РУХАНИ «КӘМПЕСКЕ»

РУХАНИ «КӘМПЕСКЕ»

Қызық. Мына бір деректі оқып, бір жымиып алдым. Сонау бес мың жыл бұрын Мысыр пирамидасының  қабырғасына «Жастар бұзылып барады» деген жазба қашап жазылыпты. Осыдан 50 ғасыр бұрын айтылған осы сарындағы әңгімені бүгінгі аға буыннан да жиі естиміз. Заман өзгеріп, ұрпақ алмасқан сайын бұл  сынның айтыла берері де хақ. Өйткені,  жас буын – өз заманымен үндес бола алады, қоғам тілінде үн қата алады,  жан-жаққа құлаш сермеп, жаңа бағыт іздейді. Өзгереді, түрленеді. Алға қадам басады. Жастар –  прогресс. Ал прогресс еш уақытта кейінге шегінбейді. Жаңадан тың дүние тауып, басқа қадамдар жасайды. Өйткені «жас» сөзінің төркіні «жаңа» дегенмен астасып жатыр.

Бір орында тұрмай, түрлі шырғалаңнан өтіп, бірде құлдырап, бірде өрлеген өзгеріс заңдылығы  жастарға ғана емес тілімізге де тән. Тіл болғанда да … қазақ тіліне…

Бұл ұлы күш  дабыралы науқанға, құр кезекті есеп-қисапқа көнбейтінін уақыттың өзі дәлелдеп беруде. Ана тіліміздің маңызын арттырып, рухани қуатын заманауи түрде жаңғырту туралы жүйеленген заң да бар, бағдарлама да бар.  Бірақ әлі күнге жалпыұлттық бірегейлік пен азаматтық ұстанымға негізделген қауқарлы қазақ тілін көрмей келеміз. Сонда прогресске ұмтылған жастардың тілге келгенде кежегесі қай деңгейде деген ойға қалып жатамыз.

Z-ҰРПАҚ НЕ ҚАЛДЫРАДЫ?

Тіл – ежелден-ақ қарым-қатынастың, коммуникациясының құралы болып табылады. Қоғамның демографиялық дамуымен бірге келетін жаңа ұрпақ ол жай ғана биологиялық құбылыс емес, ол – жаңа дүниетанымның, жаңа коммуникацияның иесі. Олай болса жаңа ұрпақ, жаңа буын, миллениал ұрпақ, ғылыми тілде z-ұрпақ деп аталатын қауым жайлы әңгіме қозғасақ олардың тілі жайлы да сөз болары ақиқат.

Қазақ деп аталатын қайсар халықтың бағында сонау ықылым заманнан бері көктеп, жайқалып келе жатқан ҚАЗАҚ ТІЛІ деген бір бәйтерек бар. Аяқ аттасаң алыпсатарға, қол созсаң қайырымсызға жолығатын бүгінгі аласапыран қоғамға сол бәйтеректің өзегі талмай, өркені үзілмей жетуі ұлтының рухын жүрегінің түбіне ұялатқан ұлтжанды азаматтардың арқасы десек артық айтпаймыз. Олар сол бәйтеректің топырағын қазақ мәдениеті мен дәстүріне деген сүйіспеншілікпен тыңайтты, тамырын ұрпағының жадын қазақы ғылым мен білімге толтыру арқылы қоректендіріп отырды. Құрт жеген жапырағын жұлып, сарғайғанын тазалады. Сондай ерен еңбектің арқасында осы алып ағаш қазіргі қазақ деп аталатын қаракөз жұртқа жетті. Ал бүгінгі буын ше? Олардың саялы бәйтеректі баптаудағы бағбандық өнері қай шекте? Осы күнге аман-есен жеткізген Алаш қайраткерлеріне қарыздар емес пе? Келер ұрпақтың көзіне тік қарай ала ма? Ең басты қасиеті – еркіндік, ашықтық, азат ойлылық деп бағаланатын z-ұрпақ өркениеті  тіл аманатын арқалай ала ма? Сұрақ көп, жауап …….

СЛЕНГПЕН СӨЙЛЕЙТІНДЕРДЕ САПА ҚАНДАЙ?

Сленг – белгілі бір топ өкілдері, әсіресе, жастар арасында кең қолданылатын арнайы сөздердің жиынтығы. Еуропада бұл термин ХІХ ғасырдың басында кең қолданысқа енген, түбіріне қатысты тартыс көп. Әйгілі британиялық лингвистер Дж. Б. Гриноу бен Дж. Л. Киттридж сленгті «қаңғыбастардың тіліне» жатқызса, филологтардың екінші бір тобы бұл құбылыстың әлеуметтік сипатқа ие болғанын айтады. Мәселен, әлеуметтік жар­гон алғаш XVIII ғасырда шаруалардың ара­сында пайда болған деген дерек бар. Олар тұр­мыс­тағы кейбір құпияларды иесінен жа­сырын ұстау үшін арнайы сөздерді пайда­ланған деседі. Мысалы, жыртылған жердің жоспарын орындай алмаған екі шаруа өзара мәміле жасау үшін жаргон сөздердің көмегіне жүгінген көрінеді. Одан қала берді, рэп жанрының жанкүйерлері, әртүрлі геймерлер де өз арасында түрлі сленгтер қолданған.

Біз тілге тиек етіп отырған z-ұрпақтың сөздік қорына зер салсақ, сөздерді қысқарту арқылы сленг жасау көп кездеседі. Мысалы, жастардан естіп жүрген «вайб», «краш», «кринж», «пранк», «хейт», «рофл» сөздердің дені ағылшын тілінен алынып, қысқыртуға енген сөздер.  Түбірі орыс тілінен енген де жаргон сөздер бар. Мысалы қыздар арасындағы жиі қолданылатын «ЛП» сөзі орыстың «лучшая подруга» деген сөзінің қысқартылған түрі екенін естіп таң қалғанымды жасырмаймын. Бұл зауалды тіл мамандары интернеттің, әлеуметтік желінің зардабы деп түсіндіреді. Дегенмен бұл құбылысты қалыпты қабылдау керектігін де ескертеді.  Өскелең ұрпақпен тіл табысу үшін олардың «тілін» үйрену артық болмайды деген сөз.

КЕШЕГІНІҢ ЖАЛҒАСЫ, ЕРТЕҢГІНІҢ БАСЫ

 Хараридың жазуынша осы ғасырдың ортасына барғанда жүйеге бағынышсыз, жүйеге керексіз адамдар қауымдастығы пайда болатын сыңайлы. Ондай қоғам осы z-ұрпақтың тәрбиесін көрген адамдар тобы болуы әбден мүмкін екен.

Қалай болмасын, ТІЛІМІЗДІҢ  болашағы осы z-ұрпақтың қолында. Ұрпақ сабақтастығы қашанда маңызды орында екенін жасыра алмаймыз. Бүгінгі ұрпақ — Кешегінің жалғасы, ертеңгінің басы.  Осы буынның бар білігі мен білімі игі істерге бағытталады деп сенгеннен басқа қайран жоқ…

М.Мәулет