«Қазақстанның алтын қоры 355 тоннадан асты», – деп хабарлайды inbusiness.kz. Ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтерге көз сүйенсек, LS басылымы Дүниежүзілік Алтын кеңесі таратқан мәліметтерді жарниялап, онда наурыз айында еліміздің бағалы металл қоры 3,9 тоннаға толыққаны айтылады. Айта кетейік, бір ай бұрын ғана оның көлемі 351,7 тонна деп көрсетілген. Халықаралық валюта қоры мен Еуропалық орталық банкті есепке алмағанда, алтын қорының мөлшері жағынан Қазақстан 15-орынға тұрақтаған. Дәл осы көрсеткіш бойынша Португалияда 382,6 тонна, Сауд Арабиясында 323,1 тонна алтын қоры бар деп көрсетілген. Ал көш басында АҚШ (8,1 мың тонна), Германия (3,3 мың тонна), Италия (2,45 мың тонна), Франция (2,43 мың тонна) және Ресей (2,2 мың тонна) секілді елдер тұр. Ақпаратқа сәйкес, 18 қарашада Comex биржасында алтын бағасы троя унциясы үшін 1,76 мың доллардан сатылған деген мәлімет бар.
Естеріңізде болса, Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Ұлттық валюта күніне орай Ұлттық банк ел тарихында алғаш рет журналистерге арналған пресс-тур ұйымдастырып, еліміздің алтын қоры мен банкнот фабрикасын көрсеткен. Ұлттық банктің құрылымдық бөлімшесі саналатын орталық ол кезде әртүрлі функция атқаратын 14 бөлімнен тұратын. Онда барлығы 350 маман жұмыс істеген. 1991 жылы желтоқсанда алғашқы 2 күміс құйма, 1992 жылдың 7 қаңтарында 5 алтын құйма орталықтың сақтау қоймасмына тапсырылған. Содан бері 7 қаңтар Қазақстан республикасының алтын қорының құрылған күні деп есептеледі.
Бүгінде аталған орталық қолма қол ақшамен жұмыс, таза (аффинаждалған) алтынды сақтау, қолма қол ақшаны инкассациялау және мемлекеттік кіріспен (тәркіленген мүліктер) жұмыс жасау, бағалы тастарды жеткізу секілді бағыттарда өз жұмысын жалғастырып келеді. Құнды металдар және бағалы тастар туралы заңға сәйкес, мемлекет Ұлттық банктің алтын-валюталық активтерін оны өндіруші субъектілерден және аффинаждалған алтын иелерінен алуға құқылы. «Казцинк», «Тау-Кен Алтын», «Қазақмыс», «Востокцветмет», «Altyntau Kokshetau» компаниялары орталықтың негізгі алтын жеткізушілері болып саналады.
Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстан алтын қоры 59 пайызы елімізде, 41 пайызы шет елде сақталады. 1 грамм қымбат металл құны 26 335 теңге деп бағаланған.
2021 жылы Comex биржасында алтын сауда-саттығы троя унциясы үшін 1794,7 доллар шамасында жабылса, LBMA-да қымбат металл 1785,7 долларға сатылған. Ал еліміздің Ұлттық Банк сайтында 1 грамм бағалы металл 24,2 мың теңгеге бағаланған. Салыстырмалы түрде қарсақ, ешқашан құыны жоғалтпайтын қымбат металдың құны жыл сайын артып келе жатқанын аңғару қиын емес.
ҚазАқпарат таратқан мәлімет бойынша, елдегі алтын қорының 36%-ы ШҚО-да шоғырланған. Бұл мәліметті 2022 жылы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитетінің төрағасы Талғат Сатиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте атап өткен. Оның айтуынша «жалпы пайдалы қазбалар қорын есепке алу 103 компонент бойынша жүргізіледі. Оның ішінде көмірсутекті шикізат бойынша 7, қатты пайдалы қазбалар бойынша 61, кең таралған пайдалы қазбалар бойынша 32, жерасты сулары бойынша 3 компонент барланған. Алтын кен орындарының негізгі қоры Шығыс Қазақстан облысында шоғырланған. Ол – 36%. Ақмола облысында – 21%, Қарағанды облысында – 11% алтын қоры шоғырланған. Ал мыс қорының 82%-ы елдің шығыс және орталық өңірлерінде орналасқан. Қорғасын-мырыш кен орындарының 41%-ы орталық Қазақстанда, 33%-ы шығыс Қазақстанда және 21%-ы оңтүстік Қазақстанда шоғырланған» деген мәлімет келтірілген.
Ал 2022 жылдың тамыз айында Қазақстанның халықаралық резервтері 382 млн долларға өсіп, 86,5 млрд долларды құрағанын мәлімдеген Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов: «Жалпы халықаралық резервтер тамыз айында 382 млн долларға өсіп, 86,5 млрд долларды құрады. Оның ішінде Ұлттық банктің алтын валюта активтері – 32,7 млрд долларды, Ұлттық қордың активтері – 53,8 млрд долларды құрады.
Республикалық бюджетке 3,3 трлн теңге трансферттер бөлу үшін жыл басынан бастап Ұлттық қордың валюталық активтері 3,3 млрд долларға сатылды. Теңгемен түскен түсімдер де пайдаланылды. Мұнай бағасының едәуір өсуі аясында Ұлттық қорға түсімдер жыл басынан бері шамамен 3,3 есеге ұлғайып, 4,6 трлн теңге болды», – деп ақпар айтқан. Оның айтуынша, Ұлттық қордың орташа жылдық кірісі құрылған кезден бері тұңғыш рет 3,05%-ға жеткен көрінеді. Осы отырыста Ұлттық банк төрағасының орынбасары: «Соңғы 5 және 10 жылда бұл көрсеткіш жылдық мәнде 1,29% және 1,39% болған еді», – деген де мәліметті алға тартқан.
Жанбота Сұлтанмұратқызы