Алматыға қайта оралған ақын

Алматыға қайта оралған ақын

Жақында Чапаев округі әкімдігінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде ақын, аудармашы Әбдібай Қорғанбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай «Ақын елдің ардақтысы» атты поэзиялық кеш өтті. Чапай ауылындағы № 10 орта мектепте ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарумен қатар қазақ әдебиетінің дамуына өзіндік үлес қосып, айшықты қолтаңбасын қалдырған Әбдібай Жайғалиұлының есімін ұлықтауға, оның шығармашылығын кеңінен насихаттауға арналған кеш жиналған қауымға естен кетпес қуанышты сәттерді сыйлағаны анық. Ауылдың әншісі Адырбай Абайдың «Туған жер» әнімен басталған кеште округ әкімінің орынбасары Гүлжан Сақыпова қысқаша сөз сөйлеп, өлең сүйер қауымды жыр мерекесімен құттықтады.

Ал кітапханашы Майра Есбаева айтқан ақпарларға сүйенсек, 1943 жылы Қарақалпақстанның Хожел ауданында дүниеге келген Әбдібай қазақ, орыс, қарақалпақ, өзбек тілдерінде еркін сөйлеген ол оқушы кезінен әлемдік әдебиетке мейлінше сусындап, кейін өлең жазуға ден қойған. Орыс тіліндегі шығармаларды емін-еркін қазақ тіліне аударып, тіл байлығымен, көркемдігімен көзге түседі. 1962 жылы Алматы қаласындағы С. М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген Ә. Қорғанбаев сол кезде-ақ жазушылар одағында өтіп тұратын әдеби шараларға белсене қатысып, отты жырларын жарыққа шығарады. Ақселеу Сейдімбек, Дулат Исабеков, Сатыбалды Нарымбет, Жұматай Жақыпбеков, Асқар Сүлейменов, Фариза Оңғарсынова сынды белгілі қаламгерлермен таныс-біліс болып, кейбіреуімен достық қарым-қатынаста орнатады. Әбжіл де сыршыл жігітті тап басып таныған Камал Смайлов оны өзі басқаратын киностудияға аға редакторлық қызметке шақырады. Ол жұмысына құлшына кірісіп, «Көк күйме» кинолентасын қазақшаға аударады. Алайда бір жыл өтпей Әбдібай отбасылық жағдайына байланысты Қарақалпақстанға қайтады. Осы жерде өмірлік жары Ақшагүлмен отау құрып, үйлі-баранды болып, біраз жыл шығармашылықтан да алшақтайды. Дегенмен де араға біраз жыл салып барып, өлең өлкесіне қайта ат басын бұрады. Оның бірқатар өлеңдері «Жұлдыз», «Жалын» журналдарында, республикалық басылымдарда тұрақты түрде жарияланып тұрады. Сонымен қатар «Жетісу әуендері» деген ұжымдық жинақта біраз өлеңі жарық көреді. Сергей Есениннің, Михаил Лермонтовтың, Расул Гамзатовтың өлеңдерін асқан шеберлікпен аударып шығады. Баптап мінген осы бір сапарыма, Астымдағы арғымақ ат арыма, Жаңылдырмай, әйтеуір , жеткізе гөр, Ақселеу мен Дулаттай қатарыма, – деп жырлаған ол Алматыға қайта оралудың қажеттілігін түсінеді. Сондай күндердің бірінде Қарақалпақстандағы әдеби шараға қатысуға келген әйгілі ақын Фариза Оңғарсынова Әбдібайдың үйінде қонақта болады. Сол жолы Фариза апамыз қоштасып тұрып оған: – «Елге қайт», – дейді. Фариза апасының бұл сөзі қамшы болған ақын-аудармашы өткен ғасырдың 90 жылдарының басында Алматы қаласының солтүстігіне орналасқан Чапай ауылына қоныс аударып, осындағы орыс орта мектебінде қызмет атқарады. Алматыдағы әдеби ортамен де араласа бастайды. Астанадан өзіне ұсынылған түрлі қызметтерден бас тартып, ұстаздығын жалғастыра береді. Орыс мектебінде қазақ сыныптарын ашуға мұрындық болып, бұл бағыттағы ойын іске асырады. Көп ұзамай өзінің қадір-қасиетімен бүкіл ауыл ардақтайтын ұстазға, сыйлы азаматқа айналады. Жыр жинағын жеке кітап етіп шығаруды мақсат еткен ақын пайғамбар жасында ауыр сырқат салдарынан дүниеден өтеді. Сүйікті жары Ақшагүл мен ұлы Әділбек әкесінің арманын жүзеге асырып, атты кітабын шығарады. Жалғыз кітап болса да оның жинаққа енген әрбір өлеңінің көтерер салмағы ауыр, мазмұны терең, айтар ойы ұшқыр еді.
Көңіліңнің аспаны күркіреді,
Жанартауың
кеудеңде сілкінеді,
Мына өмірге өкпелеп,
Ана жаққа
Өлең іздеп кеттің бе,
кім біледі?
Ажал атқан тисе егер
оқ қорғасын,
Неге сенің кеудеңе
өрт толмасын,
Ерте аттанып кеттің бе,
кім біледі?
Бақталастық ол жақта жоқ болғасын, – деп белгілі ақын Рафаэль Ниязбек өлең арнаған Әбдібай Қорғанбаев өзінің отты жырымен, қайталанбас шығармашылығымен оқырманын мойындатқанын көруге болады. Тұңғиық ой-өрнегімен оқырман­ның жүрегіне жол тапқан ақын Әбдібай Жайғалиұлына арналған кеште аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Әмзе Әлдибекұлы, педагогика саласының ардагері, жергілікті ақын Әлібек Байдәулетов, ұлағатты ұстаз Жұмақан Жылқышыұлы сөз сөйлеп, оның қазақ әдебиетіне, білім саласына, Іле ауданы әжелер ансамблінің және жергілікті әншілердің орындауындағы тамаша әндердің тууына қосқан үлесі жайлы ой толғады. Кеш соңында ақынның сүйікті жары, бірінші дәрежелі ұстаз, «Еңбек даңқы» орденінің иегері Ақшагүл Тәжімағанбетова ұйымдастырушыларға жүрек жарды алғысын білдіріп, өзі және балалары, қалың елі қазағы барда Әбдіғали Қорғанбаевтың есімінің ұмытылмайтынын атап өтті.

Роза МАРАТҚЫЗЫ,
Іле ауданы