Мектептегі қауіпсіздікке директор жауап береді

Мектептегі қауіпсіздікке директор жауап береді

Алдағы уақытта оқу ғимараттары мен білім ошақтарындағы қауіпсіздік күшейтіліп, осыған байланысты мектеп директорларының жауапкершілігі артады. Егер білім беру мекемесінде балалар өміріне қатер төндіретіндей қандай да бір төтенше жағдай орын алса, оған оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаған директорлар алдымен жауап беруі керек деген оқу ағарту министрі Ғани Бейсенбаев: «Егер ондай дөрекі қателіктер жіберген болса директор жұмыстан шеттетілуі, ескерту берілуі мүмкін. Жалпы бұдан былай басшылық қызметке жіберілмеуі де мүмкін», – дегенді айырықша атап өтті. Барлық оқу орындарына толығымен бейнебақылау камералары қойылып, оларды қадағалау басты назарға алынатынын да тілге тиек етті.

Шыны керек, бүгінде оқушылар арасындағы қылмыстық және бұзақылық істердің күн санап артуы министрлікті ғана емес, дүйім елді алаңдатып отырғаны белгілі. Осыған орай мектеп директорымен қоса мұғалімдердің де жауапкершілігі арттырылып, жұмысына жұмыс қосылып, жүйкесіне салмақ түсе бастауы мектептерде жиілеп кеткен оқыс және төтенше жағдайлардың көбеюінен болса керек. Мәселен, Петропавлдағы мектептердің бірінде бетперде киіп, балта әкеп оқушыларға шабуыл жасаған жасөспірімнің қылығы елді елең еткізді. Алдағы уақытта мұндай келеңсіз жағдайлардың орын алмауы үшін бейнебақылау камералары мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында білім ошақтарының лицензияланған күзетпен қаншалықты қорғалғанын арнайы мемлекеттік комиссия тексеру үстінде. Тексеріс қорытындысы 20 наурызда белгілі болмақ. Айтулы мәселеге қатысты тиісті шара да осыдан кейін қабылданатын болады. Оқушылардың қауіпсіздігін жіті бақылауға алатынын жеткізген Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов: «Бейнебақылау камераларымен жабдықтауға келетін болсақ, біратар білім беру ұйымдары мен байланыс компаниялары арасында тіпті келісім шарт та жасалмаған. Мемлекеттік сатып алу барысында қағазбастылық көп. Салдарынан бейнебақылау камералары жеделбасқару орталықтарына қосылмаған», – дегенді алға тартты. Уақыт еншісіне қалған бұл маңызды мәселенің де шешімі таяу күндері табылатынына сендірді. Мәселенің түп төркініне көз жүгіртсек, қиюы қашып, балалар өміріне төнетін қауіп көбейген мына заманда мектептерді толығымен бейнебақылау құрылғыларымен қамтамасыз етіп, оны орталықтандырылған жедел басқару орталықтарына қосу құптарлық қана емес, міндетті іске асуға тиіс шара болса керек. Бұл ретте аталған мәселеге қатысты ой қосқан ата-аналар да мектептегі қауіпсіздік шараларының күшейтілуіне мүдделі екендіктерін айтуда. Білім ошақтарына цифрлы технологиялардың жетістіктерін қолдана отырып, оқушылар мектепке арнайы турникет арқылы карта немесе саусақ ізін растау негізінде кіріп-шығатын болса бірқатар қауіптің алдын алуға болар еді деген пікірлерін де ортаға салды. Бұл өз кезегінде ата-ана жауапкершілігін де арттырып, ата-аналардың балаларын бақылап отыруына мүмкіндік берер еді деген ойда. Бұл дамыған елдерде ғана емес, өз еліміздегі заман талабына сай жабдықталған мектептерде қолданылып келе жатқан, тәжірибеден өтіп, нәтиже көрсеткен технология болғандықтан, қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында ата-ана тарапынан аталған технологиялық жетістік өзге мектептерде де қолданылса құба-құп деген ұсыныстар айтылуда. Бұл арқылы оқушы мен мұғалімнің, бөгде адамдардың мектепке қай уақытта кіріп-шыққанын бақылап отыруға болады. Оқушының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуден басқа, кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтың және мектеп ортасына деструктивті діни ағымдар енгізудің алдын алуға да көп көмегі тиер еді. Алақанда аялаған баласының амандығына алаңдаған ата-аналар мұндай мәселені көтеруіне де сан түрлі себеп бар екенін өздеріңіз де бағамдап отырған боларсыздар. Соңғы жылдары оқушылар мен жасөспірімдер арасындағы келеңсіз оқиғалардың жиілеп кеткені ақиқат. Ақпарат құралдарында екі күннің бірінде айтылып жатқан «мектептен шығып, жоғалып кетті», «жоғары сынып оқушылары төменгі сынып оқушыларына әлімжеттік жасап, ұрып-соққан», «мектептен баланы бөьен адам ертіп кеткен», «оқушы баланы алдап әкетіп, зорлап кеткен» деген секілді төбе шашыңды тік тұрғызатын хабарларды өз құлағымызбен естіп, біліп жүрміз. Әлеуметтік желілердің де жиі көтеретін тақырыбына айналған. Жуырда ғана Шымкентке барған сапарында сала министрі Ғани Бейсембаев 2025 жылға дейін елімізде «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 401 мектеп салу жоспарланғанын, осы арқылы білім ошақтары әлемдік үлгідегі озық мектептердің деңгейіне жететінін атап өткен. Оның ішінде ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жағынан қала мектептері қатарынан қалыс қалдырмау да министрліктің күн тәртібіндегі басты мәселе екенін алға тартқан. Ендеше оң өзгерістерден үміт еткен ата-аналар балаларының қауіпсіздігі де министрлік тарапынан жіті назарға алынса деген тілекте. Алайда оқушылардың қауіпсіздігі министрлік пен мектептің, директор мен мұғалімнің ғана емес, ата-ананың да басты міндеттерінің бірі екенін естен шығармаған абзал.

Жанбота Сұлтанмұратқызы