Рас, ұлт өміршеңдігі тілінің тірегінде. Оған талас жоқ. Осы тұрғыдан алғанда қазақ тілінің қазіргі күйі күйген нанды талғажау етіп ошақ басында отырған күйелеш баланың кейпін елестеді. Ащы болса да шындыққа тура қарау ләзім.
Жазушы Сейітхан Әбілқасымұлы 1992 жылы «Егеменді Қазақстан» газетінде жарық көрген «Ұлттың қамы – ұлы мұратымыз» мақаласында «Ұлттық тілдің мәртебесін биіктету үшін мемлекет басшыларыннан бастап, билік басындағы қазақ азаматтары жиындарда ана тілінде сөйлеп, соның мүддесін қорғауы – басты парызы. Өз мүддесі жолында өзгені құрбандыққа шалып, ұлтын сатып кетуге әзір тұратындарға заң жүзінде тыйым салынар кез жетті.
Ел басшылары орысша сөйлеуге құмартса, басқа ұлттарға қазақ тілін үйреніп жұмыс істе, тілімізді құрметте деп қалай айта аласың?..» деген ащы пікір айтады. Содан бері не өзгерді? Саралап көріңізші. Осыдан бақандай 30 жылдай бұрын айтылған бұл пікірді әлі өзгерте алмай отырмыз. Сондықтан бұл пікірге қайыра қосылып, қайтара айтуға мәжбүрміз.
Қазақ тілі әлемдегі бай тілдердің қатарында деп кеуде керіп, мақтан еткенде табанымыздың жерге тимей тұратыны тағы бар. Бірақ түптеп келгенде ана тіліміздің атамекендегі халі аянышты екенін адамнан жасырғанмен, Алладан қайтіп жасырмақпыз? Адамды жаратып, әрқайсысын ұлттар мен ұлыстарға бөліп, жеке-жеке тіл бергенде ең көркемін иеленген қазақтың тәлейінен бе екен, кім білсін, және тұнық тілдің иесі болыппыз. Бармақтай бақ деген осы болар. В. Радлов, П. Мелиоранский,
С. Малов, А. Брем, А. Янушкевич сынды әлем халықтары мойындаған талай түркітанушы ғалымдарды таңдай қақтырған қазақ тілінің қадіріне әлі күнге дейін жете алмай отырғанымыз да дәуір шындығы. Осы орайда ана тіліне қиянат жасап, аяқ асты етіп жүргендерді көргенде 2,5 миллионнан астам сөздік қоры бар қайран қазақ тілдің көз жасын сүрткім келеді.
Ашық деректерге жүгінсек, ең бай тіл саналатын жапон тілінде шамамен 64 миллион сөз болса, 2 орынды иеленген қазақ тілінде 2 550 000 сөз бар екені айтылады. Ал ағылшын тілінде 1 миллион, орыс тілінде 250 000, французда 200 000 сөз бар деген дерек келтірілген.
2016 жылы белгілі журналист Серік Әбікен: «Қазақ тіліне жаңа 27 000 термин енгізіледі(!). Мәдениет министірлігінің өкілі Ақтоты Райымқұлова осылай депті. Ономастикалық комиссия (?) тәуелсіздік алғалы қорымызға 18 000 жаңа сөз енгізіп, бекітіп үлгеріпті… Қарқынды жұмыс екен. Жапон ғалымдары тілді толық түсіну үшін 10 000 сөз білсең жетеді дейді, еуропалықтар есебінше 4000 сөз білген адам газет, кітапты еркін оқиды. Бірақ бұл қазаққа келетін стандарт па? «Абай жолындағы» 17 000 сөзді түсіну үшін басқа өлшем керек-ау… Өкініштісі, бізде мұндай зерттеу жүргізілмейді екен. Қазақтың тілдік қорында қанша сөз барын да білмейміз. 1950 жылдары сөз қорымыз 150 000 делінген, кейін тіркестерді, сөздік формаларды, говорларды қоса санап 2 жарым миллиондай сөз бар-ау деп бір қойды… Сол зерттеуі кемшін теңіз-тілге жаңа сөздер топ-тобымен қосылып жатыр. Құтты болсын дейік, біз игермесек балаларымыз игерер. Бастысы өсіп жатқан тіл – өлмейді!» – деген пікір айтты. Одан бері де аттай 6 жыл артта қалды десек, қаншама жаңа сөздер қолданысқа енгені туралы дәл дерек жоқ. Иә, өлмесін, өрлесін! Тек тілекшіміз. Бірақ…
Неміс, орыс және қазақ тілдерін жетік білетін жазушы Герольд Бельгер 17 томдық академиялық сөздікте қазақ тілінің 10 томдық қана түсіндірме сөздігіне 2 миллион 550 мың сөз енгенін жазып, Шескпир мен Байронның барлық туындыларын қоса алғандағы сөздер саны 15 мың сөз болса, қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуезов бір ғана «Абай жолы» эпопеясында 17 000 сөз қолданған деген дерек келтіреді. Ал сонда осынша байлықтың иесі бола тұра, көзге ілмей аяққа басып тұрып «өзгенің қаңсығын таңсықтаған» біздің Құдай сүйер қылығымыз қайсы?
Журналист Серікбол Хасан бұрынғы «Еңбекшіл қазақ», қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінің 1923 жылғы №66 санында Манап Шамиль (қазақтың біртуар ұлдарының бірі Сәкен Сейфуллиннің бүркеншік есімі) деген автордың «Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік» атты мақаласы жарық көргенін айта келіп, онда: «Біз «киргиз» деген атты жоғалтып, өзімізді «қазақ» деп атасақ, басқаларда бізді «қазақ» деп, осы атты қолданып кетпек. Біздің бір үлкен кемшілігіміз — осы күнгі басқа жұрттан бұрын өзімізді өзіміз «киргиз» дейміз. Бұл біздің едәуір әлсіздігімізді көрсетеді. Егерде біздің қазақ жігіттері бұл қатені түзетеміз десе, оп-оңай түзетіп әкетер еді.
Қазақстанның орталық үкіметі «киргизді» қойып «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек. Қазақты — қазақ дейік. Тарихи қатені түзейік!» , – дей келе: «…Орыстың патшасы қазақты қаратып алып, жалпы қазаққа «киргиз» деп ат жапсырылған соң, қазақ халқын оңай қаратып алған соң, орыс патшасының төрелері, жасауылдары қазақты бір түрлі, құр, мүгедек, мақау жануар деп санап, «киргиз» дегенде біртүрлі менмендік қиянатпен, қорлаған мазақпен айтатын болды. Ақ патшаның «шарапатына» мәз болған мырзалар қазаққа жоғарыдан төмен қарап, тұмсығын көкірейтіп, пысқырып, «киргиз» дейтін болды. Төрелердің қатындары итіне ұрысқанда: «Ах, ты, полкан! «Киргиздан» да жамансың!» дейтін болды. Келе-келе тұрмыстың игілігін өзгелермен бірдей ешуақытта қазақтың көруге лайығы жоқ деп ойлайтын болып, қала тұрмысына түсіп, оқып, тазарақ тұра бастаған қазақты көрсе таңырқап: «Қарашы, тіпті өзін «киргиз» дейтін емес!» деп тамсанып жүретін болды…» деген Сәкен Сейфуллин мақаласының үзіндісін келтіреді. Құнды, керек дерекке біз де көз салдық. Сосын осы қалыптан әлі алыстап кете алмай жүргенімізге іштей қатты қынжылдық. Кімді кінәлай берейік?… Сондай-ақ автор: «Еңбекшіл қазаққа» шыққан осы мақаладан кейін сең қозғалды. Араға 2 жыл салып, 1925 жылдың 19 сәуірінде сол кездегі астана Ақмешітте өткен V Бүкілқазақ сьезінде қазақтың тарихи «қазақ» атауы қайтарылды» , – дегенді тілге тиек етеді.
Қазақ атауын қайтарған Сәкен Сейфуллин еңбегі ерен десек те, бүгінгі біздің құлақ «неге керең?» демеске лаж жоқ… Өзгелер ғана емес, өзімізді өзіміз «мазақ қылып» әлі жүрміз… Қайран қайсы?
Ал танымал адвокат Ләззат Ахатова жақында ғана Facebook парақшасында: «Осы постты жазбай-ақ қояйын деп едім, дұрыс түсінбейтіндер көп болатынын білем, өйткені. Тілге қатысты. Басқа саланы білмеймін, мемлекет басшысының тікелей тапсыруымен (естігенім солай) сот, адвокатура, құқық қорғау органдарында мемлекеттік тілді дамыту туралы үлкен Концепция жасалып жатыр. Бастамашысы – Жоғарғы сот қараша айында халықаралық конференция өткізілетін боп, жоспарланды. Жұмыс тобы құрылып жатыр. Баяндамашылардың бірі болғандықтан, өзіме белгілі жайтты айтып жатырмын.
«Өгейдің күйін кешкен қайран тілім» деп қатты күңірене берудің қажеті жоқ шығар, таразы басы әзірге тең. Осыдан 3-4 жыл бұрынғы соттардағы тіл мәселесі қазір едәуір түзелген. Үлкен қалаларда қазақша білетін судьялар өте аз еді, қазір көпшілігі мемлекеттік тілдегі сот процесстерін еркін жүргізеді.Тек өз тілін менсінбейтін өз қандастарымызға өкпелейікші. Олар көп қой… Аттап бассаң, кезігесің. Иә, «жоқтан жоғары» болса да, сот жақтан жақсы жаңалық екен деп қуанып қалдық.
Енді мынаны қараңыз, күймейін десең өстіп күйдіреді ғой. «Қазақстандық фильмдерді қазақ тіліне аударуға бюджеттен 67,4 миллион теңге бөлінген. Қазақстанда түсірілген түрлі жанрдағы «отбасылық көруге» арналған 10 фильм 67 459 821 теңгеге қазақ тіліне аударылғалы жатыр. Мемлекеттік сатып алу сайтында өтінімдерді қабылдау басталып та кетті» , – дейді Orda.rz.
Айналайын-ау, бұдан бұрынғысы туралы ештеңе демей-ақ қояйық, ал қымбатшылық қос бүйірден қысып, айналамыздан тыныштық қашқан уақытта қолда барды екі шашып, халықтың қаражатын суша ағызғанша, сол фильмдерді бірден қазақша түсіре салуға не кедергі? Неге біз ысырапшылмыз?…
Сөз соңында «әдетегідей» мақтана кетейінші… Ашық дереккөздерде бүгінгі таңда қазақ тілінде сөйлейтін 15 миллионнан астам адам екені айтылады. Олардың 88%-ы қазақ болса, қалған 12%-ы – өзге ұлт өкілдері. Түркі тілдері ішіндегі сөздік қоры ең көп саналатын қазақ тілі сөздік қорының 60%-ы түркілік түбір сөздерден тұратын әлемдегі ең таза тілдің бірі. Интернет кеңістігінде қолданылу аясы бойынша 57-орында тұрған қазақ тілі 500 млн қолданушысы бар Google Translate автоматты аударма қызметіне қосылған 82-тіл. «Қанағат-тандырылмағандықтарыңыздан» деген 33 әріптен тұратын сөз бізде ғана бар. Ал «айналайынды» дәлме-дәл аудара алатын бір де бір тіл жоқ!
Жанбота Сұлтанмұратқызы