2023 жылдың 3 наурызынан бастап жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң күшіне енді. Аудан бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының берген ақпаратына сүйенсек, аталған Заң күшіне енгеннен бастап 10 күн аралығында 288 азамат өзін банкрот деп тану туралы арыз берген. Олардың ішінде қарыз сомасы ең көбі 5.5 миллион теңге. Арыз берушілердің арасында жасы да, жасамысы да, мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар. Алайда бұл көрсеткіштің алда тағы өсуі мүмкін. Аталған Заң күшіне енген күні игі бастаманың мән-жайын білу үшін Талғар ауданы бойынша кірістер басқармасының басшысы Нұрлан Искакбаевпен сұқбаттасып қайттық.
– «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заң қабылданып, 3 наурызда күшіне енді. Бұл заңға сәйкес 3 рәсім қарастырылған екен, оның біріншісі – «Соттан тыс банкроттық». Осы туралы толығырақ айтып берсеңіз.
– Соттан тыс банкроттық тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін.
Бұл рәсімді қолдану үшін мынадай шарттар бар:
— Банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдындағы берешек 5,5 млн теңгеден (1600 АЕК) аспауы тиіс.
— Өтініш берген күннен бастап қатарынан 12 ай ішінде міндеттемелері өтелмеуі керек.
— Мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік жоқ болуы;
— Банк алдындағы берешектер бойынша жұмыс жүргізу;
— Банкроттық 7 жыл бойы қолданылмау қажет.
Сонымен қатар 6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар мен 5 жылдан астам уақыт қарызы өтелмеген азаматтар үшін ерекше жағдайлар қарастырылған.
– Соттан тыс банкрот деп тану бойынша арыздарды қарау қай мемлекеттік органға жүктелген?
– Соттан тыс банкрот деп тану бойынша арыздарды қарау мемлекеттік кірістер органдарына жүктелген.
– Бұл мәселеге қатысты арыздарын азаматтар кімге немесе қайда тапсырады?
Соттан тыс банкрот деп тану бойынша азаматтар арыздарын Халыққа қызмет көрсету орталықтары, Egov mobile, E-salyk azamat мобильді қосымшалары арқылы жолдай алады.
– Банкрот деп танылған азаматтарға қандай шектеулер қойылады?
– Өзін банкрот деп жариялаған азаматтар 5 жылға дейін несие мен кредит ала алмайды. 7 жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіну құқығына ие бола алады. Сонымен қатар 3 жыл бойы қаржылық жағдайына мониторинг жүргізілетін болады.
– Банкрот деп танылу үшін қарыз көлемі қанша сома мөлшерінде болуы керек?
– «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңына сәйкес азаматтар банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздары 5,5 миллион теңгеден асатын болса және басқа да берешек түрлері бойынша сот банкроттығына жүгіне алады.
– Аталған заңда төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қарастырылыпты…
– Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі тұрақты табысы болған жағдайда қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу мүмкіндігін қарастырады. Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушымен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы төлем қабілеті қалпына келген азаматтың «банкрот» деген мәртебесі алынып тасталады. Сондықтан банкрот үшін қойылған шектеулер оған қолданылмайды.
– Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін қолдану үшін арызды қайда тапсыру керек?
– Бұл рәсімді қолдану үшін азаматар өз арыздарын тұрғылықты жері бойынша сотқа бере алады.
– Осы Заң күшіне енген соң қазақстандықтардың өмірінде қандай өзгерістер болады деп ойлайсыз?
– Ешкім кредит алғанда оны қайтармай қоямын деп ойламайды. Адамдар аяқасты жұмыссыз қалады немесе еңбекке жарамсыз болады. Сол себепті біздің елге бұл заң аса қажет. Бұл Заң кедейлік шегінде өмір сүріп жүрген жандарға тиімді болады деп сенемін!
– Нақты, қысқа-нұсқа сұқбат үшін рақмет! Аталған Заңның арқасында қарыз басқан, қадірі қашқан халық қиындық қыспағынан шығудың жаңа жолын табады деп сенеміз.
Сұқбаттасқан
Зорагүл Әбдіқадір