Сайлау – болашаққа жасалған басты қадам

Сайлау – болашаққа жасалған басты қадам

Мәжіліс пен жергілікті мәслихат депутаттарын сайлау – ел өміріндегі аса маңызды және халықты ұйымшылдыққа үндеп, бірлікке шақыратын саяси науқан. Бұл жолғы кезектен тыс Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы жаңа Қазақстандағы саяси жаңғырудың басты көрінісі десек қателеспейміз. Әлеумет әлеуетінің артуы мен әр саладағы өсіп-өркендеуге жасалған игі қадамның ел өркениетіне берері мол.

Дауыс беру Конституцияға енгізілген өзгерістерге сай жаңа ереже бойынша жүзеге асты. Яғни 2004 жылдан бері алғаш рет халық қалаулылары аралас жүйемен сайланды. Бұл науқанға тыңғылықты дайындалған талғарлық сайлаушылар белсенділік танытты. Аудан бойынша 85 сайлау учаскесі жұмыс істеп, 160 392 тұрғын өз таңдауын жасады. Әсіресе ақсақалдар мен ақ жаулықты апаларымыз ерте келіп, ел болашағына қатысты маңызды сәтте өзгелерге үлгі болды. Талғар ауданы орталық сайлау комиссиясының төрағасы Дәулет Алтанұлы: «Талғар ауданы бойынша 25 учаскелік сайлау комиссиясы, одан бөлек 25 аумақтық сайлау учаскесінің ішінде үшеуі облысқа жатады. Жалпы 85 сайлау комиссиясы жұмыс істеді. Оларда барлығы 678 адам қызмет етті. Ал аумақтық сайлау учаскесінде 125 қызметкер бар. Бұл адамдардың 85%-ы өз ісінің маманы болса, 15%-ы ғана жаңадан келіп қосылғандар. Сайлаудың алдында комиссия мүшелерінің барлығы дерлік 100% арнайы тесттен өтіп, сертификаттарын алған. Сондықтан мен білікті мамандар жұмыс істеді деп ойлаймын. Дауыс беруге келе алмаған қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін сайлау күні арнайы жылжымалы жәшік арқылы дауыс беруге мүмкіндік берді. Олармен бақылаушылардың да бірге баруына рұқсат етілгенін айта кету керек. Мәжіліс депутаттары партиялық тізіммен өтеді. 30%-ы бірмандаттық яғни өз-өздерін ұсынған азаматтар. Облыста 50/50 партиялық тізіммен өтті. Талғар аудандық мәслихаты бойынша 25 адам мандатқа түсті. Өзін-өзі ұсынған адамдардың саны 75. Тіркелгенге дейін сайлауға түсіп жатқаны 61 адам. Қалғандары өз арыздарымен кандитураларын ары қарай жалғастырмады. Ал 5 адам тіркеуден бас тартты. Сонымен қатар облыс бойынша 10 кандидат бар. Ішінде тіркеуден өткені 9. Біреуі белгілі себептермен сайлауға түсуден бас тартты», – деген ақпар берді.


Талғар қаласындағы Абай атындағы №3 жалпы білім беретін орта мектепте орналасқан №837 сайлау учаскесі де таңғы сағат 7:00-де өз жұмысын бастады. Аталған учаскеде тіркелген 2490 адамның сағат 11:00-ге дейін 200-ден астамы ғана дауыс берген. Олардың ішінде кәмелет жасқа енді толған жастар да, сексеннің сеңгірінен асқан қарттар да бар. Сондай-ақ дауыс берушілердің ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар да болды. Оларды өз өтініштері бойынша арнайы техникамен жабдықталған инватакси алып жүрді. Сайлау учаскелері де қажетіне қарай арнайы кабинкалар, шам, ұлғайтқыш әйнектермен жабдықталды. Сонымен қатар денсаулығына байланысты үйінен сыртқа шыға алмайтын қала тұрғындарының үйлеріне №837 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері жылжымалы сайлау жәшігін жеткізді.
Бұл сайлаудың өзге науқандардан жөні бөлек болды. Әсіресе бақылаушылар жағы қатаңдық танытты. Әр дауысты қалт жібермей қадағалап, сайлау әділ өтуі үшін арнайы бейне бақылаулар жасау мақсатында камера да қойылған. Комиссия мүшелері де өз міндеттерін барынша байыппен атқарды. Сайлау комиссиясының хатшысы Самал Курумбаева: «Сайлау мүшелері 5:35-те жиналдық. Алгоритм бойынша жұмыс істедік. 06:10 минут кеткенде бақылаушыларды тіркедік. Ал 6:30-да дауыс беру жәшігінің қақпағы жабылып, мөр басылды. 6:55-те сайлау учаскесін ашық деп жариялап, ҚР әнұранын орындадық. Алғаш болып келген 3 сайлаушыға және қарт кісілерге, он сегізге толған тұрғындарға сый-сияпат табыстадық. Ешқандай заң бұзушылық тіркелмеді», – деген ақпарды алға тартты.
Тәуелсіз бақылаушы Клара Асылбек болса: «Біздің басты мақсатымыз – дауыс беру сәтін бастан-аяқ бақылау, сонымен қатар Қазақстандағы саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдай контекстінде сайлауды қадағалау және бағалау үшін кеңірек контексті қамтамасыз ету. Ешқандай заң бұзушылықты көрмедім, сайлау тыныш өтті. Сайлаушылардың басым бөлігі үлкен кісілер болды», – деді.
Сайлауға келген тұрғындарды да сөзге тарттық. Жұбайымен бірге келген қала тұрғыны Болатбек Тоқтасынов өз ойын былай деп жеткізді: «Бүгін – еліміз үшін айтулы күн. Бұл сайлаудан үлкен үміт, жақсылық күтеміз. Келешегіміз бен балаларымыз үшін алаңдаймыз. Сайланатын депутаттар қоғамымызға жаңа бастама әкеледі деп сенеміз. Мемлекетімізді дамытып, әділетті Қазақстанды орнатады деген үміттеміз». Ал жұбайы Гүлбахар Дәулетқызы: «Елдің бірлігі мен болашағы үшін дауыс беріп, өз таңдауымды жасадым. Сайлау жұртымызды ортақ мақсатқа біріктіретін игі іс-шара болады деп сенемін. Алла Тағала халқымыздың тілеуін қабыл, болашағымызды жарқын еткей! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, мемлекетіміз өрлеп, өркендей берсін!» – деген ақжарма тілегін білдірді.
Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №7 жалпы білім беретін лицей орта мектебінде орналасқан №838 сайлау учаскесінде де дауыс берушілердің қарасы көп болды. Сайлау учаскелік комиссиясының төрайымы Ақерке Орынбаеваны сайлау барысын былай деп баяндады: «Сайлауда заң бұзушылық тіркелген жоқ. Осы жолғы Мәжіліс пен мәслихат сайлауында қала тұғындары белсенділік танытты. Бірінші болып келген апамызға өзіміздің кішігірім сыйлығымызды табыстадық. Президенттік сайлауда біздің учаскеге 1017 адам тіркелген еді. Кесте өзгеріп, осы сайлауда сайлаушылар саны 2534-ге өсті».
Жақында ғана 18-ге толған Аягөз Абылайқызы биыл алғаш рет сайлау құқығына ие болып, өз таңдауын жасады. «Мені елімнің ертеңі қалай болатыны алаңдатады. Біз – жастар әділетті, демократиялық мемлекетте өмір сүргіміз келеді. Ал ол үшін қарап отырмай, әрекетке көшу керек екенін, өз үлесімізді қосу қажет екенін жақсы түсінеміз. Заң шығарушы билікке баратын депутаттар қатарын қалыптастырып, оларға халықтың талап-тілегін жеткізу арқылы қоғамның дамуына өз үлесімізді қоса аламыз. Сайлауға белсене қатысу халық билігінінің мақсат-міндеттерін жүзеге асыратындықтан мен өз даусымды бердім», – дейді бойжеткен.
Сайлауға қатысты даудың басы Шымкенттен басталса, өкілетті тұлғалардың бұл заңбұзушылықты талқылаған аудиожазбасы да жарыққа шықты. Одан бөлек, осыған дейінгі сайлауларда тіркелген бюллетендерді топтап салу, бір адамның бірнеше сайлау учаскесінде дауыс беруі сияқты заңбұзушылық та көп кездесті. Мұндай жағдай Кеңдала ауылдық округіндегі №38 мектепте де тіркелді. Бақылаушыға мектеп директоры мен әкімдік қызметкері 100 шақты бюллетенді Айман Тұрсынханға және басқа партияның кандидаттарына арнап сайлау жәшігіне салуды сұраған. Комиссия мүшесінің сөмкесінен жүзге жуық бюллеттенді көрсеткен видеосы әлеуметтік желіге тарады. Полиция шақырылып, арыз жазылған. Бірақ мұндай заңбұзушылықтар жаңа Қазақстанды жасақтауда үлкен кедергі екенін ескерсек, болашағымызға өз қолымызбен балта шауып отырғанымызды да жете түсінетін уақыт әлдеқашан жеткен. Өкінішке қарай бұл үрдістен әлі күнге дейін арыла алмай келеміз. ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының сайлауды бақылау комиссиясы 20 наурызда жариялаған мәлімдемесінде: «Бақылаушыларымыз өздері болған 128 cайлау учаскесінің 58-інде процедуралық қателерге байланысты дауыс санау процесін теріс бағалады» деген ақпар таратты.
Сонымен қалалық сайлау учаскелері өз жұмысын қалыпты жағдайда атқарды деуге болады. Бұл ретте тұрғындардың саяси белсенділігінің артуы, ел ертеңіне сенім білдіруі қуантты.

Кәусар Әбдікерім