Қазақ әйелдері отбасы және қоғам мүшесі ретіндегі әлеуетін қай салада болмасын қарқынды дамытып келеді. Олардың үй шаруасы, бала тәрбиесінен тыс қоғамдық маңызы бар жұмыстарға белсене араласуы – еліміздегі гендерлік саясаттың игі жемісі. Осыған байланысты соңғы жылдары аналар кеңесінің жұмысына айрықша назар аударылып келеді.
Аналар кеңесі жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беретін, олардың бойына ұлттық құндылықтар мен ежелден келе жатқан салт-дәстүрімізді тереңінен сіңіретін өзіндік мектепке айналды. Өйткені Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі – оның заңды құрылымдарының бірі. Аналар кеңесінің басты мақсатының бірі – қоғамдық келісімді нығайту және отбасындағы құндылықтарды насихаттау. Біз көпэтносты мемлекетте өмір сүретіндіктен жастарды басқа тілдерді құрметтеуге, өркениетті елдің талаптарын орындауға тәрбиелеуге тиіспіз. Аналар кеңесі осы мақсатта әлеуметтік мекемелермен, оқу орындарымен, балалар мекемелерімен, бастамашыл орталықтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен оларды нығайтуға ықпал ету, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге белсене атсалысып, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу да аталған кеңестің басты бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстан халқы ассамблеясы жанынан құрылған Іле аудандық Аналар кеңесі ауданға қарасты барлық ауылдық округте өз жұмыстарын жалғатырып отыр. Онда аудан бойынша 2022 жылы 63 мүше болса, 2023 жылы кеңес құрамына тағы 15 адам қосылды. Өткен жылды табысты аяқтаған кеңес 2022 жылдың мамыр айында Алматы облыстық аналар кеңесінің және Іле ауданының ұйымдастыруымен Өтеген батыр ауылында орналасқан М. Мақатаев атындағы № 13 орта мектепте «Ұлы дала аналары!» атты ардагер аналар арасындағы өнер байқауын өткізді. Ал Междуреченск ауылында «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Шаңырағым – шаттығым», Қаройда «Мерейлі отбасы – татулық тірегі» атты тақырыпта сыр-сұхбат кеші ұйымдастырылып, Чапай ауылында «Отбасым – бақыт мекенім» атты үлгілі отбасы Жамалиевтермен кездесу кеші жоғары деңгейде өткізілді. Ұлағатты ұстаз, «Ана жүрегі» төсбелгісінің иегері Оңласын Ахметқызының 90-жасқа толуына орай ұйымдастырылған «Тұғырлы тұлға ұрпағы» атты мерейлі кештің өтуіне Энергетический ауылдық аналар кеңесі мұрындық болды. Кешке аудандық маслихат хатшысы Р. Абилова, Іле ауданының Құрметті азаматы Роза Айдарбекова, аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Ә. Исаев қатысты.
Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев атап өткен «Балалар жылы» қарсаңында Іле аудандық кітапханасында «Оқитын ұрпақ – ұлт болашағы» жобасы қолға алынып, «Мен бәрінен де көп оқимын» атты жылдам оқу сайысымен жалғасты. Байқауға аудандық жергілікті округтегі аналар кеңесінің төрайымдары, Іле аудандық және ауылдық кітапханаларының оқырмандары, бастауыш сынып оқушылары қуана қатысты. Қарой ауылдық Мәдениет үйінде «Ана өмірдің шуағы» тақырыбында өткен дөңгелек үстелге округ әкімінің орынбасары Б. Туреев, ардагерлер кеңесінің төрайымы Б. Мұхаметжанова, аналар кеңесінің төрайымы С. Тажиева, Қарой ауылдық полиция бөлімінің қызметкері Ә. Айтжанов және №26, 14, 18, 49, 50 мектептердің оқу ісінің тәрбие меңгерушілері және «Айналайын» балабақшасының қызметкерлері атсалысты. Байсерке ауылы №9 орта мектепте аудандық аналар кеңесінің,
Ынтымақ ауылы Қоғамдық кеңесінің төрайымы Бақытгүл Әзимбаеваның, Байсерке ауылы қоғамдық кеңесінің төрайымы Галина Белькова және орта мектептердің психологтарының қатысуымен өткен «Адам құқығын қорғау – басты міндет» тақырыбындағы дөңгелек үстел де өз деңгейінде өтті. Байсерке округ әкімінің орынбасары А. Кажиев, жетекші маман
Г. Садуақас, Қоғамдық кеңесінің төрағалары қатысып, өз ойларын ортаға салды. Энергетический ауылдық округі аналар кеңесі мен Іле аудандық кітапханасында көпшілік оқырмандардың қатысуымен «Тіл – келісім мен достықтың негізі» атты іс-шарада қазақ тілінің бүгіні мен болашағы, қазақ тіліндегі телеарналар, бағдарламалар, фильмдер, мультфильмдер, басылымдардың сапасын көтеру, тіл тазалығын сақтау туралы оқырмандар ойы тыңдалып, артынан «Мәңгілік ел – мәңгілік тіл» кітап көрмесіне ұласты.
КазЦИК ауылдық ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Баян Топарова және кітапхана меңгерушісі Мерует Мағзумованың бастамасымен «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» атты әдеби кештің тәрбиелік мәні зор, тағылымы да мол болды. Ал Күрті ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Жұмахан Мұңайтбасова мен Ақши ауылдық кітапханасы ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді дәріптеу мақсатында өткізген «Әдепті келін –ауылдың көркі» атты келіндер сайысы да өз мәресіне жетті. Іс-шараға ауыл тұрғындары, мекеме, ұйым қызметкерлері, «Ақниет» әжелер ансамблінің мүшелері қатысты. Қазақ халқының өнерін қастерлеу мақсатында Жетіген ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Рашида Ушурова мен ауылдық кітапханасы № 34 орта мектепте өткізген «Қазақ халқының ою-өрнек өнері» қолөнер сағатының «Өлкетану» үйірмесінің жұмысы кеңінен насихатталды. Көріп отырғаныңыздай, аналар кеңесі жас ұрпаққа тағылымды тәрбие беріп, өнегелі жол көрсетіп келеді. Болашақ ұрпаққа үлгі болып, жас жеткіншектерді тәрбиелеуде өзіндік мектебін қалыптастырған Аналар кеңесінің алдағы уақытта да атқарар ауқымды істері аз емес.
Ана – өмірдің тірегі, отбасының жүрегі. Ендеше аналарымыз аман болсын!
Мейрамгүл ЖӘБИЕВА,
Қазақстан халық ассамблеясы
жанындағы Іле аудандық
аналар кеңесінің төрайымы