Ұлттың ұлы мұрасын ұлықтау — парыз Нұра ауылдық мәдениет үйінің директоры Семейхан Дәріпханұлымен сұқбат

Ұлттың ұлы мұрасын ұлықтау — парыз Нұра ауылдық мәдениет үйінің директоры  Семейхан Дәріпханұлымен сұқбат

– Әуелгі сұрақты еңбек жолыңнан бастасақ. Білуімізше, ұстазсың. Өнерге біржола бет бұрып кетуге не себеп?
– 2005 жылы қазақтың байырғы мекені Алтайдан ат арытып Атамекенге келгенде елден бірдеңе алайық деп емес, саф қалпында сақталған қазақ өнері мен мәдениетін, салт-дәстүрін, таза тілін, дақ түспеген ділін ала келдік. Осы байлықты қаймағы бұзылмаған қазақтың қазынасына қосайық деген ниетпен қызмет істеп келе жатқан жайымыз бар. 2006 жылы Талғар ауданына қарасты Туғанбай ауылындағы №30 орта мектепте музыка пәнінің ұстазы болып еңбек жолымды жалғастырдым. 2007 жылы Нұра ауылындағы №12 мектепте ұстаздық ете жүріп, дарынды балалардың қанатын қатайтып, қатарға қосу мақсатында қолдан келгенше ән өнерінің қыр-сырын үйреттім. Қазіргі таңда сол оқушыларымның алды мектептерде музыка пәні ұстазы болып қызмет атқарып жүр. Кейбірі осы бағыттағы білімін ұштап, музыкалық тұрғыда кәсіби білім алуда. Атап айтсам, Қарақат Абылайхан, Әзель Сейдахмет, Данагүл Құрманбекова, туған інім Заманбек Дәріпхан секілді бірқатар таланты мен талабы ұштасқан дарынды шәкірттерім бар. Едіге Сәбетбек деген талантты баламыз Алматы қаласындағы Сәкен Майғазив ашқан өнер мектебінде қосымша білім алып жүр. Осының барлығы ертеңіміз емес пе! «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген аталы сөз бар. Бұл жағынан алғанда өзімді бақытты ұстазбын деп есептеймін. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, ауылымызда өнерді құрметтейтін жастар өте көп. Мектеп қабырғасындағы өнерлі оқушылар қаншама!? «Еліңнің болашағын болжам берейін. Ауылыңның жастарын көрсетші», –деген екен бір ғұлама. Ендеше бұл ретте де ауылымыздың айнасына айналған жастар жетерлік.
2013 жылы ауыл әкімі мен ақсақалдардың алқасының ұсынысы бойынша ауылдық мәдениет үйіне әдіскер болып қызметке келдім. Бұл кезде мектептегі жұмысымды да бірге атқардым. 2014 жылдан бастап көркемдік жетекші қызметіне ауыстым. 2015 жылдан бүгінгі күнге дейін Нұра ауылдық мәдениет үйінің директоры қызметіндемін.
– Өзіңіз басқарып отырған ұжым туралы бірер сөз. Шығармашылықта қандай бағыттарды қамтисыздар? Қанша адам қызмет етеді?
– Негізі ұжымда 7 адам тұрақты жұмыс істейміз. 6 қызметкер жарты күндік есеппен қызмет етеді. Барлық қызметкерлерді өз ісінің маманы деп есептеймін. Мен үшін олардың әрбірі саңлақ, себебі әрқайсысының шәкірттерге барын беріп, бәрін үйретіп жүрген үйірмелері бар. Қазақ өнерінің қайнар көзі болған ауылда тәрбиелеп жатқан талантты шәкірттері өте көп. Мұның сыртында мәдениет үйінің қарамағында спорт, қол өнер, сурет салу сияқты үйірмелер өз жұмысын тұрақты жалғастырып келеді. Ел болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүрген ағаш шебері Қ. Төлеухан, суреттші Ж. Жексенбаева, жекпе-жектен бірнеше дүркін халықаралық чемпиондарды шығарып жүрген Д. Дмитрий, қазақ күресінен Б. Төкей, Ж. Сатыбалды, еркін күрестен халқаралық жарыстарда жүлделі орындармен оралып жүрген
Д. Идорошов сынды азаматтарымызға айтар алғысымыз шексіз.

– Қарқарадай кимешектері анадайдан жарқырап тұратын аппақ әжелеріміздің ұлттық өнерді дәріптеуге сіңіріп жүрген еңбегі ерен. Нұра мәдениет үйінің жанынан құрылған «Нұр-Ай» әжелер ансамблі туралы айтып өтсең.
– Рас айтасыз, «Нұр-Ай» әжелер ансамбілінің ұлттық ұндылықтарды ұрпаққа жеткізу мақсатында сіңіріп келе жатқан еңбегі өте зор. Оны бір ауыз сөзбен жеткізу де мүмкін емес шығар. Өйткені ол кісілер ешқандай ақы алмаса да жалақы алатын адамдармен бірдей жұмыс істейді. Әжелеріміз ән салып қана қоймай, ұлттық салт-дәстүрімізді болашаққа жеткізу үшін балапандарымызға балабақшадан бастап түсіндіріп, танымдық сабақтар өтіп, ертегілер айтып беріп, біздің жүгімізді де , орасан зор үлес қосуда. Олардың ән қоржындарында көбінесе халық әндері мен қазақ вальсінің патшасы Шәмші атамыздың шығармалары бар. Құрамында 13 әжем бар еді, қазір жас ерекшелігінен бе, денсаулықтарына байланысты екі-үш әжем шығып кетті. Барлығының ұрпақ тәрбиесіндегі ерен еңбегі елеусіз, ескерусіз қалмақ емес. Біз үшін бір қолымен бесікті тербеп, бір қолымен әлемді әлдилеген ақ әжелердің орны қашан да бөлек. Алтындай әжелерімізге Алла жар болсын!!!
– Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, ұлттық құндылықтарды, ұмыт болған әуендерді болашақ ұрпаққа жеткізу – басты мақсат дедің. Нақтырақ айта кетсең. Алдағы уақытта осы бағытта тағы қандай жұмыстар атқарылады?
– Қазіргі таңда алқалы жиын, торқалы тойға барсаңыз қазақтың бай тілімен төгілте бата беретін ақсақал жоқтың. Өкінішке орай осыны көргенде ішің ашиды. «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас», «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деген керемет сөз бар қазақта. 5 жастағы ұл бала отырса 80 жастағы әжеміз бата жасамаған. Міне, «тәрбие талбесіктен» деген тәмсіл осыдан шықса керек. Сондықтан осы ата дәстүрдің жалғасы үзілмесе екен деген мақсатта барлық үйірме оқушыларының арасында «Ақ бата» сайысын жиі өткізіп тұрамыз. Дәстүр сабақтастығын бүгіннен бастап қолға алмасақ ертең кеш болары анық. Мәдениет үйі жанынан «Ғасырлар үні – шежіре отауы» деген атпен қазақ үй тіккенбіз. Оны өз күшімен аштым. Сол жерде барлық салт-дәстүрлерімізге байланысты танымдық, тәрбиелік сабақтар жиі өтеді. Алда, Алла қаласа, ұлттық ойындарды қолға алсам ба деген ойым бар. Біз жылда көкпар, теңге ілу, қыз қуу сияқты ойындарды ұйымдастырамыз. Осыған садақ тарту, жамбы ату сияқты қазақтың аңшылық, мергендік өнерін меңгертетін тағы басқа ойындарды қоссам деген арманым бар. Ал дәстүрлі қазақ әндерінің, күмбірлеген күйдің орны тым бөлек қой. Мұны да хал-қадірімізше қолға алып, дәріптеп жүрміз. Тарихы тереңде жатқан қазақ өнері қашанда халықпен бірге жасай беретінінне сенемін. Өйткені ұлтын сүйетін, ата-баба мұрасын ұлықтай білетін ұрпақ өсіп келеді. Бұл ретте біз де ұлт мұрасының мұртын бұзбай ұрпаққа жеткізуді басты парызымыз деп білеуіміз керек. Істеп жатқан істеріміздің басты бағыты да, нақты мақсаты да осы жолда тоғысуы керек.
– Ән өнерінің ішінде құлақ құрышын қандыратын дәстүрлі әннің шоқтығы биік, жолы дара десек артық айтқандық емес. Қазір дарақтаған мағынасыз даңғазадан жалыққан халықтың дәстүрлі әннің әдемі де әсерлі әуезімен сағына қауышқаны да шындық…
– Дұрыс айтасыз, өнер өлкесіндегі ән әлемін бір тау деп есептесек, бүгінде әншіліктің түрі көп. Көбінің таңдауы жеңіл-желпі той әндері мен рок, поп секілді бағыттарға ауып кеткені де жасырын емес. Хит болам деп болсын, болмасын дарақтап жататындары да жетерлік. «Әннің де естісі бар, есері бар». Эстрада деген «кетті, лақты, тыңдамайды ол» деген күйге түсті. Қазақы қалпын жоғалтпаған ауыл халқының үлкендері ғана емес, мектеп жасындағы ұрпағының да бұл өнерге деген қызығушылығы өте жоғары. Бүгінде жеңіл-желпі әндердің ғұмыры қысқа екенін бәрі біледі. Ол бүгін бар, ертең жоқ, уақытша ғана екені де белгілі. Қырбақ қар сияқты еріп кетеді, яғни демде ұмыт болады, жоғалады. Ал дәстүрлі ән жанры – мәңгілік өнер. Оған талас жоқ. Елмен бірге жасай бермек.
– Өз шығармашылығыңа оралсақ. Әр әншінің «паспорты» болып есептелетін әні болады. Солай ғой…
– Менің негізі мамандығым – үрмелі аспаптарда ойнау. Әрине бойымызда қайнап тұрған қазақ қаны барда ұлттық аспабымыз – домбырада ойнамау мүмкін емес. Қара домбыраның құдіретін шын сезінетін қазақтың бір баласы ретінде күй де тартамын. Бірақ көбіне халық әндерін орындаймын. Оның ішінде Қасым Аманжолдың «Өзге емес, өзім айтам өз жайымды» әннін көп орындаймын.
Айтар болсам балалықтан бір өлең,
Алтайымның жолдарында түнегем.
Ақиықтай таң алдында сілкініп,
Қарлы шыңның қыранындай түлеген.
Қайырмасы:
Елегізіп, елегізіп өткен сол
бір шақтар-ай,
Елеңдетіп заманымның өтіп бара жатқаны-ай… –
деп басталатын Солдатхан
Орайханұлының «Заманымның өтіп бара жатқаны-ай» әні жаныма жақын әндердің бірі және бірегейі деуге болады.
– Ұзынқұлақтан Талғар мәдениет үйіне ауысады дегенді естідік. Рас-өтірігін өзіңнен естісек… Рас болса, ол жақтағы қызмет қандай, қашан басталмақ?
– Алла қаласа, ауыс-түйіс болатыны жоспарда бар. Бірақ қашан екені белгісіз. Сондықтан уақыт еншісіндегі дүниені алдын-ала жар салғанымыз жөн болмас. Егер аудандық мәдениет үйіне барған жағдайда, әрине осы беттен жаңылмасым анық. Өйткені ұлттық құндылықтарымыздың қайнарынан қанып өскен мен үшін қазақ салт-дәстүрі мен өнерінің орны тым бөлек. Сондықтан осыны биіқ дәрежеде ұлықтасам, ұрпаққа үйретсем, ел мәдениетіне тамшыдай болса да үлес қосып, ата аманатын орындасам одан асқан бақыт та, арман да болмас еді.
– Өнер – саф, таза әлем, ластықты кешірмейді деп жатады. Бірақ қазір тас лақтырсаң «әншіге» тиеді. Айтары болмаса да, қомақты табыс көзі қылып алғандар да аз емес. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Өте орынды сұрақ. Әнші көп, бірақ білімді, оқыған әнші аз. «Қарынымның ашқаны на емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» демекші, сахнаның сәні кетті деп кесіп айтуға болмас, бірақ ән өнерінің ауласын былғап, табыс көзіне айналдырғандардың аз емес екені аян. Бірақ не нәрсенің шегі бар ғой, бұл да уақытша деп білемін. Уақыт бәрін өз орнына қоятынына сенемін.
– «Ұстазы мықтының, ұстамы мықты». Өнердегі, өмірдегі ұстазың туралы айтпай кету ағаттық болар. Тоқтала кетсең.
– Өнер әлемінің өкілі болсам да, әскери білім алдым. Сол себепті әскери-патриоттық тәрбие негізінде қанатым қатайды. Бұл саладағы ұстаздарым өте мықты болды. Олар өте дарынды монгол азаматтары еді. Омылардың ішінде әсіресе подполковник Энхэ деген мұғалімнің атын ерекше тап өткім келеді. Отанды, салт-дәстүрді құрметтеп, ұлттың ұлы мұрасын барынша ұлықтауға үйретті.
– Әсерлі сұқбат үшін рақмет. Өмірдің төрінде, өнердің өрінде бол!

Сұқбаттасқан
Жанбота Сұлтанмұратқызы