Тұманбай Молдағалиев атындағы мәдениет үйіне орналасқан №123 сайлау учаскесі таңғы сағат 7.00-де өз жұмысын бастады. Шұғылалы көктемнің шуақты таңында таңғы нәсібін тәңірден күтетін қала халқы жұмысқа бармас бұрын жергілікті сайлау учаскесіне ағылып, өз таңдауын жасауға асықты. Жеті болмай жеткен қарт сайлаушы Зубайда Асанова – осы сайлау учаскесінің алғашқы дауыс берушісі.
Сайлауға белсене қатысқан 79 жастағы кейуана: «Көптен күткен бұл сайлау қазақ елін кемел келешекке бастайды деп сенемін. Намысты жігіттер ел тізгінін ұстаса, еліміздің гүлденіп-көркейетіні анық. Жаңа Қазақстан жаңалыққа, жақсылыққа бастап келеді. Бұл президент ұсынған реформалардың заңды жалғасы десек қателеспейміз. Өйткені бұған дейін Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сенат пен Мәжілістің қызметі қайта қарастырылды. Елдің дамуы үшін қажетті конституциялық заң қабылданды. Президент сайлауы өтіп, қайта сайлану құқығынан айыру және мерзімін 7 жыл деп белгілеу секілді жаңашылдық енгізілді. Енді Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау реформалар бастамасын табысты жалғастыруға тиіс», – деген ойын ортаға салды. Сондай-ақ үміткерлерге сәттілік тілеп, еліміздің гүлденіп-көркеюін, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнауын тіледі. Ақ жарма тілегін арнаған қарияға сайлау учаскесі тарапынан сый-сияпат берілді. Аудан әкімшілігі инстаграмдағы әлеуметтік парақшасы арқылы қала тұрғындарын сайлауға шақырып, азаматтық белсенділік танытуын сұрады. Ел болашағына бейжай қарамаған азаматтар белсенділік танытып, саяси науқанның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.
№123 сайлау учаскесінің төрағасы Алия Сұлтанбайқызының айуынша, осы сайлау учаскесіне қарасты 17 көшеде 2 675 сайлаушы бар. Олардың 652-сі 13.00-ге дейін дауыс берген. Бұл көрсеткішті жоғары деп бағалаған учаске төрағасы: «Мектеп ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста болғандықтан саяси науқанда азаматтық белсенділік танытқан ауыл халқына алғымыз шексіз. Үй жағдайында дауыс беретін 17 адамның отбасына барып, олардың да сайлауға атсалысуына мүмкіндік бердік. Ешқандай тәртіп бұзушылық орын алмады. «Аманат», «Ауыл», «Байтақ», «Қазақстан халық партиясы» сынды партиялардан келген қырағы байқаушылар мен үміткерлердің сенімді өкілдері өз міндеттерін мүлтіксіз атқарды. Бұқаралық ақпарат құралдарынан келген тілшілер де сайлау барысының әділ өткеніне куә. Өз жұмысын тыңғылықты атқарған №123 сайлау учаскесінің төрағасының мәліметінше, түсткен кейінгі уақытта сайлаушылар легі сиреп, бар-жоғы 48 адам дауыс беруге келген. Оның 300-і «Аманатқа», 115-і «Ауыл», 90-ы «Республика», 35-і «Байтақ» партиясына дауыс берсе, 70-і «Қазақстан халық партиясына», 30-ы «Ақжол», 60-ы «Жалпыұлттық демократиялық партиясына» дауыс берген.
Бұл сайлау – болашаққа деген үлкен жауапкершілік. Әр азамат өзі қалаған үміткерге дауыс бере отырып, Отанымыз бен отбасымыздың дамуына үлес қосуға мүмкіндігі бар», – деген ойымен бөлісті. «Ақжол» партиясының атынан келген байқаушы Әсем Байшыгашова сайлау барысында ешқандай заңға қайшы іс-әрекет болмағанын атап өтті. Бұл айтылғандарды «Байтақ» жасылдар партиясынан келген байқаушы Әлия Маратқызы да қостады.
Есік қаласы Қ. Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектепте орналасқан №126 сайлау учаскесі төрағасының мәліметінше, осы учаскеге тіркелген 1659 сайлаушы бар. Сағат 14.00-ге дейін олардың небары 151-і өз таңдауын жасаған. Осы уақыт аралығында енді ғана 18-ге толған жас сайлаушының тең жартысы сайлауда берілген мүмкіндіктерін толық пайдаланды. Ал отбасы жағдайында 6 азамат дауыс беруге өтініш білдірген. Сайлаушы Разиям Даулетярова өз таңдауын жасырып қалғанымен, айтар ойын жасырмады: «Әр жолғы реформадан үлкен өзгеріс күтеміз. «Үмітсіз – шайтан ісі» деген бар. Биліктің басы-қасында ар-намысы асқақ азаматтар жүрсе екен дейміз. Бүгінгі таңда ең өзекті мәселе – халықтың әл-ауқатын арттыру. Зат бағасы күн сайын шарықтап барады. Айлығы шайлығынан артылмайтын халықтың бар қалауы да осы. Ендігі атқамінер азаматтар өз ұлтының жанайқайын тыңдап, назына құлақ түреді деген ойдамын. Мен Алтын адам аллеясында тұрамын. Ол – облысқа қарасты орталық көше. Бар әлемнің назарын аударған Алтын адамның атымен аталған көшенің ойлы-шұңқыры көп. Бұл жолмен қарапайым халық та, атағынан ат үркетін әкім-қаралар да өтеді. Қолында құзіреті бар азаматтардың назарына қашан ілінер екен?!» – деп налыды. Еңбекшіқазақ ауданына қарасты барлық ауылдық округтерде сайлау ойдағыдай өтті деуге болады. Қайназар ауылына қарасты №200 сайлау учаскесі де келушілерді кедергісіз қабылдады. Дауыс бере келген Райхан Жанбосынова сайлаудың бәсекеге толы саяси науқанға айналғанын, жасынан жасамысына дейін ат салысқан ауыл халқы жарқын болашақтан үмітті екенін жеткізді. Ал Бәйтерек ауылы бойынша жалпы 5 сайлау учаскесі және №18 округтік сайлау участогі бар. Мұндағы жалпы сайлаушылар саны 8 862 адам. Осы ауылдағы 5 сайлау учаскесіне 15.30-ға дейін келіп дауыс берген сайлаушылар саны 4 495 адам болып ол жалпы сайлаушылардың 50,7 пайызын құраған. Бұл туралы аудан әкімшілігінің инстаграмдағы парақшасында айтылды. Ал желі қолданушылардың бірі бұл сайлаудан үлкен үміт күтетінін жеткізсе, «Бәрі көзбояушылық, халық қашан таңдау жасай алушы еді?!» деген сынды сыңар жақ пікір білдіргендер де аз болмады. Есік қаласында орналасқан №126 сайлау учаскесінің төрағасы: «Сайлау нәтижесі туралы бар мәліметті аудандық орталық сайлау комиссиясының төрағасы Ержан Амирдинұлынан аласыз», – деп ақпарат беруден бас тартты. Ал қала бойынша сайлау науқанының қалай өткені туралы сұрағымызға Ержан Амирдинұлы уақытының жоқ екенін айтып, ат тонын ала қашты. Жауапты міндет арқалаған азаматтардың бұл әрекетін қалай ойласақ та түсіне алмадық.
Жеңіс тұғырынан көрінген партиялар мен болашақ депутаттар нәтижелі жұмыс істейтініне сенімдіміз!
Зорагүл Әбдіқадір