Есік қаласында орналасқан 3-ші ықшам ауданындағы Марат Ысқақ көшесінде ұзындығы 50 метр болатын газ құбырын ауыр жүк көлігі соғып кеткен. Салдарынан №15 БМҚ және №9 БМҚ қазандықтары жылу беру жұмысын уақытша тоқтатты. Аталған қазандық 12 тұрғын үй және 158 пәтерді жылумен қамтамасыз етіп отырған. Қауіпсіздік мақсатында «АПЛ Констракшн» ЖШС-нің мамандары тексеріс жасап жатыр. Оқиға орнына МАИ қызметкерлері шақырылып, коммуналдық қызметкерлермен бірлесе отырып кінәлі тарапқа хаттама толтырылды. Жылу беру жүйесін қалпына келтіру мақсатында Талғар жылу мекемесі және әкімшілік тарапынан қазандықтарды дизел отынына қосу мәселесі қарастырылуда.
Газ құбырларын қалпына келтіру жұмыстарын жауапты мамандар наурыздың 14-нен бастап қолға алды. Аталған жұмыс басталысымен осы аудандағы 29 тұрғын үй мен 714 пәтерді жылумен қамтамасыз ететін қазандықтарға газ беру уақытша тоқтатылды. Бұл жағдай туралы Еңбекшіқазақ ауданының Instagram парақшасында айтылды. Келеңсіз жағдай туралы пікір білдірген желі қолданушыларның бірі che_ernsto: «Жүк көлігі қағып кетпей қайтсін? Газ құбырлары қалай болса, солай орнатылған. Ешқандай ережеге сай келмейді. Қараптан-қарап жүргізуші кінәлі болды, айыппұл арқалады. Мұның бәрі бармақ басты, көз қысты жұмыс істеген жауапсыздардың сапасыз жұмысы», – деп сынға алды. Nash_chilik есімді желі қолданушысы газ құбырларының мүлдем дұрыс орналаспағанын, заңда белгіленген талаптарға мүлде сай келмейтінін айтып, мұндай жағдай Шелек ауылында да орын алып, тұрғындардың жылусыз қалғанын жазып, осындай апаттың орын алуына жол берген шенеуніктерге мысқылдай «рақмет» айтты. Өткен жылы 30 қарашада Панфилов ауылында жарылған газ құбырына құлаған ағаш себеп болды. Салдарынан Панфилов, Тұздыбастау және Гүлдала сияқты ірі елді мекендердің тұрғындары жылусыз қалды. Бұл мәселеде бар бәлені құлаған ағаш пен жүк көлігіне жаба салғанымызбен, тұрғындар жауапты мекеменің салғырттығына наразы. Мұндай жағдай Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарда ғана емес, Алматы облысына қарасты өзге аудандарда жиі орын алатыны да шындық. Осындай келеңсіздіктерді жіпке тізе берсек, айтар әңгіме тым тереңдеп кетері анық. Алайда «Балық басынан шіриді» демекші, сала бойынша жауапты азаматтар құзырындағы іске қырандай қырағы болса, қарапайым халық алаңсыз болар ма еді деген ойдың жылт бергенін де жасырмаймыз?!
Зорагүл Әбдіқадір