Жамбыл ауданына қарасты шалғайда жатқан ауылдардың бірі – Айдарлы ауылдық округі. Ұзынағаштан солтүстік-батысқа қарай 130 шақырым жерде, Бозой үстірті шеңберінде, Тасқатын каналының жағалауындағы елдімекен.
Мал ұстауға қолайлы, боз жусан мен күйреуік аралас сұрғылт далада тіршілік етіп отырған бұл округтің топырағы құнарлы, шөбі нәрлі. Ауыл тарихы да тереңде жатыр. Елуінші жылдардың аяғында сол кездегі Қаскелең ауданына қарасты Күрті елді мекенінің жанынан Қазақстан Орталық Комитеті мен Үкіметінің ұйғаруы бойынша «Күрті» су қоймасын салу жөнінде шешім қабылданды. Ондағы мақсат – Күрті қоймасынан төмен қарай канал қазылып, Күрті өңірін суландыру болатын. Бұл шешімінің нәтижелі орындалуы алпысыншы жылдардың ортасында Қазақстан Компартиясы Алматы облыстық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған саяси қайраткер, марқұм Асанбай Асқаровтың тікелей басшылығымен жүзеге асып, 1967 жылы пайдалануға берілді. Іле өзені бассейніндегі Күрті су қоймасының ауданы – 8,3, ұзындығы – 25, ені – 0,3 шақырым. Орташа тереңдігі – 14,5 метр болса, ең терең тұсы – 38,5 метрге жетеді. Су қоймасының сыйымдылығына сай 120 млн. текше метр су сақтауға мүмкіндік бар делінсе, жағалауының жалпы ұзындығы 64 шақырымды құрайды. Бөгеннің тосқауыл қойылған жерінен Ақши ауылына дейінгі қашықтық шамамен 15шақырымға созылып жатыр. Егер осы бөгеннің суын барынша тиімді пайдаланса, онда барлығы 137 мың гектарға дейін суармалы егістікті игереміз деген ғылыми болжам болған. Осындай мақсатта өңірде бақша өнімдерін өндірумен айналысатын кеңшарлар ашу қолға алынды. Сол шаруашылықтың бірі және біріншісі болып, орны белгіленген «Айдарлы» кеңшары ұйымдастырылды. 1964 жылы Алматы облысы Қаскелең ауданына қарасты Айдарлы қой шаруашылығы кеңшар болып бекітіліп, оның бірінші директоры Нұров Дәуітәлі деген азамат болды. Осы жылы екі көше тұрғын үй, аурухана, асхана, әкімшілік ғимараты салынды. «Айдарлы» кеңшарының мамандары кеңшарға шаруашылық малдарын сатып алуға, олардың санын көбейтіп, сапасын арттыруға жұмыла кірісті. Екі-үш жылдың ішінде қой саны 15-20 мың басқа жетіп, әр жүз саулықтан 115-тен қозы алынды. Сөйтіп қой түлігін өз саны есебінен арттырған шопандар саны көбейе бастады. Қоймен бірге шаруашылықта сиыр және жылқы малының саны да еселене түсті. Арнамен келген суды дұрыс пайдалана білген шаруашылық суармалы жерден жоғарғы сапалы бақша өнімдерін жинап, әр гектардан алынатын түсімді жылдан-жылға 15-20 тоннаға дейін өсірілді. Бұл өнімдер облыстың қалалары мен ауылдарына кең тарап, көпшілікке сатылды.
Құрылыс жұмыстары да еселі қарқынмен жүргізілді. Ауыл тұрғындары мен шаруашылық жұмысшылары жайлы үйлермен қамтамасыз етілді. Сол сияқты автогараж, МТМ, машина ауласы сияқты нысандар еңсе көтерді. 1968 жылы Айдарлы орта мектебінің құрылысы аяқталды. Сөйтіп, Айдарлы орта мектебі өз оқушыларына есігін айқара ашты. Оның алғашқы директоры болып Семетай Жандосов деген азамат тағайындалды. «Айдарлы» кеңшарының еңбеккерлері мал шаруашылығына және суармалы жердегі егістермен қоса егін шаруашылығына да көп көңіл бөлді. Арпа, бидай, көп жылдық шөп өсіру жақсы жолға қойылды. Өйткені бұл шаруашылықтар біріне-бірі тығыз байланысты еді. Яғни, жемшөп болмаса мал шаруашылығын ойдағыдай дамыту мүмкін емес еді. Осыны ескерген кеңшар басшылығы бұрынғы «Горный Гигант» деп аталған шаруашылықтан «Шилібастау» бөлімшесін бөліп алып, оның 10 мың гектардан астам жеріне арпа, бидай және көпжылдық шөп дақылдарын өсіруге кірісті. Бұл жұмыстар жыл сайын өзінің өнімді нәтижесін берді.
Осылайша тіршілігі қыз-қыз қайнаған кеңшар 1969-1970 жылдар арасында қойдың санын 30-40 мың басқа дейін жеткізді. Мемлекетке сапалы мал өнімдерін өткізу жоспары жыл сайын ойдағыдай орындалып, аудан бойынша социалистік жарыстың алдынан көрінген, әртүрлі көрмелерде жүлделі болған жылдар да бүгінгі көнекөз қариялардың есінде. Осынау жұмыстарға белсене қатысқан, ұйымдастыру шараларын ұтымды жүргізген партия, кәсіподақ, комсомол ұйымдарының еңбегін де атап өткен орынды болады. Кеңшар бойынша мал басын аман сақтап, өсіруге мал мамандары – зоотехник Сатыбалдиев Жексенбай, ветеринар дәрігер Рақышев Бадай деген азаматтар қажырлы жұмыс атқарды. Сол жылдары кеңшар экономикасы нығайып, жұмысшылар мен қызметшілердің әл-ауқаты жақсарды. Халықтың еңбекақысы жоғарылады. Облыс бойынша «Айдарлы» кеңшарының аға шопаны Саркеев Несіпбай атындағы жүлде тағайындалып, одан ауданның жүздеген шопандары үміткер болды. Әрбір малшы мен мал маманы өз жұмысын тиянақты атқарып, мал шығынын азайтуға, ысырапқа жол бермеуге тырысты. «Айдарлы» кеңшарының директоры Дәуітәлі Нұров жеті жыл бойы осы шаруашылықтың тізгінін ұстап, ыстық-суығына көнді. Жеті жыл аралығында шаруашылық көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Осы кезеңнің бес жылы Қаскелең, екі жылы Күрті ауданының иелігінде өткен еді. Сонымен 1972 жылы наурыз айының 14-де Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің шешімі бойынша, Айдарлы Қаскелең ауданынан бөлініп Күрті ауданының құрамына кірді. Жаңадан құрылған бұл ауданға Балқаш ауданынан да бірнеше кеңшар қосылды. Күрті ауданына Қаскелең ауданынан «Изен» шаруашылығы, Тоқаш Бокин атындағы кеңшар қараса, Балқаш ауданынан «Желтораңғы», Ж.Бәрібаев атындағы, «Топар», «Балатопар», «Құйған» кеңшарлары мен Балқаш маңындағы балық колхозы кірді. Күрті ауданы бойынша халықтық бақылау комитетінің төрағасы болып Ләйлен Балапанов сайланды. Сол жылдары «Айдарлы» кеңшарының орталығынан үлкен мәдениет үйі, балабақша ашылды. Ауылдың ажары кіріп, тұрғындар мәдени шараларға басымдық бере бастаған еді. 1974 жылы Дәуітәлі Нұров қызмет ауыстырып, оның орнына мамандығы зоотехник Ғани Телтаев директор болып тағайындалды. Партия ұйымының хатшысы болып Ержанбек Нұрбеков, кәсіподақ комитетінің төрағасы болып Ләйлен Балапанов сайланды. Бас агроном Есдәулет Жылқыбаев, агроном Қабден Қуанышбеков, гидротехник Сарбағыш Шегебаев, кадр бөлімінің басшысы Тұрахан Көшербаева, бас зоо техник Жақан Бақсейітов, бас экономист Алтынсара Өмірзақова, бас бухгалтер есепші Матан Қосбармақов сынды іскер азаматтар абыройлы жұмыс атқарды. 1980 жыл егін шаруашылығы мамандарының нәтижелі жұмысы арқасында «Айдарлы» кеңшары бойынша әр гектардан 12 центнерден өнім алынып, қырман астыққа толды. Жұмысшыларға барынша жағдай жасалды. Олардың қол жеткізген жетістіктері сол кездегі Күрті өңірінің жаңалықтарының жаршысы аудандық «Шұғыла» газеті арқылы дәріптелді. 1980 жылы «Айдарлы» кеңшарының директоры қызметіне мамандығы есепші, бұрын «Күрті» кеңшарының директоры болып істеген жоғары білімді маман Советбек Байғазиев тағайындалды. Ол өз ісіне тиянақты қарайтын, жауапкершілігі жоғары азамат екенін танытты. Кеңшардың бас инженері болып Әбдіманап Мәткәрімов тағайындалды. Ол да өзіне артылған сенімді толығымен ақтады дейді осы өңірдің қариялары. Егілетін егіндік жерді дайындауға кеңшар механизаторлары – Қадыров Қуан, Нұрымов Бекет, Руснаков Петр және т.б. азаматтар уақытпен санаспай атсалысады. Қоғам малын жемшөппен қамтамасыз ету ісінде жүргізушілер – Асқар Ескелов, Жамалбек Еспенбетов, Нұрмұхан Хамитов, Мейрамбек Шегебаев, тракторшы Төленді Сүгірбеков, Азамат Қасымов сынды дала майталмандары ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Владимир Акименко, Сергей Евстафьев, Александр Головин де осы әріптестерінен қалысқан емес. Техникаларды жөндеу жұмысы да кеңшардың өзінде жүргізіліп отырды. Сөйтіп Советбек Байғазиев кеңшарды екі жылдай басқарды. 1982 жылы Күрті аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында басқарма орынбасары болып қызмет атқарған, мамандығы агроном Сансызбай Досқожаев сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Нұрманбетовтың қолдауымен «Айдарлы» кеңшарының директоры болып тағайындалып, 1,5 жыл шамасында қызмет атқарды. 1984-1987 жылдары бұл шаруашылықты мамандығы агроном Құсайын Қожағұлов басқарды. Білікті маман өз ісіне дұрыс қарай отырып, кеңшар экономикасын көтеруге өзіндік үлесін қосты. 1987 жылдың орта шенінде кеңшар директорлығына мамандығы мал дәрігері Амантай Нұрғожаев тағайындалды. Ол да малшылардың жағдайына көп көңіл бөлді. Кеңшар экономикасын көтеруге атсалысты. 1991 жылы кеңшар таратылып, «Айдарлы» жеке кооператив атанды. Ауыл тұрғындары өз үлестерін бөліп алып, жеке шаруа қожалықтары қалыптасты. Кейбіреулер отбасылық кооперативтерін құрды. 1995 жылдары «Айдарлы» кооперативі қарыздарының бәрінен құтылып, техникаларды заңды түрде жұмысшыларына бөліп берді. Сол жылы Амантай Нұрғожаев Іле ауданына жұмысқа ауысады. Орнына зоотехник Сұлтан Әлімжанов сайланды. Осы жылдардың ішінде Райханова Римма, Кұдияров Қажым, Әлібек Жұмабек, Мұсаханов Тұрсынхан сияқты азаматтар қызмет атқарды. 1997 жылы көктем айында Күрті ауданы таратылды. Күрті ауданының құрамында болған Айдарлы, Сарытауқұм, Бозой, Үлкен, Теміржол ауылдық округтері Жамбыл ауданының құрамына кірді. Ауыл мақтанышы саналатын азаматтар қатарына қазақ альпинизмінің негізін қалаған алғашқы қарлығаштарының бірі, 1973 жылдары «Айдарлы» совхозында бухгалтер, арендатор жұмысын атқарған, қазір «Қадиша» шаруа қожалығының иесі Сембай Мұсаевты жатқызуға болады. 2004 жылы Айдарлы ауылының 40 жылдық мерейтойы аталып, осы ауылда қызмет атқарған жерлес азаматтар шақырылды, жоғары деңгейде шара өткізілді. 2007 жылы Бейсенбек Күмісбекұлы Айнабеков ауылдық округтің әкімі болып сайланып, Айдарлының көркеюіне, ауылдың тазалығы мен тәртібіне көп көңіл бөлді, ел алғысына бөленді. 2008 жылы ауылдық кітапхана ашылып, жұмыс істей бастады. Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, 2011 жылы 13 қарашада өз қызметін ел игілігіне ұсынды. 2013-2015 жылдар аралығында Рүстем Айнабеков, қазіргі аудан әкімінің орынбасары Ақниет Туматаев сынды азаматтар округ әкімі қызметін атқарды. 2015-2023 жылдары Айдарлы ауылдық округінің әкімі болып Айбазов Марат Сәрсенбайұлы жұмыс атқарды. Жуырда тағыда округ әкімінің сайлауы өтті. Ауылға жаңа әкім сайланды. Қазір округтің су жаңа әкімі Бауыржан Жақыпбекұлы өз жұмысына кірісті. Бүгінде Айдарлы ауылында алты мекеме – ауылдық округ әкімінің аппараты, орта мектеп, мәдениет үйі, кітапхана, емхана, ауа-райын болжау станциясы халыққа өз деңгейінде қызмет көрсетуде. Бүгінде Айдарлы ауылдық округінде халық саны 824 адам. Айдарлы орта мектебінде 180 оқушы білім алуда. Округте 89 шаруа қожалығы, ЖШС тіркелген. Ауылдық округтегі мал басы: 5047 бас мүйізді ірі қара, 3172 бас жылқы, 65739 бас қой, 1410 бас құс бар. Ауыл тұрғындары бау-бақша өнімдерімен және мал өсірумен айналысады. Айдарлының жалпы тыныс-тіршілігі осылай өрістеп жатыр. Алдағы уақытта бұданда қанатын кеңге жаяды деп сенеміз.
Ерлан Төлегенов,
Жамбыл ауданы