Адамдар бір-біріне деген сенімнен, құрметтен қалған мына уақытта қомақты несие алған адамға кепіл болатын адам табу қияметтің қайымы екенін белгілі. Ал осындай жағдайда мүмкіндігі шектеулі немесе әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасына ешкім кепіл болмайтыны да түсінікті. Сондықтан Отбасы банкі осындай адамдардың жағдайын ескеруі керек еді. Мүмкіндігі шектеулі, әлеуметтік жағдайы нашар адамдардың қазіргі халі үй алмақ тұрмақ, күнделікті ішіп-жемін ажыратуға да жетпейтін мына қымбатшылықта бұл мәселенінің де оң шешімі болуы керек, халықтың жайы тең дәрежеде ескерілуі керек емес пе?… Мүгедек, көпбалалы, тұрмысы нашар, жұмысқа қабілеті жоқ адамдардың бар үміті қазір қоғамдық қорлар мен қайырымды адамдардың қаражатына қарап тұр. Бұл – ащы шындық және адами факторды алға қоятын қоғамға сын жағдай. Әділдік қайда?!
Ресми дерек бойынша Қазақстанда пәтер кезегінде тұрғандардың ұзын саны – 623 мың адамды құрайды. Олардың 70 %-ы тұрмысы төмен отбасылар. Тұрғын үй кезегі жылдап жылжымайтыны тағы бар. Сол себепті қарапайым халықтың барлығы дерлік баспаналы бола алады дегенге қазір бала да сенбейді. Елде баспаналы болу мәселесі өте қиын екені айтпаса да түсінікті. Естеріңізде болса, 2019 жылы Астанада пәтер жалдап тұратын бір үйдің 5 баласы түгел тірідей жанып кеткен кезде жаны шырылдаған халық баспана мәселесін алға тартып дүрк көтерілген. Үкімет осы кезде «Бақытты отбасы» бағдарламасын іске қосты. Оның да шарттары қалтасы тесік қарапайым халықтың жағдайына лайық емес. Қарап көріңіз. «Бақытты отбасы» – табысы төмен отбасыларға арналған тұрғын үй бағдарламасы. Әкімдік кезегінде тұрған көпбалалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады. Несиенің жылдық мөлшерлемесі: 2% (ЖТСМ 2,1%-дан бастап);
— Бастапқы жарна: 10%;
— Несие мерзімі: 19 жылға дейін;
— Несие сомасы (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау): 15 млн теңгеге дейін;
— Несие сомасы (өзге өңірлер): 10 млн теңгеге дейін.
«Бақытты отбасыға» бағдарламасына қатысуға ниетті отбасы табыс көзін растауы міндетті. Отбасы мүшелерінің атында басқа үй болмауы шарт. Сондай-ақ отбасы мүшесінің соңғы 6 айдағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен аспауы керек. Тұрғын үйді әкімдікте кезекте тұрған аймақта ғана сатып алуға болады.
Әкімдікте баспанаға мұқтаж тұлға ретінде кезекте тұрған адам келесі мәртебеге ие болады:
— Көпбалалы отбасы;
— Жетім балалар және ата-анасыны қамқорлығынсыз қалған балалар;
— Толық емес отбасы;
— I және II топтағы мүгедектігі бар тұлғалар;
— Мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасы.
— Заем мөлшерлемесі жылдық 2% (ЖТСМ 2,1%-дан бастап);
— Ең төменгі бастапқы жарна заем сомасының 10%-ы;
— Заем мерзімі 20 жылға дейін.
Тапқаны қапқанына жетпей отырған тұрмысы төмен отбасылар мен екі қолға бір күрек іздеп, кездескен қара жұмысты істеп, әркімнен 5-10 теңге алып нанын әрең ажыратып, зорға күн көріп жүрген жандар қай табысын растап жатады? Ал мұндай жағдайда жүргендердің қайбір денсаулығы болады? Тіпті өйтіп-бүйтіп ипотекаға қол жеткізді деген күннің өзінде оны толық төлей алатынына кепілдік те жоқ қой. Міне, мәселе қайда жатыр?… Бізде неше түрлі бағдарлама бар, бірақ соның қарапайым халық мүддесіне жұмыс істейтіні шамалы. Қайда қанша пәтер салынса да алдымен ақшасы барлар сатып алады да, оны кедейшілік кебін киген пәтер жалдаушыларға жалға береді. Қазір бұл мемлекеттік деңгейде айтылып жүрген мәселе екені де жасырын емес. «Айтпаса сөздің атасы өледі», осы тенденция бұзылмай мың бағдарлама қабылданса да қарапайым халық түгел үйлі бола алмайды. Шындық осы.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркін Дауылбаев былай дейді: «Бюджет қаражатының да шегі бар. Басқа да әлеуметтік салалардың мәселесі жетерлік. Тек тұрғын үй емес қой. Солардың бәрін ескере отырып бүгінгі таңда біз әр жылы 20 000-ға жуық тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың мәселесін шешіп отырмыз». Егер жылына осынша адам үйлі болып жатса неге мұқтаждар саны азаймайды? Ешкімге алақан жайғысы келмейтін халықтың бір бөлігі жоқтан-бардан құрап-сұрап жаздық үй болса да салып алады. Үкімет айтып отырған бұл бағдарламалар туралы білмейді де, естігісі де келмейді. Себебі қолы жетпейтінін, оған шамасы келмейтінін біледі. Біздің елде бұдан бөлек ипотекалық бағдарламалар да жеткілікті. Оның ішінде «7-20-25», «Шаңырақ» (5-10-20) пилоттық жобасы, «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Арнау» депозиті, «Жас отбасы» бағдарламасы, «Ұмай» әйелдер ипотекасы, жөндеу жұмыстарына арналған «Ұмай» несиесі, «Әскери баспана», «Алатау жастары» бағдарламасы сияқты аты дардай жобалар бар. Алайда бұлардың қай-қайсысының шарттарын қарасаңыз да аяқтан тұрғызған былай тұрсын, шалатын тұсы көп. Бұл ретте сарапшылар пікіріне назар аударсақ, ипотекалық бағдарламаларда көрсетілген пайыздық мөлшерле төмен болғанымен, үй бағасы удай. Демек қолжетімді деп жүрген бағдарламалар бойынша үйлі болу жағдайы қолжетімсіз күйде қалып отыр деген сөз. Өйткені күйкі тірліктің күйбеңіне ерген жұрт табысының 60%-дан астамын тамаққа жұмсайды. Мұның сыртында көлік, жолақы, коммуналдық шығындардың өзі шаш етектен. Киім-кешек керек дегендей. Бұған күнде қымбаттап ырық бермей кетіп бара жатқан бағаны қосыңыз. Осының барлығын есептегенде қарапайым адамның ипотека төлеп, үй алу мүмкіндігін өзіңіз де бағамдап отырған боларсыз. Иә, баспана – «қысқа жібі күрмеуге келмей» жүрген көптеген қазақстандық отбасының басты мәселесі. Осыған байланысты бірер адамға болса да көмегіміз тиер деген ниетпен Отбасы банкі ұсынған ипотекалық бағдарламалар туралы азды-көпті мәліметтерді де назарларыңызға ұсына кетейін. «Үмітсіз – шайтан» деген… «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының атауы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 11 мамырдағы тапсырмасына сәйкес осы жылдың 20 желтоқсанында «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы болып өзгергені мәлім. Банктің жалғыз акционері мемлекеттік акциялар пакетіне 100% иелік ету және пайдалану құқығы бар «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ. Бұл банк мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының басты операторы ретінде тұрғын үй, құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын басты қызметін жалғастырады. Бүгінде аталмыш банк тұрғын үйді есепке алуды, бөлуді орталықтандырып және оны жүзеге асыратын толыққанды даму және қолдау институтына айналады. Нәтижесінде азаматтардың қолданыстағы кезек жүйесін әкімдіктерден «Отбасы банкіне» беру және тұрғын үйге мұқтаж барлық азамат үшін «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» құрылды. Бұл жағдайда азаматтар тұрғын үйге мұқтаж екенін растау, кезекке тұру, содан кейін несие алу үшін бірнеше инстанцияға (бір-біріне бағынышты мемлекеттік органдар, мекемелер жүйесіндегі сатыға) жүгінбейді.
Мәселен, айлық табысы 100 мың теңгеден аспайтындар да банктің тиімді бағдарламалары арқылы үйлі бола алады. Ол үшін депозитте кемінде үш жыл баспана құнының 50%-ын жинау керек. Осыдан кейін банк жылдық 3,5%-дан 5%-ға дейінгі мөлшерлеме шегінде тұрғын үй заемын тағайындайды. Әр адам депозитке аударатын ай сайынғы соманы айлық табысына қарай белгілей алады. Ең бастысы, салымды үзбей, уақтылы ақша құйып отыру қажет. Өйткені бағалау көрсеткіші депозитке аударылған қаржы негізінде өсіп отырады. Ол үшін бағалау көрсеткіші кемінде 16-дан асуы қажет. Банк тек мемлекеттік бағдарламалар бойынша ғана жұмыс істемейді. Ол қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың негізгі операторы болғандықтан, мемлекеттік бағдарламаларға қатыспайтын тұрғындар үшін де әр түрлі жеңілдіктер мен бірнеше заем түрлерін ұсынады. Мұндағы ипотекалық несиенің мөлшерлемесі екінші деңгейлі коммерциялық банктермен салыстырғанда әлдеқайда төмен және тиімді. Мәселен, 2021 жылы Отбасы банк берген тұрғын үй заемының 79%-ы баспана алу үшін рәсімделген. Отбасы банк салымшылары кез келген ауданнан жаңадан салынған және бұрын қолданыста болған үйлерді тиімді несие шарттары бойынша рәсімдей алады. Осы орайда салымшылар былтырдан бастап іске қосылған «Baspana market» қызметін пайдалануға мүмкіндігі бар. Бұл арқылы азаматтар банкпен серіктес құрылыс компаниялары жаңадан салып жатқан немесе салынып қойған қолданыстағы үйлерге заем рәсімдеуге өтініш береуге болады. Сондай-ақ Baspana market-те таңдалған нысанның сипаттамасымен танысып, қолжетімді пәтерлер санын, олардың құны мен жобасы туралытолық мәлімет алуға мүмкіндік бар. Отбасы банкінің Baspana market-і – Қазақстан азаматтарының бір жерден тұрғын үй таңдап, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға өтініш беріп, құрылыс иесінен банк бағдарламалары аясында оңтайлы пәтер таңдауына мүмкіндік беретін жалғыз портал. Платформаға күнделікті 5 мыңнан астам адам кіреді. Мемлекеттік сыйлықақы жылдың басында тұрақты түрде барлық депозиттерге бір уақытта аударылады. Яғни салымшы жыл соңына дейін жаңа депозит ашып, онда қаржы құйса немесе қолданыстағы депозитіне салым жасап үлгерсе, сол уақытта депозитте тұрған қаржы көлеміне сәйкес мемлекеттік сыйақы ала алады. Егер қолыңызда тұрғын үй сомасының 50%-ы болса, ипотекалық қарыз алу үшін үш жыл күтпей-ақ, жаңа депозит ашып, тиесілі қаржыны толығымен құйып,тұрғын үй несиесін рәсімдеуге өтініш бере аласыз. Банк өз кезегінде пәтер құнының 100% мөлшерінде 7-8,5%-ға дейінгі мөлшерлемемен несие береді. Ол уақыт өте келе 5%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Банк үш жыл ішінде салым сомасына 2% сыйақы мен 20% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақыны қосып отырады. Қарыз алушы осы уақыт аралығында тұрғын үй алуға жетпеген пәтер құнының 50%-ын емес, банк берген толық соманы өтейді. Тек жинақтау кезеңі аяқталған соң аралық заемнан 3,5-5%-ға дейінгі мөлшерлемемен тұрғын үй заемына ауысуға болады. Депозиттен түскен қаражат толығымен негізгі қарызды өтеуге кетеді. Бұл ретте несиелендіру мерзімі 25 жылға белгіленіп, баспананың негізгі құны 90 миллион теңгеден аспауы керек. «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова қазір қазақстандықтар жеңілдетілген ипотека алу үшін жалған түрде ажыраса бастағанын тілге тиек етті. Бұл да жаппай белең алып бара жатқан жаман үрдістің бірі. Айтуынша, несие беру бойынша үш жылдық кезеңнің қорытындысына талдау жүргізгенде, сараптамаға сәйкес, «толық емес отбасылар» санаты соңғы төрт жылда жылдам қарқынмен өсіп келе жатқандығы байқалған. «Қазақстанда 2017 жылы 54 626 ажырасу тіркелген. 2018 жылы олардың саны 54 797-ге дейін өсті. 2019 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда 5 мыңға артық және 59 796-ға жетті. Коронавирус таралған кезеңде, ажырасуға өтініш беру күрделене түскенде көрсеткіш 48 мыңға дейін азайды. 2021 жылы қайта өсіп, 48 239 (ажырасқан отбасылар) болды. Біз жалған ажырасу себептерінің бірі – адамдардың кезекке тұрғысы келуінде деп санаймыз.
Қазіргі таңда осыған байланысты толық емес отбасылардан өтініш көп түсіп жатыр. Әсіресе, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша ресурстардың тапшы болуына орай, биыл бізге 51 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат шамамен 5 мыңға жуық отбасыға жетеді. Бұл ретте маусым-шілде айларында 35 мың отбасы өтініш білдірген», – деді Сенаттың Үкімет сағатында басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова. Сондай-ақ «Отбасы банкі» басшысы жалға алу төлемдерін субсидиялау түрінде көмек алуға құқығы бар санаттардың тізбесін «толық емес отбасылар» санатымен толықтыру ұсынылғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағыттағы бағдарламаға табысы жоғары адамдар қатыса алмайды. «Дегенмен бұл санаттағы адамдар «Шаңырақ» бағдарламасы аясында қамтылып отыр және 5 пайызбен несие ала алады», – деді ол. Сондай-ақ ол 2022 жылы банк өз салымшыларына қазіргіден де сапалы қызмет көрсету мақсатында сервистерді дамытуды жалғастыратынын, биыл «Отбасы банк» ұлттық даму институтына айналып, оның базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы ашылып, баспанаға мұқтаж жандарды бір орталықтан есепке алу тетігі іске қосылатыны хабарлады. Айта кетейік, банктің ресми мәліметі бойынша, биыл «Отбасы банк» Азия даму банкімен жалпы сомасы 38 млрд теңгеге әйелдерді несиелендіру туралы келісім жасап, өткен жылы 8,4 млрд теңге көлеміндегі бірінші транш игерілді. Оған 954 несие берілді. 25.07.2022 жылы әйелдерді несиелендіруге бөлінген екінші транш, 14 млрд теңге толық игерілгеннен кейін, өтінімдерді қабылдау уақытша тоқтатылды. Ол бойынша 1120 несие рәсімделген. Бағдарламаның үшінші кезеңі Азия даму банкінен келесі транш бөлінгеннен кейін басталады. Оның уақыты Банк сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларда қосымша хабарланатын болады. Алайда Отбасы банктің «Бақытты отбасы» бағдарламасы қарапайым халықтың барлығына бірдей қолжетімді болып жатпағанын да айта кеткен жөн. Бұл әсіресе аталмыш бағдарламалардың талап-ережелеріне айлық табысы сай келмейтін мүгедектер, тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға қатысты. Осындай атышулы бағдарлама кедей-кепшікті баспанамен жарылқайды деп жарнамалағаннан кейін оған үміт артқан қарапайым халықтың да меселі қайтпау керек еді. Олардың да шама-шарқы, жағдайы, тірнектеп тапқан қаржысына сай келетін арнайы ережелердің ескерусіз қалғаны өкінішті. Үмітін үкілеп үй алсам деп банкке келген ағайынның төбесінен тас тастағандай қылып «гарант тап» деп естен тандыру «Берместің асы піспес, қазаны оттан түспестің» ескі тәсілі екенін де айтпасқа амал жоқ. Мүгедектердің ай сайын алатын жәрдемақысы күнделікті шай пұлға да жетпейтінін банк білмей отырған жоқ. Мысалы, мүгедектігі бойынша ІІІ топ 37 мың, І топ 70 мың теңге жәрдемақы алады. Сонда олардың үй алуға үміті болмау керек пе, әлде хақы жоқ па? Олардың мына қоғамның заңды мүшесі екенін ескерсек, неге құқы тапталып, ескерусіз қалуы керек?!..
Сондай-ақ жақын арада көпшілікке таныс «7-20-25» бағдарламасына балама ретінде жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев хабарлады. «Оны таяу уақытта таныстырамыз. Яғни ол құжат заң аясында қарастырылып жатыр. Ең бастысы, бағдарлама бойынша бастапқы жарна мен 7 пайыздан аспайтын қолайлы мөлшерлеме ескерілуі керек. Атап айтқанда, біз 7 пайыздан аспайтын деңгейді белгілеуге тырысамыз», – деген ведомство басшысының мәлімдемесіне сәйкес таяу арада Отбасы банкіне Үкімет қаржысынан 50 миллиард теңге бөлінбек. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жариялаған қаулы жобасында көрсетілді. Ашық талқылауға шығарылған құжатқа байланысты Отбасы банкіне бөлінетін бұл қаржы есебінен 5%-бен 5 мыңға жуық арзан несие беру көзделген. Бірақ оның іске асу механизмі яғни, нақты кімдерге, қашан берілетіні жайлы әзірге мәлімет жоқ. Реті келгенде айта кетейік, «Жетісу» газетінің хабарлауынша 22 қазанда Алматы облысы әкімінің орынбасары Ләззат Тұрлашов пен «Отбасы банктің» өңірдегі филиал директоры Ғалымжан Шалғымбаев «Алатау жастары» бағдарламасын бастау туралы келісімге қол қойды. «Алматы облысы осындай бағдарламаларды бізден бұрын іске асырған Алматы, Астана, Қарағанды, Жамбыл және Қостанай облыстарының оңтайлы тәжірибесін үлгі ретінде алды. Бірінші кезеңде облыс әкімдігі жаңа жобаға 600 млн теңге бөліп отыр. Ал «Отбасы банк» өз кезегінде бұл қаражатқа жеңілдетілген несие беруге көмектеседі. Осындай қолдаудың арқасында облыс тұрғындары биылдың өзінде алғашқы қоныс тойын тойлайтын болады», – деді Ғалымжан Шалғымбаев. 35 жасқа дейінгі облыс тұрғындарына жеке баспана сатып алу үшін жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік беретін Алматы облысының әкімдігі мен «Отбасы банк» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. «Алатау жастары» бағдарламасының шарттары бойынша қатысушылардың Алматы облысындағы ресми жұмыс өтілі бір жылдан кем болмау керек. Оны міндетті түрде зейнетақы жарналарының тұрақты түсімі көрсетілген құжатпен растау қажет. Өтініш берушінің Алматы облысында кемінде бір жыл тұрғанын растайтын тұрақты тіркеуі болуы шарт және бағдарламаға қатысушының, сондай-ақ оның отбасы мүшелерінің соңғы 5 жылда аттарына тіркелген жылжымайтын мүлік болмауы тиіс.
Бағдарламаға қатысуға өтінімдер облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасында 2022 жылдың 1 қарашасынан бастап, бір ай бойы қабылданады. Құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін әкімдіктен арнайы құрылған комиссия жиналған ұпайлар бойынша іріктеу өткізіп, некеде болған жылдар саны, балаларының болуы, жұмыс тәжірибесі, мамандығы және қызмет саласы басты назарға алатын болады. Осыған байланысты бағдарлама қатысушыларының тізімі жасалып, Отбасы банкіне беріледі. Қатысушылардың банкте төлем қабілеттілігін бағаланғаннан кейін ол өз бетімен алатын баспанасын табады. Оны сатып алуға банк 10 млн.теңге несие береді. Мүліктің құны 10 млн. теңгеден асатын болса, үміткер айырмашылықты өз қаражаты есебінен төлей алады. Егер отбасы жаңа тұрғын үй (пайдалануға берілген болуы тиіс) сатып алса, онда алғашқы жарна 0% болады. Егер екінші нарықтан алынған баспана болса (пәтер немесе жеке үй), онда алғашқы жарна 10% құрайтын болады. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 5% тең (ЖТСМ 5,2%). Несиенің максималды мерзімі – 19 жыл. Сонымен қатар «7-20-25» бағдарламасының орнына жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылатынын да ескерте кетейін. Жаңа ипотека бойынша мынадай пәтерлерді сатып алуға болады:
Салынып жатқан үйден. Алайда онда Тұрғын үй құрылысы бірыңғай операторының кепілдігі болуы қажет;
Салынып біткен үйден. Алайда ол банкпен шарт жасасқанға дейін кемінде 6 ай бұрын пайдалануға берілуі тиіс.
Шарт бойынша заем мөлшерлемесі — 12,5%, алғашқы жарнасы — 20%, несиелеу мерзімі — 20 жыл.
Ипотека соммасы Астана мен Алматыда — 35 млн теңгеге дейін болса, Ақтау, Атырау, Шымкентте — 25 млн теңгеге дейін, Қарағандыда — 20 млн теңгеге дейін, басқа аймақтарда — 15 млн теңге.
Ипотека туралы тағы бір маңызды ақпаратқа зер салыңыз. Тұрғын үйді сотқа жүгінбей сату келісімінің болуы, яғни егер қарыз алушы келісімнің шарттарын бұзса, онда кепілдікке қойылған пәтер сотқа жүгінбей-ақ сатылып кетеді және мемлекет ұсынатын субсидия уақыты — 10 жыл, яғни егер несие 20 жылға рәсімделсе, онда қарыз алушы қалған 10 жылды банктің толық мөлшерлемесімен төлейді. Бұл ақпарат бойынша:
Пәтер бағасы — 35 млн теңге;
Алғашқы жарна — 7 млн теңге;
Ипотека сомасы — 28 млн теңге;
Ай сайынғы төлем — 308 мың теңге;
Жалпы шығын — 81 млн теңге;
Артық төлем — 46 млн теңге.
Бір айта кетерлігі, бұл бағдарламамен үйлі болғысы келетіндердің жалпы кірісі айына 617 мың теңгеден кем болмауы керек.
Көріп отырғаныңыздай, дені сау, табыс көзі тұрақты һәм жоғары адамдарға баспаналы болу үшін көптеген мүмкіндік бар. «Жоқ, жоқ» деп ауызды қу шөппен сүртіп, қол қусырып қарап отырмай, қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланса, «алма піс, аузыма түс» деген кер жалқаулықтан арылып, керенау басып, кері тартпаса болғаны. Алайда шарттары шикі бағдарламалардың тұрмысы төмен, денсаулығы нашар, тұрақты табыс көзі жоқ, жанын жалдап, тісін қайрап шықпа, жаным, шықпа деп отырған ел мүдедесіне жұмыс істемейтінін жасыра алмаймыз. Өкініштісі де осы…
Жанбота Сұлтанмұратқызы