы керек деген қасаң қағида жоқ. Мәселен, бала мен ақыл-есі ауысқан, талған немесе мас адамға ораза ұстау парыз емес. Бұлардың санасы толық болмағандықтан, мұндай әмір оларға жүктелмейді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Үш адамға қалам жазылмайды: Балиғат жасына жетпейінше балаға, ақыл-есі түзу болғанға дейін ақылы кеміске, оянғанға дейін ұйқыда жатқан адамға». Көріп отырғаныңыздай, ораза ұстауда сананың саулығы аса маңызды. Демек ораза санасы сау, ақыл-есі түзу мұсылманға парыз етілген. Ақыл-есі кемтар не есінен танып қалған адамдарға уақытша болса да ораза парыз емес. Ақылға орнына келсе, қазасы өтелмейді.
Денсаулығы жоқ, жазылмас сырқатқа душар болған науқас адамға және жолаушыға ораза парыз емес. Бірақ ораза ұстауына діни тұрғыда еш қарсылық жоқ. Ал ораза ұстап жүріп, басқа күндері ораза ұстамаса онда оны қаза етеді. Құранда олар жөнінде былай дейді: «Ораза санаулы күндерде. Кімде-кім науқастанса яки жолаушы болса, басқа күндері өтесін». Жолаушы 90 шақырымнан астам жерге жолаушылап шықса, жолаушы саналып, ораза ұстамауына рұқсат. Бірақ кейін ұстамаған күндерінің қазасын өтейді. Кәрілік жасқа келіп, ораза ұстауға шамалары келмеген жандарға ораза парыз емес. Сонымен қатар хайыз, нифас кезіндегі әйелдер және өзі немесе баласына зиян тиюі ықтимал аяғы ауыр және бала емізген әйелдерге де парыз емес. Кәрі адамдар ораза орнына пидия береді. Олар оразаның қазасын да өтемейді. Қалған жағдайда ақыл-есі бүтін, дені сау мұсылмандардардың оразасын қаза етпей ұстауы ләзім. Әр жылы оралып, жан мен тәннің саулығын арттырып, сауапқа кенелтетін Рамазан айында оразаға ниет еткен халайық ала таңнан ақшам уақытына дейін ауыз бекітіп, жамандық атаулыдан тыйылып, сабыр сақтауға тырысады. Ауыз бекіткендер ғана емес, баршасы мұсылманға харам етілген әр нәрседен тыйылып, ашу-ызадан, тілін жаман сөзден, көзі мен қолын сұқтанудан сақтанады. Рамазан айы басталмас бұрын өткен жылдағы қаза қылған оразасын күндерін өтеген абзал болады. Өтелмей қалған ораза қарыз болып жазылады. Сонымен қатар қаза қылған оразаны өтеп қана қоймай, ақшалай қарыздарды да қайтарған жөн. Қарызды берсе сауап, алса мойнына аманат болып жазылатын дүние екенін ескерсек, құран хадисінде қарызы бар адам қарызын өтемей тұрып садақа бермеуі керек екеніде анық айтылған. Берілмеген зекет те қарыз болып саналады. Қарызын өтеу, зекет беру секілді парызы өтелмеген адамның садақасы қабыл болмайды. Рамазан айында жасалатын құлшылықтарға Шағбан айынан бастап ниет еткен жөн. Бірақ арықтау үшін, денсаулық үшін, жұртқа ілесу үшін емес, Алланың разылығы үшін ауыз бекітуге ниет ету керек. Ал ас ішкенде обырланбай, шақтап, шамаға қарай ішкен жөн. Осылайша ораза ұстауға дайын болған ағзаның иммунитеті де қалыптаса бастайды. Бұл ретте мүмкіндік болса, дәрігерге көрініп, асқазан-ішек жолдарын тексертіп алған да артықтық етпейді. Өйткені биылғы ораза көктемнің қақ ортасында басталғандықтан ағзадағы витамин жетіспеушілігі – авитаминоз жиі мазалайтын уақыт екенін де естен шығармаған жөн. Ораза кезінде ұйқы режимін де ретке келтіріп алу маңызды. Сәресіне ұйықтап қалмау үшін ерте ұйықтап, ерте тұруға ертерек бой үйреткен дұрыс. Себебі сәресіне тұруға ерініп, түнде ауыз бекіте саламын деуге болмайды. «Сәресін ішіңдер, өйткені сәресінде береке бар» дейді. Ораза ұстағанда тұзды, майлы, қуырылған және газдалған өнімдерді аз тұтынған дұрыс. Оның орнына құнарлы, сіңімді әрі жеңіл тамақтарды пайдалану керек. Ас мәзірінде көкөніс пен жеміс-жидек көп болсын. Ішкі-сыртқы тазалыққа баса мән беріңіз. Жаман ойдан арылып, өкпе-реніш, ашу-ызаға бой алдырмаңыз. Жан-дүниеңізді тазалап, мазалап жүрген ойларды еркіне жіберіңіз. Тұла бойды ғана емес, үйді де толық тазалап, мүлдем кимейтін таза киімдерді мұқтаж жандарға таратыңыз. Үйіңізге ескі-құсқыны, керексіз заттарды жинаудың керегі жоқ. Ағайындармен байланысты үзіп алудан сақтаныңыз. Туыстарыңызбен араңыз алшақтап кетсе хабарласып, ренжігендерден кешірім сұрап, ренжіткендерін кешіріп, қарым-қатынасты түзеуге тырысқан жөн. Туыстардың үйіне бару, хабарын алып, хал-жағдайын сұрау, хат жазу, телефон соғу, науқастың көңілін сұрау, қуанышын бөлісіп, қайғы-мұңына ортақтасу – туыстық қатынастың сипаттары. Сондай-ақ көңілі жүдегенді жұбатып, қиналған туысқа қол ұшын беріп немесе орайы келгенде сый-сыяпат жасап та туысқандықты нығайтуға болады. Бұл қасиетті айда ораза ұстағандар үлкен рақымшылыққа ие болып, сауапқа кенеледі. Мұхаммед Пайғамбар (с.а.с.) ораза туралы: «Кімде-кім Рамазан айында Жаратқаннан рақымшылық күту үшін үміт пен сеніммен ораза ұстайтын болса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі», – деген екен. Отыз күн оразадан бөлек, мысалы, арапа күні ораза ұстаған адамның 2 жылда жасаған күнәларін кешіріледі. Ашура күні – Мұхаррам айының оныншы күнінде ораза ұстағандардың алдыңғы 12 айдағы барлық күнәлары жойылады. Пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) үмбетіне: «Ашура күнінде ораза ұстау өткен жылдың күнәсін өтейді» – деп ескерткен болатын. Зул-Хиджа айының алғашқы 9 күнінде ораза ұстаса бір жыл ораза ұстаумен тең. Мұхаррам айында ораза ұстау сүннет болып саналады. Шаабан айында ораза ұстауға қатты көңіл бөлген деген сөз бар. Ал Рамазан айынан кейінгі Шәууәл айының 6 күнінде де ораза ұстаған жөн. «Егер біреу Рамазан айында ораза ұстап және Шәууәл айында тағы алты күн ораза ұстаса, онда ол бір жыл бойы ораза ұстағандай марапатқа ие болады» деген хадис бар. Имам әл-Бұхари мен Имам Муслим риуаят еткендей: «Аллаһ үшін ең сүйікті ораза да – Дәуіт Пайғамбардың оразасы. Ол түннің жартысын ұйықтап, үштен бір бөлігінде намаз оқып, алтыдан бір бөлігінде тағы ұйықтайтын. Бір күн ораза ұстап, бір күн аузын ашып жүретін». Сонымен қатар әр айдың ортасында ұсталатын 3 күндік ораза бар. Мұхаммед Пайғамбар (с.а.с): «Егер айдың ортасында ораза ұстағың келсе, онда 13, 14 және 15 күндері ораза ұста», – деген. Әр дүйсенбі мен бейсенбі күндері ұсталатын ораза жайлы Алла Елшісі (с.а.с): «Адамдардың жасаған істері Аллаға дүйсенбі мен бейсенбі күндері көрсетіледі. Мен өз істерімнің ораза ұстап жүрген кезімде көрсетілгенін қалаймын», – деген екен.
Оразаны бұзатын әрекеттер:
— әдейі бір нәрсені ішіп-жеу;
— темекі шегу, дәрі ішу;
— аузындағы жаңбыр тамшыларын әдейі жұту. Бұл жайлы мына хадисте айтылған: «Ораза кірген нәрселерден ғана бұзылады, шыққаннан емес».
— әйелімен жақындасу (яғни, таң намазынан ақшам намазына дейінгі аралықта, аузы берік кезінде жақындасу оразаны бұзады);
— қоректік қасиеті бар барлық заттарды біле тұра еш себепсіз әдейілеп жеу оразаны бұзады.
— Рамазан айында етеккірі келген әйел мен босанғаннан кейін қан көрген әйел ораза тұтпайды. Өйткені етеккір мен нифас қаны ораза тұтуға кедергі болады. Олар Рамазаннан кейін ораза тұтпаған күндердің қазасын өтеуге тиіс.
Мұндай жағдайларда каффарат оразасын ұстау қажет. Каффарат деп Рамазан айының оразасын себепсіз біле тұра бұзып жіберсе, екі ай қатарынан күн салмай ораза ұстау, оған шамасы келмесе, алпыс кедейді тамақтандырып, тойғызуды айтады.
Мына жағдайларда ораза бұзылмайды:
— ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды, бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек;
— ұйқыдан жүніп болып ояну;
— әйелін сүю немесе денесіне қолын тигізуі. Мұндай жағдайларда егер мәни шықпаса, ораза бұзылмайды;
— аузына келген қақырықты жұту;
— түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсенің тамаққа кетуі;
— құлаққа су кіру, бұлық ағу;
— темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кіруі;
— еріксіз ауыз толы құсу немесе оның ішке қайта кетуі;
— қан алдыру немесе сүлік салдыру;
көзге дәрі тамызу;
— тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды, бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды, дәріні жұтпау шарт;
— ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды, бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет;
— жуыну, теңізге, көлге түсу оразаны бұзбайды, бірақ су жұтып қоюдан сақтануы керек.
— Ауыз берік кезде бала емізу оразаны бұзбайды, әрі оразасына еш зияны жоқ. Рамазан айында емізу оразаны бұзбайды. Алайда емізулі баласы бар және жүкті әйелге ораза тұтпауға рұқсат етілген.
Бетті дайындаған
Жанбота Сұлтанмұратқызы