Мәһр алу маңызды ма?

Мәһр алу маңызды ма?

Қазақ салтында қыз айттырғанда «қалың мал» сұрау дәстүрі бар. Оның өзінде оңды-солды айта салмай, құдалар өз арасында жігіт жақтың әлеуметтік жағдайын ескере отырып «неке келісімін» жасайды. Құда түсіп, «неке келісімі» жасалған соң, дала заңы бойынша күйеу жағы келісілген «қалың малды» төлеуге тиіс. Ол ақшалай, малдай немесе заттай сыйлықтар болуы мүмкін. Бұл – қазақтың ежелден келе жатқан дала заңы бойынша қалыптасқан дәстүрі. Айтпағымыз ол емес, бүгінде қазақ қоғамында түрлі айтыс-тартыс тудырып, көп талқыға салынып жатқан, қалың мал кәдесінен бөлек, күйеу жігіттің қалыңдыққа шариғат жолымен беретін сыйлығы – мәһр жайында болмақ.

Қазіргі уақытта дінге деген бетбұрыстың күшеюіне байланысты көп адам мәһр сұрау деген шариғат үкімін салтпен шатастырып жүр. Мәселенің басын ашып алу үшін астын сызып айта кетейік, «мәһр» – салт бойынша сұралатын сыйлық емес, шариғат жолымен неке қиғанда сұралатын, нақты мөлшері жоқ және тек күйеу жігіттің қалыңдыққа беретін сыйлығы. Дін өкілдерінің түсіндірмесіне жүгінсек, мәһрді шариғат үкімі бойынша әкесі немесе атасы қыздың атынан қабылдап алуына болады, бірақ оны өздері иеленіп алуына болмайды. Мәһрді иелену құқы қыздың өзіне ғана тиесілі. Қалың мал мен мәһр өзара алмасатын сый болғандықтан оның нақты мөлшері белгіленбеген. Бірақ қазіргі таңда пендешілікке салынып екі жақтың шын сыйластығы мен шынайы құрметінен бұрын, өзара алыс-беріске ерекше мән беріп, дүниеқоңызданып жататындар да жоқ емес. Бұл жағдай мәһр сұрайтын қалыңдықтарға да қатысты. Осыған байланысты қаулап кеткен қоғамдық дертті қозғап, қалыңдық атаулыға ақылын да айта кеткен белгілі драматург Сая Қасымбек ұсынған мына бір оқиғаны назарларыңызға ұсынбақпыз. Бүгін тойға дайындалып отырғам. Қыз жағынан баруым керектін. Қыздың шешесі қырық жылғы сыйласым еді. Қыздарым келеді деп бәлішке қамыр ашытып жатсам, звондайды. Еңіреп тұр. Зәрем қалмады. Сөйтсем, кеше қыз бен күйеу мешітке некеге тұруға барады. Әлгі мәһрде қыз қарап отырмай ең қымбат (маркасын айтып еді, ұмытып қалдым) машинаны сұрапты. Өткенде болашақ күйеу баласымен бірге той қамымен жүргенде кездейсоқ ұшырасып қап, бірбеткейлеу жігіт екенін байқап қалғам.
Болашақ жары ең қымбат машина сұрағанына шарт еткен күйеу бала үнсіз орнынан тұрып, «той болмайды!» депті де, ешкімге қарамай кетіп қалыпты?! Бір досы машинаға мініп үлгеріпті. Қасындағы досы арқылы қыздың «ойнап айттым» дегенін естіп, «құдайдың үйінде ойнайтын қатын керек емес!» деп шорт кесіпті. Екі ортада тойға шашылған шеше еңіреп тұр. Күйеу жақтағы құдағимен хабарласса «Балам бетбақтырмайды. Біз жақта да той болмайтынын жарияладық. Баламыз Астанаға кетіп қапты. (жігіт Астанада жұмыс істейді) Қызыңыз өзінен көрсін» депті. Жұбатарға сөзім жоқ?! «Сәке, қыз тумадым деп өкінбе. Мисыз қыздың барынан – жоғы. Ел-жұртқа масқара болдым. Қалталы, ақылды күйеуді құдай берудей-ақ беріп еді, қыз ақымақ болса қиын екен» деп, тойдың болмайтынын айтты. Кенжесі болған соң бетінен қақпай өсіріп еді, байдан қайтқаннан ауыр жайтқа ұшырағанын айтсаңшы?.. Тойдың болмай қалуы… Некеде отырып, мынадай күйге ұшырау деген жақсы емес әрине. Біздің кезімізде еш мәһр-сәхерсіз-ақ неке қиып, пәтер жағалап жүріп-ақ бала туып, үйлі боп ек.. Арабтың салтын сонша әспеттегеннен не шықты енді? Қыздарым-ау, әлігі маһр дегенге жөнсіз дүние сұрамай-ақ, жігіт жақсы екенін көрсең тиіп алсаңдаршы. Саналы жігіт өзі-ақ отбасы жүгін мойнына алады. Қызының еркелігі желкесінен шыққан шешесі инфаркт боп, реанимациядан бір-ақ шығыпты. Кетіп қалған жігіт Бодрумнан үй сатып алып, той күні қалыңдыққа сюрприз жасағалы отыр екен. Қиын… Өмір – миллиондаған қателіктердің жиынтығы ғой. Жастар орынсыз қателікке ұрынып қалмаса деген ой ғана…», – дейді ел анасы. Бұл талай тағдырды талқандап жатқан көп оқиғаның бірі ғана. Осындай болар-болмас дүниенің кесірінен ажырасып кетіп, шаңырағы ортасына түскен қанша отбасы бар?… Сананы тұрмыс билегенмен, тұнығы лайланбаған жас қыздардың мұншалықты араны ашылып, болашағынан бұрын тумысынан боқ дүниені алдымен ойлауы жақсылықтың нышаны емес.


Бұрын баланы ата-ана тәрбиелесе, қазір интернет пен былайғы жұрттың санасын тым тез жаулап бара жатқан түрлі діни ағымдардың ықпалы зор болып тұр… Соның салдарынан неке қию рәсімінде отбасылық құндылықтар туралы түсінігі тым таяз көп қыздар жігітінің шамасына қарамай қымбат дүние сұрап мысын құртады және оны міндет деп ойлайды. Шындығында, мәһр сұраудың мақсаты сыйлық алу емес, алдағы қиын күндердің қамы үшін екенін біреу білсе, біреу білмейді. Құдай бетін әрі қылсын, ол күйеуі өмірден өткен немесе қандайда бір жағдаймен қиындыққа ұшырағанда, ажырасқан жағдайда әлгі мәһрді сатып, 2-3 ай өмір сүре алатын болуы керек делінеді шариғатта. Мұхаммед пайғамбар мәһрге Құран сүресін оқып беруге де болады деген екен.
ҚР Діни басқармасының уәжіне зер салсақ, шариғат бойынша мәһр беру – уәжіп. Бірақ ол некенің шартына кірмейді, яғни мәһр берілмей қиылған неке де дұрыс болып саналады. Ханафи мазһабы бойынша, мәһірдің ең аз мөлшері – 10 дирхам. Сахабалар өмір сүрген араб халифаты заманында 10 дирхам бір алтын динарға тең болған дей келіп, мынадай үкім етеді:
1. Мәһр – қалыңдықтың ақысы. Келісілген мәһрді бермеу – күнә.
2. Мәһр ақшалай немесе заттай беріледі. Оның сипаты мен мөлшері анық көрсетілуі керек,
3. Мәһрдің ең аз мөлшері 10 дирхам, яғни 4,25 гр алтын немесе оның құнына тең болуы тиіс. Жоғарысының шегі жоқ, бірақ оны екі жақтың жағдайына қарап белгілеген орынды. (Ақпар үшін айта кетейік, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі белгілеген биылғы жылдың кыркүйек айындағы бағамы бойынаша елімізде 1 грамм алтынның бағасы 14 606,82 теңгені құрады).
4. Мәһрді бірден беруге шамасы жетпесе, оның бір бөлігін алдын ала беріп, қалғанын кейін бере алады.
Міне, көріп отырғанымыздай, мәһр сұрау анау айтқандай маңызды да, міндетті де емес. Сондықтан отбасының алтын діңгегі болар келіндер мен қалыңдықтар ең алдымен отбасының амандығын, ошақ қасының тыныштығын ойласа екен дейміз.

Жанбота Сұлтанмұратқызы