Талғар жоғары медицина колледжнің студенттері дінтанушы, теолог, ұстаз Нұрлан Асановпен кездесті. Әлеуметтік желі арқылы аса танымал ұстаздың ғибратты әңгімесін тыңдау үшін колледж ұстаздары мен қала тұрғындары да жиналды. Кездесуге келгендердің көптігінен еркін сұқбат форматында өткен жиында ине шаншар жер қалмады. Жастар психологиясына әсер ететін дағдарыс пен күйзелісті болдырмау, жаңадан некеге тұрған жұбайлардың отбасылық өмірге бейімделуі және теріс ағымның жетегінде кетудің алдын алу секілді т.б. маңызды тақырыптарда өзара ой бөлісті.
Жастармен кездесіп, көкейіне түйген көп дүниемен бөліскеніне аса қуанышты екенін жеткізген ұстаз болашақ дәрігерлердің кәсібіне қатысты шариғатта айтылған хадистерге де тоқталды. «Дініміз донор болуға рұқсат еткен. Алайда донор болған адамның өміріне қауіп төнбеуі керек. Қан беру үлкен сауап саналғанымен, оны ақшаға сатуға болмайды. Сол сияқты кез келген ағзаны мұқтаж науқасқа беруге болғанымен, ақысын алуға тыйым салынған. Сондай-ақ денсаулық – Алланың адамға берген аманаты. Жер бетіндегі дәм-тұзың таусылғанша оны күтіп, баптау – парыз. Бүгінгі таңда елімізде белсіздік пен бедеулік көрсеткіші өте жоғары деңгейге жеткен. Ұрпақ сүйе алмай жүрген жандардың көбі – жеңіл жүріске салынғандар мен денсаулығына немқұрайлы қарағандар. Бұл – өзіне қол жұмсаумен пара-пар. Ал өзіне қол жұмсаған адамның күнәсін ештеңе жуып-шая алмайды. Сондықтан отбасымыз бен жақын жандарымызға қамқор болу үшін алдымен өзімізді күтуіміз керек», – деген Нұрлан имам: «Дәрігерлерді ақ халатты періштелер деп босқа айтпайды. Өйткені олар – ажалмен күресушілер. Бұл кәсіп адамның тағдырымен тығыз байланысты болғандықтан жауапкершілігі аса жоғары. Сендердің білімсіздіктеріңнен науқастар ажал құшатын болса, бұл – адам өлтірумен бірдей ауыр күнә. Фәниде де, бақида да өтеуі ауыр болмақ. Сондықтан бұл жауапты міндеттің мүддесінен шығуға тырысыңдар!» – деп жас мамандарға ағалық ақылын да айтты. Кездесу барысында әзіл-қалжыңын араластырып, жастардың тілімен астарлай сөйлеген имам ешкімнің сұрағын жауапсыз қалдырмады. Бірінші курс студенті Шаттық Бекболатұлының: «Намазды тастап кеттім. Себебі достарымның ешқайсысы бұл әрекетімді құптамайды. Олардың ойынша намаз оқуым елден ерекшелену үшін екен. Енді не істесем болады?» – деген сұрағына Нұрлан Байжігітұлы былай жауап берді: «Адам құлшылықты өзі үшін жасайды. Біреуге жақсы көріну үшін немесе басқалардың назарын өзіне аудару үшін емес. Шынымен де намаз оқымайтындарды менсінбей, кеудесіне нан пісе сөйлейтіндер көбейіп кетті. Бес уақыт намаз оқығаны үшін құдайдың құлағын ұстағандай мұрнын көкке шүйіретіндердің құлшылығы қаншалықты қабыл боларын бір құдай біледі? «Адам досының дінінде болады» деген сөз бар. Алайда жел қалай соқса, солай жығылған пенде ешқашан өзін таба алмайды. Тек иманы күшті адам ғана азғырушыларға алданбайды», – деп нақты жауап берді. Баршамызды әуреге салған әлеуметтік желіге телмірген жастардың жайын да тілге тиек еткен дін өкілі: «Телефон баршамыздың алтыннан қымбат уақытымызды ұрлап жатыр. «Судың да сұрауы бар» деген. Бізге берілген уақытты қалай өткізгеніміз үшін де жауап беретін боламыз. Техниканың тілін білген жақсы. Бүгінде телефонсыз шаруамыз бітпейді. Әрине пайдалан, алайда тәуелді болма! «Кемерінен шыққан нәрсенің бәрі – у. Абай атамыз айтқандай, ғылым-білімге қолыңды кеш сермеп, қапы қалма. Жастық шақ – қайта айналып келмейтін, білім алып, жан дүниені байытатын, көркем дәурен. Ал есейген кезде алдыңда басқа міндет тұрады. Қазақтың «қуыс кеуде» деген сөзі білімсіз, ойсыз, қолынан іс келмейтін адамға қарата айтылған. Дінімізде білім алудан жалықпаған пенденің әр күніне сауап жазылатыны айтылған», – деген пәтуаны алға тартты. Жиын соңында колледж директоры Бағжан Құдабаев: «Қазақ халқында «Қартайғанда балаң жақсы болса, жердің үсті жақсы. Балаң жаман болса, жердің асты жақсы» деген. Жастарымыздың жат ағымның жетегінде кетпей, ақ пен қараны айыра білетін, болашақта өз елінің жоқшысы болсын деген ниетпен Нұрлан имамды кездесуге шақырып, келелі кеңесін тыңдап отырмыз. Бұл кездесуден жастарымыз мол рухани азық алғанына сенімдімін», – деп ой түйді. Енді ғана қаз-қаз басқан сәбиінің тұсауын Нұрлан Асановқа кестіруге арнайы келген Дамира Тәңірбергенова: «Қазақта «жақсыдан шарапат» деген бар. Бұл кісінің уағыздарын әлеуметтік желіден үнемі тыңдап жүремін. Кейде қиналып, жабыққан сәттерімде оның сөздері маған күш береді. Балам осы кісі сынды иманды, білімді азамат болса деймін», – деп ой бөлісті. Жас ананың өтінішін жерде қалдырмаған имам жиын соңында кішкентай Бексұлтанның тұсауын кесіп, батасын берді.
Зорагүл Әбдіқадір