14 наурыз – көрісу күні, амал мерекесі. Бұл күнде халық қыстан аман-есен шыққанын қуанышқа балап, бір-бірімен қол алысып, құшақ айқастырады. Барлық өкпе-реніш ұмытылып, кешіріледі. Тіпті алыстағы ағайын:
Демессің үйге келіп көріспедің,
Кеңейіп, өсе берсін өрістерін!
Ағайын, құтты болсын келген жылың,
Бұл менің ықыласпен көріскенім! – деп ыстық ықыласын білдіріп, сәлем де жолдап жатады. Бүгінде игі дәстүр еліміздің барлық өңірінде жалғасын тауып, Амал мерекесі ретінде кеңінен аталып келеді.
Осындай тағылымдық мәні зор мерекелік іс-шара «Жеті қазына» атты тақырыппен Нұра ауылдық округінің мәдениет үйінде өтті. Мерекелік іс-шара шымылдығын ұлттық киім киген оқушылар «Қазақы дастархан» әнімен ашса, жиналған қауым төс қағыстырып, «бір жасыңмен!», «жылдан-жылға аман-есен жете берейік!» деген секілді ақ тілектерін жаудырып, мәре-сәре болды. Мәдениет үйі жанында жұмыс істейтін үйірме оқушылары өздері жасаған қолөнер бұйымдарынан көз тоярлық көрме ұйымдастырды. Ал қазақ үйде терме бау тоқып отырған Айнамкүл апамыз бүлдіршіндерге ұлттық өнердің қыр-сырын үйретті. Әуелеген әнмен әрленген әсерлі кешті ақ батамен жалғаған ақсақалдар жағы кейінгі буынға ақылын айтып, батасын беріп жатты. «Көрісу – адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін ізгі амалы. Бұл күннің өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын тағылымы мол. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігі табиғат-анамен тығыз байланысқан халқымыз үшін Көрісу дәстүрі – жаңару мен жасампаздықтың, ырыc пен берекенің бастауы», – дейді ауыл тұрғыны Ербол Амонов. Ал көпті көрген ақжаулықты ана Гүлзина Сәмиденқызы: «Мен – Нұра ауылының байырғы тұрғынымын. Бұл аймақта көрісу ғұрпын үлкендермен қатар жас балалар да асыға күтеді. Таң атысымен балалар топтасып ауылдағы үйлерді аралап, үлкендерді «бір жасыңызбен!» деп құттықтап, салт бойынша сәлем беріседі. Жеткіншектердің келгеніне риза болған қариялар қолындағы бар тәттісін ұсынып, шынайы ықыласпен ақ тілектерін жаудырып, «жасың құтты болсын, айналайын!» деп ақ батасын береді», – дейді.
Мерекелік шарада әсем әндер шырқалып, көрісу салтынан көрініс көрсетіліп, әжелер шашу шашты. Ортаға шыққан жас келіндер қонақтарға бауырсақ ұсынып, ауыл дәмін татқызды. Осы шараның өтуіне мұрындық болған Нұра ауылдық мәдениет үйінің директоры Семейхан Дәріпханұлы: «Бүгін өтіп жатқан «Жеті қазына» іс-шарасы ұмыт болған ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп, болашақ ұрпаққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Тарихи тамыры тереңге бойлаған бұл салт – дана халқымыздың ұлыс болып ұйығандығының жарқын көрінісі. Ата-бабаларымыз ежелден дәл осы күні бір-бірімен қуана қауышып, амандық-саулық сұрасып, ізгі тілектерін арнап мәре-сәре болар шақ та осы. Игі дәстүр бүгінде ұлттық ерекшелігіміз ғана емес, ғасырларға жалғасып келе жатқан ұрпақ сабақтастығының алтын көпіріне айналды. Талғар аудандық мәдениет қызметкерлері әр жылы әр ауылдағы мәдениет үйіне жиналып, мерекені дәстүрлі түрде атап өтеміз. Биылғы жылы асыға күткен мерекені Нұра ауылдық мәдениет үйінде атап өтіп жатырмыз», – деп ой бөлісті. Айта кетейік, бүгінде ауылдық мәдениет үйінде 400-ден аса оқушы қызығушылықтарына қарай бос уақыттарын тиімді өткізіп, 18 үйірмеде өз талаптарын ұштауда. Оның ішінде 8-і спорт түрі, 10 шығармашылық үйірме бар. Мерекелік іс-шара «Қонақ кәде» айтысымен жалғасты. Қызыл Қайрат ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Надыхан Манай мен Нұра ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Ардақ Орынбек барша қауымға тартысты айтыс тарту етті. Әжелеріміз «Бес тас» ойынының қыр-сырымен таныстырды. Аталған ойында Тұздыбастау ауылының әжелер қауымы үздік атанып, сый-сияпатқа ие болды. «Мерген болсаң атып көр» атты сайыста ерлер арасында ерекше көзге түскен Талғар аудандық мәдениет үйінің әнші-күйшісі Айдос Балғабек жеңімпаз атанса, әйелдер арасында Нұра ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Мақпал Таубалды жүзден жүйрік шықты. Шара соңы мол жайылған ақ дастарханға ұласып, жиналған жұрт қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып тарқасты.
Кәусар Әбдікерім