Күн мен түн теңеліп, қар көбесі сөгіліп, жер бусанып, тіршілікке жан бітіп, малдың аузы көкке тиген ырыстың басын қазақ елі «Ұлыстың ұлы күні» деп ерекше дәріптеген. Көктем мерекесін дүркіретіп тойлауды дәстүрге айналдырған талғарлықтар биыл да сол әдеттен жаңылмады.
Аудан тұрғындары 22 күні наурыз мейрамына орай 20-ға жуық киіз үй тігіп, орталық алаң тұтас этноауылға айналды. Дүбірлі думанға 6 мыңға жуық қала тұрғыны қатысып, көпшілікті керемет көңіл-күйге бөледі. Өңір тарихынан сыр шертетін көрме де ұйымдастырылды. Дүбірлі думанды халықпен бірге тойлаған аудан әкімі Таңат Айдарбеков жұртшылықты ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ізгі лебізін жеткізді. «Құрметті қауым, жерлестер! Бүгін, міне, бәрімізге шуақты күнін, жылы лебін шашып, күн мен түннің теңесіп, дүниенің жасарып, жаңарар кезі, ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі де келді. Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – жыл басы, табиғат ананың түрленіп, күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам тіршілік атаулыны ұйқысынан оятып, жақсылық пен құт берекенің көзін ашып, елді бірлікке, ынтымаққа, достыққа шақырған. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат атамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңарту мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы деп бағалаған. Жаңа жыл, жаңа күн мерекесі еліміздегі сандаған ұлт өкілдерінің төл мейрамына айналды . Жалпы бүкіл адамзат баласы ардақ тұтатын ізгілік пен жақсылықтың бәрі біздің осы Ұлыс Наурызымыздан табылады десек, артық айтқандық емес. Яғни мұның бәрі Наурыз көгілдір көктеммен бірге халқымызға қуаныш пен шаттық сыйлайтын жалпы ұлттық мереке екендігін дәлелдей түседі. Жер жәннаты Жетісу өңірінің түгін тартса майы шығатын жерінде мекен етіп жатқан Талғар ауданының тұрғындары да жыл басы, ырыс пен ынтымақ, береке-бірліктің бастауы Наурыз мерекесін лайықты қарсы алып отыр. Құрметті бауырлар! Өрлей беру – өмір талабы. Сондықтан ауданның әлуметтік экономикалық даму жөніндегі кешенді бағдарламасы бойынша алдағы уақытта атқарылар жұмыстар ауқымды болмақ. Осы себепті бәріміз бір кісідей жұмылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып еңбек етсек межелеген асулардың бәрін де бағындыра аламыз деп ойлаймын. Жоспарланған істердің бәрін өз мерзімде және тиісті талаптарға сай жүзеге асырсақ ауданымыз алдағы жылдарда анағұрлым дами түспек», – деп ақжарма тілегін айтты. Дүбірілі мерекені бастаған аудан әкімі осыдан соң әрбір киіз үйге бас сұғып, мерекемен құттықтады. Онда әдет-ғұрып пен салт-дәстүрге бай қазақ халқының «Ұйқы ашар», «Селт еткізер», «Ұлттық ойындар», «Құйрық-бауыр асату», «Қыз ұзату», «Бесікке салу», «Тұсау кесер» секілді көріністер көрсетілді. Сонымен қатар орталық алаңда ауданның үздік әртістері, шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерт және театрландырылған мерекелік көріністер қойылды. Ал қыз-жігіттер алтыбақан теуіп көңіл көтерсе, балалар асық ойнап мәре-сәре. Боз кілемде палуандар белдесіп, білекті жігіттер қол күрестен сынға түсті. Тартысты бәсекелер көпшіліктің делебесін қоздырды. Қала тұрғыны Нұрәли Мәтіхан: «Ұлық мерекеде ұлттық спорт түрлері де дәріптелуде. Осы жерде жігіттер қой көтеруден сайысқа түсіп жатыр. Мен де бағымды сынап көрдім. Иә, қойды көтеру де оңай емес екен. Бұл жерде қой көтерген жігіттердің алды 30 рет отырып-тұрды», – деп мерекелік шара барысында болған қызықтармен де бөлісті. Орталық алаңда қаз-қатар тігілген 20 шақты киіз үйде 20 қазан ас әзірленді. Тұрғындарға наурыз көже мен палау үлестіріліп, үлкен де, кіші де астан дәм татты. Наурыз мерекесін асыға күткен Бірлік ауылының тұрғыны Сәния Қуанышқызы атаулы мейрамға отбасымен келіпті. «Бүгінгі Ұлыстың ұлы күні бала-шағамызбен бірге келдік. Керемет көңіл-күйдеміз. Әр жерде қазақтың ұлттық ойындары көрсетілді. Ұлттық киім киген халықтың рухы да мен мұндалап тұрады емес пе! Осының бәрі балаларымыз үшін үлкен тәлім-тәрбие деп ойлаймын», – деген ол мерекелік көңіл-күйін жеткізді. Сахнада айтылған әнге, ұсынылған дәмге ризашылығын танытып, ұйымдастырушылар ісіне жоғарғы бағасын берген қонақтардың жүзінен ұлыс тың ұлы күні қуанышқа кенеліп, бір сергіп қалғанын байқауға болады. «Ағайын арасындағы ынтымағымыз ыдырамасын» деп тілек еткен үлкендер жастар үшін мұндай шаралардың маңызы зорын айтып, алғысын білдірді.
Кәусар Әбдікерім