Еңбекшіқазақ ауданы мен Алматы облысы әкімшілігі бірлесе отырып Есік қаласының Тұманбай Молдағалиев атындағы мәдениет үйінің алдындағы үлкен алаңда көрісу күнін жоғары деңгейде атап өтті. Бұл шараға Қарасай, Жамбыл және Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарының мәдениет өкілдері белсене атсалысты.
Көрісу – жаңа жылдың жаршысы, әз-Наурыздың басы. Бұл күн – елдің береке-бірлігін арттыратын, ізгілік пен мейірім сынды игі қасиетті дәріптейтін жалпы ұлттық мейрам. Шараның басында амал мерекесіне арналған сахналық көрініс қойылды. Бұл қойылым алты ай қыстан аман шыққан елдің арқа-жарқа жай-күйін дәріптеп, көкке мойын созып, аққа аузы тиген жұрттың бірлігі мен тірлігін бейнеледі. Ауыл-ауылдағы ағайын-туысқа сәлем беріп, соғым соңын қазанға сап, наурыз көжеден ауыз тиіп жатқан мамыражай қазақ ауылын көз алдымызға әкелді. Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Алтай Досумбаев жиналған жұртты «Амал» мерекесімен құттықтап: «Бұл қасиетті күнді халқымыз «Амал мерекесі» деп те атайды. Нағыз береке-бірлік пен ырыс-ынтымақтың мейрамы. Тазалық пен татулықтың, риясыз қуаныш пен шаттықтың ақ тілеу мен пәк пейілдің жаршысы. Ұлы Абай «Қырдағы ел ойдағы ел мен араласып, күлімдеп көрісіп, құшақтасып…» деп жырлағандай, қыс қыстаудан жаз жайлауға көшетін халық қардың көбесі сөгіліп, көктем шыққан уақытты жақсылыққа балап, бір-біріне амандық пен саулық тілеуге асыққан. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп төс түйістіріп, құшақ айқастыра көрісіп, сағына сәлемдескен бұл мереке Алаш жұрты үшін жаңа жылдың, жақсы күннің тың тіршіліктің бастамасы. Келген жаңа жыл баршамызға құтты болсын! Айдан аман, жылдан есен шығып, мақсат-мұратымызға жете берейік!», – деп ақ жарма тілегін арнады. Салтанатты шараның сәнін асырған төрт ауданның сахна саңлақтары ән мен жырдан шашу шашты. «Адырна», «Сазген», «Сүйінбай сазы», «Құлансаз» фольклорлық-этнографикалық ансамбльдердің сазды әуендері мен Сұлушаш Нұрмағанбетова, Қанат, Айтгүл Құдайбергеновтердің елге танымал әндері жиылған жұрттың көңілін бір көтеріп тастады. Сондай-ақ ат үстінде аударысып, білек күшін сынасқан балуандардың бәсекесі ұлттық ойын десе ішкен асын жерге қоятын жігіттердің делебесін қоздырды.
Шара барысында Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы Аянбек Дәуітқұловқа да сөз кезегі берілді. Мерейлі мерекемен құттықтаған ел ағасы салт-дәстүрге бай халқымыздың даналығын тілге тиек етіп, ел бірлігі үшін «Көрісу күні» мерекесінің алар орнын айтып, барша жұртқа кетпес дәулет, кең пейіл тіледі. Айтулы шараға арнайы келген «Есік архиологиялық өлкетану мұражайы» ұжымы дайындап келген алтын адам және оның киіміндегі әшекейі көрген жанның көзайымына айналды. Ел тәуелсіздігінің символына айналған алтын адам әшекейлерінің мән-маңызына тоқталған мұражай директоры Нарима Тойжанова: «Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін тағылымымен тамсандыратын аса құнды дүниелер жасаған. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті. Төрт мыңға тарта алтын әшекеймен безендірілген жәдігер көрген жанның көз жауын алды. Онда барыс пен бұланның, арқар мен таутекенің, жылқы мен сан алуан құстың бейнесі бедерленген. Бұл табиғат пен көшпенділер мәдениетінің біте қайнасып жатқынын айқындайды», – деп өзі тұрған өлкенің құнды мұрасымен мақтанды. Қарасайдан келген зергер Бекдайыр Егенұлы –қыз-келіншектерге арналған әшекей бұйымындарын жасаудың хас шебері. 40 жыл бойы айналысқан шаруаны күн көріс көзіне айналдырған шебер бұл өнерді жалғастыру үшін үлкен табандылық пен өнерге деген шынайы махаббат керек дейді. Ата кәсіпті арқау еткен отбасының ұл-қыздары да зергерлік бұйымдарын жасап қана қоймай, ат әбзелдерімен қатар қой жүнінен жасалған ұлттық киім-кешек те тігеді. Бағзы бабаларымыздан қалған бағалы өнердің жалғаушысы болған зергер халқымыздың ұлттық киімге деген қызығушылығы жылдан-жылға артып, мереке-мейрам, той-томалақта ұлттық киім киюді сәнге айналдыра бастағанын атап өтті. Аудандық кітапхана қызметкерлері Наурыз мерекесі қарсаңында 10 күндік кітап көрмесін ұйымдастырды. Онда халқымыздың салт-санасына, әдет-ғұрпына байланысты кітаптар ел назарына ұсынылды. Адам баласының тал бесіктен жер бесікке дейінгі қамшының сабындай қысқа ғұмырында орындалатын жөн-жоралғылар мен дүниетанымдық салттар туралы зерттеулер мен ұлттық мереке-мейрамның шығу тарихы, тойлану тәртібіне қатысты жинақтар орналастырылды. Заман талабына сай жасалған электронды кітаптарды оқуға да мүмкіндік жасалды. Сөгеті ауылындағы «Жеті қазына құсбегілері» мұражайынан келген бүркітші қыз Әйгерім Жанқылышбай құсбегілер отбасында өмірге келіпті. Бала жасынан қаршыға, қырғи, ителгі сынды құстарды еркіне көндірген қыз бүгінгі күнде қыран құсты қайыру да қолынан келетінін көрсетті. Қарашолақ атты қыранын қолына қондырып, қансонарда аңға шығатын ару тастан түлкі аңдаған сәттің қызығын майын тамыза әңгімеледі. Наурыз мерекесінің бастауы болған көрісу күні барша жанға бақыт пен шаттық сыйлап, мерекелік көңіл-күйге бөледі. Алты алаштың басы қосылған мерекеде ұлттық өнеріміз ұлықталып, сағынысқан ел-жұрт құшақтаса қауышты.
Зорагүл Әбдіқадір