Қарасай аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып, онда «Халыққа қызмет көрсету жағдайын жаңарту мақсатында аудандық пошта торабы басшысының атқарып жатқан жұмыстары туралы» мәселе қаралды. Отырысты ашқан кеңес төрағасы Жанат Исағұлов пошта жүйесі жұмысының маңыздылығын атап көрсетті.
Мұнан кейін аудандық поштаның басшысы Ерболат Сарқұлов өздерінің жұмысы туралы кеңінен баяндады. Алғы сөзін: – Өткен 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыста екінші орын алдық, – деп бастаған ол: – Белгіленген жоспарды орындадық. Әлі де пошта жұмысының маңызы зор. Менің мұнда басшылыққа келгеніме көп уақыт өткен жоқ. Алдымен тәртіпті күшейттік, басқа да ұйымдастыру шараларын жүзеге асырдық. Жұмысымыз негізінен үш бағытта жүргізіледі. Олар, біріншіден, әртүрлі төлемақылар, әріптес банктермен бірлескен жұмыс, екіншіден, пошталық жөнелтілімдер, үшіншіден, халыққа көрсетілетін түрлі саладағы қызметтер. Ең қиын тиіп тұрғаны – басылымдарға жазылу. Сондай-ақ елге жеңіл болсын деп банкоматтарды көбейтуді ойластырудамыз,– дей келіп өздеріндегі шешімін күткен өзекті мәселелердің де көп екенін жасырмады. Аталған отырыста Қоғамдық кеңестің мүшелері Сағат Мәсімақынов, Әмина Абдраманова, Мұхтар Байқұлов тарапынан қойылған сұрақ тар да жауапсыз қалмады. Ал Несіпбала Әбділдаева пошта басшысы айтқан ақпарда мәселеге қатысты барлық жай қамтылғанын, тіпті, орын алған олқылық пен кеткен кемшіліктің де бүгілмей айтылғанын, алда атқарылған істердің жіпке тізгендей орнымен сөз етілгенін атап өтті. Сол сияқты Қаныбек Айтжанов пен Жанат Исағұлов та Ерболат Сәлімбайұлының осы күнге дейін атқарып келген ісіне ризашылық білдіре отырып, ұсыныстарын жеткізді.Отырысты кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы қорытындылап, пошта жұмысын өрге бастыру туралы ойларымен бөлісіп, жиында талқыланған мәселеге қатысты тиісті шешім қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ