Жас әртістерге жемісті жетістік тілейміз!

Жас әртістерге жемісті жетістік тілейміз!

Іле ауданы Ащыбұлақ ауылындағы Маржан Жұмабекқызы басқаратын № 19 орта мектептен Қазақстанға белгілі қаншама тұлғалар өсіп шықты. Мұнда шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беріліп қана қоймай, олардың ой-өрісінің кең болуына, сегіз қырлы, бір сырлы жан болып қалыптасуына жан-жақты жағдай жасалған. Оқушылардың бір тобы физика-математика саласына, бір тобы информатика, техника саласына бейімделсе, енді біразы өнерге, әдебиетке ден қойған. «Жас сұңқар» өзін-өзі басқару ұйымының оқушыларынан құрылған «Ақберен» мектеп театры – осының айқын айғағы. Бір қызығы бұл театрдың құрамында ұстаздар да бар.

Үстіміздегі жылдың ақпан айының соңғы күндері «Ақберен» театрының салтанатты түрде тұсауы кесіліп, Ащыбұлақ округі тұрғындарын да қуанышқа бөледі. Театрдың тұсау кесер салтанатында ауылдық округ әкімі Жасұлан Оңалбаев құттықтау сөз сөйлеп: «Әдетте, орта мектептер көркемөнерпаздар үйірмесімен жұртты қуантушы еді, ал бүгін нағыз театр ашылып, жерлестерімізге көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда», – деген ауыл әкімі: «Мұның өзі мектептің ұстаздары мен жас әртістеріне салмақты жауапкершілік жүктейді. Өйткені ол музыканың сүйемелдеуімен ән ғана айтып кету емес, театрдың көрерменге айтар өзіндік ой-пікірі болады. Оның үстіне оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың өзі – үлкен жұмыс. Бұл ретте театр жетекшісі Әсел Тұрлыбекқызының ізденісін, шығармашылығын, еңбегін атап өткен жөн. Сценаристер Ғалия Темірбекова мен Назгүл Асқарбекқызына да шексіз алғыс айтамын. Шын мәнінде театрдың өзі балаларды мәдениеттілікке, шыдамдылыққа, шығармашылық ізденіске, шеберлікке тәрбиелейді. Өйткені олар ұстаздарымен қатар образға кіріп, өзіне берілген рөлді сомдайды. Яғни ұстазына қарап ой түйіп, бой түзеп үйренеді. Жас театрға табыс пен талпыныс, шеберлік пен шығармашылық тілеймін. Алдағы уақытты таетр жақсы қойылымдарымен өз жерлестерін қуантады деген сенімдемін. Жиында ауыл ақсақалдары бата беріп, әжелер шашу шашты. Осыдан соң «Жас сұңқар» өзін-өзі басқару ұйымының жетекшісі әрі жүргізуші Әнуарбек Құлжанов жиналған қауымды театрдың тарихымен таныстырды. Көп ұзамай ұжымының алғашқы қойылымы М. Әуезовтің «Қаракөз» пьесасы қойылып, әр түрлі жанрдағы әндер шырқалды. Театрдың екінші қойылымы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығына орай «Ахмет – ұлт ұстазы» атты көрініспен жалғасты. Артынан мектеп әртістері «Досмұқасан» тобына пародия жасап, көрермендерді тәнті етті. Сатиралық жанрдағы «Біз жемқорлыққа қарсымыз» тақырыбындағы көрініс те сәтті шықты. Бір күннің ішінде арасында ән айтып, төрт тақырып бойынша өнер көрсеткен әртістердің еңбегіне жиналған қауым шексіз риза. «Өзіміз Алматы қаласындағы М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов атындағы таетрға барып келгендей күй кештік», – дейді Ащыбұлақ ауылының тұрғыны, Іле ауданының Құрметті азаматы Шолпан Қағазбаева. «Бізге тамаша көңіл-күй сыйлаған ақберендіктерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Алдағы уақытта мектеп театрынан бұдан да басқа жаңа қойылымдарды асыға күтетін боламыз. Оқушылардың мектептен тыс бос уақытында ұялы телефонды шұқылап, әр түрлі әлеуметтік желілерден түкке керексіз бейнебаяндарды тамашалағанынан гөрі, шығармашылықпен айналысып, белгілі тұлғалардың образын жасап,шеберлікке шыңдалуы шынында да өте пайдалы іс», – деп аналық ақ тілегін білдірді. Бұл ретте мектеп директоры Маржан Жұмабекқызы өз сөзінде: «Біздің мақсатымыз – шәкірттерімізге жан-жақты білім беріп қана қоймай, олардың әрқайсысының бойына біткен дарынын ашу, сол арқылы оқушыларды сөз сөйлеу мәнеріне, кез-келген ортада өздерін ұстай білуге, ой түюге, өзіндік шешім қабылдауға үйрету. Өйткені қазіргі заманның талабы осы. Жас буынның әр салада орнын тауып, парасатты азамат болып қалыптасуына қолымыздан келгенше қызмет ететін боламыз, – дейді.
Жас әртістерге мол табыс, жемісті жетістік тілейміз!

РОЗА МАРАТҚЫЗЫ,
Іле ауданы
Ащыбұлақ ауылы