Қазіргі таңда қазақстандық әйелдер саны 10 миллионнан асқан. Оның 3 миллионға жуығы кәмелеттік жасқа толмағандар. Ал олардың орташа жасы – 74. Бұл туралы Үкімет отырысында есеп берген денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді. Ал осыдан 5 жыл ғана бұрынғы статистика бойынша, яғни 2017 жылғы статистикалық деректерде еліміздегі адамдардың орташа жас мөлшері – 73, әйел адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы – 76, ер адамдарда – 68 жас деп көрсетілген.
«Жалпы әйелдердің өмір сүру ұзақтығы 74 жасты құрайды, әйелдер ерлерге қарағанда 7,7 жасқа ұзағырақ (66,33 жас) өмір сүреді», – деген денсаулық министрі: «Халықтың арасында мінез-құлық қауіп факторларын және артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукома және В, С вирустық гепатиттері сияқты кең таралған ауруларды, әйелдердегі обыр ауруларын анықтау мен диагностикалау скринингтері жүргізіледі», – деген ол әйелдердің көбінсе қандай ауруларға шалдығатынына жасалған сараптаманы да алға тартты. Осыған сәйкес мынадай мәлімет берілді:
— 27% тыныс алу ағзаларының аурулары,
— 12% несеп-жыныс жүйесінің,
— 8% қанайналым жүйесінің,
— 6% сүйек-бұлшықет жүйесінің және ас қорыту ағзаларының ауруларымен күресуде. ҚР бойынша аурушаңдық деңгейі бір жылда 4 пайызға өскенін айтқан министр сөзіне сүйенсек, бұл 100 мың халыққа шаққанда 50 мыңнан астам адамды құрайды. Диспансерлік есепте 3 млн-ға жуық әйел динамикалық бақылауда болса, ол есепте тұрған ересек адамдардың жалпы санының 62,5%-ын құрайды, яғни 4,8 млн адам. Жыл сайын стационарларда кем дегенде 2 млн-ға жуық әйел емделетінін ескерек, оның 500 мыңы хирургиялық операция көмегіне жүгінетін көрінеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы – 72 жас болса, орташа жас мөлшері әйел адамдарда 74-ті көрсетсе, ер адамдарда 69 жас деп көрсетілген. Аталған ұйымының деректеріне сүйенсек, 2017 жылы Жапонияда 90 жастан асқан адамдардың саны 2 миллионға жетсе, оның шамамен 90%-ын әйелдер құраған. Ғалымдар жапондықтардың ұзақ өмір сүру құпиясын дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтын берік ұстануынан деп түсіндіреді. Жалпы қай жылғы статистикалық мәліметті қарасақ та, әйелдер саны ерлерден әлдеқайда басым екені анық байқалады. «Неге ерлерге әйелдердің өмір сүру жасы ұзағырақ?» деген сұрақтың жауабын іздеп көрелік. Ашық ақпарат көздеріндегі деректерде мынадай мәлімет бар: UCL университетінің профессоры Давид Джемстің айтуынша, бұл адамдардың жынысын анықтайтын (әйел адамдарда – ХХ, ерлерде – ХУ) хромосомаға байланысты болуы бек мүмкін. Ерлерге қарағанда әйелдерде саны артық хромосома үлкенірек болғандықтан осыған сәйкес гені де көп болады. Ал ерлерде Х пен У болатындықтан ген саны аз. Оларда әйелдерде болатын «қосымша» Х хромосоманың орнын У хромосома алмастырған. Эксетер университетінің профессоры Лорна Харрис: «Жүктілік мерзімі созылуына байланысты ер балалардың 20-30%-ы жарық дүние есігін ашпай жатып көз жұмады», – деген дерек келтіреді. Egemen.kz сайтында келтірілген статистикалық деректерге көз жүргіртсек, 2017 жылы елімізде 65-тен асқан ер адамдардың саны – 455 335, әйел адамдардың саны – 824 535, яғни әйелдер ер адамдарға қарағанда шамамен 2 есе көп екені айтылады. Бұл ретте ұзақ өмір сүру мықты денсаулықтың көрсеткіші емес екенін де ескерген жөн. Социологтар 2032 жылға таман ерлер мен әйелдер жасында айтарлықтай айырмашылықтың болмайтынын айтады. Демек алдағы он жылдықта адам баласының өмір сүру салтында үлкен өзгерістер болуы мүмкін екенін болжауға болады. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Қазақстан әйелдері туралы статистиканы ұсынған Ұлттық статистика бюросы «2023 жылғы 1 ақпандағы соңғы мәліметтер бойынша елімізде 10 118 282 әйел тұрады. Оның 6,3 млн-ы қалалық жерде, 3,7 млн-ы ауылды жерлерде. Өңірлер бөлінісінде әйелдердің саны бойынша Алматы қаласы (1 157 823), Түркістан (1 040 069) және Алматы облыстары (753 562) көш бастап тұр» деген мәліметті ұсынады. Ал осы жылдың 7 наурызында naryk.kz сайты келтірген мәлімет бойынша «Қазақстандық қыз-келіншектердің орташа жасы 33,7 жасты құрайды. Айта кетейік, көрсеткіш 2022 жылдың басымен салыстырғанда 2,6 жылға ұлғайды. Әйелдердің өмір сүру ұзақтығы карантин болған 2020-2021 жылдардан кейін қайтадан өсе бастап, 78,3 жасты құрады. Еңбек нарығында 4 302,6 мың әйел жұмыспен қамтылған. Олардың басым көпшілігі білім беру саласында еңбектенеді, яғни 851 мың. Тағы 828 мыңы көтерме немесе бөлшек саудамен айналысады, 451 мыңы ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында қызмет етсе, 401 мың әйел денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласында, 328 мыңы өнеркәсіп секторында жұмыс істейді. Тек 74 мың әйел өнер, ойын-сауық және демалыс саласында өз нәпақасын тауып жүр. Мұның ішінде 849 мың әйел жеке кәсіпкерлік субъектілерінің басшысы болса, бұл осы күнге дейін тіркелген жеке кәсіпкерліктің жалпы санының 53,5% құрайды. Назарларыңызға ұсынылып отырған мәліметтердің сәйкес келетін, келмейтін тұстары бар екенін аңғарып отырған боларсыз. Қалай десек те ғаламдану процесінде адамдардың тіршілік ету үрдісі жылдам өзгеріп, халықтардың салт-санасы да заман талабына сай мың құбылып жатқаны мәлім. Бұл жерде әлемдік өзгерістермен қатар, барлық тірліктің біртіндеп сандық жүйеге өтуі, тамақ құрамына қосылатын түрлі химиялық қоспалардың көптігі, киім өнеркәсібіндегі зиянды қоспалар негізінің көптігі секілді экономикалық негіздерді айтпағанда, әлемдік экологияның да кері әсері орасан екені белгілі. Қу тірліктен қолы босамайтын әйелдердің дені денсаулық күтіміне уақыт бөле бермейтіні де ақиқат. Ал олардың дұрыс тамақтану ержесін сақтап отыратын уақыты да жоқ екені айтпаса да түсінікті. Осындай жағдайда жүйкеге түскен салмақ пен күтімнің жоқтығы, денсаулық сақтау ережелерінің сақталмауы мен сауатты өмір сүру салтының ескерілмеуі олардың өмір сүру жасының ұзақтығына тікелей әсер ететіні айтпаса да түсінікті жайт. Елді қорқытпақ ниетіміз жоқ, тек тірліктің алдын діңгегі – аналар аман болып, өз денсаулықтарына да көңіл бөлсе екен деген ниетпен ой салып отырған жайымыз бар. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын, ардақты аналар, құрметті қыз-келіншектер!
Жанбота Сұлтанмұратқызы