Еңбекшіқазақ ауданы Әймен ауылында тұратын он саусағынан өнер тамған хас шебер Қырғауыл Кәкейқызы қазақ халқының көшпенді өмірінің куәгері – киіз үйдің жел бау, басқұр, шаңырақ бау мен кереге, уық бауларын өз қолымен өрнектей тоқиды.
Бұлар әдемілік үшін ғана емес, киіз үйдің сүйектерін өзара біріктіріп, беріктігін арттырып тұратын басты қызметті атқарады. Ал кестенің құбылмалы кесте, түкті кесте, есептік кесте, жай кесте сынды он түрін жетік меңгерген шебер сан түрлі моншақпен тұрмысқа қажетті заттар жасаса, алаша, тоқыма ши сынды ұлттық бұйымдарды өз нақышымен жасайды. Бүгінгі таңда тек мұражайдан ғана кездестіруге болатын қолөнер
бұйымдарының жасалу жолдарын жас ұрпаққа жеткізуді өзінің парызы деп біледі. Ғасырлар бойы салт-дәстүрімізбен біте қайнасып, тағылымды тарихымыздан сыр шертетін осындай асыл мұралардың бүгінде ұмыт болып, ұлттық құндылықтарымыздың ұрпақ жадынан біртіндеп өшіп бара жатқанына да алаңдаулы. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін қолөнерден сабақ беретін «Әймен» орта мектебіндегі шәкірттеріне бар білгенін үйретуден жалыққан емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Балалар жылы» аясындағы бастамалары арқылы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Рахат ауылынан «Кәкей» өнер орталығын ашып, ұлттық өнеріміздің өрісін кеңейтіп отыр. Көптеген қаракөздерімізге термебау тоқудың әдіс-тәсілін мен қыр-сырын үйретіп келеді. Бұл ретте ойын ортаға салған шебер: «Аса ыждағаттылық пен ұқыптылықты талап ететін бұл өнер балаларды табандылық пен жауапкершілікке баулиды», – деп атап өтті. «Осы өнердің жолына қандай себеппен түстіңіз?» деген сұрақтың жауабын бала кезінен іздеген ол: «Бұл өнер – өмірдің өзі берген еншім. Төрт түліктің жүні мен терісінен киім тігіп, еті мен сүтін тамақ еткен халықтың баласымыз. Анам да, әжем де мұндай шаруаның шебері. Алайда әкем көрші ауылдағы алыс-жақынға аты мәшһүр шеберден сабақ алғанымызды жөн санайтын. Екі ауылдың арасын арқыраған асау өзен бөліп жатады. Әлгі шеберді атқа мінгізіп, шылбырынан жетелеген әкем еш қаймықпастан буырқанған асау өзенді кесіп өтетін. Атты кісінің кеудесіне дейін жететін ағынды өзенде жүзіп келе жатқан жылқының қалқиған құлағы мен көкке көтерген танауы зорға көрінетін. Әкем сол өзеннен күн сайын өтетіндіктен аман-есен жағаға шыққанша жанымызды шүберекке түйіп отыратынбыз. Ал шебер болса үсті-басын құрғатып алған соң бізге қолөнерінің құпиясын ашатын. Бір үйдің алты қызы сол шебердің шәкірті болдық. Ата-анамыз біздің іске икемділігімізге қатты назар аударатын. Осы күнде қандай да бір жетістікке жетіп, көптің алғысына бөленіп, марапат алып жатқанда әкемнің сол шеберді арқыраған асау өзеннен жанкештілікпен алып өтіп келе жатқаны көз алдыма келеді. Өзінің суға ағып кетуіне алаңдамаған қайсар жанның өнері ғана емес, батылдығы да маған өмірлік сабақ болды. Әрине оның еңбегі үшін тай немесе тайынша жетелететін. Менің туған өлкемде мұндай өнерді білмейтін жан кемде-кем. Барлығы атадан балаға жалғасып келе жатқан қасиетті өнердің жалғастырушылары десем артық болмас. Ол жақта бұл бұйымдарды мұражайдан емес, күнделікті тұрмыстан таба аласыз», – деп ой бөліскен Қырғауыл апайдың жас ұрпаққа айтары көп. «2016 жылы Баян-Өлгийдің
Улаанхус деген жеріне барғанда алғаш рет құбылмалы кестені көрдім. Міне, бүгін осыны шәкірттеріме үйретіп отырмын. Ол кез қазіргідей нарықтың заманы емес. Қалаған затыңды жүгіріп барып ала салатын базар жоқ. Қыз ұзатып, келін алатын ауыл осы қолөнер арқылы төсек-орнын жасап, ұлының отауын жабдықтайды. Қазақта «Асықсаң алты жасынан, жеткіземін десең жеті жасынан қызыңның жасауын дайында» деген сөз бар. Көпті көрген аналарымыз қыздары ес біле салысымен осы өнерге баулыған. Өйткені айтып келмейтін ажалдың біреуге кеш келсе де, біреуге ерте келерін жақсы біледі», – деп ой түйген шебер: «Қазақ – асқан ісмер халық. Ол ешқашан ешкімнің зауыт, фабрикасына тәуелді болмаған. Әр отбасының өз фабрикасы болған десек артық болмас. Онда ине сабақ жібінен тартып, бұзауға бұйда, тұсау, шылбыр, арқанға дейін қойдың жүні мен жылқының қылын араластыра отырып алақанымен есіп дайындаған», – деп ескі заманның есті өнерін еске салды.1970 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында өмірге келген
Қырғауыл Кәкейқызы 1992 жылы шілде айында атажұртқа атбасын бұрған. Төскейінде төрт түлігі мыңғырып, іргесінен ақ май ағып жататын мамыражай ауылда өскен малшының қызы атажұртқа келген алғашқы жылдары қатты қиналғанын жасырмады. Жүрегінің жартысы қалған туған жері мен ағайын-туысқа деген сағынышы әлі күнге дейін сол өлкеге жол салып тұратынын тілге тиек етті. Киіз туырлықты үйде туып-өскен ол әйел затының бұл өнерді білмеуін үлкен сын деп біледі. Қыз бала осы өнері арқылы қиялының ұшқырлығы мен тасыған талантын, парасат-пайымын, іске икемін байқатса, мұндай шебер қыздар ауылдың көркі, жігіттердің көзқұрты, енелердің арманы екенін де тебірене еске алды. Моңғолия астанасы Улаанбатарда спорт мұғалімі мамандығын тәмамдаған Қ. Кәкейқызы келін атанған соң қайын атасының қарсылығына байланысты кәсібінен бас тартыпты. Енді ғана босаға аттаған жас келіннің ыршып-шоршып жүргені үлкендердің көзіне ерсі көрінген болса керек. Содан бастап отбасы мен отағасының қамымен жүрген шебер Қазақстанға алғаш келген жылдары сауыншы болған. «Ештен кеш жақсы» екенін терең ұғып, қандай кәсіппен шұғылданса да, бар ықыласымен кірісіп, өндіре жұмыс істейтін еңбекқор шебер 2006 жылы 36 жасында Алматы гуманитарлық-технологиялық унтверситетіне оқуға түскен. Осыдан бастап отбасы-ошақ қасында үйренген өнерін кәсібіи тұрғыда зерттеп, ғылыми еңбектерін жазуға жол ашылады. «Термелеп тоқу әдісімен қоржын тоқу» тақырыбында дипломдық жұмысын қорғаған ол осы тақырыпта ашық сабақ өткізіп, біртіндеп «Термебау өнерінің технологиясы» атты кітабы шығарады. Оқу бітіретін жылы «Өрлеу» институтында білімін шыңдай жүріп, курсқа қатысушылардың ұсынысы бойынша «Термебау технологиясы» тақырыбында сабақ беріп, бала кезінен бойына сіңірген өнерін көппен бөліседі. Осыдан бастап өзіне сенімі артқан жас шебер өнер мен ғылымды ұштастырып, тың ізденіс жолына түседі. Табандылығы мен талпынысының арқасында «Технология пәнін оқыту», «Термебау өнерінің технологиясы» сынды тағы екі кітап жазып, көптеген семинар, конференцияларда бой көрсетеді. Халықаралық мінберде өз ұлтының ою-өрнегі мен қолөнері туралы ғылыми жұмыстарын ортаға салады. Бұл еңбегі оны әлем елдерінің үздік шеберлерімен тәжірибе алмасып, үзеңгі теңестіруіне мүмкіндік береді. Осындай құлшынысының арқасында білім беру саласындағы айырықша еңбегі үшін «Ұлағатты ұстаз», «Бейбітшілік әлемі», «Ыбырай Алтынсарин» және Ұлттық Дизайын Академиясының Академигі сынды төсбелгілерімен марапатталады. Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі болған шебер 2016 жылдан бері осы одақтың Алматы облысындағы бөлімінің жетекшісі ретінде абыройлы міндет атқарып келеді. Талай жастың талабын ұштап, арманына қанат бітірген аяулы ұстаз әңгімесін былай деп жалғады: «2008 жылдан бастап еліміздің түкпір-түкпірінде ашылған курстарда кезек-кезегімен сабақ беріп келемін. Осы өнерімнің арқасында ел аралап, жер таныдым. Көп алдына шығып, еңсемді көтеріп, өз ұлтымның құнды дүниесінің құрметін асырдым. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Осы арқылы республикамыздың әр өңірінен жүздеген шәкіртке ұстаз болдым. Жоғалып бара жатқан құндылығымызды қайтарып, жастардың алақанына аманаттап келемін. Талдықорғанда сабақ беріп жүргенде қабағында мұңы бар, жүзі сынық жас келіншек келді. Кейін оның қос бүйрегі істен шығып, донор күтіп жүргенін өз аузынан естідім. Сол науқас жанға айырықша назар аудардым. Бар ықыласыммен жетеледім. Біртіндеп өмір мен өлімнің арасында жүрген қыздың қолөнерге деген ынтасы оянып, қызығушылығы артты. Бір күні жандүниесіндегі өзгеше өзгерісті жеткізіп: «Бұрын таңертең аман-сау оянғаныма шүкірлік етіп «Донор табыла ма, жоқ па? Қай күні шиеттей балаларымды тастап, бақилық болады екенмін? Мен болмасам қанаты қатпаған балапандарымның күні не болар екен?» деген оймен жанымды жегідей жейтінмін. Қазір ояна салып «Бүгін кеше бастаған кестемді аяқтап, тағы қандай бау тоқысам екен?» деген мақсатпен сізге қарай алып ұшамын. Бұл өнер уайымымды ұмыттырып, өмір сүруге деген құлшынысымды оятты, қазір өлім туралы емес, өнер туралы ойлай бастадым. Сізге алғысым шексіз!» – деп ағынан жарылды. Осыдан кейін өзім де қуанып қалдым. Жанай атты жанарынан айырылған жас жігіт болды. Негізі ол зергерлік өнерін үйренуге келген екен. Сабақ беретін ұстаз: «Балқыған металға күйіп қалуың мүмкін», – деп қабылдамапты. Онсыз да жабырқау жанды жасытпайын деп терме тоқуға шақырдым. Әлгі зағип жан терме тоқуды терең меңгеріп, екі ұлына белдік тоқыды. Көзі соқыр болса да, көкірегі ояу жігіт бәрімізді таң қалдырды. Мұны көрген қызым Гүлманат: «Анашым сен қалай сабырлы, қайсар жан едің? Жанары жоқ жанның өзін сау адамдар сияқты тоқыма тоқуға үйретіпсің! Бұдан былай мен де сенің ізбасарың боламын!» – деп мойныма асылып жылап жібергені есімде. Содан бері қызым Гүлманат Бақытханқызы да осы өнердің жалғаушысы», – деп сөз сабақтады. Халқымызда «Аузын ашса, жүрегі көрінеді» деген тәмсіл бар емес пе? Қырғауыл Кәкейқызымен сұқбаттаса келе, осы әдемі теңеудің иесі алдымда тұрғанына сендім. «Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» демекші, асыл өнерімізді жас ұрпаққа үйретуден жалықпаған ұстаздың өзі сияқты шәкірттері көп, рухани жаңғыру жолында жасап жатқан ісі берекелі болсын деп тіледім.
Зорагүл Әбдіқадір
6 комментариев
Задагул 05.03.2023 at 21:40
«Қолөнер жан азығы мен тән азығы» деп Абай атамыз айтқандай, осы өнерді алға сүйреп, дамуына ат салысып , жемісін татып, өскелең ұрпаққа үйретіп жатқан қолөнершінің бірі де, бірегейі — Қырғауыл ханым. Еңбегіңіз жаңа берсін!
Жанаева Камшат Қуанышқызы 05.03.2023 at 21:47
Қолыңыз дерт көрмесін,шәкірттеріңіз биіктен көріне берсін.
Гулбайра 05.03.2023 at 22:30
Керемет,Қырғауыл апай өзінің қазақилығымен,шеберлігіменкөпке үлгі.
Қатира 05.03.2023 at 23:05
Қырғауыл апай жұмысыңыз өте керемет
Өнеріңізбен шыңдалған Шәкірттеріңіз көп болсын
Қазағымның қол өнерін дәріптеуде қанатыңыз талмасын
Шығармашылық табыс тілеймін 👏👍😍
Қатира 05.03.2023 at 23:12
Қырғауыл апай жұмысыңыз өте керемет
Қазақ халқының қол өнерін дәріптеуде шығармашылық табыс тілеймін биік шыңдардан көріне беріңіз
Базан 06.03.2023 at 09:17
Қазақтың құндылықтарын насихаттайтын, он саусағынан өнер тамған осындай шеберлер молынан болсын!