Биылдан бастап кәсібі бар немесе кәсіп бастағалы жүрген жастарға жылдық мөлшері 2,5 пайызбен шағыннесие беріле бастайды. Бастама 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба шеңберінде қолға алынып отыр. Онда кәсіпкерлік қызметті бастағысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға конкурс негізінде микрокредит беру көзделген.
Бұл екі қолға бір күрек тапсам деп елеңдеген жастарымыз үшін жағымды жаңалық болды. Осы ретте Қарасай ауданындағы Халықты жұмыспен Қамту орталығында 21 мен 35 жас аралығындағы жастарға арналған 2,5% жеңілдетілген несие тақырыбы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тұрғындар бизнес ашу бойынша көкейкесті сұрақтардың жауабын біліп қайтты. Алайда микрокредит бойынша қабылданатын құжаттар тізімі әлі бекітілмеген.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, республикада 179,9 мың белсенді кәсіпорын бар, оның ішінде қызметкерлерді міндетті сақтандыру туралы 58,5 мыңы ғана шарт жасасқан. Кейбір жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігін дұрыс қамтамасыз етпеуінен және өз қызметкерлерін сақтандырмауынан жазатайым оқиғалар жиі болады. Биылғы жылға арналған міндет – 119,9 мың кәсіпорын тарапынан қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру шарттарын жасасуды қамтамасыз ету. 2023 жылдан бастап ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаны масштабтау шеңберінде қазақстандықтардың тиімді шарттармен шағын несие алу мүмкіндігі туып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлағандай, ауылдық елді мекендер мен шағын қалалар тұрғындары бизнес ашуға және жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуге шағын несиелер ала алады.
Жоспарға сәйкес «Кәсіпкерлікті бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты қорғау министрі міндетін атқарушының 2022 жылғы 7 ақпандағы №47 бұйрығында айтылған. Бұдан бұрын хабарланғандай, былтыр қыркүйектегі Жолдауында ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие берілетінін мәлімдеді. Атап айтқанда, жастарды кәсіпке тарту үшін 6 мың азаматқа 5 жыл мерзімге 2,5 пайызбен шағын несие беріледі.
Микронесие «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5 пайыздан аспайды. Ал ең жоғары қарыз сомасы 5 млн теңгеге дейін және кепіл болуы міндетті. Микрокредитті кез келген мақсат үшін 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығына 7 жылға дейінгі мерзімге алуға болады. Сондай-ақ негізгі берешек пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі көзделген, ол микрокредит мерзімінің үштен бірінен аспайды. Қазіргі таңда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен кредит шарттарын жасасу, «Аграрлық несие корпорация» АҚ-мен жергілікті атқарушы органдардың тапсырма шартын сондай-ақ бизнес-жобаларды қарау бойынша өңірлік комиссиялар құру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Сонымен бірге Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязовтың сөзінше, жаңа несие бағдарламасы аясында несие каникулы да қарастырылады. Оның мерзімі – 1,5 жыл. Аталған мерзім ішінде қарыз алушы несие бойынша төлемдерді төлеуден босатылады. «Несие каникулы жас кәсіпкердің бастапқыда өз кәсібін аяғынан тұрғызып алуына мүмкіндік береді. 2023 жылы бұл микроредитті 5,8 мың жас кәсіпкер алады деп жоспарланып отыр», – дейді Асқар Ниязов. Аталған мақсат үшін биыл республикалық бюджеттен 28 млрд теңге қарастырылып отыр.
Бұған қоса Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов еліміздегі жастарға 2,5 пайызбен несие беру келесі айда басталатынын айтты. «Еңбек министрлігі ережені әзірледі. Тиісті бұйрық шығып, Әділет министрлігінде тіркеуден өтті. Біздің ведомствоға қатысты шешім қабылданды. Қазіргі кезде жергілікті атқарушы органдармен бірлесе осы тетік бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Осы айда жергілікті атқарушы органдар мен Қаржы министрлігі несие келісіміне қол қояды. Сондықтан келесі айдан бастап беруге мүмкіндік жасалады», — деді А. Сарбасов Сенатта өткен баспасөз мәслихатында.
Кәусар Әбдікерім