90-жылдардың басынан бастап Наурыз мейрамын тек мереке көзі ғана емес, рухани бастау, ұлттық үміт пен сағыныштың дәнекері ретінде қабылдау қалыптасты. Ауылдың қараша үйінен бастап қаланың биік ғимараттарына дейін қай жерде болмасын наурыздың жыры мен жылуы талай буынды тербетті. Талай жүректі елжіретті. Сол қасиетті дәстүрдің лебі бұл жолы Тұздыбастау ауылында орналасқан «Нұр-ай» бөбекжай балабақшасынан есілді.
Ауласына киіз үй тігіліп, мерекелік көңіл-күй сыйлаған жанға жайлы қазақи атмосфера келген қонақтарға деген ықыласты аңғартып тұрды. Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап келген ата-аналар да, өзге балабақшаның өкілдері де жүрекжарды тілектерін жолдап жатты. Олай болатын жөні де бар. 15 жылдан бері жемісті жұмыс істеп келе жатқан бүлдіршіндер ордасы барлығын ортақ бір мүддеге шоғырландырып, ұлтымыздың сан ғасырлық құндылықтарының рухани, мәдени әлеуетін бала санасына сіңіруге бағыттап отыр.
- Балабақша табалдырығынан аттаған әр бүлдіршінге ұлттық тәрбиенің өзегін заманауи әдіспен ұштастыра сіңіруге тырысамыз. Олардың әрқайсысы өздерін рухани ортаға келгенін сезіне алуы керек. Тәрбиеші — терең білімді, парасатты, төзімді, тыңғылықты дайындықты қажет ететін мамандық болғандықтан сол талап үдесінен шыға алуы керек деп ойлаймын, — дейді «Нұр-Айлин» ЖШС Құрылтайшысы Медеубаева Марал Таңатарқызы.
Құрылтайшының көңіл тебірентерлік осы ойы батыр атамыз Бауыржан Момышұлының сөзімен ұштасып жатқандай. «Өз сәбиіне бесік жырын айта алмаған ана мен немересіне ертегі айта алмайтын ата мен әжеден қорқамын» деген батыр сөзі тәрбиенің бастау-бұлағы – балабақшада екенін меңзеп тұр.
— Балабақшада бүгінде 9 топ бар. Жетеуі – қазақ топтары. 2 кіші топ, 2 қазақ орта тобы, 2 ересек қазақ тобы, 1 ересек орыс тобы және қазақ-орыс мектеп алды даярлық тобы жұмыс жасап отыр. Жас ерекшелігіне қарай кіші топтан бастап мектепалды даярлық тобына дейін окытылады. Жалпы білім бағдарламасы мемлекеттік стандартқа сай. Тәрбие ошағында істейтін қызметкерлердің осалы жоқ. Себебі, бұл орта жай ғана балабақша емес, баланы жастайынан ертеңгі өмірге тәрбиелейтін үлкен тәрбие ошағы, — дейді «Нұр-Ай» бөбекжай балабакшасының меңгерушісі Адыкенова Асель Слямбекқызы.
Балалардың ойнауы арқылы ойлауды жолға қоя білген балабақшаның наурыз мерекесі осы себеппен де ауқымды түрде атап өтілді. Ақылды техникалар мен сиқырлы смартфон бала түгіл ата-ананың басын айналдырған заманда балдырғандарды ұлттық тәрбие бұлағымен сусындатудың жолын жақсы көрсете білген мерекеде бүлдіршіндердің өнері ешкімді бей-жай қалдырған жоқ. Бірі ән салып, бірі мың бұрала би билеп, бірі өлең оқыған балдырғандардың өнеріне үлкен-кіші тегіс тамсана, қошеметтей қол соқты. «Төрде бесік тұрса – төре де басын иеді» деген қазақы қағиданың маңызын аша түскендей болып бесікке бөлеу салты көрсетілді. Ал ертегіден оқып-білген Тазша бала мен Алдар көсенің қонақ болып келу бала тұрмақ ересектерді де бір серпілтіп тастады. Кейінгі кезде экран мен әлеуметтік желіні шарлап кеткен батыстық мультперсонаждардың қасында қазақтың кейіпкерлері де осал еместігі, кез келген мерекенің шырайын келтіретіні іспен көрсетілді. Бұл да болса ұйымдастырушылардың ерекше әдісі деп бағалауға болады.
Мерекеге қатысқан Талғар ауданы бойынша білім бөлімінің әдіскері Укубасов Нұрлан Есенғалиұлы, Тұздыбастау ауылдық қоғамдық кеңесінің төрағасы Жақсылық Әбішұлы, ауылдық округ әкімі Шыңғыс Ермұхамбетұлы ізгі лебіздерін білдіріп, ел ертеңі саналатын еркелерді ұлттық тамырдан ажыратпай тәрбиелеудің маңызы зор екенін жеткізді. Көңілімізді қуантып, жанымызға жылылық ескен кеш өмірге қадам басқан өскіндер үшін ғана емес үлкендер үшін де ұмытылмастай болды.
М.Бөлек