Кезектен тыс Мәжіліс пен мәслихат сайлауы өтті

Кезектен тыс  Мәжіліс пен мәслихат сайлауы өтті

Сайлау науқаны қалай өтті? Қандай заң бұзушылықтар орын алды? Нендей қызық жағдайлар орын алды? Назарларыңызға сайлау барысында болған басты оқиғалардың шағын сараптамасын ұсынбақпыз. Зер салыңыз.

2023 жылғы 19 наурызда әрбір екі сағат сайын дауыс берушілердің белсенділігі туралы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың аумақтық комиссияларының деректерін үздіксіз беріп отырған ҚР ОСК мүшелері ұсынған ақпараттарға сәйкес елорда уақытымен сағат 22.10-дағы жағдай бойынша тізімге енгізілген азаматтардың жалпы санының 54,19%-ы бюллетень алған.
Оның ішінде:
1. Абай облысы бойынша – 57,02%
2.  Ақмола облысы бойынша – 60,01%
3. Ақтөбе облысы бойынша – 58,00%
4.  Алматы облысы бойынша – 60,03%
5. Атырау облысы бойынша – 51,23%
6. Батыс Қазақстан облысы бойынша – 59,20%
7. Жамбыл облысы бойынша – 65,21%
8. Жетісу облысы бойынша – 55,32%
9. Қарағанды облысы бойынша – 59,48%
10. Қостанай облысы бойынша – 65,10%
11. Қызылорда облысы бойынша – 67,21%
12. Маңғыстау облысы бойынша – 54,10%
13. Павлодар облысы бойынша – 58,68%
14. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша – 65,25%
15. Түркістан облысы бойынша – 53,01%
16 Ұлытау облысы бойынша – 58,99%
17. Шығыс Қазақстан облысы бойынша – 64,15%
18. Астана қаласы бойынша – 42,91%
19. Алматы қаласы бойынша – 25,82%
20. Шымкент қаласы бойынша – 45,46%
Ақорданың мәліметінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында орналасқан №59 сайлау учаскесінде дауыс берсе, Премьер-министр Әлихан Смайылов Астанадағы Ұлттық кітапхана ғимаратындағы № 111 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Журналистер сауалына жауап берген Үкімет басшысы: «Біз былтыр өте қиын жағдайда болдық. Дегенмен экономиканың нақты 3,2 пайызға өсуін қамтамасыз ете алдық. Бұл ретте екі халықаралық агенттік біздің тәуелсіз инвестициялық рейтингімізді растады, тіпті болжамды жақсарт­ты. Жалпы өткен жылы қиын жағдайларға қарамастан, біздің экономикамыз тұрақты дами алды деп санаймын», – дей келе: «Жаңадан сайланған Мәжілістің алдында Үкімет өз өкілеттігін береді. Біз отставкаға кетеміз. Жаңа үкімет құрылғанға дейін өз міндеттерімізді орындаймыз. Жаңа премьер-ми­нистр кім болатынын Президент пен Мәжіліс шешеді. Әрине кез келген оқиғаға әзірміз. Әрқашан мемлекеттің игілігі үшін жұмыс істеуге дайын­быз», – деп атап өтті. Елімізде өткен басты науқан туралы ойын ортаға салған ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева: «Азаматтардың сайлауға келгенінің өзі еліміздің дамуына немқұрайлы танытпағанының белгісі. Әр азамат өзгерісті өзінен бастауы керек. Азаматтардың сайлауға келгенінің өзі еліміздің дамуына немқұрайлылық танытпағанының белгісі. Мәжіліске болсын, мәслихатқа болсын ұлтжанды, белсенді, еліміздің не болмаса белгілі бір саланың дамуына үлес қосатын азаматтар келіп жатса, онда ол мемлекеттік жүйенің оң өзгерісіне ықпал ететіні сөзсіз», – деген пікір білдірді. Қазақстан ұлттық арнасы таратқан жаңалықтарға жүгінсек, елімізде кезектен тыс өткен Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауы 22.00-де аяқталды. Ел бойынша барлығы 10 223 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Оның 77-сі шетелдерде. Дауыс беруге құқығы бар адамдардың саны – 12 млн 32 мың 550. Дауыс беру учаскелері жергілікті уақытпен таңғы 7-де ашылып, 20:00-де жабылды. Биыл саяси науқан аралас схемада өтті. Кандидаттар партиялық тізіммен және мажоритарлық жүйе бойынша ұсынылды. Сайлау процессін бақылау үшін Қазақстанға 41 мемлекет пен 12 халықаралық ұйымнан 793 байқаушы келген. Ең көп миссия еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымынан келген. Барлығы 331 байқаушы. 230-дан астам шетелдік БАҚ өкілі біздегі саяси науқан туралы ақпарат таратқан. Одан бөлек партиялар мен бір мандатты округтерден шыққан кандидаттардың сенімді өкілдері сайлаудың барынша әділ өтуін қадағалады. «Еуразиялық интеграция институтының» экзит-полл нәтижесі бойынша, сайлауға түскен 7 партияның алтауы мәжіліске өтуге қажет 5 пайыз межеден асып тұрса, «Байтақ» партиясы аталған межеге жете алмаған. Жалпы Exit pool зеттеулері нәтижелерінің арасында айтарлықтай айырмашылық болмағанын көруге болады.

Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Қазақстанда 8272 сайлау учаскесі ашылды деген ақпарат таратты.
Ресми дерек бойынша сайлау науқанына өте белсенді қатысқан аймақтар: Ақмола (60,01%), Алматы (60,03%), Жамбыл (65,21%), Қостанай (65,10%), Қызылорда (67,21%), СҚО (65,25%), ШҚО (64,15%).

Ал Бас прокуратура өкілі Азамат Сарғазин сайлау науқанына қатысты өт кен онлайн марафондағы брифинг барысында сайлау науқаны кезінде орын алған заң бұзушылықтар туралы мәліметтерді алға тартып: «Сайлау процесінің заңдылығын жоғары қадағалау прокуратура органдарымен жалғастыру жұмыстары жүріп жатыр. Жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша сайлау туралы заңнаманы бұзудың 9 фактісі тіркелген. Олар Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Райымбек және Ұйғыр аудандарындағы сайлау учаскелерінде, Жетісу облысында   Қаратал және Кербұлақ аудандарындағы учаскелерінде, СҚО-дағы Айыртау және Жамбыл аудандарындағы учаскелерде орын алған», – деп мәлімдеді. Бас прокуратура өкілінің сөзінше, аталған аудандардағы сайлау учаскелерінде комиссия мүшелері дауыс берушілердің өтініші бойынша туыстары үшін дауыс беруге бюллетеньдер беріліп, дауыс берудің тең құқықтылық талабы бұзылған. Оларға қатысты: «Ондай бюллетень берген комиссия мүшелері бірден учаскедегі жұмыстан шеттетілді. Қазіргі таңда жергілікті прокурорлар оларды Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 110-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тарту бағытында шаралар қабылдап жатыр. Дауыс берудің теңқұқықтылық талабын бұзып, өзге адам үшін дауыс берген кінәлілер Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 108 және 110-бабтары бойынша әкімшілік жазаға тартылады», – деген түсініктеме берген Бас прокуратура өкілі: «Әрбір сайлаушы өзі дауыс береді. Дауыс беру құқығын басқа біреуге беруге, сол сияқты басқа адам үшін дауыс беруге жол берілмейді. Прокуратура органдарына бүгін түскен өтініштерге келетін болсақ дауыс беру рәсімі басталғалы бері ықтимал заң бұзушылықтар туралы түскен 32 өтініш келіп түскен. Оның 7-еуі бас прокуратураға жолданған. Тексеру жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті прокурорларға жолданды. Қалған 25-і жергілікті прокуратураға келіп түскен. Елордада 4, Алматыда 2, Шымкентте 3, ШҚО 6, Түркістан облысында 4, Солтүстік Қазақстан облысында 4, ал  Қарағанды мен Павлодар облыстарында 1 өтініштен түскен. Олардың 5-еуі бойынша түсіндіру сипатындағы жауаптар берілді. 10 өтініш құзыреті бойынша өкілетті органдарға жолданды. Ал қалған 10 өтініш қаралуда», – дегенді алға тартты. Сондай-ақ: «Алматы облысы Қарасай ауданында жәшікке бірден бірнеше бюллетень салғаны үшін сайлау комиссиясының хатшысы міндетінен шеттетілді», – деген «Адырна» ұлттық порталының мәліметінше Алматы облыстық аумақтық сайлау комиссиясы таратқан хабарламада: «Id Senim R» медициналық орталығының ғимаратында орналасқан Қарасай ауданының №455 сайлау учаскесінде сайлау бюллетеньдерін салғаны үшін учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы және комиссия мүшесі өз міндеттерінен шеттетілді», –  делінген. http://t.me/ulysmedia-ның хабарлауынша, «сайлау бюллетенінің ішінде Думан Мұхаметкәрімдікі жоқ, бірақ Кузиевтікінен екеу жүр», – деген Алматы облысының Іле ауданы Байсерке ауылындағы №372 сайлау учаскесіне барып дауыс бермек болған ауыл тұрғыны Әділбек Утамбеков алған бес бюллетеннің ішінен Алматы облысында Балқаш, Жамбыл, Қарасай, Іле аудандары кіретін №12 округінен сайлауға қатысып жатқан Д. Мұхамедкәрімнің атын таба алмағанын айтқан. «Мынаның ішінде Думан жоқ қой деп едім, сол жердегілер біреуін алып қалып, бюллетеннің (Кузиевтікінің бірін) төртеуін қолыма берді. Бар шық деп қоймайды. Бой бермейді. Құдайдан қорықпайтын адам екен (сайлау учаскесіндегі адамды айтады). Менен кейін тағы бір жігіт сол учаскеде Думанның есімі бар бюллетенді талап етті. Оған бірақ айқай шыққаннан кейін берген. Өзімізді жынды қылып жіберді», – деген. Алайда аталған жағдай бойынша түсініктеме берген аумақтық сайлау комиссиясы Алматы облысынан №12 сайлау округі бойынша Парламент Мәжілісіне кандидаттың аты-жөні бюллетенде болмауы туралы материал­дарға бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтындығын хабарлап, Іле ауданының Байсерке ауылындағы №372 сайлау учаскесінің төрайымы Гульжан Айтыбасова: «Барлық тіркелген кандидаттардың аты-жөндері бюллетендерде бар. Кандидаттардың сенімді өкілдері бюллетендерді тексеріп, бұған көз жеткізе алады», – деген мәлімдеме жасады.


Сайлау барысында орын алған заң бұзушылықтарға тоқталайық. Ашық ақпарат көздерінде айтылған ақпарларға көз жүгіртсек, Алматыда сайлау учаскелерінің бірінде бюлле­теньдер жәшігін түнгі сағат 12-ден кейін бір-ақ ашқан. Бұл жөнінде ҚазТАГ агенттігі хабарлады. Қаладағы №564 сайлау учаскесінде жәшікті дауыс беру аяқталғаннан кейін төрт сағаттан кейін ашқаны айтылды. Мұны ақпарат агенттігіне №5 округ бойынша кандидаттардың бірінің штаб өкілі хабарлаған. Бірақ аумақтық сайлау комиссиясы өкілдері бұл туралы түсініктеме берген жоқ. «Еркіндік қанаты» қоғамдық қоры дауыстарды санау кезінде қордың кемінде жеті бақылаушысы 7 сайлау учаскесінен заңсыз шығарылғанын хабарлады. Қор өкілдері төмендегідей заңбұзушылықтарды тіркегенін мәлімдеді:
-🔸№37 учаскелік сайлау комиссия­сында дауыстарды санауды бастаудан бас тарту;
🔸- дауыстарды санаудың кеш басталуы (мысалы, №141 УСК-да комиссия сағат 20:00-ден кейін шәй ішуге кеткен);
-🔸басқа ұйымдардан келген бай­қаушылардың психологиялық қысымы;
-🔸учаскелік сайлау комиссиясында мүшелерінің, басқа ұйымдардан келген бақылаушылар мен белгісіз тұлғалардың (әкімдік қызметкерлері болуы мүмкін) қор бақылаушыларына қарсы арандатуы;
-🔸пайдаланылмаған сайлау бюллетеньдерін жойғанға дейін жәшіктерді ашу;
-🔸дауыс беру тәртібін анық көру мүмкіндігінің болмауы;
-🔸фото, видеоға түсіруге кедергі келтіру т.б.…
Ал тәуелсіз байқаушылар сайлау учаскелері жабылғаннан кейін бақылаушыларға көк мөр басылған хаттаманың көшірмесін беруден бас тарту жағдайы жиі кездескенін айтады. Алматыда №509 сайлау учаскесінің төрайымы «Жас сай­лаушылар лигасы» байқаушылары осындай хаттаманы ала алмағанын айтып, видеосын да жариялады.
Алматыдан мәжіліс сайлауына өзін-өзі ұсынған бірнеше кандидат сайлау әділ өтпеді деп тануды сұрап, әкімшілік сотқа арызданды. Олардың қатарында Мұхтар Тайжан мен Санжар Боқаев бар. «Біз – бірнеше тәуелсіз кандидат, қазір сағат 21.50-де Алматының әкімшілік сотына барып, мына сайлауды әділетсіз деп тануды талап етіп, арыз тапсырдық. Қолымыздан келетіні әзірше – осы. Ертең баспасөз маслихатын өткіземіз», – деп жазды Мұхтар Тайжан Facebook-парақшасында. Bes.media сайтының хабарлауынша студенттер мен оқытушыларды түскі сағат 2-ге дейін дауыс беріп, фотоесеп жіберуге міндеттеген. Бұл туралы «Қазақстан жастар ақпарат қызметіне» қарасты Жас сай­лаушылар лигасы мәлімдеп, скриншоттар жариялаған. Бірақ ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Біріншіден, бұл анонимді хабарлама, екіншіден ол жақта мектеп оқушылары да бар. ЖОО атауы жоқ», – деген түсініктеме берді. Алматы облысы Талғар ауданы Қарабұлақ ауылындағы №880 сайлау учаскесінде де белсенділік төмен деп хабарлады Азаттық тілшісі. Мұнда бір сағатта сегіз адам ғана келген деп мәлімдеді t.me/azattyq. Заң бұзушылықтардан бөлек, небір қызықты оқиғалар да орын алды. Оның ішінде ең ерекшесі – дауыс беру учаскесіне бір балағын түріп, үйге киетін аяқ киім киіп, арқасына диван арқалап келген азаматтың қылығы болды. Бұл жағдайды жарыса жазған сайттар заман ағымына сай түрлі саяси жағдайларға, тіпті әлемдік мәселелер төңірегінде де үйде жатып-ақ сан түрлі пікір білдіріп, билікке ақыл айтатындарға қарата айтылатын «диван батыр» кейіпкерінің сайлауға ерінбей келіп дауыс беруі қазақстандықтарды қатты таң қалдырғанын да жеткізді. Сонымен қатар сайлаушыларды әр жерде түрлі ертегі, мультфильм кейіпкерлері қарсы алып, дауыс беруге түйемен, атпен келгендер де, тіпті «робот бала Бекош» та көпшілік назарынан тыс қалмады. Еске салайық, сайлауға 7 саяси партия қатысты. Сайлаушылар барлығы 10 223 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Бір мандатты округтер бойынша 609 кандидат ұсынылса, оның 525-і өзін-өзі ұсынушылар болды. Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауда 12 миллион 32 мың 550 адам дауыс бере алатыны айтылған. Қазақстанның 12 елдегі өкілдігінде орналасқан 13 учаскеде 5 мыңнан астам қазақстандық дауыс берді.

Жанбота Сұлтанмұратқызы